Шымкент: 183 мың адамның тағдыры ойыншық па?
немесе шырайлы шаһарда жер жетіспейді дегенге кім сенеді?!
Миллионер қаланың миллион мәселесі бар екені даусыз. Соның ең бастысы – жер мәселесі дер едік. Егемен еліміздің үшінші ірі мегаполисі – Шымкент шаһарының қазіргі аумағы 117 мың шақырымды құрайды. Мұны – Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының көптеген қалаларында кездеспейтін құбылысқа балауымызға болады.
Қалалық сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрбол Әбдірахманұлы Жүнісбековтің мәлімдеуінше, бүгінде 183 мың адам үйіргелік жер алу кезегінде тұр. Ең соңғы рет 2002 жылы кезекке тұрған азаматтарға 2008 жылы «Достық» шағынауданынан жер телімі үлестірілген. Міне, содан кейін «Жер беруге мараторий жарияланған», «Инфрақұрылым жұмыстарын жүргізіп болғаннан кейін жер телімдерін үлестіретін боламыз», тағы басқа сылтаулармен бірде-бір адамға тегін жер телімі берілмей келеді.
Қаланың жаңа Бас жоспарына сәйкес 15 гектар жердегі 2500-ге жуық жер телімін мемлекет мұқтаждығына алу көзделген. Бұған қоса-қабат Қазақстан Парламентінде «Егемен еліміздегі үш мегаполисте жер кезегін алып тастау туралы» Заң жобасы қаралып жатқан көрінеді. Мұны қалай түсінуге болады?!
Жер дауы – Шымкенттің мәңгілік шешімін таппайтын мәселесіне айналған. Мәселен, менің өзім 2007 жылдың желтоқсан айында қалалық әкімдікке барып, Қазақстан Республикасының азаматы ретінде өзімнің конституциялық құқығымды пайдаланып, тегін жер алу кезегіне тұрғанмын. Бір тексерткенімде алғашқы 50 мың адамның арасында болғанмын. Тағы бір тексерткенімде 50 мың адамнан тысқары шығып қалыппын. Осылайша биліктегілерге деген сенімім жоғалғандықтан, кейіннен кезекті тексеруді мүлде жинастырып қойғанмын.
Бүгінде Шымкентте тегін жер жоқ дегенге әкімдерден басқа ешкімді сендіре алмайсыздар. Қала, аудан әкімдіктеріндегілерден жер сұрасаң: «Жер жоқ», - деп ауыздарын қу шөппен сүртеді. Бірақ, жер сатып алып, үй салып жатқан адамдардың қарасы күн өткен сайын көбейе түсуде. Мәселен, Бозарық жақтан үй салу үшін жер сатып алған қандастарымыздан сұрасаң: «Бұл жерді 10 миллион теңгеге алдым», - дегенді айтады.
Шырайлы шаһарда басшылық қызмет атқарған кезінде әкімдер өздерінің иелігіндегі жерлерін тамыр-таныстары арқылы бөлшектеп сатып отырған жоқ па екен, оны кім білсін?! Міне, осылардың бәрін егжей-тегжейлі зерттеп-зерделейтін, тергеп-тексеретін Үкімет, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі неліктен дәрменсіздік көрсетіп отырғаны түсініксіз. Әлде, олар үшін 183 мың адамның тағдыры ойыншық па екен?!
Әбдісаттар Әліп,
журналист, ақын, аудармашы, Қазақстан Журналистер және Халықаралық Жазушылар одақтарының мүшесі.
Шымкентт қаласы.
Abai.kz