Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
637 0 пікір 16 Желтоқсан, 2024 сағат 13:25

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама: құқықтық актілерді жетілдірудің заманауи әдістері

Сурет: dalanews.kz сайтынан алынды.

Тақырып өзектілігі: Сыбайлас жемқорлық – кез келген мемлекеттің тұрақты дамуына кедергі келтіретін, қоғамның барлық салаларына елеулі зиян тигізетін ғаламдық мәселе. Құқықтық актілерде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту, оның алдын алу және мемлекеттік басқару жүйесінің ашықтығын қамтамасыз ету – құқықтық реформалардың негізгі бағыттарының бірі.

Заманауи әдістерді қолдана отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама жүргізу құқықтық актілердің сапасын арттырып, олардың азаматтар мүддесіне сай тиімді іске асуына ықпал етеді. Сондықтан бұл тақырып қоғамда құқықтық мәдениетті арттыру және заң үстемдігін қамтамасыз ету үшін аса өзекті.

Зерттеу мақсаты: Құқықтық актілерге сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама жүргізудің заманауи әдістерін зерттеу және оны жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеу.

Зерттеу міндеттері:

  1. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама түсінігін, оның құқықтық актілердегі рөлін және негізгі қағидаттарын анықтау.
  2. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама жүргізудің заманауи әдістерін талдау.
  3. Құқықтық актілердегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау критерийлерін жүйелеу.
  4. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптаманың халықаралық тәжірибесін зерделеу және Қазақстанда қолдану мүмкіндіктерін бағалау.
  5. Құқықтық актілердің тиімділігін арттыру үшін сараптама әдістерін жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеу.

Сыбайлас жемқорлық – әлемдегі ең күрделі әлеуметтік-экономикалық мәселелердің бірі. Қазақстанда бұл құбылысқа қарсы күрес стратегиялық маңызды бағыттардың бірі болып табылады. 2022-2026 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасында заңнамалық негіздерді жетілдіру, азаматтық қоғамды тарту және цифрлық құралдарды пайдалану секілді шаралар қарастырылған. Ресми деректерге сәйкес, Қазақстанда 2024 жылдың жеті айында 1200-ге жуық сыбайлас жемқорлыққа байланысты қылмыстар тіркелген, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 8,1%-ға жоғары көрсеткіш. Оның ішінде ең жиі кездесетін қылмыс түрлері – пара алу (249 жағдай), сеніп тапсырылған мүлікті жымқыру (210 жағдай) және алаяқтық (143 жағдай) болды. Мұндай мәліметтер жемқорлық тәуекелдерін азайту қажеттілігін көрсетеді, бұл бағытта құқықтық актілерді алдын-ала сараптау маңызды рөл атқарады. Сараптама кезінде құқықтық актілердің айқындылығы, түсініктілігі және сыбайлас жемқорлыққа бейімділігін төмендету мүмкіндігі басты назарға алынады. Қазақстанның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бұл жұмысты халықаралық стандарттарға сүйене отырып жүргізеді. Мысалы, шетелдік тәжірибеде кеңінен қолданылатын Integrity Check және Follow the Money әдістерін Қазақстанда да белсенді түрде енгізу қарастырылуда. Бұл құралдар заңды тұлғалар мен лауазымды тұлғалардың кірістері мен мүліктерін нақты бақылауға алуға мүмкіндік береді. Бұған қоса, цифрлық технологияларды қолдану жемқорлықтың алдын алудың тиімді әдістерінің бірі ретінде танылуда. Мемлекеттік қызмет көрсету салаларында ақпараттық жүйелерді пайдалану, оның ішінде eGov платформасын жетілдіру, мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды автоматтандыру арқылы жемқорлық деңгейін айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді. 2023 жылы Қазақстанның электрондық қызмет көрсету деңгейі 90%-дан асты, бұл азаматтардың мемлекеттік қызметтерді алуда делдалдық тәуекелдерін азайтуға ықпал етті. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама жүргізуде құқықтық сауаттылық пен азаматтық белсенділік те маңызды рөл атқарады. Бұл бағытта мемлекеттік және қоғамдық ұйымдар ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет. Қоғамдық бақылау институтын жетілдіру, азаматтардың жемқорлыққа қарсы күреске қатысуына жағдай жасау арқылы сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға болады. Қазақстанда қабылданып жатқан шараларға қарамастан, халықаралық зерттеулер еліміздің жемқорлық деңгейін төмендетуде әлі де қиындықтарға тап болғанын көрсетеді. Мысалы, 2023 жылы Transparency International ұйымының Сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексінде Қазақстан 180 елдің арасында 102-орында тұрды. Бұл көрсеткіш заңнаманы әрі қарай жетілдіру және жемқорлыққа төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру қажеттігін айғақтайды. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметкерлердің жауапкершілігін арттыру бағытында олардың кірістері мен шығындарын декларациялау, сондай-ақ шетелдік шоттарды пайдалануға тыйым салу шаралары қарастырылған. Бұл бастамалар мемлекеттік басқару органдарында адалдық стандарттарын күшейтуге бағытталған.

Қорытындылай келе, сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама құқықтық жүйені жетілдірудің негізгі құралы болып табылады. Бұл сараптама заңнамалардың ашықтығын қамтамасыз етіп, жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге ықпал етеді. Қазақстанда бұл бағытта қабылданып жатқан шаралар оң нәтижелер көрсеткенімен, жүйелі жұмыс пен азаматтық қоғамның белсенді қатысуынсыз жемқорлықты түбегейлі жою мүмкін емес. Сондықтан құқықтық актілерді жетілдіру мен бақылау құралдарын дамыту – сыбайлас жемқорлықпен күрестегі басты міндеттердің бірі болып қала береді.

Мынбатырова Н.Қ.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының доценті, заң ғылымдарының кандидаты

Қасымбек Ә.Ж.

Әл-Фараби атындағы  ҚазҰУ Заң факультетінің магистранты

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1958