Бектенов «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі кеңес отырысын өткізді
Олжас Бектенов «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарладжы.
Үкіметте Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Кеңесте Президенттің экологиялық тепе-теңдікті сақтау және еліміздің тұрақты экономикалық прогресін қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысы қаралды. Алматы қаласы, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстары әкімдерінің «жасыл экономика» индикаторларына қол жеткізу жөніндегі іс-шаралар жоспарын іске асыру туралы баяндамалары тыңдалды.
Негізгі экологиялық сын-қатерлер, атап айтқанда ауаның ластануы, қалдықтарды басқару және қоршаған ортаға теріс әсерді азайту және басқа да шаралар қаралды. Экология және табиғи ресурстар министрлігінің деректері бойынша еліміздің 15 қаласында ауаның ластану деңгейі жоғары, оның ішінде Алматы және Қарағанды қалаларында бұл көрсеткіш «өте жоғары» деңгейде.
Сондай-ақ Кеңес отырысына сарапшылар: «Жасыл академия» ғылыми-білім беру орталығының директоры Бақыт Есекина, «Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығы» ЗТБ басқарма төрағасы Айгүл Соловьева, қазақстандық KazWaste қалдықтарды басқару қауымдастығының атқарушы директоры Вера Мұстафина қатысып, сөз сөйледі.
Abai.kz