Сейсенбі, 7 Қаңтар 2025
Аймақ 350 0 пікір 5 Қаңтар, 2025 сағат 20:09

Мәжіліс депутаттарының өңірлерге сапары басталды

Суреттер: ҚР Мәжілісінің баспасөз қызметінен алынды.

Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келген Парламент Мәжілісінің депутаттары Ұлықбек Тұмашинов пен Ерлан Сайров Өскемен қаласындағы гемотологиялық орталықтың құрылыс жұмыстарымен  танысты.

Бұл ірі жоба қан жүйесі мен кардио-тамыр жүйесі ауруларын диагностикалау мен емдеудің жоғары деңгейіне шығаруға арналған. Сондай-ақ елдегі медициналық көмектің сапасын едәуір арттыруға мүмкіндік береді.

Орталық «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында салынып жатыр. Осы жылдың соңына дейін нысан қолданысқа беріледі деп жоспарланып отыр. Құрылыс жұмыстарының уақытылы сапалы орындалуы партияның тікелей бақылауында болады. Бұдан бөлек, былтыр біз медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру туралы заң қабылдадық. Бұл заң дәрігерлермен бірге әзірленді және олардың мүддесін қорғауға бағытталған. Осы жолдағы жұмысты біз әрі қарай жалғастыра береміз, – деді Е. Саиров.

Нысан бірнеше корпусты қамтиды. Бас ғимаратта химиотерапия күндізгі стационар, балалар стационары, соматика, ересектер гематологиясы, кардиология және кардиохирургия, сондай-ақ сүйек кемігін трансплантациялау бөлімшелері орналасады. Сонымен қатар консультациялық-диагностикалық бөлімше де жұмыс істейтін болады. Барлық құрылыс-монтаж жұмыстары кестеге сәйкес жүргізілуде.

  – Қазіргі уақыта құрылыстың ішкі жұмыстары қалған. Тиісті құрал жабдықтар да сатып алынуда. Бекітілген мерзімде нысанның құрылысын аяқтап қолданысқа беру қажет. Айта кету керек, бұл шетелден қайтарылған активтердің есебінен салынып жатыр. Ендігі кезекте құрылыс сапасына бақылау күшейтіліп, барлық жұмыс белгіленген стандарттарға сай жүргізілуі тиіс. Нысанның уақытылы іске қосылуы өңір тұрғындарының өмір сүру жағдайы мен аймақтың дамуына елеулі үлес қоспақ, – деді Ұ. Тұмашинов.

Жобаның жалпы құны – 71,3 млрд теңге. Құрылыстың басталғалы бері 37,7 млрд теңге игерілді. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстарының 78 пайызы  орындалған.

Abai.kz

0 пікір