Сәрсенбі, 8 Қаңтар 2025
Билік 439 1 пікір 6 Қаңтар, 2025 сағат 17:51

Бөгеттерді қалпына келтіру мен ЖЭО жұмыстары Мәжіліс депутаттарының бақылауында

Суреттер: ҚР Мәжілісінің баспасөз қызметінен алынды.

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Наталья Дементьева Аршалы ауданы Анар ауылында Анаркөл көлінің бөгетін қайта жаңғырту жұмысымен танысты.

Анаркөл көлі ауылдық округтің мыңнан астам тұрғынын ауыз сумен қамтамасыз етіп отыр. Өткен ғасырдың ортасында салынған  ауыл мен көл арасындағы бөгет әбден ескірген. Оның ұзындығы 1300 метрді құрайды. Ауыл тұрғындарын тасқын судан қорғауға қауқарсыз. Осыған байланысты былтыр қайта жаңғырту жұмысы басталып, бүгінге дейін  айналма каналдың бір бөлігі тазартылды. Бөгет қабырғасы нығайтылып, 6 метрге дейін кеңейтілді. Ондаған техника жұмылдырылып, қиыршық тас пен сазды топырақты қоса алғанда, 21 мың тоннадан астам құрылыс материалы жеткізілген.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында атап өткендей, былтыр жойқын су тасқыны болды. Зардап шеккендер қатарында Аршалы ауданы да бар. Сондықтан алдағы көктемге дайын болуымыз керек. Мәжілісте жаңа Су кодексінің жобасы қаралуда. Мемлекет 2030 жылға дейін 40-тан астам жаңа су қоймасын салу және ел аумағында жұмыс істеп тұрған 37 су қоймасын жөндеу бағытында жұмыс жүргізуде», – деді Наталья Дементьева.

Жалпы 2025 жылы Анаркөл көлі бөгетінің төменгі бөлігінде 15 су өткізу құрылысын орнату жоспарланған. Олар көлдің толуына және қорғаныс бөгетінің шайылып кетуіне жол бермейді. Жұмыс «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында жүргізіліп жатыр және партияның ерекше бақылауында.

Сонымен қатар Мәжіліс депутаттары Еркебұлан Мәмбетов пен Дмитрий Колода аймақтарға сапары барысында Петропавл қаласы Ойқала шағын ауданындағы бөгетті қалпына келтіру жұмыстарымен танысты.  1960 жылы пайдалануға берілген Ущев көшесіндегі нысан шаһарды су тасқынынан қорғауда елеулі рөл атқарады.

Былтырғы алапат су тасқыны Солтүстік Қазақстан халқын біраз әбігерге салды. Соның салдарынан жүздеген тұрғын үй, бау-бақша учаскелері мен инфрақұрылым нысандарын су басты. Осыны ескеріп, теріскейліктер биыл алдын-ала қамдануда.

Қазір өңірде 8 бөгет қалпына келтіріліп жатыр. Соның бірі Ущев көшесіндегі бөгетте Мәжіліс депутаттары болып қайтты. Бөгеттің биіктігі 4,5 метрден 7 метрге дейін, ені 3 метрден 6 метрге дейін, ал ұзындығы 300 метрге дейін ұлғайтылған. Бүгінгі таңда нысанға 205 мың тонна инертті материал жеткізілді. Бөгетті бетон плиталарымен нығайту жүргізіліп жатыр.

 – Бұл шаралардың барлығы өткен жылғы жағдайдың алдын-алу үшін қолға алынып жатыр. Былтыр тасқыннан көптеген адам зардап шегіп, орасан материалдық шығындар орын алды.  Биыл бұған жол берілмейді деп сенеміз. Осы орайда бөгетті қайта қалпына келтіру жұмыстары қызу жүргізіліп жатқанына куә болып отырмыз. Ең бастысы құрылыс жұмысының сапалы әрі уақытында аяқталуы, – деді депутат Еркебұлан Мәмбетов.

Жобаның жалпы құны 851 миллион теңгені құрайды. Заманауи технология мен сапалы материалдар қолданылуда. Ол бөгеттің ұзақ мерзік қызмет етуіне септігін тигізеді. Жұмыстың сапалы орындалуы «AMANAT» партиясының ерекше бақылауында болады.

Былтыр көктемдегі су тасқыны салдарынан облыста 4 мыңнан астам тұрғын үй, 45 кәсіпкерлік нысан, 42 автожол учаскесі зақымданған болатын.

Осы күні Мәжіліс депутаты, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы фракциясының төрағасы Асхат Рақымжанов Батыс Қазақстан облысында «Жайықтеплоэнерго» АҚ жылу электр орталығының ұжымымен кездесті.

Асхат Рақымжанов өз сөзінде жылу электр орталықтарының жұмысы Мәжілістің ерекше назарында екенін,  сондықтан бірінші кездесу осы жерден басталғанын атап өтті.

«Жайықтеплоэнерго» АҚ бас директоры Бақытжан Әкімғожин орталықтың Батыс Қазақстан облысындағы ен үлкен мекемелердің бірі екенін, қаланы жылу және ыстық сумен қамтамасыз етіп отырғанын айтты. Оның құрылысы 1953 жылы басталып, 1960 жылы 22 желтоқсанда бірінші турбо агрегат іске қосылған.

Бүгінде жылу электр орталығының 88 пайызы тозған. Сондықтан реконструкция жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мысалы, бірінші турбо агрегатты ауыстыру  бес жыл бұрын басталып, 2025 жылдың наурыз айында іске қосу жоспарланған.

– Мұндағы өзекті мәселе – жабдықтардың қымбаттығы. Делдалдар арқылы сатып алатын болғандықтан, тарифке де әсер етуі мүмкін. Жұмысшылардың айтуынша, орташа жалақы 200 мың теңгенің айналасында, сондықтан жастардың мұнда жұмыс істеуге деген қызығушылығы төмен, – деді Асхат Рақымжанов.

Осыған орай кәсіпорын қызметкерлері жас мамандарды қолдау шараларын қарастыруды сұрады. Өз кезегінде, Асхат Рақымжанов Парламентте қабылданып жатқан заңдар туралы айтып берді. Соның ішінде «Жылу-энергетика» туралы заңның артықшылықтарын түсіндірді.

Орталықта көтерілген мәселелерді депутаттар өз назарында ұстайтын болады. Мәжілісмен олардың жалпы отырыста қаралып, арнайы депутаттық сауал дайындалатынын айтты.

Еске сала кетейік, 5 қаңтарда Мәжіліс депутаттарының өңірлерге жұмыс сапары басталды. Депутаттар өндірістік және әлеуметтік нысандарды аралап, еңбек ұжымдарында кездесулер өткізіп, азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдайды. Сонымен қатар олар сайлаушыларға қабылданған заңнамалық өзгерістер туралы ақпарат беріп, мәселелерін тыңдайды. Өңірлерде сайлаушылар көтерген ең өзекті мәселелерді шешу Мәжілістің жалпы отырыстарының бірінде Үкіметпен бірлесіп қаралатын болады.

Abai.kz

1 пікір