Депутат Ермұрат Бапимен кездесу қалай өтті?
Әдеттегідей, календарлық жаңа жыл басталған кезден бастап, Қазақстан Мәжілісі депутаттары өңірлерді аралап, өздерінің сайлаушыларымен кездесулер өткізіп қайтатыны белгілі. Бұл бұрыннан келе жатқан тәртіп. Сол тәртіп бойынша халыққа біршама жақын, Мәжілісте өткір де өзекті мәселелерді көтеруімен ел назарында жүрген депутат Ермұрат Бапи өз электораты – Алматы қаласы тұрғындарымен кездесуге келетін болды...
Жаңа жыл алдында әлеуметтік желіде мен бір пікірімді ортаға салған болатынмын. Онда: «Біз рухани тәуелсіздікті нығайту жолында «Өазақ халқының дүниетанымы тарихын» дербес зерттеу нысанасына айналдыру туралы мәселе қозғаған болатынмын. Сол шағын пікірде мен «қазақ халқының дүниетанымдық тарихы тым көнеге жол тартып жатқанын, оны меңгеру арқылы біз өз халқымыздың қазіргі дүниетанымдық қалыбына, қазіргі ұлттық болмысына, қазіргі салт пен дәстүрінің табиғатына тереңінен көз салуға қол жеткізетініміз» туралы мәселе көтердім...
Сол пікір өзінің журналистік кәсіби мамандығына сай әлеуметтік желіні жіті қадағалап отыратын, елімізге танымал «ДАТ» газетін өмірге әкелген депутат Ермұрат Бапидың көзіне шалыныпты... Ол маған комментарий ретінде өзінің жуырда Алматыға келетінін, сол кезде кездесіп, осы мәселені талқылауға болатынын жазыпты.
Әрине, оны мен және бірқатар ғалым әріптестер қуанышпен қабылдадық: себебі, біз көтерген тақырып жалпылама түрде академиялық ғылыми‑зерттеу орталығында зерттелуде. Алайда, ол зерттеулердің «қалың шаңы» арасында бүгінгі күнде өзектілігі артқан көптеген жеке сұрақтар, тақырыптар қалып қойып жататыны рас – Ермұрат Бапидың журналистік қырағы көзі мен қоғамдық өткір санасы осыны дәл көріпті...
Ерекең онда былай дейді:
- Әбдірашит дос, сен айтып отырған «тәңірлік дүниетанымға» қатысты тарихи мол деректер мен құжаттар Қытайдың әскери архивінде сақталған. Көшпенділер шабуылынан әбден мезі боп, Ұлы Қытай қорғанын тұрғызуға мәжбүр болғанға дейін де, кейін де, Қытай үкіметі Ұлы даладан келер қауып-қатерді күріш-қағазға жазып, қорғанысқа қажетті құжат ретінде сақтап отырған.
Кейіннен ХҮІІ-ХІХ ғасырларда Ұлы Жібек жолымен батысқа бет алған керуендермен келген саудагер-сарттар арасындағы Қытай агенттері қазақ ру-тайпалары, олардың ұлттық табиғаты, діні, тұрмысы, шаруашылығы және әрине соғыс мүмкіндіктері туралы есеп жазып, Императорлық барлау органы алдында есеп беріп келген. Міне, осы депеша-есептерде Ұлы дала идеологиясы - Тәңіршілдік таным турасындағы дерек-дәйек аз болмаған.
Бірақ Қытай өзінің әскери-соғыс архив құжаттарын өте құпия сақтайды, бөтенді оның ауласына жуытпайды. Ғасыр басында номадшыл марқұм Нұрболат Масанов екеуіміз Қытай елшілігі арқылы сол архивте қазақ тарихы ғалымдарының жұмыс жүргізуіне мұрсат сұрадық. Бірақ елшілік бұл мәселе мемлекет басшылары арасындағы келіссөздің тақырыбы екенін ескертіп, бізді босағадан шығарып салған болатын.
Бірақ сол архивке мұрын сұғудың бір амалы менің ойымда жүр. Осы Жаңа жыл мерекесі кезінде Алматыға келем, кездесіп, қисап құрайық. Негізі, тәңіршілдік тақырыбы қазақ үшін діни дүние ғана емес, бұл Ұлы Даланың тұтасқан тарихы екені елге мәлім жәйт болса керек, Әбеке дос!
Мен бұл кездесуге белгілі ғалым, философия ғылымдарының докторы Берік Аташты да қосуды ұсындым. Ерекең де Берік Аташты сырттай жақсы білетін боп шықты – бірден келісімін берді. Сөйтіп, жаңа келген жылдың басында – қаңтардың екінші күні ертелетіп шағын топ болып, Ерекеңнің қоғамдық қабылдауына келдік.
Әрине, ол жердегі әңгіме тақырып аясына қарағанда кең болды. Мәселен, еліміздегі қазіргі ғылымды дамыту бағытындағы реформалар туралы айттық. Қазіргі ғылым дамуына бұрынғы «академиялық институттық зерттеу орталықтарына», енді батыстық ғылыми даму үлгісімен «университеттік зерттеу орталықтарының» қосылуын ‑ алға басқан қадам деуге болатынын атап өттік. Одан өзге, еліміздегі ірі кәсіпорындардың да жекелеген «ғылыми тапсырыстарын» орындау мүмкіндігі сақталған.
Міне, осы жағдайда жекелеген тақырыптарды «шағын ғылыми топтардың» алып шығу мүмкіндігі әлдеқайда жоғары болатынын еске салдық. Себебі, бірнеше ғалымның энтузиазмімен құрылған шағын ғылыми топтардың мақсаты белгілі бір тақырып төңірегінде топтасқан болып келеді. Яғни, онда осы тақырыпты зерттеуге деген мотивация өте жоғары, әрі, кәсібилік деңгей соған сай. Екіншіден, ол шағын топ мәселені «жетер жеріне жеткізе» зерттеуге мәжбүр. Үшіншіден, ол топ зерттеу нәтижесін қоғамға таратуға ерекше мүдделі. Яғни, сол арқылы ондай ғылыми топтар жалпы қоғамдық санаға әлдеқайда белсенді ықпал ету мүмкіндігіне ие.
Ал, ондай шығармашыл топтың ұйымдасу негізі тек «қоғамдық ұйым» сипатында болмақ. Ендеше, болашақта үкіметке ірі Зерттеу орталықтарын, университеттік зерттеу орталықтарын қаржыландырумен бірге, осындай жеке, «қоғамдық зерттеу орталықтарын» да қаржыландыру мәселесін көтеруге тура келеді. «Оны зерттеу нысанасының өзектілігіне байланысты жыл сайынғы «мемлекеттік гранттар» тізіміне ендіру – алдағы күндер елшісі» деген пікірге тоқталдық...
Сөз арасында Ерекеңнің бастамашылдығымен жасалған «Дін туралы Заң» жобасының тағдырын сұрадық. Оған біршама жауаптар алдық. Әрине, қазіргі кездегі өндіріс пен кәсіпкерлік, халықтың әлеуметтік‑тұрмыстық жағдайы да назардан тыс қалмады. Осы тұрғыда біз депутатқа азаматтық қоғам мен демократия дамыту туралы өз ұсыныстарымызды жеткіздік. Оны былайша өрнектедік:
АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМ ДАМУЫНА НЕ КЕДЕРГІ:
1. Азаматтық қоғам орнату тетіктерін билік анықтай алмауда (мүмкін қажет етпей отыр).
2. Қоғамдық санада «азаматтық қоғам» ұғымы белгісіз жағдайда тұр. Азаматтық қоғамның қазіргі Қазақстан жағдайындағы сипаты зерттелмеген.
3. Азаматтықтан «ұлттық» жоғары тұр. Әділеттілік негізінде ұлттық мәселелер шешімін таппады.
4. Қоғам Конституцияға сай унитарлы мемлекеттігін түсінбеген. Ол ұлттық қатынасқа кері әсер етуде.
5. Азаматтық қоғамның тұрақты әрі күшті экономикалық негізі қалыптаспады.
6. Азаматтық қоғамға сай құқықтық негіз қалыптаспады.
7. «Отан» ұғымы барша халықты біріктіретін қуатқа ие болмай тұр.
8. Қоғамның мәдени-рухани дамуында біртектілік жоқ, ол ара алшақтау үстінде.
9. Ғылым мен білімге жаппай сұраныс тудыра және оны ұлттық құндылық жүйесіне ендіре алмаудамыз.
(Ә.Бәкірұлы,Б.Аташ)
Біздің бұл ойларымызды депутат Ермұрат Бапи өз дәптеріне түртіп алды. Мүмкін, бұл ойлар оның болашақтағы депутаттық қызметіне көмегін тигізер. Оны уақыт көрсете жатар...
Кездесу аяқталды. Біз Берік Аташ екеуміз сыртқа шыққан соң да мәселелерді өзара талқылауды жалғастырдық. Соңынан біз «Ерекең Мәжіліске депутат болған уақыттан бері бұрынғы «журналистік эмоциядан» біршама арылған, әрбір мәселеге байыппен, мемлекетшілдік тұрғыда қаруға үйренген, сұрақты кең форматта талқылайтын «мемлекетшіл тұлғаға» айнала бастаған екен» деген қорытындыға келдік. Иә, әйгілі Платон да «Мемлекетті философтар (мемлекетшіл тұлға деңіз) басқаруы тиіс» деп бекер айтпаған ғой...
Әбдірашит Бәкірұлы
Abai.kz