Жұма, 10 Қаңтар 2025
Ақмылтық 182 1 пікір 10 Қаңтар, 2025 сағат 13:00

Орта Азия − ХІХ ғасырда пайда болған атау...

Сурет: liter.kz сайтынан алынды.

ТАМҒАШЫ

Тамға (таңба) – кодталған графикалық ақпарат, онда көне түріктердің философиясы жатыр. Тамғаны әзірбайжан – дамға, кабардин – дамыгъе, адыгей – тамыгъа, абаз – дамыгъа», абхаз – адамыг, дейді. Тамғадан тамғашы, таңбашы, тамгачы, тавгашы, табгачы сөздері шыққан.

Бұрын бір елдің қағаны қайтыс болса, онымен мүдделес (одақтас) елдің қағаны қазаға көңіл айту үшін, тамғашыны (мемлекеттік хатшы) немесе йабғуды (вице-премьер) жіберетін. Қазір «көңіл айту» жеделхатын жолдайды. «Күлтегін» жырында «...Түргiс қағаннан Мақраш тамғашы, Оғыз елiнен Бiлге тамғашы аңырап келді», – деген жолдар бар. Қазақ та адамы қайтқанда, алыстан дауыс салып, аңырап жетеді...

XIV

Еңiреп егiлген

Қытаң, татабын бастап

Удар Сенуң келдi.

Қайғыдан

Қабырғалары сөгiлген

Табғаш қағаннан

Iсиi Лекең келдi.

Байлықтарының ауызын

Ашып тастады —

Алтын, күмiстi

Шашып тастады.

Түпiт қағаннан

Бөлек келдi.

Ол да ерек келдi.

Күн батыстағы

Соғуд, Берчекер,

Бұқарақ жұрттарынан

Нең Сеуң,

Оғыл Тарқан жеттi.

Олар да тартынбай

Дарқан жеттi.

Он оқ оғлым,

Түргiс қағаннан

Мақраш тамғашы,

Оғыз елiнен

Бiлге тамғашы

Аңырап келдi.

Қырқыз қағаннан

Тардуш Ынанчу Чур

Зарлап келдi.

Қара тастарға

Құмның бетiне

Сызғандай етiп

Өрнек салатын,

Бояулы жiп төккендей

Әрлеп салатын

Табгаш Қаған жиенi

Чан Сеңуң келдi...

Қосымша дерек:

(Түрік қағанаттары мен хандықтарындағы атақтар, лауазымдар, мансаптар, дәрежелер)

Қаған, Йабғу (Жабғы), Шад, Тегін, Білге, Елбілге (Ілбілге), Елтеріш (Ілтеріс), Құтылығ (Құтлық), Елхан (Илхан), Гүрхан, Тамғашы, Баһадүр (Генералиссимус) Бек, Беклербек (Бас қолбасшы), Жарған (Жоғарғы сот), Инал (Инақ), Иналшы (Министр), Сыртырақ, Ерден, Тархан, Апа, Апа Тархан, Бақа (Баға), Таяңын (Таян), Бұйрық, Өге бұйрық, Тұтық, Ағышы, Ордубашы, Жұғрышы, Ақташы, Бұларғашы, Шабушы, Арқышы, Құлабұз, Түксін, Иалафар, Иалабашы, Ыдықұт (Идіқұт), Елтебер, Бұлғай, Жұртшы, Табашы, Тарғушы, Тұтұқ, Еркін, Терім, Тирек, Тұйғын, Шықын, Құлұқ, Канг (Иниигун), Ракабдар, Мөһердер, Дастур, Мосул, Мұлазым, Мұқтасиб, Уәзір, Хан, Сардар, Жауынгер, Сарбаз, Жасауыл, Артауыл, Қарауыл (Кежеуіл), Айдауыл, Қайдауыл, Домбауыл, Бақауыл (бөгеуіл), Тосқауыл, Шығауыл, Торуыл, Жортуыл, Ерауыл (Ереуіл), Құрауыл, Алпағыр, Бұлық (Полк), Аламан (Десант), Атарман, Ұрыңғы (Хорунжий), Жүзгін, Ұшар, Алғадай, Шора (Чурра), Шабарман, Есауыл, Онбасы, Жүзбасы, Мыңбасы, Түменбасы.

Ұсыныс:

Түркия мектеп оқулықтарындағы «Орта Азия» терминін «Түрікстан» деп өзгертуді қолға алыпты. Дұрыс бастама! Орта Азия − ХІХ ғасырда пайда болған атау. Тұтас аймақтың тарихи атауы − Түрікстан! Алаш арыстары Мағжан Жұмабайұлы мен Мұстафа Шоқай «Түрікстан» деп «Орта Азияны» атаған. Түрікстан – түрік тарихының бұлағы!

Біз де қара жерге картоп көміп отырған ел емеспіз ғой. Түрік қағанаты туралы кино неге түсірмейміз? Күлтегінді неге жарыққа шығармаймыз? Қазаққа ауадай қажет тақырып − осы!

Айдын Рысбекұлы,

Геральдист

Abai.kz

1 пікір