Мағауиндік бес міндет
Қош бол, Көке!
Шыңғысханның шежірешісі
Жаратушы әрбір пендесінің кеудесіне үрпек-жан үрлегенде, белгілі бір міндет артатын секілді. Өзекті жан тағдырына бекітілген сол ақжарма парызды өтемей, сірә, жалған дүниеден көшпейтін секілді. Демек, «Мықты өмір сүрдім», «Жақсы күтіндім», «Салауатты ғұмыр кештім» дейтін лепестің мұқымы – бос сөз, далбаса далаң.
Мұхтар Мағауинның ауызы мен қаламынан туған әрбір сөзі – екі қасиетке қызмет етті: қазақтың қадірі мен түркінің тектілігіне! Яғни, бұл, меніңше, Мағауиндік бірінші міндеті шығар.
Егіз ардағы мен асылын дәріптеуге жазушы тағы екі егізді қосарлап жекті: әдебиет пен тарих. Яғни, бұл, меніңше, Мағауиндік екінші міндеті болса керек-ті.
Ұлтының тарихын Мағауинше тамшы тамызбай сүйген, қазақтың сөзіне Мағауинше қасық қаны қалғанша іңкәр болған перзент жоқтың қасы. Құдай біледі, бұл – Мағауиндік үшінші міндет.
Қазақ пен түркіге Мағауиндей сарқыла, сарыла, сағына адал қызмет еткен адам саусақпен санарлық. Әсіре айтпасам, бұл – төрт тарап дүниенің төртбақ төлі Мағауиннің төртінші міндеті.
Аласапыранда өткен арқалы ғұмырында Мұхтар Мағауин өміріне өзі өлшем қылған Шыңғысханның шежірешісі міндетін (бесінші міндет) де толық та тиянақты атқарып үлгерді.
«Құдайға шүкір!» деймін де, әттең, тағы бір алпыс ай дем болғанда, ақ көкем Құран Кәрімнің әр сүресі мен аятын таза, қазақша, жатық, қазына тілге тәржімелеп беретін еді, деп күрсінемін...
Көке, алдыңыз жарық болсын!
Мыңжан Байжанин
Abai.kz