Сәрсенбі, 15 Қаңтар 2025
Аласапыран 387 1 пікір 14 Қаңтар, 2025 сағат 15:23

Трамп пен Путин кездесуі: Ресей соғысты тоқтата ма?

Сурет: Reuters сайтынан алынды.

Мәскеулік насихатшы, Кремльді төңірегінде жүрген Маргарита Симонян: «Ресей соғысты тоқтата алады», - деп мәлімдеді.

Мәскеу Доналд Трамппен келіссөздерде майдандағы соғысты тоқтатуға келісуі мүмкін. Ресей тарапы қазірдің өзінде басып алынған аумақты бауырына басып қалуға үміттеніп отыр. Бұл туралы ресейлік актер және блогер Вячеслав Манучаровқа берген сұхбатында Маргарита Симонян айтты.

«Менің ойымша, Трамп та, біз де осы келіссөздер басталған кезде біздің бақылауымыздағы аумағымызды алға тарта отыра, мәмілесуді қалаймыз. Соғыс желісі қай жерде түйіседі сол түйіскен жердің бәрі де біздікі», - дейді Симонян.

Ол Украинаның НАТО-ға енбеуі туралы кепілдіктер берілуі мүмкін деп болжамын алға тартты. «Олардың кепілдіктеріне ешкім ешқашан сенбесе де, бәрібір, олар қағаз жүзінде болса да, Украинаның НАТО-ға кірмеуі туралы кепілдік қажет», - деп мәлімдеді Симоньян.

Оның пікірінше, Украинаның «Ресейге қатысты агрессивті қадамдар жасамайтынына және орыс тілді халықтың арасына іріткі салмайтынына» «қандай да бір кепілдіктер» сұралуы мүмкін деп білгішсініп алды.

Ал «Bloomberg» сарапшылары: «Трамп Украинаны Ресеймен мерзімінен бұрын келіссөздер бастауға мәжбүрлемейді. Трампқа Украинаның тағдыры АҚШ мүддесі үшін стратегиялық маңызды емес сияқты көрінеді. Бірақ Трамп «Ауғанстан оқиғасының қайталануын» қаламайды», - деп жазады.

Президент Трамп осыған дейін: «Путин менімен жолығуға асығып отыр. Біз соғысты тоқтату бойынша келісім таба аламыз деп ойлаймын. Бірақ бұл кездесу мен ресми түрде қызметке кіріспей тұрып, мүмкін емес», - деген болатын.

Ақ Үйдің Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі болашақ кеңесшісі Майк Уолс: «Трамп пен Путиннің кездесуіне дайындық қазірден жүріп жатыр. Жақын күндері Трамп пен Путин телефон арқылы сөйлесуі мүмкін. Трамптың позициясы былай: Президент Трамптың көзқарасы бойынша, егер сіз басқа тараппен қарым-қатынасыңыз немесе диалогыңыз болмаса, мәміле жасай алмайсыз. Біз сол диалогты жақын арада орнатамыз», - дейді.

Ал Швейцария Сыртқы істер министрлігі Трамп, Путин мен Зеленский арасындағы келіссөздер үшін алаң ұсынатынын айтқан.

Abai.kz

1 пікір