Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 7001 0 пікір 28 Қыркүйек, 2009 сағат 05:31

Алаш жастары аңсаған қоғам

Өткен ғасырдың басында қазақ жастарының белгілі бір бөлігінің ірі саяси орталықтарда оқуы, сол тарихи кезеңдегі саяси оқиғаларды тікелей көзімен көріп куә болуы, қоғамдық жаңғыру жолына қадам басқан орыс қоғамындағы демократиялық күштер мен ағымдардың ықпалын басынан кешіруі - олардың қоғамдық көзқарастарының кемелденуіне, саяси белсенділігінің артуына әсер етпей қоймады. Олар осы тарихи кезеңдегі әртүрлі саяси оқиғаларға қатынасып, қазақ халқының арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді және алғаш рет қоғамдық ұйымдарға топтаса бастады.

Өткен ғасырдың басында қазақ жастарының белгілі бір бөлігінің ірі саяси орталықтарда оқуы, сол тарихи кезеңдегі саяси оқиғаларды тікелей көзімен көріп куә болуы, қоғамдық жаңғыру жолына қадам басқан орыс қоғамындағы демократиялық күштер мен ағымдардың ықпалын басынан кешіруі - олардың қоғамдық көзқарастарының кемелденуіне, саяси белсенділігінің артуына әсер етпей қоймады. Олар осы тарихи кезеңдегі әртүрлі саяси оқиғаларға қатынасып, қазақ халқының арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді және алғаш рет қоғамдық ұйымдарға топтаса бастады.

Мәселен, 1903-1909 жылдары Петербургтегі әскери-медициналық академияда оқыған, кейін Алаш қозғалысының белгілі жетекшілерінің бірі болған Халел Досмұхамедовтің саяси көзқарасының қалыптасуы мен саясат саласында белсене көріне бастауы оның осы Петербургте өмір сүрген кезеңіне дәл келді. Санкт-Петербургтың мәдени-тарихи қасиетті орындары, адам қолынан туған сымбат өнерінің таңғажайып үлгілері, зиялы қауымы, бай кітапханасы, ірі-ірі ғұламалар оқыған дәрістер дарынды Халелдің азаматтық тұлғасының қалыптасуына негіз жасады. Оның саяси сана-сезімінің өсіп жетілуіне астанадағы жоғары оқу орындары студенттерінің жаңаруды тілеген төңкерісшіл көңіл күйі түрткі салып, бодандықтың азабын тартқан халқына пана болсам деген ізгі ниеті де ерте оянды.
Өмірінің осы кезеңі туралы ол 1931 жылы қыркүйектің 14-інде Біріккен саяси Бас басқарманың тергеушісіне өз қолымен былай деп жазып берген: «Мен Петербургке бірінші орыс революциясының қарсаңында келдім. Бұл кезде демократиялық күштер, оның ішінде студенттер қауымы да, жиі-жиі наразылық білдіріп жататын. Қым-қиғаш студенттік өмірге араласуымен қатар саяси білімімді жетілдіруге кірістім. Әртүрлі саяси партиялардың бағдарламаларымен, олардың талап-тілектерімен таныстым... Мені және басқа қазақ студенттерін ешбір саяси партия бағдарламасы қанағаттандырмады. Социал-демократтар тек қана жұмысшылар туралы айтса, социал-революционерлер шаруалар жөнінде сөйлеп жататын. Кадеттер орыс халқының ұлылығы жөнінде сайрап, басқа халықтар туралы жұмған аузын ашпайтын, ал оңшылдар болса орыс емес халықтарды жамандап, оларды қудалаумен болатын. Сол кезде жолдастарыммен бірге митингіге кездейсоқ тап болғанымызда, сонда сөйлеген Милюковтың айтқан сөздерін осы күнге дейін ұмытқан жоқпын. Ол «Патша өкіметі орыс емес халықтарды аса дөрекілікпен және ұятсыздықпен қанап отыр», деп еді...
1905-1906 жылдары мен кейбір қазақ студенттерімен бірге Орал қаласында үгіт жұмыстарын жүргізіп, халыққа елде болып жатқан оқиғаларды түсіндірдім. «Фикір» және «Уральский листок» газеттерінде мақалалар жарияладым. 1906 жылы қырдағы ауылдарды аралап жүргенімде, полицияның көзіне іліктім де саяси жұмыс жүргізуіме тыйым салынды».
Осы құжат ХХ ғасырдың басында Ресей империясының бас қалалары Петербург пен Мәскеуде, сол сияқты Қазақстанмен жапсарлас орналасқан Омбы, Том, Орынбор, Ташкент, Саратов т.б. қалалардың жоғары және арнаулы орта оқу орындарында оқыған, ал кейін Алаш партиясын құруға мұрындық болған қазақ зиялыларының қоғамдық-саяси көзқарастарының қалыптасуының бастау көздерін және олардың алғашқы саяси әрекеттерге араласу жолдарын анықтауға септігін тигізетіндігімен құнды.
Алғашқы қазақ жастар ұйымының құрылуы, оның мақсат-мүдделері жөнінде жастар жетекшілерінің бірі, сол оқиғалардың куәгері Смағұл Сәдуақасұлы былай атап көрсетеді: - Ең алғашқы жастар ұйымы Омбы қаласында 1914 жылы ашылды. Ол ұйымның аты «Бірлік» еді. «Бірліктің» мақсаты оның программасында (тұтынған жолында) айтылған. Қазақ халқын мәдени һәм әдеби жағынан ілгері қатардағы жұрттарға қосу, ұлтшылдық сезімін туғызу һәм ұлттықты сақтау.
Халық әдебиетін жинау, ол әдебиетті кітапша һәм үлкен кітаптар етіп бастыру. Театр кітаптарын шығару, газет-журналдар шығару. Бастауыш, орта дәрежелі мектептерге кітаптар жазу, школға түсемін деген шәкірттерге даярлайтын курстар ашу, мұқтаж шәкірттерге жәрдем көрсету, спектакль, концерт һәм басқа ойындар жасап, қазақтың ішінде театр туғызу.
Ұйымның саяси һәм шаруашылық туралы ұстаған жолы: кедейлерді, жіңішкелерді байлардың, күштілердің зорлығынан құтқару, әйелге теңдік әперу». «Бірліктің» бұдан басқа да істеген жұмыстары толып жатыр.
1916 жылы Бірлік «Балапан» деген жазба журнал шығарып тұрды. «Балапан» заманында ауызға ілініп, жастарға көрсеткен оның қызметі көп болды.
Бұл ұйымның төңірегіне қазақ жастарының жиналуына отарлық езгінің ықпалымен белгілі бір саяси мақсатта топтасуға негізгі алғышарт болғандығын жастар қозғалысының рухани жетекшілерінің бірі Қошке Кемеңгерұлы өзінің «Қазақ тарихынан» атты еңбегінде былай дейді: «1913 жылдардан бастап орыс школдарындағы оқушы қазақ жастары топтана бастады, 1914 жылы Омбыда жасырын «Бірлік» ұйымы ашылды. Мұның мәдени мақсатының астары, көздеген нысанасы саясат екендігі, әлеумет наразылығы барлығы, 1916 жылы «Балапан» журналының алдында: «Балапан қанат қақты жас еді... амалсыз қақты... солтүстіктің суығына шыдай алмады... балапанды көріп: «қорама кір, қолыма тұр, қалған-құтқанды берермін» деп күледі солтүстіктің салқын жүрек, тас бауыр адамы», - дегенінен көрінеді.
«Солтүстіктің суығының», яғни отарлық саясаттың шарықтау шегіне жетуіне байланысты қазақ зиялыларының оған қарсы күресінің жаңа сапалық деңгейін талап етті. Сондықтанда сол кезеңде азаттыққа жетудің жолы қан төгісте емес, саяси күреске, әдіс тәсілге келіп тірелгенін тарих тәжірибесі дәлелдеп берді. Осы мақсатта қараңғылықтағы қазақ ұлтының өркениетті халықтармен тең болуын, отарлық тәуелділіктегі елінің азаттығын армандаған қазақ жастары мәдени-ағартушылық ұйымдарға бірігуді көздеді.
«Бірлікті» ұйымдастырушылардың қатарында Асылбек және Мұратбек Сейітовтер, Мұхтар Саматов, Мағжан Жұмабаев, Смағұл Сәдуақасов, Ахмет Баржақсин, Шаһмардан Әлжановтар болды. Кейінірек «Бірлік»жастарының басшылық шоғырын құрған бұл ұйымның бірінші жетекшісі болып Ш.Әлжанов сайланды.
Құжаттардың көрсетуіне қарағанда 1917-1918 жылдары «Бірлік» ұйымында белсенді атсалысқандардың арасында М.Жұмабаев, М.Саматов, Ә.Байділдин, С.Сәдуақасов, А.Сейдалин, К.Кемеңгеров, Ғ.Тоқжанов және басқа жастар болған. Бұл кезеңде ұйымның идеологиялық тізгіні М.Жұмабаевтың, ал ұйымдастырушылық жұмыс М.Саматов пен Ә.Байділдиннің үлесіне тиеді. 1917 жылы 1-4 қазан аралығында «Бірліктің» кеңейтілген жиылысы өтеді. Оған Ақмоладан «Жас Қазақ», Көкшетаудан «Жас ұран», Спасскіден «Жас дәурен» және басқа жас-тар ұйымдарынан шамамен жүзге жуық өкілдер қатысады. Жиылыс қаулы қабылдап, ұйымның басшылық органын сайлайды. Оның құрамына М.Саматов, А.Сейітовтер О.Темірбеков, М.Бейсенов, Ә.Байділдин, Д.Әділев, Ғ.Сәдуақасов (Тоғжановтың сол кездегі фамилиясы-Е.Х) және басқа жастар кіреді. Ал жиналыстың төрағалығына және «Бірліктің» үні «Балапан»журналының редакторлығына М.Жұмабаев сайланады.
Жиналыс қаулылары 1918 жылы қаңтарда «Қазақ» газетінің №259 санында жарық көрді. Онда «Бірлік» қауымының үш жылда атқарған есебі берілді: «Бірлік қауымы қолайсыз күндерде туып, қара түндерде өмірін өткізсе де алдындағы адалдық, әділдік, ұлтшылдық жолынан таймады. Ізгі ниет, қасиетті тілегінен қайтпады, шамасынша ұлтына қызмет ету жолында болды.Ұлт әдебиетінің дәуірлеріне азда болса еңбек болсын деп «Өткен күндер» атты өлең кітабын бастырып таратты. Халықтың көзі ашылуына жәрдем болсын деп, шығып тұрған қазақша газеттерді һәм басқа басылған кітаптарды ел арасына кең таратуға ыждаһат етті. Талапты жастардың қаламы ұшталуға һәм ұлт әдебиетінің ілгерілеуіне себеп болсын деп, 1916 жылдан бері «Балапан» атты әдеби журнал бастырып тұр. Оқуға ынталы, қолы қысқа ұлт балаларына әртүрлі жәрдемдер көрсетті.
Биыл мынау зор өзгеріс басталып, халық тегіс дағдарып қалған кезінде «Бірлік» қауымы өзгерісті елге дұрыс түсіндіріп, ұқтыру жолында көп қызмет етті...
«Бірлік» комиссиясына түскен барлық сумма 2071 сом. Осы күні қолдағысы 1632 сом 50 тиын.
«Бірлік» басқармасының осы есебін тыңдаған жалпы жиналыс ауыр жауапты қызметті адал атқарғандықтары үшін тәңірі жарылқасын айтты.
Сонымен қатар жастар бұл жиналыста әр жердегі жастар қауымдарын бір ізге салу, «Бірлік» қауымының шарттарын қарап түзету, қысқа уақытта мұғалімдер курсын һәм орысша әзірлеуші курстар ашу, бас-тауыш мектептерге программа жасау һәм оқу құралдарын шығару, халыққа газет журнал һәм кітапшалар тарату, «Балапан» журналын зорайту міндеттерін қабылдады.
... «Бірлік» қауымы ағзаларының жалпы жиылысы саяси қазақ партиясы «Алашты» заманаға һәм тілектерге тез жетуге нағыз қолайлы деп тауып, соны қуаттап, пікірлерін халық арасына таратпақ болды».
«Бірлік» ұйымының құрылуы отарлық тәуелділікте болып келген жұрттың мәдени-ағарту, саяси-құқықтық еркіндіктерін түсіндіретін ұйымдарға деген қажеттілікті қанағаттандыру үшін жасалған ұмтылыс болды. Алаш қайраткерлерінің қазақ жастарының оқуына мүдделі болып, саяси - рухани жағынан тәрбиелеуі және олардың ықпалы жастар ұйымдарының жұмысын жандандыруға үлкен демеу болды. Революциялық өзгерістерге орай қазақ қоғамында бұрын-соңды болып көрмеген қазақ жастарының идеялық тұрғыда ұйымдасуы және қоғамдық-саяси істерге белсене араласуы биік деңгейге көтерілді.
XX ғасырдың басында қазақ халқын өрге сүйрер, ұлт қамы үшін өмірлерін сарп етер зиялы қауымның шоғыры қалыптасты. Білім алған қазақ жастарының қазақ қоғамы үшін қажеттіліктерін мынадан көруге болады: біріншіден, қазақ жастары ірі қалалардағы оқу орындарында білім алып қана қоймай, олардың ой-көзқарастары, азаматтық ұстанымдары қалыптасты. Екіншіден, олар елге барып ағартушылық қызметпен айналысты, қоғамдық ұйымдарға топтасып, өнер-білім таратты, оқу курстарын, кітапханалар ашып, тарихи жәдігерлерді жинастырды. Үшіншіден, жергілікті жерлерде қоғамдық-саяси өмірге белсене араласып, әлеумет істерінде ұлт мүддесі үшін күрес жүргізді. Төртіншіден, оқыған зиялы топ шығармашылық қызметпен айналысып, қазақтың тұңғыш әліпбиін, оқулығын, тарихи-әдеби мұраларын жасады.

 

Есқайрат ХАЙДАРОВ, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті әлеуметтік-гуманитарлық факультетінің деканы

НұрАстана

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5341