Доллар проблемасы. Қазақстан оны шеше ала ма?
Оңтүстік-Шығыс Азия мен Африка елдері, әсіресе Тайланд, Вьетнам мен Египетке саяхаттап баратын туристер ондағы валюта айырбастау бекеттерінде долларға қатысты түрлі бағамдарға тап болуда. Бұл елдерде 2013 жылдан бері басылған, жаңа дизайндағы, көк түсті доллардың бағамы қымбат әрі тиімді болады да, ескі ақ банкноттағы доллардың құны төмендеу келеді. Бұл туралы Dala inside телеграм арнасы жазды.
Осыған қатысты, қазір елімізде валюта айырбастау бекеттері мен банктерде доллар сатып алатын отандастарымыз жаңа көк банкнотаны талап етуде. Ақ долларды ешкім алғысы келмейді. Тиісінше ақ доллар жинақталып, көк доллар дефициті сезіле бастады. Бұл проблеманы шешу үшін біздегі біршама жекеменшік қаржы ұйымдары ақ доллар қабылдауға шамамен 2% комиссия орнатқан.
Теңгемен мұндай проблема болса, оны Ұлттық Банк эмиссия орталығы ретінде тез шешіп тастар еді. Бірақ долларды АҚШ-тағы Федералды резерв жүйесі басады. Біздің монетарлы органдар доллардың банкнотасына қатысты жағдайға бақылау орната алмайды.
Жалпы бізде доллар банкнотасының ескілігіне қатысты проблема жоқ еді. АҚШ өз кезегінде тіпті 110 жыл бұрын басылған доллар банкнотасын заңды ақша құралы деп табады және қабылдай береді. «АҚШ ескі банкноттарды мойындаудан бас тартады» деген жел сөз жыл сайын пайда болса да, ФРС тарапынан ешқашан бұған қатысты ресми мәлімдеме жасалған емес.
Тайланд, Вьетнам, Мысыр сынды елдердің қаржы ұйымдарында доллардың барлық дизайндағы валютасының жалған/растығын тексеру жүйесі әлсіз. Олар соңғы жабдықтарын жаңалағанда, тек көк долларды анықтай алатын құрылғыларға иек артқан болатын. Тиісінше, әлемнен миллиондаған турист ағылып, түрлі дизайн мен номиналдағы доллар сағат сайын келіп жатқандықтан, жалған ақша айналымынан қорғану үшін «көк доллар сенімді, ал ақ доллар сенімсіз» деген ұғым қалыптасқан. Доллар бағамының банкнота дизайнына байланысты бекітіліп жатқаны да сол себептен.
Демек, ақ пен көк доллар проблемасын біздің шетелге саяхаттайтын туристер әкеліп отыр. Оның масштабы ұлғая беретін болса, Ұлттық Банк бір реттік шара аясында банктер мен қаржы ұйымдарына ақ долларды АҚШ-қа жіберіп, оны көк долларға ауыстрып алуға рұқсат беруі мүмкін. Сол кезде елдегі барлық ақ доллардан құтылып алу керек.
Abai.kz