Дүйсенбі, 20 Қаңтар 2025
46 - сөз 156 0 пікір 20 Қаңтар, 2025 сағат 15:11

Қару-жарақ королі – жоғары мемлекеттік дәреже

Сурет: Автордың жеке мұрағатынан алынды.

Герб (латынша – herb, қазақша – елтаңба) қалқанға салынады. Қалқан қару емес, жарақ түріне жатады. Ертеде қалқанда алып жүрген адамның аты-жөні жазылатын. Бірақ қалқанның қашан, қай елде пайда болғаны жөнінде нақты дерек жоқ. Ол жайлы тек жыр-дастандарда кездеседі. Ғалымдар қалқанның ең көне үлгілерін б.з.б. I ғасырда сақтар қолданған деп топшылайды.

Ортағасырлық Еуропада гербтердің кімге тиесілі екенін анықтап, тіркеп, жүйелеп, оның геральдикалық белгілері мен әртүрлі бояу түстерін дайындайтын мамандар болатын. Олар 7 жылдық оқу-тәжірибесінен өткеннен кейін барып, арнаулы рәсім бойынша ант қабылдап, «Герольд» (латынша – herоld, қазақша – жаршы) атағын алатын. Герольдтардың тек біреуі ғана «Гербтік король» атанып, сарайда қызмет ететін, өзгелері басқа өңірлерді қарайтын. Гербтік корольдің дәрежесі Король елшісінің өкілеттіктерімен теңестірілген. Ол өзгеден ерекшеленіп, айрықша сән-салтанатпен киінетін. Латынша «Гербтік король» деген, қазақша – Қару-жарақ королі.

Қару-жарақ королінің міндеттері:

– соғыс жариялау;

– соғыс мерзімін анықтау;

– бітімгершілік, бейбітшілік келісімдерін жүргізу;

– қаза тапқандарды, жараланғандарды тану;

– тұтқындармен алмасу тәртібін реттеу;

– елшілік миссияларын атқару;

– мемлекеттік турнирлер өткізу және оларға басшылық жасау;

– гербтерді құрастыру;

– гербтердің жасалуын қадағалау;

– мемлекеттің геральдикалық тізілімін жүргізу;

– геральдикалық ережелер мен әдістемелік нұсқаулықтарды әзірлеу;

– геральдикалық ережелердің сақталуын қадағалау;

– геральдика саласындағы авторлық құқықты бұзумен байланысты сот ісін жүргізу;

– корольдің таққа отыру рәсімін басқару.

Тұлғалық, топтық, әулеттік, корольдік, императорлық гербтердің сипаттамалары мен бейнелерінің жинағы – «Гербовник» деп аталады. «Гербовник» термині латынның «armа» сөзінен шыққан. «Аrmа» деген – қару. Ал «қару» сөзінің түбірі – қары, қолдың қары.

Қолда екі пар жілік (екі шыбық) болады, «оны қары жілік» дейді (кәрі жілік емес, бір денедегі сүйектің жасы не кәрісі болмайды). Ал қолдың қары деп шынтақтың ішкі бүгілетін жағын атайды (қан тамырына система қоятын жер). Қолдың қарына көп күш түседі. Мысалы, қол шалғымен шөп шапқанда қолдың қары талып, алғашқы бір-екі күн қатты ауырсынады, кейін бейімделе бастайды. Бір ай шөпті қол шалғымен шапқан адам, мейіздей қатып, аш күзендей бүгіліп, пружинадай серпіліп тұрады. «Қары» сөзі қолға қандай да бір зат алғанда күшейетіндіктен – «қару» деп аталған. Осыдан «қару-жарақ» деген сөз ұғымы пайда болған. Қару-жарақ өзара «шабуыл құралдары» және «қорғаныс жабдықтары» деп екі топқа бөлінеді:

1) Қару – қамшы, сойыл, пышақ, селебе, найза, қылыш, қанжар, семсер, мылтық, садақ, айбалта, шоқпар, гүрзі, т.б. шабуыл құралдары.

2) Жарақ – дулыға, жыға, сауыт, қалқан және балтырлық, жеңсе, т.б. қол-аяқты қорғайтын қосымша қорғаныс жабдықтары.

Сондай-ақ, Оңғар деген – кісі есімі, Жоңғар деген – мемлекет аты бар. Оңғар (оң+қары) және жоңғар (жоң+қары) деген – шеп құрғанда екі жақ шетте орналасатын әскери құрылымдардың атауы. Оңғар – оң қол (әскер), жоңғар – сол қол (әскер).

«Қары» сөзінен туындаған сөздер:

1) Қарға (Қары+ға) – Тәңірінің елшісі, киелі құс. Бақсылар қарғаны қасиетті санап, пір тұтады. Аңыз бойынша жұртта қалған баланы көкбөріге хабар беріп, аман сақтап қалған қарға болатын. Діни аңыздарда қарға о дүние мен бұ дүниені жалғаушы деп айтылады. Скандинавия халықтарының дүние танымында бас құдай «Один» қарға бейнесіне еніп, әлемді шарлайды. Ескі қазақы ұғымда қарға ата тегі жағынан таратқанда, бүркіттің атасы болып келеді, ал бүркіт оның он бірінші ұрпағы саналады дейді. Қарғаға байланысты «Қарға баласын аппағым дер», «Қаз келсе жаз болар, қарға келсе қатқақ болар», «Қарға тамырлы қазақ», «Қолыма қарға тышар», «Қарға қарғаның көзін шұқымайды», т.б. мақал-мәтелдермен қатар, «қарға тұяқ», «қарға тұмсық», «қарға саусақ», «қарғам-ау», «қарғатайым», «қарғашым», «қарға адым жер», т.б. сөз тіркестерін көптеп келтіруге болады. Осындағы «Қолыма қарға тышар» деген сөзді «менің де қолым бірдеңеге жетер» деген мәнде қолдануға болады. Қарға өзге құстардай жемге таласып, бірін-бірі шұқымайды. Осыдан барып қазақтың бірлік пен ынтымаққа үгіттейтін «Қарға қарғаның көзін шұқымайды» деген мақалы түзілген. Осының өзі үлкен өнеге. «Қарға баласын аппағым дер» – бұл ананың баласына деген мейірімі. Қарға тамырлы қазақпыз» деген тіркес бір атадан тараған ұрпақтың туыстық белгісін ғана емес, белгілі бір іске жұмыла кірісетін татулықты білдіреді. Қазақтың аузында қарғадан басқа құстың аты аталмағанына қарағанда, қарғаның туысқандық тамыры тым тереңде екенін, ұзақ жас жасайтынын, тұқымы қаулап өскен көп екенін білдірген. Және қазақ оны «Қанына тартпағанның қары сынсын», – деп тілмен түйіп тастаған. Тіспен шеше алмайсың. Қарға жаздың ми қайнатар 40 күн шілдесінде (25 маусым мен 5 тамыз) нәр татпайды. Сонда шөлін қалай басқан? Оның да амалын өздері тапқан. Олар өзен жағасын паналайды. Ауыздарын аңқита ашып қойып, ағып жатқан судың ылғалымен сусындайды. Осылайша ашығу арқылы ішкі ағзасын жүн-жұрқа, т.б. артық-ауыс заттардан тазалайды. Өлген қарғаны көміп жатқан қарғаны көрген соң, адамды жерлеу дәстүрі қалыптасқан. Қарға – ең адал да ақылды құс. Қарға өзіне жар таңдап, балапандарын өсіріп, отбасына қамқорлық жасайды. Бірі өлсе, екіншісі өзіне басқа жар іздемейді. Сөзді жаттай алады, санауды біледі. Үстіндегі микроптардан құмырсқаның илеуіне аунап құтылады. Жүздеген құмырсқа қарғадан қорғанып, оның үстіне уларын шашады. Қарға аузындағы ірімшігін тастамайды. Ең қызығы – қарғаның баласы қарқылдамайды. Қарға Қазақстанның барлық өңірінде кездеседі. Қарғаның 6 туысы, 13 түрі бар. Салмағы 1,5 кг. дейін жетеді. Қазақта қарғалар тобымен қарқылдаса, қыста күн суық болады, қарқылдай берсе, найзағай ойнайды деген наным-сенім бар. 1812 жылы Москваға басып кірген Наполеон Кремль мұнарасындағы кресті соғыс трофейі (олжа) ретінде Парижге алып кетпекші болғанда, қарға үйірі үздіксіз қарқылдап, солдаттарының үстінен шыр айналып кетпеген. Бұл құбылысты бақылап тұрған Наполеон жаман ырымға жорып, райынан қайтқан. Соңынан жеңіліске ұшырады. 1982 жылы қараша айында Л.И.Брежневті жерлеп жатқанда Қызыл алаңда қарғалар тобы басып қалып, бас хатшымен қарқылдап қоштасқанын орыс халқы жаман ырымға жорыған болатын. Көп ұзамай, КСРО-ның іргесі сөгіліп, ақыры ыдырап кетті.

2) «Қарғақ тамырлы қазақпыз» деген де мәтел бар. Қары+ғақ – бір тамырдан нәр алатын, үзілмейтін, тамырын өте тереңге жіберетін өсімдік. Бұл – бір-бірімен ілік-шатыстығы бар ел дегенді білдіреді. Айталық, шығыстың қазағына тисең – батыстан нағашысы араша түседі, оңтүстіктің қазағына тисең – солтүстікте жиені араша түседі, сөйтіп бір қазаққа тисең – бүкіл қазақ өре түрегеледі. Яғни қазақтың жауы қазақ деген сөз – қате!

3) Баяғыда «Қарқуар» (Қары+қуар) деген құс (кей деректерде – теңіз бүркіті) болған. Таң құланиектене сайрағаннан талмай, түннің бір уағына дейін бір тынбай сайрайды екен. Заманында Майқы биді «Қарқуардай Майқы» деп атапты. Бұл күнде көзден бұлбұл ұшқан осы бір асыл текті құс туралы ақын Төлеген Жанғалиев:

– Сен барда бұлбұл құс та әнші ме еді,

Бозторғай босқа көкте қалқыр еді.

Сыңғырлап сен кеткенде, сар даланың,

Сырқырап қалушы еді сай-сүйегі.

Жартастар жаңғырығып дауысыңа,

Таңғы ауа тарар еді жанұшыра.

Сақау боп қалушы еді сап тыйылып,

Сайрағыш құстың бәрі сағы сына, –

деп бекер аласұрмаса керек-ті...

Суретте: Селжұқ сұлтандығының елтаңбасы (XI-XII ғғ.)

Айдын Рысбекұлы,

геральдист

Abai.kz

0 пікір