Жұма, 24 Қаңтар 2025
Ғибырат 169 0 пікір 24 Қаңтар, 2025 сағат 15:24

Тұңғыш Рәмізтанушы

Сурет: anatili.kazgazeta.kz сайтынан алынды.

Ербол Шаймерденов (суретте) – рәміздер тақырыбына алғаш қалам тербеп, рәмізтану, рәмізбаян, ұлттық рәміз, дыбыстық рәміз, рәміздер қоры, рәміздердің сәйкестік реті, рәміздік белгі, рәміздік таңба, рәміздік жүйе, рәміздік бояу, мемлекеттік рәміз терминдерін қалыптастырған мемлекеттік қайраткер.

Ербол Шаймерденов мемлекеттік комиссия мүшесі ретінде 1992 жылы қабылданған мемлекеттік рәміздерді әзірлеу, қалыптастыру ісіне үлкен үлес қосып, еліміздің мемлекеттік рәміздері туралы «Қазақ елінің рәміздері», «Қазақстан Республикасының рәміздері», «Елтану әліппесі», «Елтаным» еңбектерін жазды.

«Маған тұңғыш мемлекеттік рәміздерді әзірлеу барысы туралы бірнеше рет Елбасына хабарлама жасап, оның тікелей тапсырмаларына орай, тутану және елтаңба салаларына қатысты алуан түрлі арнаулы әдебиетпен танысуға, ел тарихы жөніндегі жүздеген ғылыми, ғылыми-көпшілік һәм әдеби шығармаларды парақтауға тура келді. Мұның бәрі кейін ізсіз кеткен жоқ. 1992 жылы 4 маусымда мемлекеттік рәміздер қабылданысымен іле-шала өтініш жасаған журналистикадағы ұстазым, «Лениншіл жастағы» редакторым, ол кезде «Балауса» баспасын басқаратын Сейдахмет Бердіқұлов ағаның ұсынысы бойынша бар болғаны бірер айдың ішінде әзірленіп, 1993 жылдың басында елу мың данамен жарық көрген «Қазақ елінің рәміздері» кітапшасының жарық көруі сол ізденістердің арқасы еді. Бұл – тәуелсіздік рәміздері туралы шыққан ең алғашқы еңбек болатын. Ол 2000 жылы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жеке-жеке жақсы безендіріліп шығарылған қазақ геральдикасы мәселелеріне арналған тұңғыш монографияға, электрондық ғылыми-танымдық кітапқа ұласты. Бұл еңбектердің әртүрлі нұсқасы осы кезге дейін жылма-жыл дерлік қайта басылып келеді. Қазақстаннан тыс жерлердегі геральдист ғалымдардың да назарына ілігіп, ғылыми еңбектерде жиі пайдаланылатын әдебиеттер қатарына қосылды. Тәуелсіздіктің тұңғыш рәміздерін қабылдау кезінде мен Елбасының мемлекеттік тілге, қазақ тіліне, қазақ тіліндегі терминдерді кең қолдануға деген ілтипатты көзқарасын танытатын мысалдарды да байқап, жадыма түйдім. Тұсаукесер сәтінде сөйлейтін сөзінің жобасын әзірлеп жатқан тұста «герб», «гимн», «символ» деп жазылған жерлерді өз қолымен «елтаңба», «әнұран», «нышан» деп түзетті», – деген болатын.

2001 жылы «Семей қаласының төлтаңбасын жаңарту қажет», деген тақырыпта мақала дайындап, елордаға Ерағаңды, Ербол Шаймерденовті іздеп бардым. Мақаланы мұқият оқып шықты. «Өңірлік рәміздер», «төлтаңба» дегенің – дұрыс идея. Біз де «нышан» атауын «рәміз» деп өзгертуге күш салып жатырмыз. Мақсат Тәжмұраттың «Ана тілі» газетінде «рәміз» сөзіне қатысты мақаласы шықты. Сонымен таныс. Ісіңді жалғастыра бер. Семейдің төлтаңбасы бүгін болмаса, ертең жаңарады», – деп еді. Абзал азаматтың айтқаны айнымай келді. «Нышан» «рәмізге» айналды, Семейдің төлтаңбасы жаңарды...

Өмірде Ерағаңдай табиғатынан зиялы жандардың əңгімесін тыңдаған – жақсы, жазғанын оқыған – рахат. Онда жадағай сөз, тақ-тұқ сөйлем жоқ. Аузы дуалы игі-жақсының пейіліне ұйыған өрелі ойы, келер ұрпаққа қандай үлгі береміз деп қам жеген көңілі, туған халқының өткен тарихын, жүрген жолын сыйлап, соған алғыс айтқан тілегі, тазалығы, іңкәрлігі, риясыз шынайылығы бар. Ербол Шаймерденовтің ширек ғасырға жуық бұла күшін жұмсап, ащы терін моншақтата төгіп жазған кітаптары біздің етжақынымыздай болып кетті. Бұл енді, тағдырлы талант иесіне бұйырған бақ шығар.

2012 жылы 13 желтоқсанда 59 жасқа қараған шағында Ербол Шаймерденұлы Шаймерденов дүниеден озды.

Қазіргі күні Алматыда өзі оқыған Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетінде «Ербол Шаймерденұлы атындағы аудитория» бар.

Қосымша деректер:

1) «Көңіл суреті» (1995), «Жүректегі жазулар» (2004), «Тыңда тоғысқан тағдырлар» (1989), «Әз Астана» (1999), «Ақыл-ой антологиясы» (2004), «Қазақ афоризмдері» (2008), «Даналық дидары» (2002), «Мәңгілік мұрат» (2003), «Ақиқат айнасы» (2004) атты жыр жинақтары мен танымдық кітаптары бар.

2) «Арман қала – Астана», «Төгеді жаңбыр», «Асыл жар», «Көлсай» әндерінің мәтіндерін жазды.

3) А. Камю, Ф. Ницше, Х. Ортега-и-Гассет, К. Ясперс, М. Хайдеггер сияқты шетелдік философтардың бірқатар шығармасын қазақ тіліне, қазақ авторларының бірнеше шығармасын орыс тіліне аударды.

Замандастарының пікірлері:

Жазушы Смағұл Елубай:

– Азаматтың бақыты неде деген сұрақ туар болса, азаматтың ең бірінші бақыты, өз еліне қызмет етуден басталады екен. Әрбір ұл мен қыз өз міндеті мен парызын лайықты атқара білсе, ұлт осал болмайды. Екінші бақыты, сол жасалған еңбекті, еңбек сіңірген азаматты елінің бағалай білуі. Жан-жақты қырымен ерте танылған Ербол о бастан даналыққа құштар еді. Өз еліне Ерболдай еңбек сіңірген азаматтардың аты мәңгі аталып жүргей, сонда ғана халық өз қалпынан биіктей түседі. Қазақстан биіктейді.

Ақын Несіпбек Айтұлы:

– Қалың орыс ортасында өскен болашақ қаламгердің қазақ тілінің қаймағы мен мәйегін бір адамдай сіңіріп, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында тілге деген сол құрметі мен жанашырлығын күреспен жалғастырғанын және біздің қоғамдағы рәмізтану ісін ғылым ретінде қалыптастарудағы еңбегін айшықты мысалдармен атап өтті. «Ерболға аудиторияның қажеті шамалы, аудитория ел ертеңіне жауапты жастарымыз үшін керек.

Профессор Бүркіт Аяған:

– Рәміздер саяси тәуелсіздік пен мемлекеттік егемендіктің бірегей белгілері: көтерген ту мен елтаңбасы, аспанда әуелеген әнұраны. Бұл рәміздер арқылы елдің өмір салты, болмыс ерекшелігі, арманы көрінеді. Олар әлеммен байланыс мұратын іздейді. Ербол Шаймерденұлының есімі тарихи кезеңнің куәгері ретінде ғана емес, тарихты өз қолымен жасауға қатысқан қайраткерлер қатарында мәңгі қалады», – деп жазуы оның бүкіл қоғамдық-саяси қызметіне берілген әділ баға деп білеміз.

Академик Ғалымқайыр Мұтанов:

– Ербол Шаймерденов салмақты мінезіне жанының жайсаңдығы жарасқан азамат еді. Қазақстанның төрт түкпірінің жақсылары оның жақыны болды. Ол кісімен бүкіл Түркияны бірге аралап, сапарлас болған күндерім әлі күнге жадымда жаңғырып тұрады. Әсіресе адамға ерекше әсер қалдыратын қасиеті – ол кісінің мемлекетшілдігі еді. Не жазса да, кіммен сұхбат құрса да, алдымен мемлекеттік тұрғыдан ойлайтын терең ойлы, кең жүректі азаматтығын байқамау, бағаламау мүмкін емес. Сондықтан Ербол секілді тұлғаларды жастарымызға үлгі етіп, өнеге тұту мақсатында өзі білім алған журналистика факультетінен арнайы аудиторияны ашып отырмыз. Біздің мақсатымыз болашаққа білікті мамандар тәрбиелеп қосу болса, осы аудиторияның қабырғасында өркениетке ұмтылған елдің қатарынан қалмауға ұмтылған, білімге құштар жастарымызға қайраткер азаматтың мағынаға толы өмір жолы өз тағылымын береді деп сенеміз.

Айдын Рысбекұлы,

геральдист

Abai.kz

0 пікір