Қазақстан былтыр қанша тонна мұнай өндірді?
Еліміздегі мұнай өндірісі рекордтық көрсеткішке жетті. Энергетика министрлігі жанындағы ахуалдық-талдау орталығының мәліметі бойынша, биыл 25 қаңтарда орташа тәуліктік мұнай өндірісі тарихи рекорд орнатты – 278,4 мың тонна.
Бұл 2024 жылдың ұқсас мерзімімен салыстырғанда 10,5%-ға артық. Былтыр 251,9 мың тонна өндірілген.
Бұл бірінші кезекте Теңіз келешек кеңею жобасының маңызды кезеңдерінің аяқталуымен, Теңіз кен орнындағы үшінші буын зауытының пайдалануға берілуімен байланысты. Осының нәтижесінде биыл Теңіздегі өндіріс деңгейі 25%-ға, 27,8 млн тоннадан 34,7 млн тоннаға дейін артпақ. Сарапшылардың айтуынша, бұл жағдай экспорттық табыстың, оған жалғас салық түсімінің және Ұлттық қор түсімінің ұлғаюына жол ашады.
Жоспар бойынша еліміз осы жылы 96,2 млн тонна мұнай өндіруді жоспарлап отыр (былтырғы деңгей – 87,8 млн тонна).
«Теңізшевройлдың» хабарлауынша, барлық өндіріс нысандары толық қуатқа көшкеннен кейін Теңіздегі шикі мұнайдың жылдық өндірісі 40 млн тоннаға жетпек. ТШО 2024 жылы қаңтар-қыркүйекте 21,4 млн тонна мұнай өндірді. Кен орнындағы жалпы барланған қор көлемі – 3,1 млрд тонна (25 млрд баррель).
Дереккөзі: Мың теңге телеграм арнасы
Abai.kz