Бейсенбі, 30 Қаңтар 2025
Білгенге маржан 724 6 пікір 29 Қаңтар, 2025 сағат 14:41

Қазақтың табақ тарту салты...

Сурет: kyn.kz сайтынан алынды.

Бас табақ

Этимологиялық мәні

“Бас табақ” – қазақ халқының ежелден қалыптасқан қонақ күту дәстүріндегі ең сыйлы табақтың атауы. “Бас” сөзі қонақтарға арнайы ұсынылатын қойдың басын білдіреді, ал “табақ” – тағам салынған жалпақ ыдыс. Екеуі қосылып, қадірлі қонақтарға арналған ең құрметті ас ұғымын береді.

“Бас табақ” – құрметтің, сыйластықтың және мәртебенің көрінісі. Бұл ұғым ежелден қазақы қоғамда қонақжайлылықтың ең биік үлгісін бейнелейді. Қойдың басы – ақсақалға немесе ерекше құрметті қонаққа ұсынылып, олардың батасын алу дәстүрі арқылы тәрбиелік мәні зор рәсімнің бір бөлігі болып саналады.

Қазақы өмірдегі мәні

Бас табақ – қазақтың қонақ күту, құрмет көрсету және сыбаға сыйлау дәстүрінің маңызды элементі. Бас табақ көбіне үйге қадірлі қонақтар, ауыл ақсақалдары немесе алыстан келген құрметті адамдар келгенде ұсынылады. Мұндай жағдайда арнайы ақсарбас қойы сойылып, дастархан жайылады.

Мал союға дайындық және бата

Сұрау жолы

Қой соярдан бұрын тірі мал есіктен кіргізіліп, төрде отырған қадірлі қонақтарға басы қаратылады. Мұнда бата сұрау дәстүрі сақталады: жасы үлкен, сыйлы қонақтар батасын береді. Бұл бата малдың сәтті сойылуы мен береке тілеу мақсатында жасалады.

Бата мәтіні

Бата мәтіні әртүрлі болуы мүмкін.

Мысалы:

"Әуелі құдай оңдасын,
Қызыр болсын жолдасың,
Әр пәледен сақтасын!
Өзен-судың жағасын,
Амандықпен қыстатсын!
Ұлы таудың көбісін,
Есендікпен жайлатсын,
Өлі-тірі әруақ,
Жұма сайын жебесін!
Бұлбұл қонсын басыңа,
Береке берсін асыңа,
Тіпті келмей өлмеңіз,
Лұқпан хакім жасына!
Суға салған қайықтай,
Еділ менен Жайықтай,
Қайырыңыз көп болсын!
Кетпес ырыс берсін,
Кең пейіл берсін!
Асқа адалдық берсін,
Басқа амандық берсін!
Тілегіңіз қабыл болсын,
Жүрегіңіз нұрға толсын.
Қозыға толсын көгенің,
Тұлпар болсын көбенің.
Түсті болсын жайлауың,
Құтты болсын қыстауың.
Құнарлы болсын құдығың,
Қайнарлы болсын бастауың.
Арыстандай болсын айбатың,
Аюдай болсын қайратың,
Асқа толсын табағың,
Ашық болсын қабағың.
Аман болсын жан-жағың!
Аллаху акбар!"

Бас табақ дайындау

Бата аяқталған соң, қой сойылып, ет асылады, басы үйітіледі. Ет былқып піскен кезде ғана арнайы төр табаққа салынатын мүшелер дайындалады.

Бас табақтың құрамы

Бас табақтың құрамына қойдың басы, жамбас, ортан жілік, арқа, сүбе қабырға, жауырын, белдеме, кәрі жілік, ішек-қарын, тоқ ішек, жүрек, бүйрек, екі сирақ сияқты кәделі мүшелері кіреді. Бұл табақ арнайы қонақтарға сыйлы табақ ретінде ұсынылады.

Бас табақтың әлеуметтік маңызы

Бас табақ тарту дәстүрі – қазақ халқының қонақжайлылығы мен үлкендерге құрмет көрсету дәстүрін бейнелейді. Ол бірлік пен сыйластықты нығайтуға, жастарға осы дәстүрлерді үйретуге бағытталған ең тамаша табақ тарту дәстүрі болып табылады.

Исламдағы мәні

Табақ тарту салтының ислам дінінде үлкен маңызы бар, өйткені қонақжайлық – мұсылмандықтың басты қағидаларының бірі. Құранда Алла Тағала қонақжайлықты дәріптейді: “Сүйген тағамдарыңды (аштарға, мұқтаждарға) бермейінше, жақсылыққа жетпейсіңдер…”

(Әли Имран сүресі, 92-аят).

Сонымен қатар, Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) хадистерінде:

“Кім Аллаға және қиямет күніне иман келтірсе, қонағына құрмет көрсетсін”, – деп айтқан.

(Бұхари, Мүслим хадистері).

Табақ тарту – мұсылмандардың жақсылық жасауға және қонақты сыйлауға ұмтылысын көрсететін амал. Бұл арқылы адамдар Алланың разылығын іздеп, сыйластықты нығайтады.

Бас табақ тарту дәстүрі – қазақтың қонақжайлық мәдениетінің ең маңызды рәміздерінің бірі. Бұл дәстүр арқылы сыйлы қонақтар құрметтеліп, ұрпаққа қазақы тәрбиенің, бірлік пен сыйластықтың мәні үйретіледі. Исламмен ұштасқан бұл салт адамдар арасындағы мейірімділік пен татулықтың айқын көрінісі болып табылады.

Болат Бопайұлы

этнограф

Abai.kz

6 пікір