Жылан мүшелге қашан кірді?
Өткен жолы әлеуметтік желіде жылан тақырыбына қатысты әңгіме көтеріліп еді. Жылан жылы алдымызда, бір халықтарда ақпанның, бір халықтарда наурыздың соңында кіреді. Қарап отырсам бір этнографиялық диссертацияға жүк болатындай қызық тақырып.
Менің ойымша жылан тақырыбындағы әңгімені қазақ ертегілерінен бастау керек. «Ер Төстік» есіңізде ме? Оның жер асты әлеміне түсіп кеткені, жылан Бапы ханмен кездескені тағы басқалар. «Жылан қабықты жігіттің» хикаяларын еске түсіріңіз. Жалпы біз қанша жасасақ та ертегілерден, соның ішінде қазақ ертегілерінен қол үзуге болмайды. Себебі қазақ ертегі-аңыздары көне дәуірдің ғажап деректерінің қымбат қазынасы. Ертегілерге қарасақ қазақ дәстүрлі дүниетанымында әлем және тіршілік үш сферадан тұрады, Жылан Бапы хан жер асты әлемінің иелерінің бірі.
Екіншіден, жылан туралы ғажайып деректерді скиф (скуз)-сақ (саха) заманынан іздеу керек. Скиф (скуз)-сақ (саха) қауымдарының шығу тегі туралы бірнеше аңыздар бар екені белгілі, оларды біз негізінен Геродот жазбаларынан («ІХ кітаптан құралған тарих») кездестіреміз. Мысалы, сол аңыздардың бірінде Геракл (батыр деген мағынада айтылатын сөз) жылқыларын іздеп, бүкіл жер бетін кезіп орманды даладағы үңгірден кіндікке дейін адам, кіндіктен төмен жылан әйелді кездестірді-мыс. Сол әйелмен бірге тұрмыс құрып қалды, екеуінің арасынан Агафирс, Гелон, Скиф (Скуз, Ішкі оғыз) деген үш ұл дүниеге келді т.б.
Скиф (скуз)-сақ (саха) аңыздарындағы бір қызықты деректердің көзі- олардың өз құдайларына қатысты деректері. Геродот скиф (скуз)-сақ (саха) Құдайлар пантеонының көсемі деп Папайды ерекше атайды, грек ұғымында ол Зеуспен щамалас қаһарман. Геродоттың жазуынша Папай Апидің (Жер-Ана, Апа) байы. Осы жерде қазақ ертегілеріндегі Бапы хан мен грек аңыздарындағы Папайды салыстыра зерттеу керек болады.
Бұған қосымша орыс фольклорында «Бабай» (дед Бабай) деген қорқынышты кейіпкер бар, өздері көбінесе түрік тектес қария адамдарға қатысты қолданады. Ғылыми ортада Бабай түрік тілінен кірген туыстық атау (баба т.б.) деген түсінік бар, ал шын мәнінде бұл түрік халықтарының ежелгі дүниетанымындағы Бапы ханмен байланысты болуы мүмкін. Сонымен бірге ХІХ ғасыр ортасына дейін қазақ қыздарын Бопай атайтынын еске түсіруге болады. Бопайдың Папаймен, Бапы ханмен байланысы бар ма, оны да зерттеу керек.
Зерттеушілерге тағы бір жұмбақты шешу керек, ол Аспан әлемінің иесі Ұранға қатысты. Грек (эллин) аңыздарында Ұран мен Папай құдайлар Апи (Жер-Ана, Апа) үшін таласып жүреді. Қазақ «көктен жаудырады, жерден өндіреді» дейді, яғни материалистік түсінік тұрғысынан Апидің (Жер-Ана, Апа) байы Ұран құдай болуы қисынды.
Енді Ұран құдайы аталған уақытта менің есіме қазақ жеріндегі Ұранқай аталатын жер-су атаулары түседі. Бір Ұранқай (Ұрымқай) біздің Бурабай төңірегінде де бар. Егер «ұран» сөзі Көк құдайын білдірсе, «қай» сөзі көне қазақ тілінде жылан атауы. Осыдан, мысалы, Бурабайдың сыртындағы Абақай аталатын қырдың атауы пайда болған. Абақай –ата жылан, үлкен жылан деген мағынадағы атау. Саха-якуттың өздерін «Ұраңқай саха» атайтыны, тува халқының да ұраңқай аталатыны бұл жерде пайдалы дерек.
Жылан қашан біздің ата-бабамыздың тотеміне (киетек) айналды деген сұрақ әлі де ашық, егер скиф (скуз)-сақ (саха) дәуірінде жылан Бапы хан, Папай құдай түрінде сомдалған болса, онда оған дәйек болған түсініктер кемі қола дәуірі, не неолит-энеолитке бастайды. Жыланды тотем түрінде қабылдау тек қорқыныштан ғана пайда болды ма, әлде біздің ата-бабаларымыз жыланның басқа да қасиеттерін білді ме? Бұл сұраққа да әлі жауап жоқ. Қалай болғанда да қазақ жыланды қасиет көреді, үйге кіріп кетсе басына ақ құйып шығар дейді, атын атамай «түйме», «абақай» т.б. дейді, мүшелге кіргізеді. Міне, енді Жылан жылы да жақындап қалды. Қазақта «жылан жылы жылыс болды» деген де сөздер бар, оңай жыл болмаса керек.
Жамбыл Артықбаев профессор
Abai.kz