Бейсенбі, 6 Ақпан 2025
Әдебиет 119 0 пікір 6 Ақпан, 2025 сағат 14:29

Әлмерек ата – Ұлттық тәрбие темірқазығы

Сурет: egemen.kz сайтынан алынды.

Қазақ даласы қасиет тұнған жерлерге бай екендігі ақиқат. Сондай киелі жерлердің бірі – заманының көсемі, абызы, батыры болған Әлмерек Жаншықұлы (1658 – 1754 ж.ж.) жатқан жер.

Қарға тамырлы қазақ өз тарихында небір зұлматты басынан кешіргені рас. Даласы қан сасып, баласы құлдыққа, қызы күңдікке кеткен заманда қазақтың өз ішінен шыққан бахадүр батырлары ел, жерді қорғап, болашаққа аманат етті. Төл тарихымыз тәуелсіз Қазақстан атты мемлекеттің қазіргі әлем картасынан өз орнын табу жолында саналы ғұмырын сарп еткен талай тау тұлғаны біледі. Ұлттың, жұрттың болашағы үшін басын бәйгеге тіккен ондай асыл азаматқа бағаны да, батаны да халық берген.

«Етікпенен су кешіп, қу толағай жастанып» жүріп жаудан жерді азат  еткен тұлғалар қазақтың бүгінгі ұланғайыр даласы үшін, үлттың болашағы үшін басын бәйгеге тікті. Солардың бірі – Әлмерек Жаншықұлы.

Ел басына күн туған қысылтаяң шақта шаршы топта сөз бастап, қажет кезде атажауға қарсы қол бастаған, тәлімі зор тарихи тұлға Әлмерек Жаншықұлы жастайынан ақылдылығымен, өткірлігімен көзге түсіп, ел арасында беделге ие болды. Ол жас кезінде елге танымал, Ұлы жүзге билік айтқан Сүйір тілді Сүйіндік биден бата алған. Бұл батаның маңызы ерекше, өйткені ол оның болашақта ел басқарушы, әділ би әрі көреген тұлға болатынын меңзеген.

Қазақ-жоңғар соғысына басынан аяғына дейін қатысқан Әлмерек баба жауға қарсы ерлік көрсетіп, батыр ретінде танылды. Соғыс жылдары қартая бастағанда, әскерге сарбаз жаттықтырып, батыр шәкірттер тәрбиеледі. Оның шәкірттері арасынан Райымбек батыр, Саурық батыр сияқты белгілі тұлғалар шықты.Сонымен қатар, ол көріпкелдік және емшілік қасиеттерімен танылды. Әскерді емдеп, халық арасында дәстүрлі емшілікті қолданды. Райымбек батыр мен басқа шәкірттеріне ерекше көз байлау әдісін үйретіп, дұшпанға қарсы жекпе-жектерде жеңіске жетуге көмектескен.

Әлмерек баба 1754 жылы қазіргі Алматы облысы Іле ауданы аумағында  қайтыс болған. 2001 жылы батыр, абыз бабамыздың басына кесене тұрғызылып, өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанғандай болды. Баурайында кесене, қорым, бұлағы бар, яғни, тұтас тарихи-мәдени кешен аумағы және оның айналасы «Әлмерек жазығы» деп аталады. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген халық баба рухына тағзым етіп, рухани күш алып қайтып жатады.

Алматы облысы, Іле ауданы аумағында орналасқан бұл мемориалдық кешен күні кешеге дейін «Әлмерек» тарихи-мәдени қоғамдық қорының» балансында болды.

Уақыттың көші алға жылжыған сайын адамзаттың өмір сүру салты да өзгеріске ұшырап отырады. Техника қарыштап дамып, түрлі технологиялар пайда болады, алға қойған мақсат-міндеттер мен таным-талаптар да  өзгереді. Дегенмен, бір өзгермейтін құндылық бар. Ол – ұлттық болмыс, рухани тәрбие.

Осы орайда, елдігімізді нығайтып, ұлт болмысын асқақтату үшін осындай тарихи жерлерді, киелі мекендерді халықты, соның ішінде өскелең ұрпақты елдікке тәрбиелейтін, бойына рухани күш дарытатын тәрбие және білім орталықтарына айналдыру қажет-ақ. Мемлекет тарапынан бұндай қадамдар жасалып та жатыр.

Соның айқын үлгісі – халқымыздың ұлттық бірегейлігінің мызғымас негізін құрайтын еліміздің тарихи-мәдени мұрасы, жанына демеу іздеген жұртшылық зиярат ететін рухани нысан – Әлмерек Жаншықұлының мемориалдық кешенін мемлекет меншігіне қабылдап, Алматы облысы Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы «Алматы облысы музейлер бірлестігі» КМҚК балансына берілуі.

Қасиетті жер мемлекет қарамағына өткеннен соң Әлмерек баба кешенінің айналасы абаттандырылып, осы жерде орналасқан құрылыс нысандарына тиісті заңдастыру жұмыстары жүргізілетін болады. Болашақта ел тарихын, бабаларымыздың өткен жолын ұрпаққа насихаттайтын үлкен рухани орда – тарихи-танымдық музейдің ашылуы да алдын-ала жоспарда бар шаруа.

Бұл жерге бұрын тұрғындар келіп зиярат ететін болса, оның сипаты болашақта одан да кемелденіп, рухани нәр алатын қасиетті орынға айналады. Елімізде бабалар рухына тағзым ететін киелі орындарының мемлекеттік қолдау арқасында ірі тарихи-мәдени, рухани ордаларға айналғандығының көптеген мысалдары бар. Мысалы, Түркістандағы қасиетті «Әзірет Сұлтан» қорық-музейі, алғашқы қазақ хандарының пантеоны көне Сарайшықтағы музей, Алматы қаласы музейлер бірлестігіне қарасты Райымбек батыр кесенесі. Осы Райымбек батыр кесенесі аумағында музей құрылысы жоспарланып, қазір жобалау жұмыстары аяқтала келді.

«Тау шайқалса да тарих шайқалмайды» деген халқымыз. Әлмерек бабамыздың мемориалдық кешенін одан әрі дамыту, оны тәрбие ордасына айналдыру –  есімізді жинап, Тәуелсіз ел болып, ата-бабамызды еске алудың дәлелі. Жас ұрпақ тарихтан өнеге алып, қазақ елін, кең-байтақ жерін сүйіп өссе – бұл ұлтымыздың өміршеңдігінің белгісі емес пе?!

Бабаларымыздың  жүріп өткен жолы, тарихқа таңбаланған ізі – біз үшін үлгі, шежіре, тағдыр-тарих. Ел ерімен еңселі. Ендеше,  «Елім» деп еңіреп туған ерлердің есімі еш уақытта елеусіз қалмайтыны ақиқат. Бұл – анық!

Қайрат Тарбаев,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Abai.kz

0 пікір