Шәкенді жете түсіндік деп айта алмаймын...
![](https://abai.kz/content/uploads/2025/02/104761274_1202819240086814_1279412760604341505_n.jpg)
(Қазақстанның Еңбек сіңірген артисі Хабиба Елебекованың естелігінен)
Шәкен Хадиша (Ш.Аймановтың зайыбы. Қ.М.) екеуі от басында шүйіркелесіп отырмаған шығар. Қашанда бір-екі жігіт бірге жүреді. Кейде Хадиша:
– Сен осы өз үйіңе жеке келуге жол таба алмайсың ба? Жолбасшың, атқосшың бірге жүреді. Ертелі-кеш қонақ күту маған оңай дейсің бе? – деп реніш білдіретін көрінеді.
Шәкен үй ішінің шаруасына ұқыпсыз еді. Оны былай қойғанда, үш баланың әкесі болғанша, Хадиша екеуі неке қағазына тіркелмеген болатын. Кейде ойына түскенде маған: «Хабиба, сен бізге куә-жолдас болып апарып некеге тіркетсейші. Біз жаңа үйленген жас жұбайларға ұқсап, жолдастарды шақырып той жасайық. Бізді киіндіріп, сызылтып бір жерге отырғызып, «ащы, ащы» деп айқайлаңдар. Біз бұрын сүйісіп көрмегендей, төмен қарап қысылған болайық, – деп күлетін.
Мен қайбір жылпос адаммын. Шәкеннің сол тілегі орындалмай-ақ кетті.
Шәкен ұнатпайтын адамын реті келгенде өткір қалжың, ащы мысқылменен түйреп-түйреп алатын. Табан астынан ойға келе бермейтін ұтымды сөз тауып айтады. Ол сөзі сондай өтімді болушы еді.
1958 жылы қазақтың атақты күйшісі, Қазақ КСР-інің Еңбек сіңірген әртісі, қазақ драма театрының алғашқы актерлерінің бірі Әбікен Хасенов қайтыс болды. Әбекеңді ақтық сапарға шығарып салуға көп адам жиналды. Үкімет тарапынан көмек керек болған соң, Жүсіпбек пен Шәкен екеуі жәрдем сұрап көркемөнерді басқарып отырған бір үлкен кісінің алдына барады. Жай-жапсарды айтып, көмек беруін сұраса, әлгі кісі Әбікеннің кім екенін білмей-ақ қойыпты. «Ол кім дейсіңдер, қандай еңбегі бар?» – деп қайталап сұрай беріпті. Жүсіпбек көркемөнерді тікелей басқарып отырған адамның Әбікенді білмегеніне ыза болып, ерсілі-қарсылы жүріпті де қойыпты. Шәкен әлгі кісінің бетіне қарап, бір сәт мысқылдай жымиып отырады да: «Апыр-ай, ә, қандай өкініш… Осы уақытқа дейін, «Сарыжайлау» мен «Сылқылдақты» бір естімеген екенсіз. Онда сізге қалай түсіндіруге болады?!» – деп орнынан тұрып жүріп кетіпті.
Шәкен күлкі шақырып тұрған нәрселерді көрсе бітті, іліп түспей қоймайтын. Ол қалжыңға келгенде, алысым, жақыным, келінім, әйелім деп қарап жатпайтын, тек қармағына ілінсең болды. Оны өзі әдемілеп айтып бергенде, тыңдаушылар есі кете күледі. Кейде Хадишаның қылықтарын айтып күлдіреді. Шәкеннің үйіне кештеу қайтатын әдеті. Кейде жолдастармен мәжілісте отырып қалады, кейде биллиард ойнап кешігеді, әйтеуір себеп табылады. Күйеуінің кешігіп келгенін қай әйел жақсы көрсін, Хадиша да ашу шақыратын болса керек. Әйелдердің қолына ақша тисе, көңілдері тез жадырайтынын жақсы білетін Шәкен үйге кірісімен, сөзге келтірмей Хадишаның қолына ақша ұстата қоятын көрінеді. Хадиша, бұл ақша еңбекақы ма, әлде көлденең табыс па, тіпті мен көшеден тауып алдым ба, оның бірін де ойламайды. Тіпті, санамайды да, бергенімді ала береді. Сосын мен тұтас бермей тұр-ау деп ойлайтын болу керек, екі алақанын жайып: «Өзгесі қайда?» – дейді деп күлдіреді. Хадишаның қимыл-қозғалысын, сөзін айнытпай келтіріп, ептеп тұздықтап айтқанда, ішек-сілеңді қатырады.
Шәкеннің қалжыңы түрліше болып келеді. Жай күлдіру үшін айтатын қалжыңы және ажуалы мысқыл қалжыңы болатын.
Тағы бірде бір сұлу келіншек:
– Осы әйелдер Шәкенді несіне жақсы көреді екен? Әйелдер сұлу жігітке қызығушы еді. Шәкеннің бетін қараңдаршы. Соқа салған жерді тырмалағандай айғыз-айғыз. Осындай бетке де ғашық болады екен-ау, – деп тиісті.
Шәкен әлгі сұлудың бетіне қарап мысқылдай күліп, қадалып қалыпты. «Қара, қара менің бетімнен қандай мін табар екенсің» дегендей қасын кере түсті. Шәкен келіншектің бар-жоғын есінен шығарғандай, жанында отырғандарға сөйлей жөнелді.
– Жаратылыс адамға он екі мүше берді. Олардың әрқайсысының өз атқаратын міндеті бар. Соның ішіндегі ең басты мүше бас. Ол басқа мүшелерге басшылық көрсетіп, түзу жолға салып отырады, ойлайды, толғанады. Жақсы-жаманды айырады. Ой арқылы қиналасың, қайғырасың. Саналы ой адамға әжім түсіреді. Түк ойламайтын, қалпын өзгертпейтін, ойсыз мүше – әжімсіз жер. Қолмен сипасаң, жұп-жұмсақ, жып-жылмағай нәрсе менде де бар, – деді.
Басқалар дуылдасып күлісіп жатыр. Кексіз қалжың сияқты. Бірақ…
Шәкенмен бір театрда жұмыс істедік, жайшылықта жиі араласып тұрдық. Сонда да оны жете түсіндік деп айта алмаймын. Өйткені, оны түсіну, жанын ұғу тым қиын еді. Ол үнемі ашық-жарқын, ойын-сауық арасында жүретіндей, ойға, мұңға беріле қоймайтындай көрінетін. Расында да, оның ойға беріліп, үнсіз жүретін кездері сирек. Ал шешіліп сыр шерткенде, анда-санда байсалды. Әңгімеге көшкенде, оны мүлдем танымай қалатын едік. Әңгімені майын тамызып жақсы айтады, ой желісін бұзбай шешен тілмен баяндағанда, тыңдап отыра бергің келеді. Оның үстіне дауысы да жұмсақ, жағымды. Үнемі сауық-сайранның ортасында, жиын-тойдың гүлі болып көңілді жүретін қарапайым жанның соншама көп білетініне, өмірдің мәнін терең түсінетініне қайран қалатын едік.
Құлтөлеу Мұқаш
Abai.kz