Жұма, 7 Ақпан 2025
Аласапыран 193 0 пікір 7 Ақпан, 2025 сағат 13:21

Путин мен Трамп Зеленский мен Шиді шетке қақпақ па?

Коллаж: ukraina.ru сайтынан алынды.

Бұдан үш жыл бұрын «Украинаны нацистер жаулап алды», «Киевте Американың биоқару зертханасы бар» деген сияқты қауесеттер Кремль жақтан желдей есіп еді.

Путин 2022 жылы 24 ақпанда бастаған Украинаға жалпы беттік шабуылын – Украинаны фашистерден тазарту мақсатындағы «арнаулы әскери операция» деп атады. Онысы Буш билігінің кеңестік ескі әскери техникадан басқа дымы жоқ Саддам Құсайынды «биологиялық қару жасады» деп айыптағаны сияқты күлкілі болып шықты.

Өз халқы ғана сенетін саяси сандырақтар ойлап табуға ысылған Кремль стратегтері жаңадан тағы бір қулық ойлап тауыпты.

Украинаның негізгі заңы бойынша 2024 жылы наурыз айында Зеленскийдің президенттік мерзімінің бесінші жылында президенттік сайлау өтуі керек еді.

Соғыстың салдарынынан саяси науқан өтпей қалды. Ол заңды да. 10 миллион азаматы босып кеткен, бестен бір территориясынан айырылған елде сайлау өткізудің салдары ауыр болатыны айтпаса да түсінікті. Кремльге керегі де сол еді. Халық түсіністікпен қараған соң, Зеленский президенттік сайлаудың соғыс аяқталған соң өтетінін айтып отыр. Тауы шағылған Кремль оны кезекті саяси ойынға айналдырмақ ниетте. Нақтылап айтқанда Зеленскийдің президенттігін жалғастыруын «заңсыз» деп, мойындаудан бас тартып отыр. Оны Путин өз аузымен айтты да. Сондағы мақсаттары Зеленскийдің президенттігінің «заңсыздығын» желеу етіп, Трамптың бастамасымен болатын келіссөздер де өзіне көп ұпай алу.

«Рейтер агеттігінің» жазуынша Трамп пен Путинның кездесуіне дайындық аяқталуға жақын. Өтетін орын да талданып қойылған. Кремльге жақын дерек көзіне сүйенген аталмыш басылым кездесудің Сауд Арабия да, не Біріккен Араб Әмірлігінде өтетінін жазуда. Себебі екеуі де халықаралық Гага сотымен келісім жасаспаған. Халықаралық іздеудегі Путин өзін қауіпсіз сезінеді. Екі ел Украинамен де достық байланысты үзбеген.

Десе де Зеленскийдің Украина тарап қатыспаған келіссөздердің қауіпті екенін мәлімдегені бар. Өзара келіссөздер Зеленский ұсынғандай АҚШ пен Ресей, Украина мен Еуроодақ төрт тараптың қатысуымен өтуі керек. Анығында Путин мен Трамп Зеленскийді ғана емес, Қытай төрағасы Шиді де шетке қағып отыр. Қытай тарабының Ақ үйдің «Ресейге астыртын көмектесті» деген айыптауын елемей, бейтарап майдан ұстанып, екі тарапты татуластыру жоспарларын ұсынғаны белгілі.

Қытай тарабы күні кеше Трамптың Газаны басқаруға алу бастамасын сынап, газалықтардың мүдесін қорғайтынын жеткізді. Алдағы Путин мен Трамптың келіссөздерінің нәтижесін де мойындаудан бас тартуы мүмкін. Қытайға керегі соғыстың тез аяқталуы емес, солғұрлым ұзара түсуі. Трамп Ақ үйге келгелі Қытай оңтүстік-солтүстік Америкадағы басымдығынан айырыла бастады. Канада мен Мексика бастау көзі Қытай болып табылатын химиялық есірткімен күреске бір жолата кірісті. Панама президенті Қытайдың «бір жол, бір белдеу» жобасынан шығатын болды. Таяу шығыс та Башар Асад билігінің құлағаны аздай, енді Газаны Америка алса, Путин Трампқа берілсе, Қытай билігінің «батыс әлсіреп, шығыс күшейді» деген ұрандары жел сөзге айналып, Ресеймен бірігіп геосаясаттағы 100 жылдық өзгерісті орнату армандары күлге айналмақ.

Зеленский үшін де, жалпы Украина халқы үшін де президенттік сайлау өткізетін бейбіт заманның тезірек орнағаны жақсы.

Есбол Үсенұлы

Abai.kz

0 пікір