Сәрсенбі, 12 Ақпан 2025
Анық-қанығы 153 0 пікір 12 Ақпан, 2025 сағат 15:15

Кіші Әлиевке де тықыр таяды ма?

Сурет: Qaz365.kz сайтынан алынды

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариғаның ұлы, кәсіпкер Нұрәлі Әлиев «Транстелеком» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы өкілетін тоқтатты. Әлиев компанияның сатылуына байланысты акционерлер құрамынан шыққанын мәлімдеген. Оған компания акцияларының 75 пайызы тиесілі болған.

«Бұл – мен үшін де, керемет даму жолынан өткен компания үшін де маңызды кезең», – деп жазжы Әлиев Instagram-дағы парақшасында. Назарбаевтың жиені 2013-жылы "Транстелеком" компаниясының президенті қызметіне кіріскенде 28 жаста еді.

"[Ол кезде] компания теміржол секторына қызмет көрсететін жергілікті шағын байланыс операторы болды. Алдымызда үлкен міндеттер тұрды: "Транстелекомды" қазіргі заманғы, жоғары технологиялық компанияға айналдыру, инновациялар енгізіп, жаңа бағыттарды дамыту. Команданың күші мен клиенттердің қолдауы арқасында біз бәріне қол жеткіздік", – деді Әлиев.

2014-жылы желтоқсанда Әлиев "Транстелекомнан" кетіп, Астана қаласы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалған. 2016-жылы тамызда ол "Транстелекомға" директорлар кеңесінің мүшесі болып оралған.

2016-жылы "Транстелеком" компаниясы акцияларының 49 пайызын Марлен Мұқанов есімді әлдебір азамат 8,9 миллиард теңгеге сатып алып, "Транстелеком" директорлар кеңесінің мүшесі атанған. Сол кезде "Транстелекомның" қалған – 51 пайыз акциясы "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының иелігінде еді.

Мұқанов 2016-жылы компания акционері атанғаннан бастап "Транстелекомның" табысынан пайда көрген. 2016-жылы маусымда келіп, бес айдан соң 618,8 млн теңге дивиденд алған, екінші акционер – ҚТЖ 644,1 млн теңге алған. 2017 жылы "Транстелеком" табысынан Марлен Мұқановқа 1,1 млрд теңге, ҚТЖ-ға 1,2 млрд теңге дивиденд төленген.

Нұрәлінің "сенімді адамы" деп сипатталатын 41 жастағы Марлен Мұқановтың "Транстелекомдағы" ықпалы арта берген. 2020-жылы "Транстелекомның" тағы 26 пайыз акциясын 9,4 млрд теңгеден аса ақшаға сатып алған. Жыл аяғында Мұқановтың иелігіндегі акция үлесі 75 пайызға жеткен. 2021-жылы тамызда Мұқановтың "Транстелекомдағы" 75 пайыз акциясы Unit Telecom компаниясына өткен.

Әлиев жазбасында "Транстелеком" 10 жыл ішінде Қазақстанды цифрландыру жөніндегі стратегияны дамытуға және іске асыруға елеулі үлес қосты, көп нәтижеге қол жеткізді" деп, оларды тізіп шықты.

"Транстелеком" – Қазақстандағы маңызы зор стратегиялық компания. Оның меншігінде көптеген кабель желісі, инженерлік желі мен нысандар бар. Компанияның көп бөлігі жеке қолға өткелі қызмет аясы да кеңейіп, мемлекеттен тендерді көп алатын болды. Компания "Цифрлық Қазақстан" бағдарламасымен ауылдарға интернет тартты, "АстанаХаб" технопаркімен бірлесіп зертхана ашты. "Транстелекомның" бүкіл теміржол желісін 4G байланысымен қамтығаны, Алматы метросына Wі-Fі орнатқаны туралы да ақпараттар жарияланған.

Бұған дейін цифрлық даму министрі болған Бағдат Мусин ауылдарға интернет тарту жұмысын сынға алып, "Транстелеком" компаниясын "не өзі істемейді, не басқалардың істеуіне мүмкіндік бермейді" деп монополистер қатарына жатқызған. Мусин үкімет отырысында жасаған баяндамасында компанияның жеке меншікке сатылған акцияларына тексеріс жүргізуді де ұсынған. 2020 жылы "Транстелеком" әкімшілігі монополияға қарсы заң талаптарын "сақтап отырмыз" мәлімдеген.

40 жастағы Нұрәлі Әлиев – Қазақстандағы ең бай 75 бизнесменнің қатарына кіреді. "Forbes Қазақстан" журналы былтыр оның байлығын 220 миллион доллар деп бағалаған, оның түрлі салада бизнесі бар. Ол 27 жасында, Қазақстанды нағашы атасы билеп тұрған кезде, елдегі ең жас мультимиллионер атанған.

Abai.kz

0 пікір