«Ұжымдық Батыстағы» ұрыс-керіс

Мюнхендегі мәмілелер метаморфозасы.
Сонымен, Украина мен Ресей арасындағы соғыс басталғалы барша қауым бірауыздан қабылдап, лексикалық айналымға енгізген, құлақ пен санаға әбден сіңіп кеткен «ұжымдық Батыс» деген терминнен бас тарта беруімізге болады.
Міне, кеше ғана Мюнхенде өткен қауіпсіздік жөніндегі жыл сайынғы конференцияның ең басты геосаяси түйіні осы.
Өйткені, «ұжымдық Батыс» деп аталып келген біртұтас топ енді қақ жарылды: Еуроодақ пен АҚШ-тың ғаламдық проблемаларға қатысты көзқарасы бір-біріне кереғар боп шықты.
Алдымен конференция алдында Дональд Трамп Украина мен Ресей арасындағы соғысқа қатысты басты шешімдерді ешкіммен (мен алдымен соғысып жатқан Украинаның өзі мен Еуроодақты айтып отырмын) ақылдаспай, келіспей қабылдай салғанын қоймай, келіссөздер басталмай жатып, проресейшіл тұжырымдарды жаһанға жайып салды. Ең бастысы – мәмілеге келу барысында талқылануы керек Украинаның жер тұтастығын қалпына келтіру мен Украинаның НАТО-ға мүше болуы туралы мәселелерге қатысты Трамп өз ұйғарымын айтып қойып, Путиннің келіссөздегі жағдайын өте-мөте жеңілдетіп берді!
Кезінде «Мәмілеге келу өнері» атты кітап жазған Трамптың мына қадамдары мен үшін мүлдем түсініксіз: кез келген тарап келіссөз алдында қолындағы карталарын ашып, көрсетпейді емес пе?!
Трамптың бұл оқыс қадамдары «ұжымдық Батыстың» басқа мүшелерінің сынына ұшырағанын естіп, біліп жатсыздар. Ол сыни пікірлер Мюнхен конференциясында қатты-қатты айтылды.
Мәселен, Германия президенті Франк-Вальтер Штайнмайер Трамп әкімшілігінің дөрекілігін бетке басып, қалыптасқан ережелерді, әріптестік қарым-қатынас пен өзара сенімділікті мансұқ етті деп айыптады.
Еуропа елдерінің басқа өкілдері де осы тұрғыда пікір білдіріп жатты.
Ал жаңадан сайланған АҚШ вице-президенті қыза-қыза келе: «Еуропаға төніп тұрған қауіптердің ішінде мені Ресей не Қытай немесе кез келген сыртқы фактор толғандырып отырған жоқ. Мені Еуропаның өз ішінен төнген қауіп, яғни АҚШ-пен бірге ұстанған кейбір құндылықтардан бас тартуы мазасыздандырды», - деп лақ еткізді. АҚШ-тағы екінші адамның мынадай ауыр сыны жиналғандар үшін мүлдем күтпеген шок болды деуге болады.
Мұхиттың ар жағынан келген лауазымды қонақтың бұл сөзіне Германия қорғаныс министрі Борис Писториус лезде жауап қайтарды: «Егер де мен оны (Вэнсті – ӘҚ) дұрыс түсінсем, ол Еуропаның кейбір бөлігіндегі жағдайды авторитарлық режимдердегі ахуалмен салыстырыпты. Мұндай сынды біз қабылдай алмаймыз, және де бұл мен өмір сүріп жатқан, осы жерде мен қорғап жатқан сол Еуропа емес, сол демократия емес».
Қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ. Трамптың өзімшілдігі мен менмендігі халықаралық саясаттың қалыптасып қалған қағидаттарының быт-шытын шығарып, трансатлантикалық бірлікті ыдыратып жатыр.
Ендігі жерде бір нәрсе анық: Еуроодақ пен АҚШ арасы ашылып кетті. Мұның өзі кей кезде өзара түсінбестікке жол беретін Еуроодақ секілді ұжымның бірлігінің нығая түсуіне себеп болатын сияқты.
Байқап отырсам, ендігі жерде ЕО мен АҚШ арасында әлемдегі ықпал үшін бәсеке басталатындай. Екі жақтың әдіс-тәсілі бөлек болатын секілді: Еуроодақ халықаралық ережелерге сай әрекеттер арқылы ықпалын арттыруға тырысса, АҚШ экономикалық қысым мен мәжбүрлеу арқылы өз жоспарын жүзеге асыруы ықтимал.
«Екі түйе сүйкенсе, шыбын өледі» деген әбден жауыр болған сөз бар. «Ұжымдық Батыс» ыдырай бастағаннан кейін бұл мәтелді: «Екі түйе шыбынмен әлек боп, сүйкене берсе, үшінші түйе алаңға шығады», - жалғастыруға болатын шығар.
Осы орайда Қытай сыртқы министрі Ван Идің мына сөзі біраз ойға жетелейді: «Әрине, біз АҚШ бізбен бір бағытта болатынына сенгімізі келеді. Алайда АҚШ оны қаламаса және Қытайды басып-жаншып, тұқыртуға ниеттенсе, Қытайдың соңына дейін барудан басқа амалы қалмайды. Сондықтан біз АҚШ-тың бір жақты қорқытып, үркіту әрекеттеріне батыл түрде жауап қайтарамыз». Оның ойынша, «әлем Вашингтон мен Пекин арасындағы қақтығысты көтере алмайды».
Жә, мұның бәрі бізден мыңдаған шақырым алыста, керек десеңіз, басқа континентте жатқан елдердің өз шаруасы болса керек. Алайда, «көбелек эффектіне» салсақ, Вашингтон мен Брюссель арасына сызат түсуі, сөзсіз, басқа елдерге де өз әсерін тигізеді.
Ең алдымен бір нәрсені ұғынуымыз керек: Трамптың сыртқы саясаттағы волюнтаризмі мен субъективизмі, Штайнмайер айтқандай, қалыптасқан ережелерді өрескел бұзуы, постсоветтік кеңістіктегі елдердің Тәуелсіздігі мен жер тұтастығының ешқандай да кепілі жоқ екенін тасқа таңба басқандай көрсетіп отыр! Олай болса, алда-жалда бір нәрсе бола қалса, біз өз жерімізді өз күшімізбен қорғап қалуға дайынбыз ба? Ең басты сауал осы!
Егер де басқа елдердің көмегіне мұқтаж боп жатсақ, кімдерге жүгінеміз? Құрамында басқыншы Ресей бар ҰҚШҰ ма? Әлде кезінде әріптесіміз боп саналған НАТО ма?
Немесе, Трамптың Украинаға әскер көмек берудің бір шарты ретіндегі АҚШ-қа сирек металдарды игеруге мүмкіндік беру туралы келісімге қол қоюға мәжбүрлеуі секілді өрескел қадамы ертеңгі күні жер қойнауында Менделеев таблицасының барша дерлік элементі бар біздің елге жетіп жатса, не істейміз?!
Сонымен бірге, қалыптасқан жаңа геосаяси жағдайда Қазақстан өзінің көпвекторлы, яғни әртүрлі ықпалды топтар мен жеке державалармен жақсы қарым-қатынаста болу саясатының жемісін көре алады.
Оның үстіне, сол қалыптасқан байланыстарды нығайта түсіп, жаңа векторларды орнықтыру үшін біздің елдің бар мүмкіндігі бар.
Сол шарттардың ішінде өзгелерді қызықтыратын шикізаттар, сауатты да іскер адами ресурс, оңтайлы геосаяси орналасу, либералды экономикалық заңдарды атауға болады.
Енді осы плюстерімізге жауапты үкіметті, тәуелсіз сот жүйесін, еркін саяси ережелерді қоссақ, нұр үстіне нұр болар еді-ау...
Әміржан Қосан
Abai.kz