Ұлытаудағы трагедия: Кеніштегі қайғылы оқиға жайлы не белгілі?

17 ақпанда «Қазақмыс» корпорациясына тиесілі «Жомарт» кенішіндегі шахтада тау жынысының опырылуы орын алды. Оқиға салдарынан шахтада 7 жұмысшы үйінді астында қалды. «Қазақмыс» баспасөз қызметінің алдын ала мәліметінше, «Жомарт» кенішіндегі апатқа табиғи газ жарылысы себеп болған.
Іле‑шала Төтенше жағдайлар министрлігі құтқару қызметтері алты жұмысшының денесін тапқанын, жетінші жұмысшыны іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады. Кейін ведомство жетінші жұмысшының денесі табылғанын нақтылады. Барлық қаза болғандардың денесі жер бетіне шығарылып, сот-медициналық сараптама жүргізу үшін полиция қызметкерлеріне тапсырылды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытау облысында шахтерлердің қаза болуына байланысты көңіл айтты және үкіметке тапсырма берді. Мемлекет басшысы «Қазақмыс» корпорациясының Ұлытау облысындағы кенішінде тау жынысының опырылуы салдарынан қаза тапқан жұмысшылардың туыстары мен жақындарына көңіл айту жеделхатын жолдады.
Тоқаев үкіметке төтенше жағдайдың себептерін мұқият тексеруді тапсырды. Салалық ведомстволар мен өңір әкімдігіне қаза тапқандардың отбасыларына қажетті барлық көмекті көрсету жүктелді.
Ал, Қазақстан Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің тапсырмасымен шахтадағы апаттың себептерін тексеріп, зардап шеккендерге көмек көрсету үшін арнайы комиссия құрылды. Комиссияны Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев басқарды.
Өз кезегінде, Ұлытау облысындағы шахтада болған төтенше жағдайға байланысты полиция қылмыстық іс қозғады.
«Қазақмыс» корпорациясы үшін бұл ауыр қайғы. Корпорация «Жомарт» кенішінде қаза тапқан жұмысшылардың отбасыларына ұжымдық келісімшарт аясында қажетті көмекті көрсететінін мәлімдеді. Қаза тапқандардың отбасыларына моральдық өтемақыны қоса алғанда, жылдық орташа еңбекақының 10 есе мөлшерінде төлем жасалады. Сонымен қатар жерлеу рәсімін ұйымдастыру үшін 2 миллион теңгеден астам қаржы беріледі. Бұдан бөлек, асыраушысынан айырылған отбасыларға ай сайынғы жәрдемақы, балалардың оқу ақысын төлеу, марқұмдардың несиелері мен қарыздарын жабу және басқа да әлеуметтік көмектер қарастырылған», - деп мәлімдеді «Қазақмыс».
Ұлытау облысы әкімдігі де қаза тапқандардың отбасылары мен жақындарына қажетті психологиялық және әлеуметтік қолдау көрсететінін хабарлады.
Ұлытау шахтасындағы трагедия: осы уақыттағы мәліметтер
Шахтадағы апат кезінде болған барлық шахтерлер қаза тапты. Жеті жұмысшының денесі табылды. Қайтыс болғандардың жеке басы анықталуда.
Премьер-министр Олжас Бектеновтің тапсырмасы бойынша Жаңаарқа ауданындағы шахтадағы апаттың себептерін зерттеу және зардап шеккендерге көмек көрсету үшін арнайы комиссия құрылды.
Осы оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің 277-бабы, 3-бөлігі бойынша «Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу» фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Оқиға орнында Ұлытау облыстық полиция департаментінің жедел-тергеу топтары жұмыс істеуде. Тергеу шаралары жүргізілуде.
Редакциядан: Abai.kz редакциясы атынан Ұлытаудағы шахтадағы апатта қаза тапқан кеншілердің отбасыларына және туыстарына қайғырып көңіл айтамыз. Қазаның арты қайырлы болсын, ағайынға сабыр берсін дейміз.
Abai.kz