Жұма, 21 Ақпан 2025
Жауап 1713 10 пікір 19 Ақпан, 2025 сағат 14:07

Зеленский: Ресейдің талабын пысқырмаймыз!

Сурет: aa.com.tr сайтынан алынды.

Түркі дүниесінің БАҚ-тары АҚШ пен Ресей келіссөзін «Күйеу жігітсіз өткен үйлену тойына» балады.

Ресей «заңсыз президент» санайтын Зелинский АҚШ-Ресей келіссөздеріне не деп жауап қатты деген сауалға жауап іздедік.

Саудияда «Қарғаның көзін қарға шұқмайды» болып жатқанда, Түркияға Украина президенті Зеленский ресми сапармен келіп, Анкарада өз елінің елшілігінің жаңа ғимаратының салтанатты ашылуын өткізді. Бейбітшілік пен қауіпсіздікке кепілдік беру туралы сөйлеген Зеленский Түркияның Украина-Ресей соғысындағы дипломатиялық күш-жігеріне алғыс білдірді.

«БІЗ СОҒЫСТЫҢ АЯҚТАЛҒАНЫН ҚАЛАЙМЫЗ, БІРАҚ ҚАУІПСІЗДІКТІҢ КЕПІЛІ ҚАЖЕТ»

Зеленский: «Олар соғысты тоқтатқысы келетінін мәлімдейді. Бұл белгілі бір қауіпсіздік кепілдіктеріне негізделуі тиіс! Біз бұл кепілдіктерді бүкіл Еуропадан, соның ішінде АҚШ-тан, Еуропалық Одақтан және Түркиядан іздейміз», - деді Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанмен кездесуде.

Әрі қарай: «Киев ешқашан Ресейдің ультиматумының жетегінде кетпейді», - деп мәлімдеді Украина президенті Зеленский.

Зеленский өз сөзінде: «Украина ең қиын күндердің өзінде Ресей қойған ультиматумға көнбеді. Қазір неге көне қалуы керек? Ресей 2022 жылы бізге ультиматум қойып: әскерді қысқартуды, оккупацияланған аумақтарды Ресейдікі деп мойындауды талап етті. Украина Ресейдің айтқанымен жүретін «қуыршақ» президент қойғысы келді.

Қазір қандай да бір келіссөздер өтіп жатыр. Ол келіссөздер АҚШ пен Ресей арасында өтуде. Ресейліктер мәз жүр. Украина жайлы Украинасыз талқылауда. Біз оны елемейміз. Біз ең қиын күндерде Ресейдің ультиматумына көнбегенбіз, қазір де көнбейміз», - деді.

Сөз түйінінде Зеленский: «Мен Украина президенті ретінде ешкімге ештеңеге емексіте кепілдік берген жоқпын. Оның үстіне Ресейдің ультиматумының жетегінде кетпейміз. Мен оған псықырып та қарамаймын», - деді.

Әбіл-Серік Әліакбар

Abai.kz

10 пікір