Дүйсенбі, 24 Ақпан 2025
Ақмылтық 104 1 пікір 24 Ақпан, 2025 сағат 01:35

Біз соғысты қаламаймыз!

Сурет: caravan.kz сайтынан алынды.

Бір жұма, он күннен бері  әлеуметтік желелірді желпіндіріп тұрған бір-ақ тақырып бар десек болады. Бұл жерде мен әлеуметтік желілердегі қазақ тілді контенттің қызу талқысына айналған тақырып туралы айтып отырмын. Ол – Ақ үйге Трамп келгелі күрт өзгерген Украина мен Ресей арасындағы қарулы қақтығысқа байланысты пікірталастар майданы. Желі қолданушылардың дені, әрине, Путиннің іс-әрекетін айыптауда. Ол айыптауларға тоқталып жатудың қажеті жоқ шығар. Былайда белгілі ғой: «Путин – агрессор, Путин – басқыншы». 2022 жылдың ақпан айынан бері әлемдік платформалардың ішінде отырған қазақ тілді жазармандар: блогерлер, журналисттер мұны ашық жазды, ашына жазды. Әлі де жазу үстінде. Путин мемлекет басшысы ретінде халқын жаппай соғысқа шақырғанда, Қазақстан арқылы виза алып Еуропаға, АҚШ-қа, сондай-ақ, өзге де тыныш өмір сүруге болатын елдерге ұмтылған қашқын эмигранттарды да қазақ іші қабылдай алмады. Гуманисттік әдепке бағынсақ, соғыстан бас тартқандарды «айналайындар-ай» деп,  арақадан қағуға болатын еді ғой, бірақ, 1941 жылы ер-азаматын тегіс майданға аттандырып, қара жамылып отырса да, Сталин депортациялаған ұлттарды бауырына басқан қазақтардың бүгінгі ұрпағы Путиннің соғысынан жан сауғалап, жайлы жер іздегендерді жат көрді. Әйтсе де бұл жатсынуды түсінуге болады: туған жерінен еріксіз ауғандар мен қашқындардың арасы жер мен көктей. Алайда, экс-премьер Әлихан Смаиловтың үкіметі қашқындарға қолайлы жағдай жасауға тырысқан. Кейінен ресейліктерге жеңілдетілген виза беру рәсімі, жұмысқа орналастыру, баспана алуға мүмкіндік туғызу бірте-бірте бақылауға көшіп, экс-министр Бағдат Мусиннің қашқындардың алдынан нан алып шығуы күлшелі баланың күйелеш қалпын туғызып, мазаққа айналды. 

Жә, бастапқы әңгімемізге оралайық. Қазір әлемжеліде екінші топ – Трампты және Путинді қолдаушы қазақ тілді блогерлердің тобы бас көтерді. Олардың сөзіне бақсақ,  «Зеленский – нағыз жауыз. Халқын оққа байлап, отқа салған – Зеленский». «2022 жылы наурыз айында Түркия президенті Ердоған екі тарапты татуластырмақ болып, Анкара келісіміне шақырғанда, бейбіт бітімге қол қойған Зеленский Британияның премьері Борис Джонсонның азғыруына еріп, соғысқа өзі барып ұрынды. Соғысты бастаған – Зеленский», – дейді трамп-путиншіл бағыттағы қазақ блогерлері. Осылай дей келіп олар: «Батыс саясаткерлері – әлемді бүлдірушілер, әлемнің тыншын алып, бірді-бірге айдап салушылар, олардың жоспарында Қазақстан да бар» дегенді баса айтады. Бұл бізге баяғыдан таныс пропаганда: «Батыс – кәкай, Батыс – бүжай. Батыс – іріп-шіруге бет алған әлем. Батыстан үйренетен ештең жоқ. Оданда тарихи көршіміз Ресеймен әмпей-жәмпей болып, тыныш өмір сүрейік. Ресейге сүйкенсек, ол бізді бір-ақ күнде керзі етігмен теуіп, таптап өтеді». 

Осыны айтқанда неге біз Еуропа елдерінің Қазақстанға толассыз инвестиция құйып келе жатқанын ұмыта қаламыз? Неге жастарымыз Еуропадан ілім-білім үйренуге құлшынып тұратынын ескермейміз? Қала берді, Еуропаның бізге ғана емес, жалпы өркениетке құштар елдердің бәріне үлгі болудан шаршамайтын қажыр-қайратын неге бағаламаймыз? Бір ғана кемшілік – бүгінгі Еуропада Маргарет Тэтчер, Жак Ширак сияқты табанды көшбасшылардың қатары кем. Тап осылардай бір сөзді, алған бетінен қайтпайтын тұлғалар тұрғанда, Путиннің Украина жеріне баса-көктеп кіріп, бүлік салуы екі талай еді. 

Тағы бір еске салатын жайт: Украина – Ресей қақтығысы 2022 жылы ақпан айының 24-күні емес, 2014 жылы басталып кеткен. 2014 жылы Путин Қырымды алды, біртұтас Украин мемлекетін бөлшектеп, ДХР, ЛХР дейтін қуыршақ мемлекеттерді қолдан жасап қойды да, сол аймақтардағы сепаратистердің қолтығына су бүркіп отырды. Ақырында солардың ойбай-аттанына сүйеніп, сылтаулы соғысын жариялап жіберді. Сол 2014 жылы Ресей тарапынан Қазақстанға да саяси қысымдар қатты байқалды. «Қазіргі Қазақстан жері – Ресейдің сыйға берген жері» дегенді Думаның депутаттары бірін кейін бірі іліп әкетіп дабырлап, дауыстап айта бастағанын біз осы күні қалай ғана ұмыта қалдық? «Жыртық үйдің де Құдайы бар» – сондағы екіпіндеп келген бәленің беті ауып, Қазақстанда бейбіт өмір жалғасын тауып кетті. Жаңылыспасам сол жылы экс-президент Назарбаев кеше ғана дүниеден өткен жазушы Дулат Исабековты жеке қабылдап, сөз арасында, «туысқан екі ел соғысып жатса, оларда біздің не шаруамыз бар?» деп, қара дауылдың Қазақстанды айналып кеткеніне іштей тәуба айтып отырғанын аңғартыпты. 

Ресей – бізге мүдделі ел, біз де Ресейге мүдделіміз. Ал, ең бастысы – мүдде болған соң мәңгілік достық та, қасарысқан қастық та бола бермейді. Тек екі жақ өз мүддесін алға қоюға, басым етуге барын салады. Сондықтан біз, жазарман қауым орыстарды жатта кеп жамандауға немесе жақын тұтып жан сала қорғауға асықпағанымыз абзал. Бізде мемлекет бар, мемлекет басшысы бар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев – кәсіби дипломат. Ол – дипломатия аяқталған сәтте соғыс басталатынын қапысыз түсінетін саясаткер. Сол себепті ол Қазақстанның көпвекторылы саясатын аса сақтықпен жан-жақты тереңдете түсетіні анық. Қазақстанның арқа сүйері – біреулер айтып жүргендей, түркі халықтары да, Түркия да, ұжымдық Еуропа да емес – көпвекторлы саясаты. Геоэкономикалық көпвекторлық іс-қимылдар да Қазақстанның бейбіт өмір салтымен ілгерлей озуына ықпал етері даусыз. 

Сөз жоқ, әлеуметтік желілер платформасы – еркін пікірлер мен азат ойлардың ашық алаңы. Бұл алаңда әркім ойын білдіруге қақылы және соның өзі қызық. Жоғарыдағы екі топтың пікірталасына қарап отырып, мынаны түсінуге болады: біз соғысты қаламаймыз! Рас, Қазақстанды Ресеймен шарпыстыруға шақыратын посттар әлемжелінің орыстілді контентінде көрініс тауып қалады. Және әлгіндей  посттардың сырттан жазылып тарайтыны байқалып та тұрады. Мұның атын қазақ – «мысықтілеу» дейді. Мысықтілеулердің қарау ниеті – қазақтардың намасын жаныған болып отқа айдау, қарулы қақтығыстарға итермелеу. Меніңше, «Мұсылман бауырларымызды құтқарамыз» деп, Сирияға аттанған әсіредіншілдердің ізіне салып, қазақтарды соғысқа тартудың, Қазақстанды күйретудің түбін күңіріне ойлайтындардың фейк-ақпараттарына ел ішін еліктірмеудің бір жолы бар. Ол  – ақпараттық ресурстардың барлық саласында (соның ішінде әлеуметтік желілерде) Қазақстан билігінің сыртқы саясаттағы ұстанымын барынша алға шығару және кәсіби журналисттер мен публицистердің белсенділігін арттыру, олардың қызметіне мән беру. Халықаралық саясаттағы Қазақстанның мүддесін түсінікті тілде талдап жазып, көпшілікке ұқтыру. Мұның түпкілікті нәтижесі шайқалған мынау дүниедегі халықтың таным-түсінігін парасатты пайымға жетелеуі әбден мүмкін. 

Дәурен Қуат

Abai.kz        

1 пікір