Бейсенбі, 6 Наурыз 2025
Саңлақ 122 0 пікір 6 Наурыз, 2025 сағат 16:30

Бокстан кіші әлем чемпионаты - «Странджа» кубогы аяқталды

Сурет: olympic.kz сайтынан алынды.

Бокстан кіші әлем чемпионаты аталып кеткен "Странджа" кубогы аяқталды. Ұлттық құраманың бас бапкері Қайрат Сәтжанов жарысты қорытындылап, алдағы дайындықтары туралы айтып берді. Толығырақ Olympic.kz материалында.

Маусым биыл қарқынды жүріп жатыр. Жылдың басынан бері қазақстандық спортшылар Испания мен Сербиядағы халықаралық турнирлерге қатысып, жоғары нәтижелер көрсетті.

Ал Болгариядағы "Странджа" турнирінің финалдық кезеңіне 14 боксшы шықты. Ақтық сынның нәтижесінде Қазақстан құрамасы 5 алтын, 9 күміс, 4 қола медаль жеңіп алды. Осылайша ұлттық құрама өз рекордын жаңартып, жалпыкомандалық есепте бірінші орынға көтерілді. Бұған дейін 2022 жылы өткен "Странджа" турнирінде отандастарымыз 2 алтын, 2 күміс, 5 қола медаль алған.

Бас бапкер Қайрат Сәтжанов қазақстандық боксшылардың өнеріне баға берді

Жарыс жоғары деңгейде өтті. Аталмыш турнирге Олимпиада жеңімпаздары, Азия чемпионатының жүлдегерлері, сонымен қатар Еуропа чемпионатының жеңімпаздары қатысты. Дей тұрғанмен біздің жігіттер өз бабында болды. Жарыста керемет өнер көрсетті.

63,5 келіде қос қазақстандық боксшы жолықты. Яғни, Мұхаммедсабыр Базарбайұлы мен Ертуған Зейнуллинов. Екі спортшы да жоғары деңгейдегі бокс үлгісін көрсете білді. Алайда Ертуған Зейнуллинов өзінің ширақ екенін тағы бір рет дәлелдеді.

Сурет: olympic.kz сайтынан алынды.

Өз кезегінде Төрехан Сабырхан 67 келі салмақта техника жағынан жоғары деңгейдегі бокс үлгісін көрсетті. Қазақстандық спортшы финалға дейін жетіп, ақтық сында әзірбайжандық Заур Гахрамановпен кездесті. Нәтижесінде Төрехан Сабырхан айқын басымдықпен жеңіске жетті. Бұл Төреханның ересектер арасындағы алғашқы жарысы болды. Соған қарамастан, 18 жасар жігіт алтын медальді жеңіп алып, турнирдің "Ең үздік боксшысы" атағын иеленді.

71 келі салмақта тағы да қос қазақстандық боксшы қолғап түйістірді. Яғни, Абылайхан Жүсіпов пен Фарух Тоқтасынов өзара мықтыны анықтады. Үш раундтың қорытындысы бойынша Абылайхан алтыннан алқа тақса, Фарух күміс медаль иеленді.

Ал Тимур Нұрсейітов 75 келі салмақтың финалдық бәсекесінде Сабыржан Аққалықовпен кездесуі керек еді.  Алайда Тимур жарақатына байланысты шаршы алаңға шықпай қалды. Сәйкесінше Сабыржан турнирдің жеңімпазы атанды. Алайда Тимур Нұрсейітов те турнир барысында осалдық танытқан жоқ. Спортшы жартылай финалда 2024 жылғы Азия чемпионатының жеңімпазы Жавохир Умматалиевті жеңді.

Сурет: olympic.kz сайтынан алынды.

 

86 келі салмақта Бекзат Нұрдәулетов турнирдің алтын жүлдегері атанды. Бекзат финалда Нұрбек Оралбаймен кездесуі керек болған, алайда 2024 жылғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері шаршы алаңға шықпады.

Айта кететін жайт, 51 келі салмақ дәрежесінде Даниял Сәбит финалға шығып, түркиялық Самет Гумушпен кездескен болатын. Қазақстандық үш раундтың қорытындысы бойынша қарсыласынан басым түскен еді, алайда төрешілер жеңісті түркиялық спортшыға сыйлады. Сондай-ақ дәл осындай жағдай 60 келі салмақта да қайталанды деп ойлаймын. Серік Теміржанов жергілікті болгар боксшысы Радослав Росеновпен кездесті. Нәтижесінде қазақстандық күміс жүлдеге ие болды.

Сурет: olympic.kz сайтынан алынды.

Санжар Тәшкенбай мен Махмұд Сабырханның жарақаты туралы

Санжар Тәшкенбай мен Махмұд Сабырхан алтын медальға қол жеткізе алар еді. Бірақ 48 келі салмақта өнер көрсететін Санжар өзінің бірінші жекпе-жегінде саусағын шығарып алғанына байланысты жарысты жалғастыра алмады. Жарысқа бір күн қалған кезде Махмұд Сабырхан тағамдық инфекцияға байланысты жекпе-жекке шыға алмады. Дәрігерлердің айтуынша, спортшының жүрегі айнып, қызуы көтерілген. Нәтижесінде 3 наурызға дейін спортпен шұғылдануға болмайды деген анықтама берді.

Одан бөлек, 92 келі салмақ дәрежесінде Сағындық Тоғамбай дайындық барысында саусағын сындырып алған болатын. Сондықтан ол жарысқа қатыса алмады.

Сурет: olympic.kz сайтынан алынды.

Алдағы жоспарлар туралы 

20 наурыздан бастап Ресейдің Кисловодск қаласында біріккен оқу-жаттығу жиыны өтеді. Бұл жиынға Ресейдің, Өзбекстанның, Әзірбайжанның, Беларусьтың 1-2 нөмірлі боксшылары қатысады. Бір құрамамыз Бразилияда өтетін Әлем кубогына аттанады. Одан бөлек тағы бір құрамамыз Әзірбайжан мен Грузияда оқу-жаттығу жиынын өткізеді. Кейіннен 10-16 сәуір аралығында "Жібек жолы" атты ірі халықаралық турнирде өнер көрсетеді. Сондай-ақ 13-27 наурыз аралығында Жапония мен Корея мемлекеттерінің қатысуымен жаттығу жиыны өтеді. Ал Ресейде дайындалып жатқан спортшылар Хабаровскіде өтетін жарысқа қатысады.

дереккөзі: olympic.kz

Abai.kz

0 пікір