Сәрсенбі, 12 Наурыз 2025
Азамат 270 1 пікір 12 Наурыз, 2025 сағат 11:15

Көптің алғысын алған азамат

Сурет: Автордың мұрағатынан алынды.

Белгілі журналист, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Ғалымжан Елшібай ердің жасы елуге толып, жан досымды осы мерейжасына аман-есен жеткізген Алла тағалама сансыз алғыс айтып, өткен күндерге сағынышпен көз салып қарап отырмын.

Ғалымжан досым Қасқасуда, мен Майбұлақта туып өстім. Екі ауыл бір-біріне жап-жақын. Арасын жалпиып жатқан үш-төрт қыр ғана бөліп тұр.  

Біздің ауылдың қариялары бала кезінде мектепті Қасқасуға жаяу қатынап оқығандарын айтып отыратын. Біз де Қасқасуға жиі баратынбыз. Бірақ мектепке емес, нағашымыздың үйіне қыдырып баратынбыз. Негізі екі өзенді бойлай жатқан екі ауылдың адамдары ертеректе бір-бірімен құда болып, қыздарын жақын жерге бір-біріне ұзата берген ғой. Мысалы, менің әжем Қасқасудың қызы, керісінше Ғалымжанның анасы біздің ауылдың қызы. Егер біздің ауылға келін боп түскен Қасқасудың қыздарын жинаса құдай біледі, бір автобус болатын шығар. Әйтеуір, екі ауылдың адамдары жолыға қалса, бір-біріне жиен-нағашы, ең болмағанда құда-құдандалы боп шығып, мәре-сәре боп жататын.  

Әлі есімде... Үшінші сыныпта ма екен, әйтеуір апайымыз «Туған жер» деген тақырыпта шағын шығарма жазып келуге тапсырма берген. Бәріміз «Менің туған жерім – Майбұлақ ауылы. Ол таудың қойнауында орналасқан. Майтөбе деген төбесі бар...» дегендей туған ауылымызды мақтап, сипаттап жазып келгенбіз ғой. Сөйтсек, бір оқушы қыз «Менің туған жерім – Георгиевка» деп жазып келіпті.  

Біздің ауылдан он шақырымдай жерде Георгиевка деген ауыл бар. Қазіргі аты -- Көксәйек. Бұл осы төңіректегі ең ірі елдімекен. Орталық аурухана да, перзентхана да, емхана да бәрі осы ауылда.  

Апайымыз: «Әй, Пәленшеева, қалайша сенің туған жерің Георгиевка болады? Ата-бабаң, әке-шешең өмірі осы ауылдан қоныс аударған емес қой...» деп шап ете қалды. Оқушы қыз да қоймайды: «Жоқ, мен Георгиевкадағы «роддомда» туылғанмын ғой» деп... Сөйтсек, сыныптас қызымыз «Туған жер» дегенді тура мағынасында түсініп, шешесінің құрсағынан шыққан жерді жазып келген екен.  

Сол айтпақшы осы төңіректегі ауыл балаларының барлығы, оның ішінде мен де, Ғалымжан да сол Георгиевкадағы «роддомда» іңгәлап дүниеге келіп, сол жерде көзімізді ашып, сол жерде кіндігіміз кесілген. 

Сонымен жаз шықса Қасқасудағы нағашымыздың үйіне тартамыз. Тіпті апталап жатып, нағашымыздың қойын да бақтық, шөбін де жинадық. Бірақ қанша барсақ та өз айтуынша Қасқасуды «жатқызып-тұрғызатын», ауылдың ең «бұзығы», «сол ауылды ұстайтын» Ғалымжанмен еш жолықпаппын. Әлде мен нағашыма қыдырып барғанда ол да тайына мініп, нағашысына кетіп – біздің ауылда жүрді ме? Жоқ, әлде «Менің атым – Қожадағыдай» мен шөпке кеткенде ол қойға кетіп, мен қойға кеткенде ол шөпке кетіп, жолымыз түйіспеді ме, әйтеуір, ауылымыз тиіп тұрса да бала кезімізде бір-бірімізге жолығуды Жаратқан ием жазбапты. «Туған жеріміз» бір болғанымен жүрген жеріміз бір болмай тұр ғой. Әйтпесе бір-ақ «центральный» көшесі бар алақандай ауылдың атаманын айлап жатқанда қалай көрмеймін десейші... 

Біз тек 1997 жылдың жазында ғана бір-бірімізді таптық. Рас, алдымен журналист Шадияр Молдабекпен таныстым. Ол артынша Шым-қалаға Ғалымжанды алып келді. Мен қалалық «Шымкент келбеті» газетінде, Ғалымжан Елшібай мен Шадияр Молдабек Төлеби аудандық «Төлеби туы» газетіне жұмыс істеп жүрген кездері. Досы үшін жандарын беруге даяр аңқылдаған ақкөңіл екі жігітпен ә дегеннен шұрқырап араласып кеттік. Үшеуміз де бойдақпыз, жүрген жеріміз қызықты думанға айналды.  

Ақ бас Алатаудың етегінде жатқан, бірі -- Қасқасу, бірі -- Екпінді ауылында өсіп, таудан төменге көп түспеген екі жас жігіт «Төлеби туы» газетіне жұмысқа тұрған кезде алғашында аудан орталығы Леңгірдің тіршілігі тым қызық, көп дүниесі таңсық көрініпті. Бірде сенбі күні екеуі жұмыста отырғанда кабинетке газеттің бас редакторы Әбдімәлік Рахманқұлов бас сұғып: «Так, жігіттер, демалыс күні де жұмысқа шыққандарың дұрыс болған екен. Мен кеңшар аралап бара жатырмын. Тапсырмаларыңды орындап, жұмыстарыңа мұқият болыңдар... Айтпақшы, мынау есіктің алдындағы газонға абай болыңдар, мал тимесін» деп тапсырманы нығыздап, шығып кетеді.  

Бас редактор кеткен соң алғаш болып Шәкең тіл қатыпты:  

- Ғалеке, «газон» деген не ол?..  

- Соны мен де білмей отырмын ғой... Жүрші, есіктің алдын көрейік...  

Екеуі есіктің алдына шығып, былай-былай қарайды. Пәлендей көзге оғаш көрінетін ештеңе жоқ. Аулада ескі бір «Газик» көлігі тұр екен. Соны ары-бері айналып, бас-аяғын қараған жігіттер ақырында «Құдай біледі, бастықтың «газон» дегені осы болар» деп топшылайды.  

Сөйтіп екі сабаз кабинетте отырып, кешке дейін кезек-кезек далаға жүгіріп шығып, «Газикті» күзеткен ғой. Сәт сайын алып темірді бір айналып шығып, ешкімнің тимегеніне көздері жеткен соң қайтадан жұмыстарына кіріседі. Бұл кезде газонда сиырлар беймарал жайылып жүрген. Қарасан келгірдің бір-екеуі «Газикке» келіп сүйкеніп жатса, екі жігіт таспен атып, қайтадан газонға қуып тастайтын көрінеді. 

Міне, осылай өсіп жетілдік, Ғалымжан, Шадияр үшеуміздің жолымызды осы журналистка саласы түйістірді. Ширек ғасырдан астам уақыттан бері іщәй деспей, отбасымызбен араласып-құраласып жүрміз. Осы өмірімде осындай адал достарды серік еткен Жаратушы Аллама сансыз алғыс.  

Әлі есімде... Үйленіп, үй болғаннан кейін бірде жалақыма қытайдың кіп-кішкентай теледидарын сатып алдым. Бірақ көп ұзамай жыл қорытындысы бойынша үздік атанып, сыйлыққа үлкен теледидар алдым да кішкентай теледидарды Ғалымға бердім. Ғалым жаңасын алғанда оны Шадиярға берді. Ақыр соңында кішкентай теледидар жаңадан отбасылы болған досымыз Бейсенбай Тəжібаевқа бұйырды. Теледидардың одан кейінгі тағдыры белгісіз... 

Міне, арадағы шынайы достық, адал ниет, қызықты кезеңдердің куәсі болған осы шағын теледидар сол қиын шақтарда бір-бірімізге жанашыр, бауырмал болған сәттерімізді Аяз бидің шапанындай жиі-жиі есімізге салып тұрады.  

Ғалымжан досымның мінезі таудан бастау алатын Қасқасу өзені сияқты өте асау. Мансабы үлкен екен деп біреудің алдында мәймөңкелемейді. Тік мінезді. 

Бірде досым екеуіміз жолда келе жатқанда оны ұялы телефоны шырылдады. Ғалекең кешіктіріп барып, телефонның көк кнопкасын басып, "Алло" деді.  

- Бұл Елшібай ма? - деді ар жақтағы дауыс. Негізі Елшібай атасының есімі ғой. 

- Жоқ, оның немересі... - деді бұл да қырсығып.  

- Елшібайдың өзі қайда? 

- Ол кісі қайтыс болып кетті ғой... 

- Не дейді, қашан? 

- Ой, біраз болып қалды... 

- Ойбүй, мен естімеппін ғой... Ұят бопты-ау, көңіл айту керек еді... - деді де ана кісі телефонды баса салды.  

Әрине, Елшібай ақсақалды көзіміз көрген жоқ, ол кісі ертеректе қайтыс болып кетсе керек. Бірақ Ғалымжанның әкесі мен шешесі Қамытбек ата мен Күлпаршын апамыздың қолынан талай дәм таттық, талай рет әңгімесін тыңдадық. Екеуі де «Бар бақытым – балаларым» деген  ұстаныммен ғұмыр кешіп, бар күш-жігерін ұрпағының бақытына, солардың тәлім-тәрбиесіне, солардың білім алып, еліне адал қызмет етуіне жұмсаған құдай деген жандар еді. Төрінен қонақ үзілмейтін досымның үйіне қонақ боп келіп, екі бөлмесінде бала-шағамызбен сығылысып жатамыз. Қамытбек ата таң қараңғысында аяқ шешетін дәлізге шығып азан шақырып, кемпірі екеуі ығы-жығы жатқан адамдардың арасынан әрең орын тауып, тура қасымызда намаз оқитын. Сәждеге жығылғанда маңдайы жастығыма тиіп, іштей күбірлеп оқып жатқан дұғасын да еститінмін.   

Өмір жолы бұралаң ғой. Ғалымжан ата-анасының бар жағдайын жасап, үнемі демалыс орындарына, шипажайға сүйреп жүретін. Дегенменде Қамытбек атам қайта-қайта сырқаттанып, досым әкесінің денсаулығына қатты алаңдап жүргенде сап-сау жүрген Күлпаршын апам құлап, ойламаған жерден ауруханада тұз-дәмі таусылды емес пе? Кемпірінің қазасы ақсақалға оңай тиген жоқ.  

Арада екі жыл өткенде, 2012 жылдың жазында Қамытбек ақсақал да аяқ астынан жансақтау бөліміне түсіп, дәрігерлер барлық ем-домын жасағанымен «ешқандай үміт жоқ, соңғы сәтте өз үйінде, ұрық-шұрығының қасында болсын, сол дұрыс сияқты» деп ауруханадан шығаруға мәжбүр болды. Әлі есімде, ұл-қыздары бәріміз ақсақалды Көксәйектегі ауруханадан алып шығып, қара шаңыраққа жедел-жәрдем көлігімен әкелдік. Шынында өз үйінің төрінде терең бір тыныстаған қария артынша о дүниелік боп жүре берді. Біз аулада үй жаққа қарап алаңдап тұрғанбыз. Бір кезде үйден ащы дауыс естіліп, әйел баласының шыңғырып жылаған дауыстары естілді. Дір-дір етіп үйге қарай беттей бергенімде алдымнан досым шығып қалды. Сол аулада Ғалымжан екеуміз бір-бірімізді құшақтасып еңіреп жылағанымыз әлі есімнен кетпейді. Қаншама жылдан бері қолынан дәм татып, жақсылығын көрген Қамытбек атам да, Күлпаршын апам да біздің де әке-шешеміздей, ең жақын, қимасымыздай болып кеткен екен-ау...  

Атамыздың қырық асы өтетін кезде бір күн бұрын Қасқасудағы қара шаңыраққа жиналдық. Кең залға ауылдың ақсақалдары, сосын біраз жекжаттар жайғасқан. Етті жеп, сорпаны ішіп болғаннан кейін де ел тарай қоймады. Өткен-кеткенді айтып, ақсақалдар жағы ауылдың біраз шаруаларын талқылап, ұзағырақ отырып қалды.  

Шай келгенше ермек болсын деп бір әңгімені бастадым. Ұзақ-сонар әңгіме. Ауылдағылар әңгімеге шөлдеп-ақ қалған екен. Ақсақалдар да, келген қонақтар да ауыздары ашылып отырып тыңдады. Елтіп кеткендері соншалық біреуінің кесесі сылдыр ете қалса, бәрі жалт қарап, ала көзімен ата жөнеледі. «Тыныш отыр!» дегендері ғой.  

Ел шай ішіп жатыр. Мен диванның үстіне отырып алып әңгімені жіберіп жатырмын. Құдды бір қызық кино жүріп жатқандай сыртта жүрген екі-үш кісі де бөлмеге сығылысып кіріп, самаурынның қасына жалп-жалп етіп отыра қалды.  

Шай да бітті, әңгіме де бітті. «Мына баланың әңгімесі де, әңгімені айтуы да жақсы екен...» деп, шалдардың мақтағанына еліріп кеттім-ау деймін, тағы бір әңгімені бастадым. Бұл жолы кітаптан оқыған бір хикаяны жібердім. Шапандарының етектерін қаққылап, орындарынан тұруға ыңғайланған шалдар қайтадан отыра кетті.  

Алла тағалам сол күні әртістік қабілетіме дем берген сияқты, әйтеуір, әңгімеме ел кәдімгідей ұйып отыр. Әңгіме шарықтау шегіне жетіп, әбден қызған тұсына келген кезде есік ашылды. Есікті ашқан жас жігіт алдымен ішке бір көз жүгіртіп алды да, төрде отырған ақсақалдың біреуіне «Көке, қайтпаймыз ба? Сізді күтіп тұрмыз...» деп, иегін көтерді. 

Ақсақал «Қазір...» деді де, қолын бір сілтеді.  

Отырғандар есіктен сығалаған әлгі жігітті ала көзбен бір атты да: «Әңгімеңді жалғастыра бер...» дегендей қайтадан маған қарады. Ары қарай көсіле жөнелдім.  

Сәлден кейін есік қайтадан ашылды. Бұл жолы толық емес. Кішкентай ғана саңылаудан әлгі жігіттің мұрны көрініп: «Көке... Күтіп тұрмыз...» деген әлсіз даусы естілді. Отырғандар жалт қарап еді, есік те сарт етіп жабыла қалды.  

Әңгіме жыландар туралы еді. Оқиғасы нағыз қызық жеріне келген. «Енді не болар екен?» деп, бөлмедегілердің бәрі маған қарап отыр. Біраздан кейін есік тағы ашылып, мұрынды жігіт қайтадан бас сұға берген. Ақсақалдар жағы шарт кетті: 

- Ей, ата-бабаңның сенің.... Қайта-қайта есікті ашып, әңгіменің шырқын бұза бердің ғой... Бір құдай ұрған бала екенсің өзің... Қайтатын болсаң, қайтсай үйіңе... -- деп ортада отырған ақсақалды, әлгі жігіттің әкесін иығынан түртіп-түртіп қалды. Сөйтіп еді ол да ашуланып шықты: 

- Қайтпаймын үйге... Өздерің қайта беріңдер. Өзім бір нәрсе қып жетемін... 

Есік сарт етіп жабылды. Әкесін шақырған жігіт зым-зия жоқ болды. Одан кейін әңгіме аяқталғанша есікті ешкім ашпады. 

Түннің бір уағында тарадық. Ауылдың кісілері үйлеріне қайтты. Келген жекжаттарға көрші үйге төсек салынды.  

Ғалым досым екеуіміз үйдің бұрышында ертеңгі болатын астың кейбір шаруаларын ойласып, әңгімелесіп тұрғанбыз. Есіктің алды қараң-құраң адам. Бір кезде жас бала жүгіріп келді де: «Оралхан деген кім?» деп сұрады. Досым мені меңзеді. Сөйтсе жас бала:  

- Сізді шалдар көрші үйге шақырып жатыр... 

- Жай ма?  

- Кеп әңгіме айтсын дейді... 

Сөйтсем ауылдың шалдары үйлеріне қайтпастан жекжаттар жатқан бөлмеге барып, «Әлгі баланың әңгімесін тыңдайық» деп, бір баланы жүгіртіп жіберіпті. Құдды бір өзімді киномеханик сияқты сезіндім. «Оралхан кеп, жақсы бір кино қойып берсін» деген сияқты...  

Әңгімені де тыңдайтын адамға айтқан жақсы ғой. Кейде  ауылдың осындай ақсақалдарын сағынатының бар. 

Келіншегім Гүлнар үшінші перзентімізді босанар кезде Алла өзі кешірсін «Сәбидің есімін кім қоямыз?» деп, алдын-ала ақылдастық. УЗИ аппараты арқылы ұл бала екенін күні бұрын білгенбіз. Мен «Ең жақын досымның есімін, яғни, Ғалымжан деп қоямын» дедім.  

Келіншегім қарсы болмады. Бәрібір ЗАГС-ке барып, құжат алатын сен ғой деген болар... Шынында Ғалымжан менің ең жақын араласатын, ең сырлас, ең мұңдас досым. Сонымен 2012 жылы Ғалымжан деген ұлым дүниеге келді. Тамылжыған тамыз айы болатын.  

Досым Ғалымжан да, келіншегі Раушан да алтын жандар ғой. Ақкөңіл әрі мәрт, әрі жомарт. Баламның есімін «Ғалымжан» деп қойғанына досым қатты риза болды да, бір түнде Таразға келіп, ұлыма көлік мінгізді. Кәдімгі темір тұлпардың кілтін тарту етті. «Ойпырмай, мұндай да болады екен-ау... Досымның есімін қойғанымыз бек дұрыс болған екен дә...» деп, біразға дейін есімізді жия алмай жүрдік.  

Содан келіншегім Гүлнар екеуіміз дәнігіп алдық. Қазір интернетте барлық ақпарат бар ғой. Келіншегім ғаламторды ақтарып, айлар мен күндерді есептеп, қыз туудың қамын жасап бақты. Алла қолдап, қыз туса, есімін Раушан деп қоймақшы... Яғни, бұл жолы Ғалымжанның келіншегін айналдырып көрмекші болдық. «Алтын шыққан жерді белден қаз» десек те қулығымыз іске аспады. Төртінші перзентіміз де ұл болды. Алла тағалам қолдап, әйтеуір, балапандарымыз аман болсын!  

Нағыз адал дос осы Ғалымдай болуы керек. Сол досыма айтамын: «Біздің үйдегі Ғалекең өскенде журналист болатын сияқты. Қазірден газет-кітаптың беттерін ақтарып отырады. Осы баланы екеуіміз журналист қып шығарсақ, кейін мақалаларын «Ғалымжан ОРАЛХАНҰЛЫ» деп жазады емес пе? Мақала үстінде екеуміздің есімдеріміз қатар тұрады» деп, қалжыңдап қоямын. Әрине, бәрін бір Алла біледі. Аман болсын! Дәл қазір кішкентай Ғалымжан 6-сыныпта оқып жүр. 

Шымкентке барған сайын Ғалымжанның үйіне соқпай кетпейміз. Егер білдірмей кеп кеткенімізді естіп қалса жатып кеп ренжиді. Келіншегі Раушан да біз келеді дегеннен құда күткендей барын қазанға салып, дастарханын жайнатып отырады. Сосын келіншегім екеуін бір жыл қамап қойсаң да құдай біледі, әңгімелері таусылмайды. 

Астанада жұмыс істеп жүргенімде бір мерекелік демалыста Таразға келіп, отбасыммен Шымкент жаққа қарай жолға шықтық. Әдеттегідей Ғалымжан досым телефон шалды. 

- Ойбай, Ореке, сендерді Шымкент жаққа қарай шықты дегенді естіп, қазанға ет салайын деп жатырмыз, - деп.  

- Ой, Ғалеке, әуре болмай-ақ қойсаңдар дұрыс болар еді. Біздің аралайтын жеріміз көп болып тұр.  

- Жоқ, несіне әуре боламыз... Анда-санда Шымкентке бір келгенде үйден дәм татпай кеткендерің ұят болады. Етті қай уақытқа дайындайық? 

- Ғалеке, шынында біздің кіріп шығатын жеріміз өте көп боп тұр. Алдымен Түлкібастағы қайын жұртқа кіреміз. Олар да ет асып күтіп отыр. Одан ағамның үйіне «құтты болсын» айтып шығуымыз қажет. Келесі аптада бесік той істейін деп жатыр. Сол қуаныштарымен алдын-ала құттықтап шыға салайық деп едік. Олар да ет асып, күтіп отыр. Ең соңында інім Бақытжанның үйіне барып қонамыз. Олар да қазанға ет салып күтіп отыр... Осыншама етті бір күнде жеп шығу асқазанға да оңай болмас... Сондықтан шай іше салсақ дұрыс болар еді. Бәріне ризамыз... 

Шынымды айтсам, жоғарыда айтқан үйлерге кіріп шығуды жоспарлағанымыз рас. Бірақ, олардың қандай тамақ істеп күтіп отырғанын бір құдай біледі емес пе? Біздікі тек досымыздың отбасын аяқ астынан әуреге салмайықшы, мейлінше жеңіл-желпі бірнәрсе істей салса деген ой еді.  

Сонымен досым екеуіміз ары ақылдастық, бері ақылдастық. Келіншектеріміз де сөйлесті. Қысқасы, олар палау істеп күтіп отыратын болды.  

Түлкібасқа қайынжұртқа кірдік. Кірген кезде газ плитаның үстінде тұрған қазанға бірден көзім түсіп, ішінде пісіп жатқан тамақ ет емес екенін бірден сездім. Өйткені, қазанның қақпағының жан-жағын орамалмен жауып қойған екен. Қысқасы, қайын жұрттан палау жедік.  

Одан досымның үйіне барсақ, келіншегі әдемілеп палау басып қойған екен. «Ұялған тек тұрмас» деген, «Әп-бәрекелді, палау жемегелі көп болып еді» деп, қолды жуып отыра қалып, күрішті тағы соғып алдық.  

Түс қайта ағамның үйіне бардық. Негізі алдын-ала ескертпей барғанбыз ғой. Барсақ, ағам мен жеңгем жұмыста, екі қызы, баласы бар екен. Екі қыз ылдым-жылдым шай дайындады. Дастарханға отыра бергенде ағамның қызы «Асығыс емес шығарсыздар, бір тамақ істеп жіберейін» деп сұрады. 

- Не тамақ істейсің? 

Келіншегім екеуміз жымың-жымың етіп қатар сұраппыз ғой. 

Ағамның қызы ойланып қалды: 

- Лағман істеп жіберейін... 

- Ой, жоқ, рахмет, біз өте асығыспыз... Шай ішеміз де тұрамыз. Ағам мен жеңгеме сәлем айт. Жол алыс болғандықтан той күні келе алмайын деп тұрмыз. Сондықтан алдын-ала құттықтап шығайық дедік... 

- Онда түннен қалған тамақ бар еді. Соны жылытып жіберейін... 

- Не тамақ? 

- Палау... - дейді ғой аузын толтырып... 

Қысқасы, түннен қалған тамақпен шай іштік.  

Сөйтіп енді Бақытжан інімнің үйіне қарай шықтық.  

Көліктің рулінде келе жатып келіншегімнен сұраймын ғой: 

- Гүлнар, осы біздің Бақытжанның үйіндегі келіннің төркіні қай жақ еді? -- деп... 

- Ташкент ғой, - деді келіншегім жұлып алғандай... 

- Енді Ташкенттен келген келін бүгін ет асып отыр деп ойлайсың ба? – дедім қулана қарап.  

Келіншегім де түсіне қойды. Бір-бірімізге қарап ахахалап күліп жіберіппіз ғой. Құдай сыйлағанда төркіні ташкенттік келінім ет асып күтіп отыр екен. 

Тағы бір қызықты оқиға, Ғалымжанның көлік айдауды енді-енді үйреніп жүрген кезі болатын. Тіпті ол кезде досым көлік айдайды дегенге өз басым сенбейтінмін де...  

Бірде Тараздан Шымкентке асығыс кеп, облыстық әкімшілікке кірсем, қарсы алдымнан Ғалекең шығып қалды. Амандасып, шұрқырасып жатырмыз. Өзім өте асығыс, әкімшіліктегі жұмысымды бітіре салып, қайтадан Таразға тартайын деп тұрғам...  

Ғалекең автовокзалға дейін шығарып салатын болды. Сыртта 10-15 минуттай күттім. Шаруасын бітіріп ол да шыға қалды. Өте асығыспыз. Көше бойлай таксиге қол көтердік. Қырсыққанда бір такси тоқтамайды ғой. Сол кездегі облыс әкімі Ө. Шөкеев таксилерді аялдаманың қасына тұрғызбайтын бір тәртіп енгізген болатын. Сөйтіп ЦУМ-ға дейін жаяу келдік. «Газельге» міне салайық» десем, Ғалекең көнбейді. Ақырында бір таксиді тоқтатып, айтқан бағасына бірден келісіп, автовокзалға жетіп алдық. Таксиден түссек, көше жағалай тұрған көп көліктердің ішінде көкпеңбек «Опель» тұр. Ғалекеңнің де көлігі осындай көкпеңбек болатын. 

Сол кезде барып досым:  

- Айтпақшы, мен әлгінде әкімшілікке көлігіммен келгенмін ғой... Неғып такси ұстап жүрміз? – деп маған қарайды.  

- Мен қайдан білейін, Ғалеке... – деп, мен оған қараймын.  

Сөйтсем, Ғалекең көк «Опелін» әрең-әрең дегенде әкімшіліктің артындағы тұраққа қойып, ішке кіргенде досын көрген соң есі шығып, менімен бірге ілесіп жүре беріпті ғой. Ал, кеп күлейік... 

Ғалекеңнің тағы бір ерекшелігі, шаруа шешкіш. Құдай біледі, Оңтүстікте оған шаруасын айтып, көмек сұрамаған әріптестер мүлдем аз шығар. Содан болар жолда жүрсе де, жұмыста отырса да, ас ішкенде де Ғалекеңнің қолынан ұялы телефоны түспейді. Қасында отырған соң не айтып жатқанын естисің ғой... 

- Әлеу, аға, қалайсыз?.. Сіздерде қанның барлық тобы табыла ма? – деп, бір бас дәрігермен сөйлесіп жатты бір кезде... 

- Ойбай, Ғалеке, қан не үшін керек? Жай ма? – деп шошып кеттім ол әңгімесін аяқтап, телефонын жанына қойған соң.  

- «Караванның» меншікті тілшісі Данил Шемратов реанимацияда жатыр екен. Жаңа ғана журналистердің ортақ чатында «Данилға қан керек» дегенді оқып, қан орталығына хабарласып жатқаным ғой, - деді Ғалекең. 

Артынша «Отырар» арнасындағы Зәуре жеңгейге хабарласып, Данилға қажетті қанның табылғанын айтып, әлгі дәрігердің телефон нөмірін беріп жатты. 

Тағы бірде шай іше бергенде «Хабардың» операторы Нұрмахан Мұсатов хабарласты. Сөз ыңғайынан байқағаным бір жақынын ауруханаға жатқызбақ болған сияқты.  

Ғалымжан досым: 

- Нұреке, кардиологияның бас дәрігерімен сөйлесіп қойдым. Сағат онға таман келсін деген. Менің атымнан бара беріңіз, - деді. 

Одан беріде өзім де Шымкентке барғанда белгілі журналист Еркін Досымбаймен кездесіп қалдым. Амандық-саулықтан кейін Ерекең зайыбы науқастанып, Астанаға жол жүріп бара жатқанын айтып қалды.  

Ғалекең салған жерден:  

- Ереке, егер қаржы жағынан қысылып тұрсаңыз бірден айтыңыз. Көмектесемін ғой... – деп, қолын қалтасына сала берді. 

Міне, біздің Ғалымжан досымыз осындай жан. Көптің алғысын алған азамат. Қашан көрсең әлдекімдердің шаруасын шешумен жүгіріп жүреді. Бұл Ғалекеңнің күнделікті тіршілігіне айналып кеткен. Әрине, талай жылдан бері Оңтүстіктен табан аудармай қызмет етіп келе жатқандықтан шығар, оның бұл өңірде танымайтын адамы кемде-кем. Бірақ, жұрттың бәрін танитын ықпалды адамдардың өздері алдарына өтініш айтып келгендердің шаруасына көп бас қатыра бермейді ғой. Ал, біздің Ғалекеңнің жүрегі жұмсақ. Бәрекелді, нағыз дос сендей-ақ болсын.  

Міне, мен осындай достарыммен мақтанамын. Сонау қиын да қызықты шақтарда табысқан Шадияр үшеумізді Алла тағалам мәңгілік дос етсін. Сол Алла тағалам Ғалекеңнің көпке көмектессем деген ақ-адал ниетіңе бақ-берекесін үйіп-төгіп бере берсін.  

Бүгінде қызы Іңкәр Назарбаев университетінде, ұлы Заңғар Назарбаев мектебінде білім алып жүр. Лайым, үміттерін ақтасын. Құдай қосқан жарың Раушан екеулерің құдай берген балапандарың Іңкәр мен Заңғардың бақыты мен қуанышын ұзағынан көре беріңдер. Ердің жасы елу тек құт-берекесімен келсін. Елге әрдайым жақсылығың тие берсін. Біз сенімен мақтанамыз, Ғалеке! 

Оралхан Дәуіт, 

Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі

Abai.kz

1 пікір