Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 7266 0 пікір 2 Қазан, 2009 сағат 04:23

Сенатор Өмірбек БАЙГЕЛДІ мырзаға ашық хат Әлімғазы ДӘУЛЕТХАН. ТАРИХ ТҮЙІНІН СІЗШЕ ТАРҚАТУҒА БОЛМАЙДЫ

Құрметті Өмірбек БАЙГЕЛДІ мырза!

Сіздің «Қазақстан» газеті тілшісі Сәуле ҚАБАНБАЙға берген  сұхбатыңызда (№12 (252) 2-сәуір, 2009) «Тарихтың тұйінін тарқатумен айналысып жүрмін» өйткені «...тарих саясаттың  ыңғайына қарай өзгерген. Адам баласы келісімге келе алмайтындай етіп шатасқан» деген уәж айтасыз.

Мен шынымды айтар болсам, Сіз тарқатпақшы болған тарихтың түйіндері жөніндегі тұжырымдырыңыздың соншама шатысып-бұтысып кеткенін, тарихи сауатыңыздың соншама шалалығы мен балаңдығына көзім жеткен соң ол жөнінде  пікір таластыруды мүлде қажетсіз деп есептеп едім.

Содан    бері де жарты жыл уақыт болыпты. «Атамның шоты шапқан сайын асып-асып тиеді» демекші, Сіз осы  аралықта тіпті шектен шығып, өзіңіз шатасқаныңызбен қоймай, тарихи санасы мен білім-білігі жаңа ғана қалыптасып келе жатқан жас ұрпақ пен қарапайым қазақты шатастыратын ақпараттық әуейлікке ұрынған үстіне ұрынып кеттіңіз.

Ол ол ма, қызмет бабыңызды асыра пайдаланып Астана мен Алматының атқамінерлері мен сөз ұстар ақсақал, қарасақалдарын жинап «өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанған қуанышқа» ортақтастыра бас шұлғытып мемлекеттік деңгейдегі науқанды да бастап жібердіңіз.

Белгілі сұхбатыңызда «701-жылы Қытайда туылған ЕЛІБАЙ (Ли БАЙ) деген ақынды аштым»,- деп айды аспанға шығарған едіңіз.

Құрметті Өмірбек БАЙГЕЛДІ мырза!

Сіздің «Қазақстан» газеті тілшісі Сәуле ҚАБАНБАЙға берген  сұхбатыңызда (№12 (252) 2-сәуір, 2009) «Тарихтың тұйінін тарқатумен айналысып жүрмін» өйткені «...тарих саясаттың  ыңғайына қарай өзгерген. Адам баласы келісімге келе алмайтындай етіп шатасқан» деген уәж айтасыз.

Мен шынымды айтар болсам, Сіз тарқатпақшы болған тарихтың түйіндері жөніндегі тұжырымдырыңыздың соншама шатысып-бұтысып кеткенін, тарихи сауатыңыздың соншама шалалығы мен балаңдығына көзім жеткен соң ол жөнінде  пікір таластыруды мүлде қажетсіз деп есептеп едім.

Содан    бері де жарты жыл уақыт болыпты. «Атамның шоты шапқан сайын асып-асып тиеді» демекші, Сіз осы  аралықта тіпті шектен шығып, өзіңіз шатасқаныңызбен қоймай, тарихи санасы мен білім-білігі жаңа ғана қалыптасып келе жатқан жас ұрпақ пен қарапайым қазақты шатастыратын ақпараттық әуейлікке ұрынған үстіне ұрынып кеттіңіз.

Ол ол ма, қызмет бабыңызды асыра пайдаланып Астана мен Алматының атқамінерлері мен сөз ұстар ақсақал, қарасақалдарын жинап «өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанған қуанышқа» ортақтастыра бас шұлғытып мемлекеттік деңгейдегі науқанды да бастап жібердіңіз.

Белгілі сұхбатыңызда «701-жылы Қытайда туылған ЕЛІБАЙ (Ли БАЙ) деген ақынды аштым»,- деп айды аспанға шығарған едіңіз.

Сізге қояр сұрақты осы  үзіндідегі «701 жылы Қытайда туылған ақында сіздің не жұмысыңыз бар еді» деп те, «ақынды аштым» деген не сөз?»- деп  сұраудан бастауға да болар еді. Бірақ, ол туралы айтар сөзді ірке тұрып, Сіз тарқатпақшы болған тарихи түйіндеріңіздің шатасқан-шиеленген тұстарынан бастауды жөн көрдік.

Сіз белгілі сұхбатыңызда «мен саяси айтыс-тартысты қойған адаммын» дей келіп «қызмет бабымен көп жерде болдым, бірақ, ол кезде зерттеу жұмысымен айналыса алмадым, қазір мүмкіндік бар» дейсіз. Түсіне алмадық. Сіз зейнеткер емес, нағыз қайнаған саяси айтыс-тартыс қазанының құлағын ұстаған Сенаттың мүйізі қарағайдай сенаторы емес пе едіңіз? Ендеше, мемлекет сеніп тапсырған ең басты міндетті қайырып қойып, өз бетіңізбен өзіңізге мүлде бейтаныс тарих түйінін тарқатуға кірісу неге керек болды?

Құрметті Сенатор мырза, Сіз тарихтың түйінін тарқатам деп қолыңыз көтере алмайтын шоқпарды беліңізге байлап алып, өзіңізді де, өзгені де  әурелеп жүргеніңізде әлі сезіне алмай отырған сияқтысыз. Сіз өзіңізбен қоймай, Қазақстан атты қасиетті атауды иеленген газет ұжымын да сөзге қалдырдыңыз. Сондықтан дәл осы «Қазақстан» газеті арқылы Сізге ашық хат жазып, тарихтың түйінін бәріміз бірлесе тарқатсақ қалай болар екен деген ниетімізді білдіргіміз келді. Сізбен әңгімелескен тілші Сәуленің қырғыздар жөніндегі  сұрағына ешбір ойланбастан, дастархан басында отырғандай-ақ: «қырғыз түк білмейді»- деп дүңк еткізесіз.

Қырғыздарға тиісіп нең бар еді

Сенатор мырза, Сіз қазақ мемлекеті атынан, қазақ халқының мүдделері тұрғысынан сөйлеуге тиісті саяси қайраткерсіз, былайша айтқанда елдестіруші елші адамсыз. Қазақ сенаторы көршілес, туысқан қырғыз халқы туралы баспасөз бетінде осылай сөйлеуі қай жөнге  келетінін бір сәт ойлап көрмеген сияқтысыз.

Жалпы, Сіздің қырғыз халқының тарихы мен тағдыр-тәлейі жөніндегі ұғым-түсініктеріңіздің шама-шарқы мынау екен: «қырғыз түк білмейді. «740-жылы қырғыздар ұйғырларды талқандады,(?) Новокузнецк - Алатау деген тау бар,(?) 840 жылы ұйғырлар есін жинап қырғыздарды қырады(?) қырғыздарға қытайлар көмектеседі. Бас сауғалаған қырғыздыр үшке бөлінеді. Бір бөлегі Сібірге кетіп, хакас болады. Екінші бөлегі Арқаға бет алады. Астанада қырғыз деген ру бар, олар қазаққа сіңіп кеткен қырғыздар, үшінші бөлігі Алатауды паналайды. Қырғыздыр: «Біз бас сауғалап келе жатырмыз» деп, қазақтардан пана сұрайды (?) «Алатаудың шетіне кіремін десең кір» деп рұқсат береді. Қырғыздар Тәңір тауын Х ғасырда паналаған»,- деп жауап беріпсіз.

Тарихтың түйінін тарқату үшін алдымен тарихшы болу керек шығар. Олай болмағанда орта мектеп оқушысына да  белгілі тарихи оқиғалар мен атаулы ай, жылдарды шатастырып осылайша күлкіге қалуға болады екен.

Өмірбек мырза, тарихтың әліппесінде Көк түріктер құрған екінші түрік қағанатын 740-жылы опасыздықпен талқандап, тарихи тас жазулар мен тас мүсіндерді қиратқан Орхон ұйғырлары мен қарлұқтар екені анық жазылған.

Қайдағы қырғызға қайдағы ұйғырды қырғызып жүрсіз?

Ал, 100 жыл дәурен сүрген Ұйғыр қағанатын 840-жылы Енисай қырғыздары маңайындағы басқа түрік тайпаларын қоса табғаштармен тіл біріктіріп талқандап жібергені, үшке бөлініп қашқан қырғыздар емес, ұйғырлар екені, (басым көпшілігі Тұрпан, Құмұл, Бесбалыққа) шағын тобы Гансу - Дұң Хуаң маңына кетіп, кейін сары ұйғыр атанғаны, Пан тегін бастаған 15 тайпасының Жетісу, Ыстықкөл жеріне келіп бас сауғалағанын тарихшылар ғана емес, сауатты адамдардың бәрі білетін әдеттегі нәрсе еді.

Уақыт өте келе Қара хан, Қарақытай, Шағатай, Жошы хандықтары тұсында қазақ, қырғыз, өзбек халқы құрамына қосылып сіңісіп кеткені, Алты шәріге барған ұйғырлар ғана ұйғыр атын сақтап қалғаны, ал Жетісудағы бүгінгі ұйғырлардың 1880 ж. кейін орыс-қытай шекара бөлісі кезінде ауып келген Тараншы - ұйғырлар екені баса айтпасақ бағы жоқ бір дауға себепші болып қалармыз. Сіз қалай білмей қалдыңыз? «Қырғыз түк білмейді» дегенде сіздің білгеніңіз осы ма? Өкінішті-ақ.

АБАЙды қойып АБЫЛАЙДАН да безейін дедіңіз бе?

Ал, Астана маңындағы, Көкшетау  жеріндегі қырғыздырдың қашан қоныстанғанын білмеу, Сіз үшін тіпті де ыңғайсыз-ақ. Қырғыздар арқа жеріне  бұдан  1169 жыл бұрын емес, 240 жылдың алдында, АБЫЛАЙ хан мен ҚАБАНБАЙ батыр бастаған жойқын соғыста тұтқын болып, айдалып барған қырғыздар болатын. Ол туралы атақты ғалым, Шоқан УӘЛИХАНОВ аққан жұлдыздай болған қысқа ғұмырында былай деп ап-анық  жазып кеткен: «1770-жылы Абылай жорығының даңқы күшті болған. Ұрысқа қырғыздардың оңы мен солы түгел қатысқан. СОЛТЫ мен САЯҚ руы талқандалып, атақты ЖАЙЫЛ батыр өлтіріледі де, бұл соғыс «Жайылдың қырғыны» деп аталады. БҰҒЫ руын Ыстықкөлде қиратып, тонап алады. Алатау қырғыздарының ӘТЕКЕ Жырық батыры да, басқалар да  сонда болады... ТОҚАШтың қара төбесі қайсақтардың  топталып, ту тіккен жеріне айналады. Алатау қырғыздары жантүршігерлік қырғынға ұшырайды. ШОҢБАҒЫШ руынан тек болғаны екі ауыл ғана, ал, ШОҢТАЛҚАН тарамынан не бәрі 40 кісі ғана аман қалады. Жайылдың қызы, Әтекенің әйелі  БИКЕМЖАНның жоқтауын қырғыздыр осы кезге дейін жырлайды. Осы ұрыстың нәтижесінде Көкшетауға бітім сұрап Алатау қырғыздарының БАРША руының уәкілдері барады.  «Бұдан былай бір-бірімізді өлтірмейміз деп  тұңғыш рет уәдеге келеді». Осыдан соң қырғыздар мен қазақтардың жайлау бөлігі белгіленеді. Абылай тұтқын қырғыздардан құралған елді «жаңа қырғыз», «бай қырғыз» деп екі болыс ел етіп құрады». (Ш.Уәлиханов. Таңдамалы шығармалар. 159-160 б.  Алматы.)

Ал, Абылайдың осы  реткі жойқын жорыққа  аттануының себебін, қытай деректеріне түскен Гау ЗҰҢ патша (1736-1796) орда жазбаларын ұсынамыз: Чиң патшалығы Гаузұңның орда естелігінің «725 және 985 бөліміндегі жазба деректерге қарағанда қырғыздыр 1766 жылдары қазақ еліне арт-артынан үш рет шабуыл жасаған. Сол шабуылда Қабанбайдың інісі  ҚАРАҚҰРСАҚтың ауылы ауыр шабындыға тап болып, тұқымға әрең бір бала қалған (Бұл жағдай «Қабанбай» атты қиссада  толық айтылған). Сол себепті Абылай мен Қабанбай 1769-1770 жылы қырғыздарға қарсы өш алу жорығын жасап, олардың ойран-топырын шығарады.

«Абылай қолы Қарабалдан (Қарабалта) деген жерде бұрттармен (қырғыздармен) соғысады. Қырғыздардың ер-әйелі, мал-мүлкі талауға түседі. Бұрттардың Әтеке бастаған адамдары Талас деген жерге дейін қуып келген еді, бірақ, күйрей жеңілді. Мыңнан артық адамы өліп, мыңнан артық адамдары тұтқындалады. Олардың арасында көптеген ел басылары да бар. Сөйтіп, қазақтар өш алу үшін бұрттардың (қырғыздардың) ойран-топырын шығарады». (Чиң патшалығы (1616-1911), Гау Зұң патша Орда естелігі. 985-бөлім, 28 б.)

Қырғыздар туралы әңгімені осымен доғарамыз.

Ех, Александар, Александар...

Алайда, Өмекең тарқатқысы келген тарих түйінінің ауқымы «орасан зор», шынымен-ақ Өмекең өзі айтқандай «оны түсінуге халық дайын емес» көрінеді. Сонда халқына көңілі толмай отырған абыз қариямыздың мына сәуегейлігінің парқына жету үшін біз - қазақтар не істеуіміз керек?

Бірді айтып бірге кететін әйгілі сұхбатында ол кісі төбеден түскендей етіп Александр туралы сөйлей жөнеледі:

«...Қазақ жерінде қайдағы Александр? Ескендірді Александр деп тарихты шатастырдық. Ескендір дегеніміз... Еділ  (Аттила) батыр. Алла тағала оны пайғамбарым деп, Ескендір деген есім береді. Қытайдың жеріне Александр МАКЕДОНСКИЙ аяқ баспаған. Қытайға шабуыл жасаған Еділ батыр».

Ал әйпетсе, көзі қарақты оқырман, бұған не деп жауап беруге болар еді? Жауап беруге, сөз қор қылуға  тұра ма, өзі?   Мұндай шатасқан ой-қиялмен тарих түйінін тарқату мүмкін бе?

Өмекеңнің тағы бір сәугейлігіне назар аударыңыздар: «Қытайдың Нан Кинь, Сыш Вань, Пекин, Ман Шан деген төрт өлкесінде (қала мен өлкені  шатастыруға бола ма?) болдым. Өлке орталығында 17 млн. адам, аудан орталығында 5 млн. халық тұрады екен. Тай-түрік бабаларымыздың империясы. Ондағы шиндар, тибеттіктер, Ман Шинь қытайдың Лао империясы болған. Лао империясының халқы сынғандар деп аталған. Печорин (Лермонтовтың Печоринін әйгілі синолог Н.Я.Бичуринмен шатастыру да  баспаның қатесі емес екені белгілі Ә.Д.) Сынғандарды кидан деп аударып шатастырады. Сынғандарға қазақтар да, шиндар да салық төлеген. Бұл халықты жойған Шыңғысхан. Мұны қытай елі де растап отыр».

Ал, бұған не дейміз? Тай-түрік бабасы не? Лао империясы деген қандай империя? Қытай жазба деректерінде он ғасырдан бері ол туралы: «Лиау» хандық патшалық: (Б.з 1045-1125) чидандық  Ие Лүй Абаужи құрған мемлекет. Алғашында Чидан аталған хандық 938-жылы атын Лияу хандығы деп  өзгеркен.

Чидан деген ежелгі ұлт, ол Шығыс Хулардың  (Дұң Ху - тұңғыстар Ә.Д.)  бір тармағы. Мал шаруашылығымен айналысатын көшпенді халық»,- деп жазылып келеді. Мекені Қытайдың Шығыс солтүстігіндегі Лиау өзенінің жоғарғы ағысында. (Қазіргі заман қытай тілі сөздігі. 1983. Бейжин. 902 б.)

Чидан уқыт өте келе кидан-тоба-тәбғаш-қара қытай болып, әр дәуірде әртүрлі аталды. «Сынған» деген халық, ұлт атауы болғанын жазба тарих мойындамайды. Ал, «тай-түрік бабалары» деген кімнің бабасы? Шыңғыс хан жойған дегенде, қай жағрафиялық аумақтағы, қай хандықты меңзеп отыр тарихшы сенатор? Түсініп көр.

«Печорин» ештеңені де шатастырған жоқ, қытай иероглифінде  қалай таңбаланса, солай оқып, жазып отыр.

Осы арада шатасқан тарих туралы бірер ауыз түсінік бере кеткеннің артықтығы жоқ сияқты. Өйткені, білдей сенатор шатасып, жұртты да шатастырған, бірақ, әлем тарихының әліппесіндей болып барлық кітіптарда анық жазылған Аттила (Еділ) батыр жөніндегі жазба деректерді тізбелеуге мәжбүр болып отырмыз.

«Аттила (453 ж.ө) Ғұн тайпалары одағының көсемі. (434-453) Аттиланың басқару Орталығы қазіргі Венгрия жерінде болды. Оның тұсында Ғұн тайпаларының одағы көркейіп өсті. Олар шығыста - Кавказға, батыста - Рейнге, солтүстікте - даниялық аралдарға, оңтүстікте -Дунай өзеніне дейінгі жерлерде билік жүргізді.

...452 жылы Солтүстік Италияны ойрандап, Падуя, Милан т.б. қалаларды алды. Рим салық төлеп құтылды». (Қазақ совет энциклопедиясы. 1.том. 565 б. 1972. Алматы).

Сауатты оқырман бұған күмән келтірмейді. Еділ патша билік құрған Еуропадан Қытай қорғанына дейін мыңдаған шақырым аралық жатқанын да есептей алады. Қиялдау-шалықтауға орын жоқ.

Қай қырғынды айтып отырсыз, сенатор мырза

Өмекең шатастырып отырған, ол кісінің «тай-түрік бабаларын» жойған Шыңғыс хан дегенін түсіну тіпті қиын.

Шыңғыс хан жойған хандықтың бірі - қазақ түгілі күллі түріктерге қатысы шамалы бирмалықтар мен таңғұттар, тибеттіктер мен басқа да қырық рулы аралас халықтар құрған «Батыс шия» (1038-1227) мемлекеті болар. Ол мемлекеттің аумағы  Қазақстаннан шалғайда жатқан қазіргі  Ниң шия (дүңгендердің жері), Шияншй өлкесінің батыс солтүстігі, Ган су өлкесінің батыс солтүстігі, Шиңхай өлкесінің шығыс солтүстігі мен Қытайға қарасты ішкі моңғолияның батысын қамтыған. Әзіргі негізгі халқы дұңғандар мен тибеттіктер, ішінара моңғолдар болып табылады.

Қазақ хандығынан бұрынғы Қарахан мемлекеті тұсында да, қарақытайлар-кидандар Жетісу мен Орталық Азияда құрған Лияу хандығы тұсында да таңғұттар құрған Батыс Шия (907-1125)  патшалығына бағыныштылық, алым-салық төлегені жөнінде жазба дерек мүлде  жоқ екені белгілі. Ал қарақытайдың бүгінгі Қытай - Хан ұлтына ешбір туыстығы жоқ тұңғыс - моңғол текті халық екені, Шыңғыс хан жорығынан кейін жергілікті қазақ, қырғыз, өзбек, ұйғыр, т.б. халықтарға сіңіп, мұсылман болып кеткені тарихи шындық

«Тай-түрік ата-бабаларымыз» жөнінде бір нәрсе деу тіпті жөнсіз.

Олай болғанда, Өмірбек Байгелді қандай тарихи жазба деректеріне сүйеніп «тай-түрік-сынған ата-бабалары» жөнінде ой кездіргенін айтып бере алар ма екен? Күтеміз.

Тарихқа сенатордың бар таласы...

Тарихтан белгілі болғанындай, Батыс Шия мемлекетін де, қара қытай - Лияу мемлекетін де, Қарахандар мемлекетін де жойған Шыңғыс хан екені жөнінде Сізше «Қытай елінің растауына» жүгінудің қажеті жоқ. Тарихтан әліппелік сауаты бар адамдардың бәріне белгілі жай.

Ал, Өмірбек мырзаның «өзіне ғана берілген ерекше қасиетінің» арқасында ашқан «Жер ұйығы, ғұламалар, қазақтан шыққан төрт пайғамбар жатқан қасиетті  Шу өңірі, бұдан 5000 жыл бұрын өмір сүрген ИБРАҺИМ пайғамбар, 7000 жыл бұрын өмір сүрген МҮСІН пайғамбар, 11000 жыл бұрын өмір сүрген сақтар т.б. жөніндегі балгерлік-сәуегейліктері жөнінде сөз таластырып әуре болмайық, өйткені біз, ондай «ерекше қасиеті жоқ, құдайдың құлы, пайғамбардың үмметі ғанамыз. «Аяз әліңді біл, құмырысқа жолыңды біл» деген қазақ даналығын естен шығара алмаймыз.

Қиялдаудың да шегі болатын еді

Ендігі соңғы сөзді Өмекең «ашқан» Елдібай ақынға қатысты бірнеше «жаңалықтарына» арнамақшымыз. Өмекеңді «Мәдениет қайраткері» атандырған ең басты еңбегі «Қытай елінің бүкіл тарихындағы ең ұлы, ең биік, әлемге әйгілі болған Ли Бай деген ақынын, зерттей келгенде, біздің қазақ халқының төл ұрпағы екендігін дәлелдеп, анықтағандығы» көрінеді. Сонда, қытайша ең болмаса, амандасып, есен-саулық сұрасуды білмейтін  сенатор мырзаның 1300 жылдың алдында өмір сүрген қытай ақынының қазақтың төл ұрпағы екенін дәлелдеп шыққанына қалай сенуге болады? Өмекең «аштым» деген жаңалықтарды қытай жазба деректеріне «негіздеп, аударып» берген Мұхтархан ОРАЗБАЙдың қазақ халқы мен қазақ мемлекетін ұятқа қалдырған өрескел бұрмалаулары мен қасақана алдап-арбаулары жөнінде айтылар сөз басқа. Солай болса да, сенатор-тарихшы Өмекеңнен мынадай сұрақтардың жауабын сұрауға болатын шығар.

-Қытайда мыңдаған жылдардан бері атадан балаға ата-тек есім болып келе жатқан, бір ғана Ли фамилиясын иеленген миллиондаған ұрпатыѓ ішінен қандай тіл заңдылығына сүйеніп Ли Байды - EI-de-bai- Елдібай атты қазақ жасап алғаныңызды дәлелдеп бере аласыз ба?

Қытайлардың  аты-жөндерін әркім қалағанынша аударып, қазаққа меншіктей берсе, мына дүние не болып кетер еді?

Сол сияқтя Ли Байдың әкесі «Ли Кені» қандай сиқырлы дұғаның күшімен «Алқа би» етіп алдыңыз? Одан да сорақысы - «Елібай. Ли Бай. Ли бо»  атты кітапқа жазған «Беташар» сөзінде Өмекең ешбір шек-шүбәсіз: Ақын өзін «Дулат бабаның тоғызыншы ұрпағымын» деп анық айтқан» деп бадырайта жазады.

Сондай-ақ, ол тағы да бастырмалата «...өзінің жеті атасына дейінгі шежіресі түгел беріліпті, әзірше олар қытайша жазылғандықтан қазақшасы аударылып шыға қойған жоқ. Бесінші атасы түрік қағанатының ішіне кірген дербес (?) 16 ханның бірі болыпты. Руы барлық жердегідей (?) бірде ДУЛЫ, бірде ДУЛАТ деп оқылып, айтылып жүр екен» - (7-бет) деп нықтай түседі.

Ғылымда, әсіресе, тарих ғылымында қалыптасқан қатаң қағидалар мен заңдылықтар бар. Тарихшы ең алдымен зерттеп отырған тақырыбына қатысты дерек көздері мен оның дерекнамалық баянына арқа сүйеуі керек. Дастархан басында отырған қариялардың « дейді екен, депті екен, пәлен кітапта немесе пәлен газет, жорналда жазыпты екеніне» сүйеніп тарих түйінін тарқатуға болмайтынын білетін уақыт әлі жетпегені ме?

Аталмыш дөкей кітаптың 99 бетінде Өмекең мен Мұхтархан аударуға үлгермеген Ли Байдың ата шежіресі қытай жазуымен беріліпті. Бар болғаны бір бет қана. Қытайдың ескі-жаңа жазуын оқудың «білгірі» болған  Мұхтархан мырза оны өзінен басқа оқи да, түсіне де алмайды деп ойласа керек. Өзіне құдайдай сенетін Өмекең көкесіне ол арғы атасы қытайдың Хан патшалығының (Б.з. бұрынғы 206-заманымыздың 220-жыл аралығы) әйгілі генералы Ли Гуаң екенін. 16 хандық тұсында (304-439) Батыс Лияң хандығын құрған Ли Хаудың 9-ұрпағы екенін көрсететін шежірелік кестені теріс аударып «Дулат бабаның  9-ұрпағы» деп сендіреді. Біздің қоғамда, сіз бен біздің көзімізді бақырайтып қойып осындай сорақылықтарға ұялмай баратын адамдардың алшаң басып жүргені, ол өз алдына ғана лақпай, күллі қазақ зиялыларын, сенаторлар мен халық жазушыларын адастыруға жол берілетіні қалай?

Ли Байға қатысты толып жатқан қасақана бұрмалаулардың мән-жәйін анықтап беру үшін қытай тілінің «білгірі», профессор-тарихшы Мұхтархан Оразбаймен айтыспасақ, елеске елтіп алған Өмекеңе бір нәрсе деу қиын сияқты.

Әзірше абайсыздан дөкей  кітапқа қытайша нұсқасы кіргізілген «Ли Бай шы ши биауды» (Ли Байдың ата-баба шежіресін) қазақшалап берсек, көзі қарақты оқырманның өзі-ақ ақ-қарасын айырып алар.

Осы кестенің ең астына не жазылған екен? Масқара-ай, білгіштер ұялмай-қызармай-ақ: «Ақынның сақталған шежіресі: Бесінші атасы түрік қағанатының қағаны болған дейді»,- деп қазақшалап қойыпты. Бұған не деуге болады?

Ал, осы шежіреге ескерту ретінде қытай ғалымдарының  төрт түрлі болжам пікірлері беріліпті. Ол туралы біз де арнаулы тоқталатын боламыз, алдағы уақытта.

«Ештен кеш жақсы» деген ойланыңыз сенеатор мырза

Құрметті Сенатор мырза, тарих - көңіл-күймен, қитұрқы мүдделердің қылымсыған қыңқылына қыңа қоймайтын аса қатал да қайсар ақыл-ойдың жемісі екенін бір минут та есімізден шығармауға тиіспіз. Сізге, мынадай сөздермен тарихпен ойнауға болмайтынын айтқымыз келеді.

«Бір айта кететін жәй, Елібай ақынды еш жерде де, еш уақытта да қытайдың өз халқының ұрпағы деп айтпаған екен, және айтпайды да екен. Керісінше Орта Азиядан, ғұндардан шыққан Шу өзенінің бойында, Шу қаласында туған деген түсінік кеңінен орын алыпты» («Елібай» 5-бет).

Сізге қарсы айтарымыз, Ли Бай ақынды еш жерде де, еш уақытта да қытайлар өз халқының ұрпағы емес деп айтқан да, жазған да емес. Ал, туылған жері туралы өткен ғасырдың екінші ширегінде, әсіресе, 60-70 жылдардағы коммунистік авантюра құтырынған кезеңде партиялық әрі ұлы хандық шовинистік идеология қажеті үшін Орталық Азияға, Шу өңіріне қарай бейімдейтін зерттеусымақтар бой көтергені болмаса (Го Моро т.б. ғалымдар аузымен), Қытайдың Ли Бай зерттеушілері ақын «Таң патшалығына қарасты Шу, (Суябты білдіретін - Су йе емес), (Сышуан өлкесінің ескі атауы) өлкесінің Шаңмиң өңіріндегі Шиңлиан қыстағының адамы, жанама аты Тай Бай, лақабы Шиңлиандық (біздің фараптық - түркістандық немесе алматылық дегеніміздей) кісі» деп жазудан еш жаңылған емес. («Жұңгоның әйгілі адам  есімдерінің үлкен лұғаты» 1921 және 1948 жылдар, Шаңхай Шаң  У баспаханасы. 383 б. және 670 б.)

Өмеке, Сіздер жалаулатып жүрген Го МОРОның  сөзі дегеннің баспасөз бетіне қалай көтерілгені туралы да алда кеңінен сөз ететін боламыз.

Қазақстанға қарасты  Шу-Талас өңірі жөнінде қытай жазбалары ештеңе демегені және Қырғыздың Тоқмақ қаласы маңы туралы жазбалар қытай баспасөзінде 1970-жылдардан кейін ғана пайда болғаны көп нәрседен хабар берсе керек.

Қытайдың Ли Байтанушылары оның туылған жері  туралы әртүрлі болжам айтқанның өзінде, оның  түрік халықтарына - қазақ ұлтына, оның Дулат руына  қатысы жөнінде бір иероглиф арнап көрген емес, қайта ұлы Қытайдың ұлы ақын перзенті екенін жанын сала қорғап, айқындап беруден танған емес, сондықтан қытай халқының атынан, Қытайдың Ли Байтанушылары атынан өкім шығара сөз айту Сіз сияқты  Сенатор мырзаға мүлде жараспайды.

Өмірбек Байгелді мырза, сіз шынымен «тарихтың түйінін тарқатуға» бел байласаңыз, жарты жолда тоқтап қалмаңыз. Астамшылыққа да ұрынбаңыз, тарихқа, ғылымға құрмет ете отырып біз тарапынан Сізге қойылған сұрақтар мен терістеулер жөніндегі салихалы ойларыңыз болса айта жатарсыз..

Осындайда, тәуелсіздік алғаннан бергі 20 жылға таяу уақыт ішінде қазақ баспасөзінде жарияланған тарихи тақырыпқа арналған алуан түрлі зерттеу мақалалар мен том-том кітаптарда жазылғандарды сараптап қарағанымызда қоғамдық ғылымдар мен әдебиет саласында Мұхтар ӘУЕЗОВ, Ғабит МҮСІРЕПОВ, Әлкей МАРҒҰЛАН, Қаныш СӘТБАЕВ сияқты жұрт мойындаған, айтқан сөзі өкімдей орындалатын, зор беделдердің жоқтығы, сондықтан «бас-басына би болған өңкей қиқымдардың» жүгенсіз кетіп, ұлттық, тарихи санасы енді ғана қайта қалыптаса  бастаған халқымызды шатастырып бара жатқаны жанға батады екен.

Шығыс даналығының бір жауһарындай тарих көшінің алдын жарқыратып келген «патша - патшаға, уәзір - уәзірге, әке - әкеге, бала - балаға ұқсауы керек» дейтін өсиетінен көз жазып қалған сияқтымыз.

Ең дұрысы - етікті етікші тіккені, алтын-күмісті  зергер ұстағаны, қойды қасапшының бауыздағаны жөн болар.

Әлімғазы ДӘУЛЕТХАН

т.ғ.к.

«Қазақстан» газеті, №35 (275), 1-қазан, 2009 ж

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5552