Трамптың «тізе батыру» дипломатиясы...

АҚШ президенті Доналд Трампты ата-анасы 13 жасында Нью-Йорк әскери иниститутына оқуға берген екен. Трамп әскери оқу орнында спортқа деген ерекше қызғындылығымен көзге түсіпті. Футбол да теуіпті. Бейсбол командасының атаманы деңгейіне дейін көтеріліпті. 1964 жылы иниститутты бітіретін жылы «капитан» шенін алыпты. Бүгінде оның қарсыласына айналған Нью-Йорк таймс газеті студент Трамптың жеңісті сәтінен фото жариялапты.
Көптеген саяси сарапшылар Трамптың бір мойындығын, Американы алдынғы орынға қоятын, өзге елдерге айбат шегетін ұстанымын әскери оқу орнында алған тәрбиесімен байланыстырады. Десе-дегендей Трамп Ақ үйге екінші рет келгелі-бері ешкімді аяп жатқан жоқ. Өзінің іргесіндегі көршілерінен бастап, алыс ағайындарына дейін кедендік салық ұртоқпағын көтеріп, күштеп айтқанына көндіруге қам жасауда.
Украина президенті Зеленский бір сұхбатында: «Трамп мықтыларды ғана мойындайды, әлсіздерді көзге ілмейді», - деген еді. Айтқаны айдай келді. Ақпанның 28-і күні Ақ үйде болған жанжалдан кейін, өркөкірек Трамп Украинаға кәрін төкті. Әскери көмекті тоқтатты. Украинаны соғыста бірден ырықсыз орынға түсірді. Қазіргі нитернет заманында бұл жағымсыз шешімнің салдарынан гөрі дақпырты ауыр болды. Украина әскері Суджа мен Курскідегі басымдығынан айырылды.
Трамптың әлсіз Зеленскийге тізе батыруы онымен ғана біткен жоқ. АҚШ өкілдері Украинаның бұрынғы басшылары Порошенко, Тимошенкомен кездесу өткізіп, Зеленскийді кетіру үшін түрлі-түсті төңкеріс ұйымдастырудан кетары емес екенін жеткізді. Осындай Ақ үйден келген қатаң қысымның салдарынан Зеленскийдің АҚШ ұсынған уақытша соғыс тоқтату келісіміне келісуден басқа амалы қалмады.
Трамптың «тізе батыру» дипломатиясы Зеленскийді тұқыртуда өз рөлін көрсеткенімен, енді сынаққа тап болғалы тұр. Путин оңай шағылатын жаңғақ емес. Допты қағып алғанымен, ойнауға асықпайды. Ойын ережесін өзі бекіткісі келеді. Оны Трамп та біліп отыр. Соғысты 30 күн тоқтатуға келісім бермесе, «салдары ауыр болады» деп қоразданып та қойды.
Негізі соғыстың 3 жылғы жағдайын қортындылаған сарапшылар АҚШ пен Еуропада Путинді жеңуге екі рет орай болды дейді. Оның бірі - «Вагнер» атаманы Пригожин Мәскеуге жорық бастағанда, Енді бірі - былтыр тамызда Украина сарбаздары Курскіге басып кіргенде. Екі ретте де Ақ үй мен Еуропа басшылары екіүдай болып, батыл байламға келе алмаған. Ішкі бүлікші Пригожиге болсын, Украина тарапқа болсын ақпараттық демеушілік жасап, жан-жақтылы қолдау білдіргенде Путин Кремльде бүгінгідей миығынан күліп отырмас еді дейді.
Путин түлкібұлаңға салып келісімнен бас тартса Трамп не істей алуы мүмкін? Өзі айтқандай қандай ойын картасы бар? Ресейдің Еуропамен есеп айырысып отырған санкцияға ілінбеген санаулы банктерін SWIFT жүйесінен шығаруы мүмкін.
Одан бөлек Орта Шығыстағыдай «орыс көктемін» ұйымдастыруы мүмкін бе?
АҚШ мемлекет хатшысы Рубио бір сұхбатында Еуропалық бір дипломаттың Зеленский мен Еуропаның соғыстың жалғасуына мүдделі екенін, оған себеп соғыс жалғаса берсе Ресейдің экономикасы бір жылға ғана шыдайтыннын, Путиннің қайтадан жалпы халықтық моблизация жариялауға мәжбүр болатынын, ол өз кезегінде ішкі наразылыққа ұласып, түрлі-түсті төңкеріске әкелетінін өзіне сырғып айтқанын жариялап еді.
Әлсізге де, әлдіге де «тізе батыру» дипломатиясын ұстанған Трамптан бәрін күтуге болады.
Abai.kz