Сұхбат: Отбасы – қоғамның өзегі!

Бүгін 16 наурыз, Отбасы құндылықтары күні құтты болсын!
Бүгін, елімізде «Шаңырақ күні» аталып өтуде. Бұл күні елімізде отбасылық құндылықтар мен ұлттық салт‑дәстүріміз кеңінен насихатталады. Бұл – көп ұлттар мекендеген Қазақстан халқына қазақ мәдениеті мен дәстүрін танытудың ерекше көрінісі. Осыған сай, редакциямызға психология ғылымдарының кандидаты, «International Institute of Differential Psychology» институтының Құрметті профессоры (Берлин) Есімбекова Бақыт Оразайқызын шақырып отырмыз.

Сурет: Спикердің жеке мұрағатынан алынды.
Әбдірашит Бәкірұлы:
– Бақыт Оразайқызы, әр халықтың өзіндік даму ерекшеліктері әртүрлі. Бұл ерекшеліктер қандай, неден тұрады? Әр халықтың өз дәстүр‑салты, дүниетанымы, наным‑сенімі, өнері, киім кию үлгісі, оның өмір сүру қалыбы, табиғи ареалы бар. Соған сай әрбір халықтың отбасылық институты қалыптасады. Осы тұрғыда өз ойыңызбен бөліссеңіз.
Бақыт Оразайқызы:
– Дұрыс айтасыз, отбасылық институт ір халықтың өз мемлекетінің шағын көшірмесі десе болады. Оның тұрақтылығы – отбасылық құндылықтардың әулеттен-әулетке, ұрпақтан-ұрпаққа мұра ретінде ауыса отырып, жүйеленіп орнығуында. Сол арқылы халықтық келбет қалыптасады. Мұндай тарихи даму қазақ халқында ХІХ ғасыр мен ХХ ғасыр басына дейін жалғасып, негізінен «дара (шағын) отбасы» түрінде болды. Ал, «дара отбасында» патриархалды қауымының көптеген сипаттары сақталады. Бірақ, Кеңес заманында, әсіресе, ұжымдық шаруашылықтар құрылуымен бұл типтес отбасылық институты күшін жоя бастаған. Оған негізгі себеп: саяси‑әлеуметтік, экономикалық, тұрмыстық факторлар еді. Дегенмен, отбасылық үлгіде бірқатар архетиптік белгілер әлі де сақталуда: ол ‑ «ата баласы» ұғымының болуы. Өйткені, «ата баласы» деген түсінік – ұрпақ сабақтастығын, оның әулетке айналуының көрінісі. Бүгінде ол жалпыұлттық сипатқа қарай ауысып келеді. Себебі, еліміздің тәуелсіздік алуымен бірге, енді отбасылық деңгейдегі құндылықтарды ұлттық деңгейдегі құндылықтар алмастыруда. Мемлекетіміздің іргетасы берік болуы үшін бұл аса қажет үрдіс.
Әбдірашит Бәкірұлы:
– Ендеше, бұдан «мемлекет отбасылық институтының дамуына мүдделі» деген қорытынды шықпай ма?
Бақыт Оразайқызы:
– Әрине, отбасы - ол әлеуметтік институт. Ол – қоғамдағы әлеуметтік норманы, тәртіп үлгілерін, қандық және некелік қарым-қатынасты реттеуші, тәрбие нормаларын, құндылықтарды жеткізуші, текті жалғастырушы институт. Мысалы, психолог ретінде мен балалардың өз ең құпия ойларымен, сырларымен ата-анасымен бөлісетінін атап өткім келеді. Қазақтың «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген мақалы осыған меңзейді. Белгілі ғалым А.Э.Измаилов: «Отбасыда алғашқы туыстық сезім қалыптасады. Соған сай шағын ұжымдық қатынас орнайды. Әке мен ананың тәрбие беру әрекеті мен әдістері, отбасылық құпиялар мен сыр етіп қана айтуға болатын нәрселер жүйеленіп, орнығады. Бұл – жалпы сипатқа ие бола отырып, өз кезегінде, халықтық педагогиканы қалыптастырады» деп жазған.
Халықтық педагогика отбасы құндылықтарын қалыптастыру негізі. Олар: ана тілін меңгеру; өзара сыйластық пен түсіністікке үйрету; отбасылық ереже мен оның сақталуын қадағалау; денсаулық пен салауаттылықты сақтау; отбасылық құпия сырларды жария етпеу; еңбек етуге және білім алуға үйрету; махаббат пен бақыт туралы оң түсінікті жеткізу. Отбасы – адам үшін ең жылы орын. Қазақ оны «Шаңырақ» деп атаған.
Дейтұрғанмен, отбасын құру және отбасылық қарым-қатынас өте күрделі үрдіс. Бұл жеке дара іске аспайды. Мұнда қарым‑қатынас жүйесіне ұлттық дәстүр мен мәдениет, руханият кірігуі маңызды. Мемлекет осы қажеттікті үнемі қадағалап, қамтамасыз етіп отыру жауапкершілігін өз мойнына алады. Осының бәрі өз кезегінде отбасы қарым-қатынасының жүйесін қалыптастырды.
Әбдірашит Бәкірұлы:
– Бұл жүйе қазақ халқында «көргенді жердің баласы», «үлгілі отбасы», «тектіден туған» және т.т. көрнекті сөздермен сипатталады. Осы туралы не айтуға болады?
Бақыт Оразайқызы:
– Тәрбие балалық шақпен шектелмейді: ол адамның бүкіл өмірінде жалғасады және ол оны ұстануы тиіс. Бірақ, жастық шақтағы тәрбиені ештеңе алмастыра алмайды. Адам белсенді өмірге жеткен соң, өзіне қажетті моральдық икемділікке ие болады, яғни, «мәдениеттенеді». Егер, ол қоғамдық прогреске бағытталса – жақсылық, адам өзімшілдікке бармайды. Бірақ бұл жеткіліксіз: егер оның үздіксіздігі сақталмаса, онда тәрбиенің кемшіндігі байқалады. Яғни, «қоғамдық адам» өмір бойы «моральдық оқудан» үзілмеуі тиіс, оның жақсылығын да көре алатын болуы тиіс. Демек, алғашқы адамгершілік тәрбие адамдардың бүкіл өмірінде тоқтамауы керек.
Әбдірашит Бәкірұлы:
– Отбасы түрлері туралы не айтуға болады?
Бақыт Оразайқызы:
– Бүгінгі қоғамдағы отбасыларын зерттеушілер былай топтастырады:
1. Кәдімгі отбасы – ата-анасы және солардың ғана балалары;
2. Кеңейген отбасы – жұбайлардың әке-шешесі, олардың бауырлары, бірге туған туыстары.
Кәдімгі отбасылардың бәрі бірдей моногамдық болмайды. Моногамдық отбасы бір күйеу мен бір әйелден құрылған отбасы. Моногамдық отбасына қарама-қарсы отбасын полигамиялық дейді.
Полигамиялық отбасы – яғни бір еркектің ресми рұқсат етілген бірнеше әйелінің болуы (әлемде шамамен 193 мемлекетте рұқсат етілген); Полиандриялық (сирек кездесетін құбылыс) ‑ бір әйел бірнеше еркекпен тұрады (әлемде 2 мемлекетте бар).
Әбдірашит Бәкірұлы:
– Полиандриялық дейсіз бе... Сұмдық, пәлесінен аулақ кетсін!
Бақыт Оразайқызы:
– Иә, аулақ болғаны жөн. Бұл, негізі, жабайылық қалыпта, адамзат өркениетінен оқшау қалып, бүгінде ғана «аралдық мемлекет» статусындағы елде ғана сақталуы мүмкін. Болмаса, өркениетті елдердің бәрі дерлік «моногамды отбасы» болып келеді. Себебі, тек осы жағдай ғана ұлт пен халықтың, мемлекеттің мәдени‑рухани тұрақты дамуына оңтайлы. Жұбайлардың некеге тұруы мен өмірге әкелген балаларын бірге өсіруі, оларды қоғамға дайындауы, психологиялық‑физиологиялық жағынан қауіпсіздіктерін қамтамасыз етуі, қоғам мәдениетіне сай рухани және мораль нормаларын қалыптастыруы – моногамдық отбасыда әлдеқайда сапалы жүзеге асады. Ал, «көп әйел алу» рұқсат етілген қоғамдар қазір қарқынды дамып бара жатқан адамзат өркениетіне ілесе алмай, екінші қатарда қалып бара жатқаны – сол сапаның жетіспеуінен туындайды. Шындық осы.
Әбдірашит Бәкірұлы:
– Қазіргі қоғамдағы отбасылық сипаты қандай?
Бақыт Оразайқызы:
– Мен зерттеу жүргізген уақытта Қазақстанда 2021 жылғы жүргізілген санақ бойынша некеде тұрған ерлер мен әйелдердің саны 8,2 млн. жеткен. Бұл - 60,9 %, қайта неке құрғандар - 9%, жесірлер - 5,3%, ажырасқандар - 5,8%, жалпы халықтың 28%-ы ‑ үйленбегендер.
Сол кезде (2022 жыл) 140 мың отбасы құрылды, оның елу мыңы бұзылды. Отбасының бұзылуы мен ажырасу себептері мынадай болды:
1. Ерлі-зайыптылардың біреуінің маскүнемдігі, нашақорлығы – 61,7%.
2. Отбасындағы зорлық-зомбылық (күйеуін/әйелін, баласын ұру) – 51,1%.
3. Ерлі-зайыптылардың опасыздық жасауы – 47%.
4. Ерлі-зайыптылардың біреуінің құмар ойындармен әуестенуі – 38,4%.
5. Ерлі-зайыптылардың біреуінің дәстүрлі емес жыныстық көзқарасы – 22%.
Сонымен қатар, Қазақстанда заң негізінде рұқсат етілмеген ерте жастағы некелесулер 1%-ға дейін болып отыр екен. Бұл қоғам мен ата-аналары үшін үлкен проблема тудырып отыр. (Ұлттық баяндама.2022ж).
Соңғы жылдары тіркелмеген немесе «азаматтық» деп аталатын некенің таралу үрдісі байқалуда. Осы қарым-қатынастағы ерлі-зайыптылар бір-біріне де, отбасы мүшелеріне де жауапкершілікті ресми түрде бөлмейді. «Қазақстандық қоғамдық даму институты» жүргізген әлеуметтанулық зерттеу нәтижелері респонденттердің «азаматтық неке» құбылысына деген көзқарастарын атап өте келе іс жүзінде тең үш топқа бөлінгенін көрсетті: оң, теріс және бейтарап. Жасы ұлғайған сайын адамдар 61 жастан асқан ересек ұрпақты қоспағанда, бұл құбылысқа оң көзқарас танытатынын атап өткен жөн...
Орташа алғанда барлық жастағы адамдардың шамамен 25%-ы оң пікірде болса және 30%-дан астамы азаматтық некеде тұруға бейтарап қарайды, яғни қазақстандық қоғамда әрбір бесінші неке тіркелмеуі мүмкін. Осылайша, сауалнама деректері көрсеткендей сауалнамаға қатысқан 29-60 жас аралығындағы тұрғындар азаматтық некені оң қабылдайды.
Тек, зейнеткер немесе зейнеткерлік жастағы ересек ұрпақ отбасына қатысты дәстүрлі көзқарастарға ие екендігін көрсетті.
Әбдірашит Бәкірұлы:
– Иә, елімізде қазір осы бағытта жаңа заңдар қабылданып, отбасылық зорлық‑зомбылыққа тыйым салу шаралары қарастырылуда. Бірақ, елімізде отбасылық ажырасу әлі де жоғары деңгейде. Бұл – еліміздің болашақтағы демографиялық өсуіне зор зиян келтіруі мүмкін. Ол үшін бізде тұрақты отбасылық негізін қалайтын елеулі өзгерістер қажет пе деймін. Соның ең маңыздысы – жұмыссыздықты азайту болса керек. Материалдық тұрғыда толық отбасыларда кикілжің көп тумайды. Сонымен бірге, ұлттық отбасылық дәстүрді және тәрбиені жаңғырту да аса маңызды ма деймін. Сіз қалай ойлайсыз?
Бақыт Оразайқызы:
– Толық келісемін. Және, жоғарыда бесінші пунктте айтылған жағдаймен аса мұқият жұмыстар жүргізілуі тиіс. Оған қарсы тұруға педагогтар мен психологтарды, қоғамдық ұйымдар жұмылдыру қажет. Болмаса, «өркениет осы екен» деп, болашақта ұлттық негізден ажырап қалуымыз мүмкін.
Әбдірашит Бәкірұлы:
– Иә, отбасы туыстық сүйіспеншілікке негізделіп, махаббат, сый-құрмет, береке-бірлікке, адами құндылықтарды, мәдениетті, тарихи мұрагерлікті, отбасылық береке-бірлігін сақтай отырып, кез-келген елдің, ұлттың, мемлекеттің дамуының өлшеуіші бола алады.
Әңгімеңізге көп рахмет. Біршама маңызды деректер айттыңыз деп ойлаймын.
Бақыт Оразайқызы:
– Сіздерге де сәттілік тілеймін. Елімізді келе жатқан Наурыз мерекесімен құттықтаймын!
Abai.kz