«Мен бүкіл әлеммін әрі ешкім де емеспін!»

Мариела Кордеро Гарсиа – 1985 жылы туған венесуэлалық ақын, аудармашы, заңгер. 2013 жылы «El cuerpo de la duda», 2020 жылы «Transfigurar es un país que amas» және 2023 жылы «La larga noche de las jaurías» деген 3 жыр жинағы оқырмандарға жол тартқан. Кітаптары өз елінен бөлек, АҚШ-та және Испанияда жарық көрген. Мариеланың жырлары хинди, ағылшын, араб, қытай, орыс, чех, эстон, серб, өзбек, румын, македон, кәріс, бенгали тілдеріне аударылған. Ол – халықаралық деңгейде танылып келе жатқан ақын. АҚШ, Мексика, Аргентина, Колумбия, Тайвань елдерінде өткен поэзия фестивалдеріне қатысқан және бірқатар халықаралық марапаттарға ие болған. Қаламгер Испанияда шығатын «Poémame» поэзия журналының «Венесуела поэзиясы» және «Әлем поэзиясы» айдарларын жүргізеді.
– Құрметті Мариела, сіздің «Алғашқы» («The first») деген өлеңіңіз бар. Сонда «Мен бүкіл әлеммін әрі ешкім де емеспін» (жолма-жол аударма – А. Ф.) деп жырлайсыз. Мұндай қарама-қайшылықты оқырманның қалай түсінгені жөн?
– Бұл тармақтарда әйел туралы айтқан едім. Өйткені, әйел кей жерлерде ана, жар, қарындас, әпке немесе қыз ретінде бағаланады. Ал кейбіреулер үшін әйелдің ешқандай қадірі жоқ. Өлеңдерімде, өзіңіз айтқандай, қарама-қайшылық немесе көпмағыналылық жиі кездеседі. Меніңше жалпы, поэзияны түсіндірудің қажеті жоқ. Оқырман өзі сезінгеніне қарай қабылдауы тиіс. Әркім өлеңді өзінше сезініп, өзінше түйсінеді.
– Тағы бір жырыңызда «Кейде көлмін, Кейде шөлмін» (жолма-жол аударма – А. Ф.) дейсіз. Мұнда да қарама-қайшылық бар екен...
– Иә, жоғарыда айтқанымдай, өлеңдеріме бір-бірімен қабыспайтын екі түрлі ой сыйдыруға тырысамын. Себебі ғаламшардың қос полюсі сияқты әр нәрсенің де екі жағы болады. Сонымен қатар, кез-келген жаратылыс күн мен түн сияқты ауысып отырады. Адам да – сондай құбылмалы тіршілік иесі. Ал жоғарыдағы жырда айтқым келгені – кейде көлді қаласақ, кейде шөлді іздейміз. Ештеңе де мәңгі емес. Адам да жүз құбылып, мың өзгереді. Тіпті, ойларыңыз да өзгеруі мүмкін. Өзгеріс – тірі жанға тән нәрсе.
– Менің білуімше, жасөспірім кезіңізде әкеңіз қайтыс болыпты. Жаны жәннатта болғай. Бұрын берген сұхбаттарыңызда бұл қайғылы жағдай сіздің поэзияға келуіңізге түрткі болғанын айтқан екенсіз...
– Әмин, айтқаныңыз келсін. Иә, әкемнен ерте айрылдым. Әкем өте еңбекқор, адал, жан дүниесі асыл қасиеттерге бай ізгі жан еді. Мені қатты жақсы көрді, әрдайым қамқор болып жүретін. Асқар тауымның қазасы жан-дүниемді астаң-кестең етті. Жанымның ауырғанынан өмірге деген көзқарасым, танымым, сезімім түбегейлі өзгерді. Әкем қайтыс болған соң, өлең жаза бастадым деп айта алмаймын. Өйткені, ол бар кезде де балаң шумақтарды дәптеріме түртіп, жазып жүретінмін. Бірақ әкемнен айрылып, қайғырып жүргенде, жазу менің жан дауама айналды. Ол маған 4 жасымда жазуды үйреткен болатын. Содан кейін қолыма түскен кітаптарды оқи бердім. Сөйтіп, поэзияны «сіміруге» кірістім. Бірте-бірте ішкі сезімдерім өлең түрінде құйылып түсетінін байқап, өзім де жыр жаза бастадым. Міне, әдебиетке қадамым осылай басталған еді.
– Бойжеткен шағыңыздан бір үзік сыр шерттіңіз. Өмірбаяныңызды толығырақ айтып берсеңіз.
– Менің ата-анам – Хуан Мигель Кордеро Ортиз және Мерседес Гарсиа. Екеуі де саудамен айналысты. Венесуэланың Карабобо штатындағы Белен қаласында тудым. Осы штаттың астанасы әрі өндіріс өлкесі Валенсия шаһарында мектепте оқыдым. Заң мамандығы бойынша жоғары білім алдым. Университетте оқып жүргенде, ағылшын және француз тілдерін де меңгеріп алдым. Қазір заңгер және әдеби аудармашы болып жұмыс істеймін. Жалпы, испаншадан бөлек, ағылшын, француз тілдерінде еркін сөйлеймін және италия, португал тілдерінде оқи аламын.
– Бір сұхбатыңызда «Жазу – азапты үдеріс. Ол – катарсистің бір түрі» – депсіз. Өлең жазу жаныңызды ауыртса, поэзияны қою ойыңызда жоқ па?
– Өмір тек жақсылық пен қуаныштан тұрмайды. Ғұмырдың ащы-тәттісі қатар жүреді. Қиындық көрсем, азап шексем, өмірді тастап кетіп қалмаймын ғой. Яғни, сынаққа бола, өліп қалмаймын. Поэзияда да солай. Өнердің азабына да шыдау керек. Поэзия менің жанымды ауыртпайды, өзімнің және өзгелердің ішкі жан күйзелісін ақтаруға көмектеседі. Жазу үдерісінің азапты болатын себебі – өлеңге өзіңнің және өзгелердің мұң-шерін тамызасың. Әзірше жазуды тоқтататын ниетім жоқ.
– Сіз үшін поэзия деген не?
– Поэзия мен үшін – ешқашан қанбайтын шөл, ешқашан басылмайтын аңсар. Қанша өлең жазсам да, әлі жазылмаған бір жырым, айтылмаған бір сырым бардай сезінемін де тұрамын.
– Ақындығыңыздан бөлек, аудармашылығыңыз да бар. Тәржіменің маңызына тоқталсаңыз.
– Бүгінгі жаһандану заманында аударма – халықтардың арасында мәдени байланыс орнататын басты құрал. Тәржіме түрлі ұлттарға бірін-бірі тануға мүмкіндік береді және мәдениетті байытады. Аударманың арқасында өзге жұрттардың рухани әлеміне саяхаттай аламыз және мәдени қазынамызды молайтамыз. Өз басым әлемнің әр пұшпағындағы ақындардың кітаптары мен антологияларды ағылшын және француз тілдерінен испаншаға тәржімеледім. Жалпы, онға жуық жинақты аударыппын. Бұл салада еңбектенуді әлі де жалғастыра беремін.
– Адамзаттың қателігі не деп ойлайсыз?
– Отбасы құндылықтары құлдырады, туыстардың арасы алыстап кетті. Жер-жерде қан төгіліп, соғыстар болып жатыр. Авторитаризм, жемқорлық, ғаламшарымыздың ластануы... Мені толғандыратын, алаңдататын мәселелер көп. Жарқын болашақтың елесі де көрінбейді. Бірақ үмітсіздікке салынбаймын. Адамзатқа тигізетін титтей үлесім – жоғарыда аталған жамандықтар мен келеңсіздіктерге атсалыспай, аулақ жүремін.
– Сүйікті қаламгерлеріңіз кімдер?
– Сүйіп оқитын ақындарым көп. Әйтсе де, америкалық Эмили Дикинсон (1830-1886) мен эстониялық Юхан Лийвтің (1864-1913) поэзиясы жаныма ерекше жақын. Олар аз сөзге көп мағына сыйғызады. Сонымен қатар, сүйікті ақындарым ретінде Алехандра Пизарник, Йоргос Сеферис, Владимир Холан, Фридрих Гёльдерлин, Марина Цветаеваларды айрықша атап өткенім абзал.
– Ал сіздің еліңізде мықты қаламгерлер кімдер?
– Венесуэла – ұлы ақындар елі. Қазіргі көзі тірі жазушылардың ішіндегі аса көрнектісі – Рафаэль Кадеас. Ол 2023 жылы Испания тағайындайтын Сервантес сыйлығының лауреаты атанды. Сонымен бірге, маған Санчес Пелаестің (1922-2003) өлеңдері ұнайды. «Elena y los elementos» (1951) және «Animal de costumbre» (1959) деген жыр жинақтарынан керемет әсерлендім. Ол – лириканы жаңа қырынан жырлаған адам.
– Оқырмандарымызға қандай тілек айтасыз?
– Менің шығармашылығыма қызығушылық танытып, осындай сұхбат ұйымдастырғаныңыз үшін алғыс айтамын. Уақыт бөліп, менің ой-пікірлерімді оқып-шыққан оқырмандарға да ризашылығымды білдіремін. Журналға және әр оқырманға сәттілік тілеймін! Жақсы кітаптар оқып, рухани ләззат ала беріңіздер!
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Алпамыс Файзолла
Abai.kz