Бейсенбі, 18 Желтоқсан 2025
Жаңалықтар 1157 0 пікір 18 Желтоқсан, 2025 сағат 18:46

Депутаттық сауал: рушылдыққа тоқтау қою қажет

(Сурет:https://www.facebook.com/)
Кеше мен Премьер-Министр О. Бектеновтың атына еліміздегі соңғы кездері белең алып келе жатқан «рушылдық» психология және оның қауіп-қатерлері жөнінде Депутаттық Сауал жолдадым.
Аталған Сауал Ел арасында қызу талқылау туғызды.
Азаматардың басым көпшілігі, Қазақстанның түкпір-түкпірінен, Депутаттық Сауалда көтерілген мәселелерді толық қолдап, әлеуметтік желі арқылы да, өзіме жеке де шығып жатыр.
Маған хабарласқан АЗАМАТТАРДЫҢ өтініші бойынша өзімнің пікірімді әлеуметтік желіде бергенді жөн көрдім.
ДОСТАРЫМДЫ, ӘРІПТЕСТЕРІМДІ, ОҚЫРМАНДАРЫМДЫ өзімнің позицияммен танысып өтуін өтінемін.
Бұл барлығымыз үшін маңызды.
***
Халықтар «мемлекет құруға қабілетті», «мемлекет құруға қабілетсіз» ұлттар болып бөлінеді.
Біз 30-жыл ішінде өзімізді «мемлекет құруға қабілетті ұлт» ретінде дәлелдедік.
Бірақ, мемлекет құруға қабілеттілік перманентті емтихандардан өтуді талап етеді.
Мемлекетті құрудан гөрі, мемлекеттілікті ұстап тұру қиын!
Мемлекеттілікті ұстап тұру үшін күрес әр-бір азаматтың санасынан басталады.
Біздің әр-қайсымыз жалпы мемлекеттік «ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАН» және жалпыұлттық «Мен Қазақпын» психологиясын бойымызға сіңірсек қана Тәуелсіз Қазақстанды сақтап қаламыз.
Рулық сана халқымыздың бірлігіне сына салып, ұлттық бірлікті шашыратып жіберуге қабілетті құбылыс.
Соңғы кездері әлеуметтік желіде, өнерде рушылдық тенденция мүлдемге өршіп кетті!
Бұл мемлекетіміз үшін текелей қауіп!
Аталарымыз «Үй артында кісі бар» деп жиі қайталайтын.
Бұл сөздің мәнісі қазақтың жүріс-тұрысын, өзара қарым-қатынасын сырттан бақылап, барлап отыратын күштер көп.
Олар біздің ішіміздегі осал жерлерді іздеп, соны қоздыруға тырысып отырады.
Сондықтан, Рушылдық тенденция қоғам ішінде мемлекеттік ойлау қабілетін коррозияға ұшыратып, мемлекеттілікті шашыратуға әкелетін – қауіпті құбылыс.
Осы мәселе әрқашан есімізде болуы керек!
Мен Депутаттық Сауал жасағаннан кейін кейбір азаматтар өзіме жеке шығып та, әлеуметтік желі арқылы да сын да айтты.
Ұлтымыздың бірлігі мен Мемлекетіміздің береке-бірлігі үшін қандай да болмасын сынға да, мінге де дайынмын!
Сын айтқан азаматтардың барлығына РАХМЕТ!
Бір нәрсе есте болуы керек.
Біздің әр-қайсымыз халқымыздың болашағы үшін құлаққа қолайсыздық туғызатын, жекелеген азаматтарға, топтарға ұнамайтын мәселені көтеруге дайын болуымыз керек.
Барлығына ұнағымыз келіп, құлаққа жағымды сөз айтуға дағдылансақ, Тәуелсіздікті шашып алуымыз мүмкін.
Ұлт, Мемлекет мүддесіне келгенде, ешқандай ерекшелік жоқ!
Трайболизм мәселесі осындай, компромиске баруға мүмкіндік жоқ мәселе.
Қазақстанда трайболизмге жол жоқ!
Өткені «Тәуелсіздік Бәрінен Қымбат».

(Сурет:https://www.facebook.com/)

ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ
ҚР Премьер-Министрі Бектенов О.А. мырзаға
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев біз үшін «Тәуелсіздік бәрінен де қымбат» дәл айтты.
Ата-бабамыздың қайтпас қайсарлығы мен қажымас күресінің нәтижесінде келген Тәуелсіздікті сақтап тұру үшін бізге бірлік, тұтастық, ынтымақ қажет!
Алайда соңғы кездері қоғамда бірлік пен тұтастықты нығайтудан гөрі, халықты жікке бөлуге бейім үдеріс күшейіп келеді.
Жекелеген контент өндірушілер мен кәсіпкерлер рулық сананы жалаулатып, күнделікті тұтынатын футболка мен шапандарға ру атауын жазып, оларды «бренд» немесе «маркетингтік өнім» ретінде сатылымға шығаруда.
Әлеуметтік желілерде жастарға рушылдық психологияны таңатын контент шектен шығып кетті.
Бұл ұлттың бірлігін ішінен құртатын қауіпті тенденция киноға да жетті.
Осындай келіссіз, қажетсіз тақырыпты арқау еткен арнайы фильм прокатқа шығыпты. Бұл арқылы кино түсірушілердің не айтпақ болғаны түсініксіз?!
Қазақтың руларын салыстыратын, кемсітетін фильмдердің мақсаты қандай?
Тіпті бұл фильмді жарнамалау үшін жасалған арнайы экзпозицияда руға бөлінуді қойып, Қазақстанның картасын үш жүзге бөліп қойғанды көрдік. Бұл не деген бассыздық?
Ол – ұлт үшін ең сезімтал тақырыпты айқайлатып әлеуметтік контент, кино тақырыбына айналдырып, көрермен жинау. Түбі бұл жақсылыққа әкелмейді.
Творчестволық бостандық қажет. Бірақ творчестволық бостандық мына алай-дүлей заманда, ұлттың бірлігін бұзып, мемлекеттіліктің тамырын қиюға қабілетті деңгейге шықпауы тиіс.
Жасөспірімдер үшін кино және медиаконтенттің тәрбиелік ықпалы жоғары екенін ескерсек, бұл мәселеге бейжай қарауға болмайды.
Данышпан Абай «Атаның баласы болма, адамның баласы бол» деп бекер айтпаған.
Рушылдық тенденция қоғам ішінде мемлекеттік ойлау қабілетін коррозияға ұшыратып, мемлекеттілікті шашыратуға әкелетін – қауіпті құбылыс.
Ғалам мәңгі болса, сонша мәңгі болатын Қазақстанды құрамыз десек, ұлт ішінде артықшылығымызды кемшілік деп көрсететін, бір ұлт ішіндегі руларды бір-біріне айдап салатын, арандатушылық материалдарға тыйым салынуы керек.
Осыған байланысты келесі шараларды қабылдау орынды деп санаймын.
1. Ақпарат және мәдениет министрлігі жанынан кинопрокатқа шығатын отандық фильмдердің мазмұнын алдын ала көркемдік-эстетикалық, идеологиялық, ұлттық бірлік тұрғысынан сараптайтын тұрақты комиссия құруды түрде іске асыру қажет.
2. «Ұлттық код» және «мәдени ерекшелік» ұғымын желеу етіп, қоғамды бөлшектеуге, рушылдық пен жікшілдікті насихаттайтын әрекеттерге нақты тосқауыл қою керек.
3. Мәдени салада, әлеуметтік желіде, Қазақстанның барлық халықтарының бірлігін көрсететін, жалпыұлттық «Біз Қазақпыз» деген мағынадағы контентті көбейтуге кірісуге тиіспіз.
Осы ретте, Президентіміз өз Халқына Жолдауында: «Өскелең ұрпақ бақытты, берекелі өмір сүруге тиіс. Сол үшін бәріміз бір ұлт болып, табанды еңбек етуіміз керек. Бұл – баршамызға ортақ өте маңызды жұмыс, аса жауапты азаматтық және ұлттық міндет» – деп мемлекетіміздің мызғымас саясатын анықтады.
Құрметпен, AMANAT Фракциясының мүшесі
Е. Саиров
Abai.kz
0 пікір