Бейсенбі, 20 Наурыз 2025
Анық-қанығы 402 2 пікір 20 Наурыз, 2025 сағат 13:49

Имамоғлы кім? Түркия неге дүрлікті?

Сурет: haberler.com сайтынан алынды.

Түркия сақшылары 19 наурыз күні «заңсыз ақша жымқырды», «террористерге көмектесті» деген күдікпен Ыстамбұл мэрі Экрем Имамоғлу мен оның сенімді серіктерін тұтқындады. Барлығы 100 адам күдікті ретінде ұсталған. Олардың қатарында кеңесшісі Ертан Йылтыз, БАҚ-пен байланысты кеңесшісі Мұрат Онгун және медия, кино, жарнама саласындағы танымал тұлғалар бар.

Экремнің әйелінің тәуелсіз арналарға айтуынша, құқықтық орган қызметкерлері елең-алаңда 13 жастағы қыздарымен бірге сәресілерін ішіп отырғанда, баса-көктеп кіріп, жұбайын ұстап әкеткен. Іле-шала Экремнің партияластары мен жақтастары көшеге шығып: «Үкімет, биліктен кет!», «Екрем, сен жалғыз емессің!» деп ұрандатқан.

Осыдан кейін ел ішінде әлеуметтік желілердің жұмысы шектелді. Сонымен қатар, мэрдің ұсталуына байланысты Ыстамбұлда 23 наурызға дейін демонстрациялар мен митингілер өткізуге тыйым салынды.

Екрем Имамоғлу 54 жаста. Ердоғанға басты бәсекелес - Республикалық Халық партиясының өкілі. Ол осы аптаның соңында партия атынан 2028 жылғы президент сайлауына үміткер деп жариялануы керек еді. Сол себепті саяси сарапшылар оның ұсталуынан саяси астар іздеп отыр. «Президент сайлауы мерзімінен бұрын өтуі мүмкін» деп болжайды.

Саясаттанушы Берк Эссен: «Бұл әрекетті саяси қарсыласқа бағытталған төңкеріс деп бағалауға болады. Бұл қадам Түркияны Ресей, Беларусь сияқты диктаторлық мемлекетке айландырады», - дейді.

Республикалық Халық партиясының төрағасы Өзгюр Өзел Ердоғанды «сайлауды қолдан ұйымдастырмақшы» деп айыптады.

Ыстамбұлдағы толқулардан кейін түрік лирасының АҚШ долларына шақққандағы құны ең төменгі рекордтық деңгейге дейін құлдырады. 1 АҚШ доллары 11,99%-ға қымбаттап, 41,1 лира болды. Осылайша, Түркия тарихында америкалық валюта бағамы алғаш рет 40 лирадан асқан.

Borsa Istanbul қорының ашылу кезінде базалық индекс 6,9%-ға төмендеп, сауда-саттық кілт тоқтады. Елдің 10 жылдық тәуелсіз облигацияларының құны да құлдырай жөнелді. Әсіресе, мұндайды күтпеген шетелдік инвесторлар шындап абдырап қалды.

Ал Ердоғанның митинг өткізуге салған тыйымына қарамастан бүгін Ыстамбұл көшелері адамдарға лық толды. Қала мэрі ғимараты алдында жиналғандарға республикалық халық партиясының көшбасшысы Өзгюр Өзел: «Мына болған жағдай – төңкеріс жасауға әрекеттену» деп мәлімдеді.

Abai.kz

2 пікір