Жексенбі, 13 Сәуір 2025
Маңызды 661 0 пікір 11 Сәуір, 2025 сағат 13:36

Адамзат алдында тұрған үлкен сынақ - су тапшылығы!

Сурет: EL.kz сайтынан алынды.

Адам адам болғалы өзінің даму тарихында талай-талай кезеңдерді басынан өткізді. Жаратқанның өзіне берген артықшылығын пайдалана отырып адамзат әр кезеңде өз өмір-тіршілігін жақсартуға тырысты. Бір жағынан ол жаратқанның берген ойлау қабылетін жұмсаса, екінші жағынан табиғаттың тегін беріп отырған сыйларын пайдаланды. Сондай сыйлардың бірі – ол су ресурстары. Су ауа секілді адам өміріне аса қажет нәрсе, онсыз табиғаттағы бүкіл жан-дүние өз тіршілігін тоқтататыны айтпаса да түсінікті нәрсе.

Адамзат өз дамуының шарықтау шегіне жеткен кезде біз сол жаратқанның, табиғаттың бізге беріп отырған, баға жетпес сыйын дұрыс пайдалана алып отырмыз ба? Техникалық прогресстің қарыштап дамуы мен табиғатты қорғау және оның ресурстарын тиімді, ұтымды пайдалану арасындағы балансты дұрыс сақтап отырмыз ба? Бүгінгі күні жер шарының түкпір-түкпірінде жиі-жиі қайталанып отырған табиғи және техногендік апаттар, әлемдегі климаттың өзгеруі, соған байланысты тау мұздақтарының, айсбергтердің күрт еруі, мұхиттардағы ағыстардың өзгеруі, сол мұхит кеңістігінде пайда болып жатқан гиганттық құйын-дауылдар, бәрі адамзаттың табиғат заңына сәйкес келмейтін іс-әрекеттерінің нәтижесі деуге толық хақымыз бар. Нәтижесінде, жер шарының бір бөлегі топан судың астында қалып жатса, екінші бөлегі су тапшылығының азабын тартуда. Біріккен ұлттар ұйымының мәліметі бойынша, бүгінгі күні 2,2 млрд адам таза ауыз суға қол жеткізе алмай отыр. Су жер шарындағы қайтадан қалпына келмейтін, орны толмайтын ресурстарға жататындықтан аталған жағдай жылдан жылға күрделене түсуде. Осы саланың сарапшыларының пікіріне сүйенсек су тапшылығы жақын келешекте мемлекет аралық қақтығыстарға әкеліп соғуы әбден мүмкін.

Су тапшылығы біздің Орталық Азия аумағы үшін де өткір проблемалардың бірі болып табылады. Салыстырмалы түрде жер шарының көптеген басқа аймақтарына қарағанда су көздерінің біршама жеткіліктігіне қарамастан, аталған проблема мұнда да жылдан жылға шиеленісе түсуде. Бұған негізгі ең басты себеп – бар су ресурстарын тиімсіз, қалай болса солай пайдаланудың нәтижесі болып табылады. Әсіресе, Кеңестер одағы кезіндегі су пайдалану саясаты аймақты экологиялық апат жағдайына әкелгені сөзсіз. Суды көп талап ететін мақта, күріш дақылдарын шамадан тыс егу, қара құмды қақ жарып өтетін Қарақұм каналының салынуы, сонымен қатар бар су ресурстарын бейберекет, үнемсіз пайдалану, нәтижесі көлемі жөнінен әлемде төртінші орын алатын, Орта Азияның маржаны саналатын Арал теңізін құрдымға жіберуге әкеліп соқты. Одақтың тарауы, Орта Азия мемлекеттерінің тәуелсіздік алуы су ресурстарын пайдалануда оң өзгерістер әкелмеді. Жағдай ушықпаса, жақсарған жоқ. Нәтижесінде, сумен қамтамасыз етудің адам басына шаққандағы мөлшері бүгінгі күні кеңестік кезеңмен салыстырғанда екі есеге азайған. Дүниежүзілік банктің деректеріне сүйенсек Орталық Азияда демографиялық өсімге байланысты су тапшылығы 25-30 пайызға жетеді, ал 2030 жылғы қарай бұл көрсеткіш тағы 30 пайызға өсуі мүмкін. Ал бүгінгі күні Ауғанстан мемлекетінің Әмудариядан өз жеріне қарай тартып жатқан «Қош тепе» каналы аумақтағы жағдайды одан сайын ушықтыратыны сөзсіз. Қанша жыл соғыс жағдайында өмір сүріп, енді ғана бейбіт өмірге бет бұрып жатқан Ауғанстан үшін бұл канал ел экономикасын аяғынан тұрғызуға бағытталған бірден-бір шара болып табылады. Сондықтан да ауған ағайындарға бұл каналды салма деп те айта алмайсын.

Ал енді бұл мәселе бойынша өзіміздің Қазақстанның жағдайына келетін болсақ, бізде де мақтанарлық ешнәрсе жоқ. Су ресурстарымен, оның ішінде ауыз сумен қамтамасыз ету жылдан жылға күрделене түсуде. Ресми мәліметтерге сәйкес бүгінгі күні республикада су тапшылығы 17 текше шақырым деп бағаланып отыр. Ал 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 23 текше шақырымға жетеді деп болжануда. Географиялық тұрғыдан алғанда бізде табиғи су қоры өте аз және негізгі су ресурстарының көзі  шекаралас мемлекеттерде (Ресей, Қытай, Тәжікстан, Қырғызстан) орналасқан. Ресми деректерге сәйкес еліміздегі таза судың қоры 539 текше шақырымды құрайды. Оның ішінде, 190 текше шақырымы ел аумағындағы көлдерде, 95 текше шақырымы су қоймаларында, 101 текше шақырымы өзендерде, 95 текше шақырымы жер асты су көздерінде, 58 текше шақырымы таулар басындағы мұздақтарда шоғырланған.

Тиісті мамандардың пайымдауынша су тапшылығы мәселесін шешуде оны бейберекет, жөнсіз жұмсау фактылері айтарлықтай кедергі келтіріп отыр екен. Мәселен, Қазақстан су тұтыну көлемі бойынша әлемде 11-орында тұр. Жан басына шаққанда күнделікті су тұтыну көлемі 3,5 мың литр мөлшерінде екен. Ал енді осы көрсеткіш басқа елдермен салыстырсақ, Ресейде бұл көрсеткіш 1,3 мың литр, Германияда 855 литр, Ұлыбританияда 348 литр. Жалпы ауыз су мен шаруашылық қажетіне жұмсалатын су тапшылығы бойынша Қазақстан Азияда Бангладеш, Үндістан және Қытай сынды елдерден кейін 8-орынға тұрақтап тұр.

Су тапшылығы мәселесін зерттей келгенде қалай біз осындай жағдайға тап болдық деген сұрақ алдымыздан шығатыны сөзсіз. Қандай да бір мәселе туындағанда оны уақытында шешпесе, ол күннен күнге, жылдан жылға күрделене түсетіні белгілі. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі отыз жыл еліміздің су шаруашылығы саласы үшін аса қиын, тоқырау жылдары болды. Сол кездегі ел билігінің шолақ саясатының нәтижесінде аталған сала тіпті Кеңес одағы кезіндегі жеткен жетістіктерінен айрылып қалды. Осы ел экономикасы үшін аса маңызды саланы басқару органы – Мелиорация және су шаруашылығы министрлігі таратылып, оның негізінде құрылған Су ресурстары комитеті біресе Ауыл шаруашылығы министрлігіне, біресе Экология және қоршаған ортаны қорғау министрлігіне беріліп, сала жетім баланың күнін кешті. Ол аз болғандай республикадағы су мамандарын дайындайтын Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институты жабылып, оның міндеттері Тараз мемлекеттік университетіне берілді. Нәтижесінде, бүгінгі күні Қазақстанда осы су проблемаларын жете түсінетін, трансшекаралық су мәселелері бойынша Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан су мамандарымен тең дәрежеде келіссөз жүргізе алатын мамандар қалмады десем артық айтқандық емес. Көп жылдар бойы елімізде Мелиорация және су шаруашылығы министрі болып қызмет атқарған Қыпшақбаев Нариман ағамыз да саланың осы мүшкіл халын тыңдар құлаққа жеткіземін деп шырылдап, қақпаған есігі қалмаған шығар. Бірақ ол кісінің айтқанын құлаққа ілген біреуді көрмедік. Атам қазақ аталы сөзді еститін құлаққа жеткізе алмай күйзелгенде, - «Өзің білме, білгеннің тілін алма» деген ғой. Осы нақыл ма, қарғыс па, не болса да сол кездегі ескі Қазақстанның билік басындағыларға арнап айтылғандай.

Құдайға шүкір, бүгінгі ел билігі басындағылар кеш те болса осы саланың проблемаларын шешу кезек күттірмейтінін түсінген сыңайлы. Ел Президенті өткен жылғы қыркүйек айындағы халыққа жолдауында су шаруашылығы саласының проблемаларына кеңінен тоқтап, саланы жандандыруға бағытталған бірталай нақты шаралар қабылдауды ұсынған болатын. Сол ұсыныстардың негізінде  Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылып, аталған орган бүгінгі күні толыққанды өз жұмысын жүргізіп отыр. Сонымен қатар, Тараз қаласында осы салаға кадрлар дайындайтын жоғарғы оқу орны ашылып өз жұмысып бастап жатқан тәрізді.

Енді елімізді жақын болашақта күтіп тұрған су тапшылығына қалай біз бес қаруымыз сақадай сай дайындықпен келуіміз керек. Ол үшін бүгіннен бастап бірінші кезекте не істеуіміз қажет. Қысқаша айтқанда, олар - су және ауыл шаруашылығы салаларындағы гидротехникалық нысандар салу және оларды жөндеу, суды үнемдеу мен тиімді пайдалануға бағытталған шаралар, қалалар мен елді мекендердегі коммуналдық шаруашылығы салаларындағы шаруалар, қарапайым халықтың санасына суды дұрыс та үнемді пайдалану мәдениетін сіңдіру сияқты шаралар. Әрине тиісті мамандар бұл жөнінде қажетті бағдарламалар дайындап, олар жаңадан ашылған министрліктің, басқа да мүдделі мемлекеттік органдардың жұмыс жоспарына кіріп, республиканың алдағы бюджетінде қажетті қаражат та бөлініп жатыр. Бірақ, бұл аталған шаралардың бәрі жеткіліксіз, косметикалық шаралар деп есептеймін. Әрине осы айтылғандардың бәрі жоспарлағандай іске асып жатса су тапшылығының салдары мен зардабын азайтып, уақытша мультиплекативтік нәтиже беретіні сөзсіз.

Дегенмен бұл шаралар ұзақ уақыттық болашақта еліміздегі су проблемасын түпкілікті, кардиналды шешуге мүмкіндік бермейді. Күрделі мәселені шешу үшін масштабы сол проблемаға сәйкес келетін, бүгінгі күннің стандартына сай келмейтін төтенше шаралар қажет деп есептеймін. Бүгін осы мақаламда сондай шаралардың бірнешеуін ұсынғалы отырмын. Біреу білер, біреу білмес, өткен ғасырдың 70-80-жылдары Арал теңізінің тартылып, Өзбекстанда мақтаға, Қазақстанда күрішке су жетіспей, осы аймақтағы өнеркәсіптің дамуы да судың тапшылығынан шектеліп жатқан уақыт болатын. Осы проблемалардың бәрін түпкілікті шешу мақсатында Кеңес одағының ең жоғарғы басшылығы Сібірдің Обь, Ертіс өзендері суының 6 пайызын немесе 27,2 текше километр суды кейін қарай бұрып, Ресейдің кейбір облыстары, Торғай даласы арқылы Қызылорда қаласының жанынан Сырдарияға және одан әрі Әмударияға құюға бағытталған жобаны жасау туралы шешім қабылдаған болатын. Бұл жоба СОКП-ның Саяси бюросында қолдау тауып, тіпті қателеспесем сол кезде мемлекеттік сараптамадан да өткен болатын. Әрине, бұл жобаны іске асырғанның өзінде де Арал теңізінің толық қалпына келуі де неғайбыл болатын. Бірақ Орталық Азия мен Қазақстанды сумен қамтамасыз ету мәселесін толық шешкен болар еді. Сонымен қатар, Аралдың жағдайы да бүгінгіге қарағанда әжептәуір жақсарар еді. Жобаның іске аспай қалуын кезінде экологиялық проблемалармен түсіндірген болатын. Бірақ кейін белгілі болғандай, ол кездері Кеңестер одағы әскерлерінің Ауғанстанға басып кіруіне байланысты батыстың салған қатаң санкцияларының нәтижесінде жобаны іске асыруға қажетті қаражат болмаған. Аталған жоба бұл күндері дайын күйінде Ресейдің мұрағаттарында жатуы тиіс. Оған тек бүгінгі күннің талаптарына сәйкес тиісті өзгерістер енгізіп, іске асыруға болады. Бүгінгі күні ол жобаның іске асуына Орталық Азияның барлық мемлекеттері және Қазақстан мен Ауғанстан да мүдделі деп есептеймін. Сонымен қатар, бұл жобаның іске асуына Ресей де қарсы болмауы тиіс. Өйткені, жаһандық климаттың өзгеруі, соған байланысты көмір қышқыл газының шығарындыларына шектеу қойылуы Ресейдің мұнай мен газды экспорттаудың көлемін жылдан жылға азайтуына әкеліп соғуы мүмкін. Ал енді бір он жылдан кейін су ресурстарын экспорттау тұрақты валюта көзіне айналады деген болжам бар. Мұндай ірі, болашағы сенімді жобаға инвесторлар тарту да көп қиындық келтірмеуі тиіс деп есептеймін. Сонымен қатар, осы жобаны пайдаланып соңғы кезде өз уысынан шығып бара жатқан Орталық Азия мемлекеттері мен Қазақстанды өз ықпалына қайтару Ресей үшін де тиімді.

Сонымен қатар, соңғы жылдары Каспий теңізінің тартылып бара жатқаны, оның бүгін болмаса ертең Аралдың кебін құшуы мүмкін екендігі де бәрімізге белгілі. Каспийдің тартылуы оны айнала қоршап жатқан мемлекеттердің – Ресейдің, Қазақстанның, Әзірбайжанның, Түрікменстанның, және Иранның экономикаларына орасан зор зардап әкеледі. Оның тартылуын әр зерттеуші ғалымдар әр түрлі себептермен түсіндіреді. Біреулері процесті табиғи үрдіс, теңіз деңгейі бұрын да осылай ауытқып тұрған деп түсіндіреді. Әрине олай болуы да мүмкін. Бірақ негізгі себеп біздің ойымызша теңізге құятын су мөлшерінің азаюы. Өйткені, Ресей бұқаралық ақпарат құралдары жылдан жылға Каспийге құятын өзендердің, Еділ мен Жайықтың, басқа да кішігірім өзендердің де тартылып бара жатқанын хабарлауда. Сонымен қатар, Еділ өзенінің бойында Каспийге дейін он ірі су қоймасы барын білеміз. Осының бәрін ескере келе Каспий теңізінің болашағы да бұлыңғырланып бара жатқанын байқаймыз. Басқа мемлекеттерді қайдам Каспийдің тартылуы Қазақстан үшін, әсіресе Маңғыстау өңіріне үлкен экономикалық шығын келтіруде. Дәлірек айтсақ, Ақтау, Жаңаөзен қалалары мен басқа да елді мекендерді тұщытылған теңіз суымен қамтамасыз ету ісіне, Ақтау мен Құрық теңіз порттарының, Қашаған мұнай кенішінің жұмысына көптеген қиындықтар келтіруде. Каспийдің тартылу мәселесін Қазақстан жағалаудағы басқа да көрші мемлекеттердің ғалымдарымен бірлесіп зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Президент тапсырмасына сәйкес Үкімет Каспий теңізінің ғылыми-зерттеу институтын құру туралы қаулы қабылдады. Әрине мұның бәрі Каспийді сумен толтырмайды, бұлар мәселенің шешілуіне тек қана жанама көмек көрсетуі мүмкін. Біздің ойымызша бүгінгі күні Каспийді құтқару үшін нақты қадам, ол бірталай уақыттан бері айтылып, бірақ нақты шешім қабылданбай жүрген Каспий мен Азов теңіздерін байланыстыратын Евразия каналының салынуы. Ол біріншіден, Каспий теңізінің деңгейін көтеруге әсер етсе, екіншіден, Қазақстанды Азов теңізі, Қара теңіз және Жерорта теңіздері арқылы дүниежүзілік мұхиттарға шығуға мүмкіндік беріп, республиканың геосаяси жағдайын күрт жақсартады. Белгілі әлем сарапшылары Евразия каналы жобасы іске асқан жағдайда, ол «Суэц каналына бәсекелес бола алады» деген де пікір айтуда.

Жоғарыда айтылған ұсыныс, пікірлердің бәрі менің су шаруашылығы саласының ардагері ретінде айтып отырған жеке пікірім. Тиісті мемлекеттік органдар қажет деп тапса көңіл аударып назарларына алар. Не болғанда да сырттан біреу келіп мәселемізді шешеді деп қол қусырып отыруға болмайды деп ойлаймын. Бұлардың бәрі Қазақстанның жеке шешетін мәселелері емес, ол көрші туысқан елдермен бірлесіп, ортақ шешімін таабатын мәселелер.

Сәмет Ықыласұлы,

су шаруашылығы саласының ардагері.

Abai.kz 

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Қайраулы қара семсер

Есболат Айдабосын 1826
Анық-қанығы

Еуропаға Ресей аумағынсыз шығу жолы

Асхат Қасенғали 4637
46 - сөз

Бізге беймәлім Барақ хан

Жамбыл Артықбаев 3675