Әділет министрі аукциондағы әділетсіздікті әшкереледі

Мәжілісте өткен Үкімет сағатында Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев борышкерлердің мүлкін аукцион арқылы сату мәселесіндегі заңбұзушылықтар мен әділетсіз схемаларды жайып салды.
Министрдің сөзінше, қазіргі жүйеде тыйым салынған мүлікті сатуға қатысты бірқатар кемшіліктер бар, олар борышкерлердің құқықтарына айтарлықтай зиян келтіріп отыр.
«Кейбір қатысушылар мүлікті төмен бағамен сатып алу үшін қасақана жоғары баға ұсынып, кейін сатып алудан бас тартады. Нәтижесінде мүлік бірінші аукционда өтпеген болып есептеліп, екінші рет төмендетілген бағамен қайта саудаға шығарылады. Бұл тәсіл — нарықтағы әділ бәсекені бұзатын “сұр схемалардың” бірі», - дейді Ерлан Сәрсембаев.
Министр нақты мысал келтірді: Астана қаласында аукцион арқылы мүлік небәрі 7,5 млн теңгеге сатылған. Бұл оның нақты нарықтық құны — 100 млн теңгеден 13 есе төмен. Ал Ақмола облысында 30 млн теңгеге бағаланған жер телімі небары 2 млн теңгеге өткені анықталған. Мұндай жағдайлар борышкерлерге ауыр салдар әкелуде, себебі айырмашылықты өтеу олардың мойнына жүктеледі.
Қазіргі таңда Әділет министрлігі аукциондағы әділетсіздікті болдырмауға бағытталған заңнамалық түзетулер әзірлеген. Жаңа өзгерістер бойынша:
- Егер қатысушылар бірдей баға ұсынса, мүлікті жоғарылату арқылы сату жалғасады;
- Аукцион жеңімпазы сатып алудан бас тартқан жағдайда, келесі жоғары баға ұсынған қатысушыға мүлікті сатып алу құқығы беріледі.
Сонымен қатар, министр кейбір қатысушылардың аукционда жеңіске жету үшін арнайы бағдарламаларды қолданатынын атап өтті. Мәселен, Астанада бір қатысушы мүліктің бағасын 0,2 секундтың ішінде растаған. Бұл әдіс қарапайым азаматтардың тең дәрежеде қатысуына мүмкіндік бермей отыр.
Әділет министрлігі борышкерлердің мүлкін сату жүйесінде ашықтық пен әділеттілікті қамтамасыз етуді басты мақсат етіп отыр. Министр Сәрсембаев бұл бағыттағы заңнамалық өзгерістердің алдағы уақытта қабылданатынына сенім білдірді.
Abai.kz