Тоңазытқыш

І
Үлкендігі бір үйдің бөлмесіндей болған суық ет сақтау камерасына кіру үшін шілденің шіліңгір ыстығында қалың киім керек. Сырттағы аптап ыстық пен мына бір асхана ішіндегі тоңазытқыш камерасының арасында жүріп Антарктида мен Африканың арасы бір-ақ қадам екен дерсің.
Түс ауа тоңазытқыштың мұзы жібіп, қалған еттер енді оңай алына бастаған. Осы сәтті күткен Мейрамгүл де қолына сары резеңке қолғабын киіп, мұзы шала жібіген еттерді сыртқа шығарып, қоңыр шелектегі суға шүберегін бір малып алып ет сөрелерін сүрте бастады. Жыл басында аузы-мұрны лық толып тұратын тоңазытқыштың ішінде бес-алты бөлік қана ет қалған. Оны жылдағыдай даяшылар мен асханашылар өзара бөлісіп алатын. Тоңазытқыш қабырғасындағы сірескен мұздар өздігінен сынып түсіп, кішкентай бөлшектерге бөлініп, артынша еріп жатты. Төбедегі мұздан қызыл тамшылар тамады. Іштен бұзылған еттің иісі ғана шығып тұр.
Мейрамгүл кеш түсе бағана тоңазытқыштан шыққан еттерді үлестіру үшін дорбалар дайындап, бәріне тең етіп бөлуге кірісті. Еттің бәрін әуелі қапшығынан шығарып, тегенеге салды. Қалғаны бір жапырақ бөлік. Ауызы скотчпен матап жабылыпты. Оны әрең дегенде ашса, ішінде тағы қабатталған дорбалар бар болып шықты.
– Мынасы несі, тауықтың еті ме? Өзі кіп-кішкентай нәрсені соншама орағаны несі? – деп өз-өзіне бұрқылдап сөйлеп жүріп Мейрамгүл тағы бір қабат дорбаны жыртты.
Қолына қан жұқты. Мүңк ете қалған өткір иіс қолқасын қапты. Қатып тұрғанында білінбеген, бірнеше сағат сыртта – ыстық ауада тұрғандықтан ба, күлімсі иісі шыға бастапты. Иіс болғанда да өте жаман иіс. Мейрамгүл танауын тыржитып, әлгіге жиіркене қарады. «Ашпай-ақ тастай салсам ба екен» деп те ойлады, бірақ ішіндегі шіріп, борсып жатқан нәрсенің не екеніне көз жеткізбек болды. Ішіндегісі езіліп жатқандай көрінді. Сүйек секілді қатты бөлік дорбадан шықпай жатып морт сынды. Шеміршек пе?
– Ойбай, немене бәле өзі, не салған мынаған?, – деп Мейрамгүл енді шынымен қорқа бастады.
Тазалықшы ақырын дорбаны жыртып, ішіндегі етті ыдысқа аудара бере жан дауысы шыға айқайлап жіберді. Қолы дірілдеп, көзінен жас парлады. Ала көлеңке бөлмеде жалғыз өзі сыңсып жылады. Не істерін білмей аңтарылып тұрғанда қалта телефоны шыр ете қалды. «Таптым-ау сені» деген әуезді ән асхананы басына көтерді.
ІІ
Бірнеше күннен бері асқазаны ауырып, тамаққа деген тәбеті жоғалған Гүлсезімнің өңі солыңқы. Өзінің мазасыз күйге түскенін достарымен бірге өткізген қыдырыстан болды деп топшылады. Мұндайда әдетте бір-екі күн ас батпай, тек су ғана ішіп тәуір болатын. Осы жолғы дерті ұзап бара жатқан соң көңіліне күдік кіре бастады.
Үлкен қалаға арман арқалап келген Гүлсезім биыл медицина университетінің төртінші курсында – тіс дәрігері мамандығында оқитын. Емханаға барудың қажеті жоқ деп санаған күндері «Барлық нәрсеге шипа» деп жарнамасы жаһанға жайылған, блогерлер мен әртістердің аузынан түспейтін атақты өнімді ішіп көрген еді. Қалтасын қаққан қымбат дәрі жанына шипа бермеді, бірақ. Айығатын түрі болмаған соң амалсыз ақ халаттылардың көмегіне жүгінуіне тура келді.
Сабақтың соңына шыдай алмай, дәлізде тұрған Гүлсезімнің жанына өзімен жатақханада бірге тұратын құрбысы Танакөз келді.
– Не болды? Мазаң болмай тұр ма әлі? Түнімен көз ілмедің, мына түрің ұнамайды маған. Дұрыстап тексерілу керек.
– Асқазаным таза, кеше жаным көзіме көрініп тұрып шлаңгы жұттым, өлген жерім осы деп ойладым. Құдай сақтасын, ешкімнің басына бермесін оны.
– Мәселе асқазанда емес ендеше...
– Өзімнің де әбден мазам қашты, шаршап кеттім. Не оқу оқи алмай, не жұмысқа жарамай қалдым ғой өзі. Қан сараптамасының қорытындысын күтіп жүрмін. Содан кейін қабылдауға қайта барамын.
– Әділ екеуіңнің араларыңда бәрі бітті ме енді?
– Бітті.
– Қызық екен, «сүйдім-күйдім» дегеннің бәріне сене берме деші.
– Лаулаған сезім де сөнеді екен бір кезде. Қойшы соны, онсыз да мазам жоқ.
Жатақханаға жеткенде ұялы телефонына сараптама нәтижесін анықтайтын сайттан нәтижелердің дайын екені туралы хабарлама келді. Сараптама нәтижесін жолдаманың маңдайшасына қарамен жазылған төрт санды енгізіп, сайттан көруге болатыны туралы ақпарат та бар еді. Гүлсезім олай жасағысы келмеді. Ұялы телефоны арқылы дәрігердің қабылдауына жақында электронды форматқа көшкен емхана қосымшасы арқылы ертеңгі сағат 8:30-ға жазылып қоя салды.
Дәрігердің есігін таңертең сағаттың тілі сегізге тірелгеннен бері күзетіп, ішке тек түстен кейін ғана кірген Гүлсезімнің көзі қарауытып кетті. «Электронды формат» дегендері бекер-ақ екен деп ойлады ішінен. Неше күннен бері асқа тәбеті болмағандықтан қара судан өзге ешнәрсе ішпеген оның әлі құрыды. Гинеколог Сандуғаш Гүлсезімнің қан сараптама нәтижелерін компьютерден ашып қарап шығып, бірер минут үнсіз отырды да жағдайды түсіндіре бастады.
– Гүлсезім, құттықтаймын! Сіз жүктісіз.
– Қалайша?
– Қан сараптамасынан сіздің жүкті екеніңіз анықталды. Уақытын нақты скринингтік тексеру арқылы біледі. Сіз берген ақпараттың дерегіне сүйеніп есептегенде – 8-9 апта. Таңқалғаныңызға қарап бұл жоспарлы жүктілік емес екенін көріп тұрмын. Солай ма?
– Жоқ. – деді Гүлсезім аяқ астынан не айтарын білмей. – Сонда мен жүктімін бе? Бірақ жүктілікті анықтайтын тест алып тексерілгенімде нәтижесі теріске шығарған еді ғой.
«8-9 апта... Екі ай бұрын... Әділмен кездескен күні... О, құдайым-ау, маған жетпегені осы ма еді? Енді қайтемін...». Гүлсезім өз-өзімен іштей күбірлеп кетті.
– Тым ерте тексерілген болуы мүмкін немесе қате көрсеткен. Ондай-ондай болып тұрады, сондықтан ең дұрысы – қан сараптамасы мен скринингтік тексеру.
Жанарын жас шайған Гүлсезім төмен қарады.
– Мен бұлай болғанын қалаған жоқ едім. Енді қайтсем болады?
– Баланың әкесімен ақылдасып, шешімді бірге қабылдаған дұрыс деп ойлаймын. Егер бұл күнде жүктілікті жоспарламасаңыз сізге жасанды түсік жасатуға кеңес бергеннен басқа амалым жоқ. Оның екі әдісі бар, бірі – медикоментозды препараттар. Дәріні үш күн бір уақытта қабылдайсыз. Жатырдағы ұйыған қан ағып кетеді. Ал екінші түрі – хирургиялық әдіс. Ол үшін төмендегі қабылдау бөліміне жазылып, ақысын төлеу керек. Қайда баруыңыз керек екенін сол жерде түсіндіреді. Бірақ ескертетін бір жағдай, хирургиялық әдіс әлі босанбаған әйелдер үшін қауіпті.
Гүлсезім дәрігер сөзінің бірін естісе, бірін естімеді. Санасы сан-саққа сандалып кеткен. Көз алдына әке-шешесі мен Әділ, мұғалімдері мен құрбылары елестеп өтті. Өмір мен өлімнің ортасында қалғандай, жүрегі тоқтап қалатындай, бәрі астан-кестең, дүние төңкеріліп кеткендей көрінді.
Аяқ асты шақшадай басы шарадай болған Гүлсезім Танакөзге телефон шалды. Бар мән-жайды жылап тұрып түсіндірген оған құрбысы:
– Үш күн бойы дәрі ішіп ауырып жүрсең, үш күн бойы толғатасың, біреудің көзіне түсіп қаларсың. Оның соңы немен бітеді? Ауруханаға жатасың ба? – деді.
– Жоқ жата алмаймын, таныстарым біліп қояды. Әділге хабарласып көрсем қайтеді?
– Ол жағын өзің шешерсің, дегенмен дәл қазір оқуыңды тастап, бала табуыңа үйіңдегі әке-шешең қуана қоймас. Әділ бола ма, басқа бола ма – баланы жағдайың қарап, ойланып, толғанып, тұрмыс құрған соң табарсың. Меніңше дұрысы осы, – деді тақылдаған Танакөз.
Құрбысының сөзі көңіліне әбден қонымды болып көрінген Гүлсезім қабылдау бөліміне барып жасанды түсік жасатуға жазылуға бел байлады.
Қабылдау бөлімінде маңына жолағанның бәріне кейіп отырған көк көз орыс әйел Гүлсезімге де неге екені белгісіз зекіп қалды. Миыңмен ойлап тұрғанды аузыңмен айтып, іске асыру соншалықты оңай болмай шықты. Түсік жасатқысы келетінін айта алмай қиналған Гүлсезімнің тұла бойы қалтырап, өзінен өзі қысылды. Кірерге тесік таппаған оның өне бойы бір ысып, бір суыды...
Түсік жасатуға жолдама беретін қағаздың маңдайшасында «57-ші» деп тұр екен. Елу жетінші баланың өмірі қиылмақ. Уақыт талтүс болатын. Таңнан бері елу алты әйел түсік жасатуға ниет еткен. Күніне қаншама әйел түсік жасатады. Гүлсезімге өмір сыйлайтын перзентхана бұрышындағы сарғыш есік тозақтың босағасындай көрінді.
Жанын жегідей жеп, ойы шашырап тұрғанда көзі әрнені шала берді. Есіктің маңдайшасындағы тақтайшаға жүктіліктің мерзіміне байланысты түсік жасату бағасы жазылыпты. Жүктілік уақыты ұзарған сайын ақшасы да қымбаттай түседі екен. Түсініксіз жазуларды оқып тұр. Не үшін оқитынын өзі де түсінбейді. Құлағы күңгірлеп, жүрегі тарсылдап, тұла бойы қалтырап, әлем тапырық күй кешкен Гүлсезім 112-ші кабинеттің алдында кезек күткен әйелдер қатарына келіп қосылды.
Ота жүргізіліп жатқан бөлмеден шаңсорғыштың дауысына ұқсас дауыс шықты. Гүлсезімнің көз алдына жатырдағы баласын шаң секілді сорып алған дәу құрылғы елестеді. Дереу көзін жұма қойды. Жүрегін суырып алғандай жаны ышқына айқай салады. Біреу сүйектерін үгітіп жатқандай күй кешеді. Мұның бәрі оның жадына толғақ үстінде кешкен азабымен бөліскен әпкелерінің айтуымен жазылып қалған.
Гүлсезім көзін ашып, айналасына қарады. Сабылысқан адамдар. Маңайына мағынасыз көз тастаған жас ару қайтадан көзін жұмды.
Баламен бірге жатырын да жұлып алған құрылғы оны үлкен еттартқыш секілді нәрседен өткізіп, езіп жіберді. Қолына қысқыш ұстаған дәрігердің: «Қане, тағы неңді жұлып алайын? Саған енді бала сүю бақыты бұйырмайды. Мүмкін миыңды да суырып алармын, ақымақ! Опасыз!», – деген бейнесі елес берді. Денесі тітіркеніп сала берді.
– Сенікі неше апта? – деген сөзден селк ете қалды Гүлсезім. Бағанадан жанында отырған келіншекке назары аумаған еді. Аққұба келген, қыр мұрынды, қалың қасты бикеш бұған жылы жымияды. «Несіне мәз болады» деп ойлады Гүлсезім ішінен.
– Менікі 12 апта. Жүрегі тоқтап қалған. Сол себепті жүктілікті тоқтату керек деді дәрігер. Осымен екінші рет қайталанып тұр.
– Не нәрсе? – деді Гүлсезім түсінбей.
– Жүрегінің тоқтап қалғанын айтамын.
– Қиын болған екен.
– Оның неден болатынын ғаламтордан іздеп көріп едім, әртүрлі инфекциядан, тіпті жыныстық жолмен жұғатын инфекциядан болуы да мүмкін дейді. Сонда менің күйеуімнен жұғып тұр ғой. Оңбаған, қыдырып жүріп қыстырып алған ғой бір жерден...
Гүлсезім үндемеді.
– Ал анау кісінікі он алты апта. Қарашы, іші үлкен.
Есік жақта орамал таққан, егделеу келген қараторы әйелге Гүлсезімнің көзі түсті. Төмен қарап ойланып отыр екен.
– Оған потологиялық ауытқу депті. Бала бәрібір ауру болып туады. Сол үшін түсік жасатқалы отыр.
«Адамдар түсіктің өзін түрлі себеппен жасатады екен-ау» деп ойлады Гүлсезім. Ал өзі не үшін жасатқалы отыр?.. Бәлкім сүйіктісі тастап кеткен соң, әлде ақымақтығынан, мүмкін қорыққаннан...
– Сенікі неше апта? – деді әйел сұрағын қайталап.
– Білмеймін, – деді Гүлсезім не деп жауап қатарын білмей.
– Қазір бірінші УЗИ жасайды екен. Баланы үлкен экраннан кәдімгі тірі қалыптағыдай көрсетеді екен.
– ...
– Неше апта екенін білмесең сол жерде айтады. Бұл жердегілер отаны жақсы жасайды, артынан ешқандай қалдық қалдырмайды. Түк қалдырмай алып тастайды.
– ...
– Бұл жерге түсік жасатуға бірақ көбі келе бермейді, қымбатсынады ғой. Жайдан-жай алдырып тастайсың ба сонда баланы? Әлде күйеуге шықпағансың ба? Дені сау бала болса алдырмасаңшы.
– ...
Ота бөлмесінен зембілде жатқан әйелді сүйреп екі медбике шықты. Бірінің жеңіне қан шашырапты. Бірінің кеуде тұсы былғанған. Мал сойып жүрген қасапшы кейіпті. Зембілдегі әйел ыңырсып, ал оны әлдеқайда алып бара жатқандар өзара дабырлай сөйлесуде.
– Ертең де осындай кісі болса, несиемді екі апта бұрын жауып тастар едім бар ғой.
– Мә, жақсы болар еді, ия. Әйтпесе айлыққа дейін әлі қайда-а-а...
Гүлсезім жүрегі айнып дәретхана жаққа қарай жүргірді. Одан шыққан соң жаңағы тозаққа қайтуға жүрегі дауаламады. Басқа бір шешімі табылар деп кетуге асықты. Есіне бағана түсік жасату үшін төлеген ақшасы түсті. Қалтасында көк тиын қалмаған оның қарны аша бастады. Ауырғалы бері бірінші рет. Қуырылған картоп жеп, газды сусын ішкісі келді. Қабылдау бөліміндегі әйелге түсік жасатпайтынын, ақшасын қайтарып беруін өтінді.
– Еріккен сайқал! – деді әйел. – Өзіңе не керек екенін нақты ойланып келмейсің бе, су ми!
Қайтарып алған ақшасын қалтасына сүңгіте салған Гүлсезім асыға басып есікке қарай жүрді.
– Әй, қыз! – деген дауыс шықты соңынан. Гүлсезім артына жалт қараған. Бағанағы өзіне зекіген әйел қолын бұлғап мұны шақырады.
– Егер түсік жасатуға қорқып тұрсаң, мен саған баланы түсіретін дәрі жазып берейін, міне. Осыны ал, орталық көшедегі екінші дәріханаға Соня апайдан келдім десең біраз арзандатып береді. Бір-ақ күн ішесің, үш рет, бітті. Түгі қалмайды.
Соня апай ұсынған қағазды пальтосының қалтасына сала салды. Осыған дейін жаны ауырды ма, тәні ауырды ма – белгісіз. Дәл осы тұста бір жеңілдік сезінді. Бір сәтке бәрін ұмытқысы келді. Жаман түс көріп, қазір оянса, бәрі қалыпқа түсетіндей көрінді.
Жатақхана маңындағы асханаға кіріп тамақ ішіп алмақшы болды. Іштен дәмді тамақтың иісі аңқиды. Стақандарға құйылған газды сулар көздің жауын алады. Бұрын-соңды газды суға қызықпайтын Гүлсезім екі стақанын бірден қотарып тастады. Жаны кіріп, бір сәт рахат сезімге бөленді. Қуырылған картопты құмарлана жеп отырған сәтінде асхана меңгерушісі Әсем жолығып қалды.
– Ас болсын! Көрінбей кеттің ғой, осы апта бірнеше той бар келесің бе? – деді Гүлсезімге.
– Жақсы болар еді, – деді ол қалтасы таязданып бара жатқанын есіне алып.
– Ендеше қасыңа қыздарыңды ерте кел. – Меңгеруші асықпай басып кабинетіне кіріп кетті.
Сабақтан бос уақытта даяшы болып жұмыс істеп жүрген Гүлсезім ата-анасынан көп ақша сұрамайтын. Жасынан іске шебер, кез-келген жұмысты үйіріп әкететін ол даяшы болып та, сатушы болып та жұмыс істеп жүретін. Өз мамандығын аса жан құмарлықпен оқымаса да, болашақта зор табыс әкелетін іс деп сенеді. «Адамдарға маржандай күлкі сыйлау жаман іс емес». Бұл болашақ тіс дәрігерінің өзі шығарған ақылды сөзі еді.
Секундттар жылдам, минуттар тез, сағаттар шапшаң, күндер зымырап, айлар апталап жылжып жатқан шақ еді. Гүлсезім жүктіліктің ортан беліне жеткен болатын. Шарқ ұрып сүйіктісіне хабарласқан. Жүрегінің астында екеуінен жаралған кішкентай тіршілік барын білгенде қуанған әкенің дауысын естігісі кеп, солай болған жағдайда өмір көлденең тосқан кез-келген қиындыққа қарамастан алға ұмтыла бермекке ант етіп еді. Қаншама уақыттан бері телефон тұтқасын көтермей жүрген Әділ бір күні аяқ асты өзі хабарласты. Түк болмағандай тіл қатысқан жігіт жүктілігі жайлы айтқанында:
– Қаласаң түсік жасатуға ақша жіберейін. Себебі дәл қазір мен оған дайын емеспін, – демесі бар ма? Гүлсезім жақ ашпады. Тұтқаны қоя салды.
Қорлықтан қан қысымы көтеріліп, өкініштен өліп кетердей болған Гүлсезім өзінің осыншалық көрсоқыр, ақымақ болғанына таң қалды. Жақсы көру тұрмақ, сыйлауды білмейтін сүмелекті ойлап өткізген текке кеткен қайран күндері-ай. Сонымен үміт етіп жүрген Әділден еш қайыр жоқ. Енді баладан құтылудан өзге амал қалмады. Түсік жасатуға уақыт асып кетті. Бұл кезде оның іші едәуір көрініп, Гүлсезім елдің көзіне көп түспейтін. Жүріс-тұрысы да ауырлап, қимыл-қозғалысы өзгерді. Бұрынғыдай ширақ жүріп-тұру енді арман еді. Сондықтан даяшы болып та, сатушы болып та жұмыс істеп жүрген жоқ. Қаражат жағы қатты қинап, қалтасы тесілген, жаны егілген ол кезінде түсік жасатып тастамағанына, уақыттың зая өткеніне қатты өкінді. Жанына жалау болар жалғыз адам Танакөз еді.
Қысқы сессия аяқталған кез. Қалада эпидемия жүріп, көп сабақтарын онлайн тапсырған студенттер бір-бірімен сирек кездесетін. Қалада тұратындар университетке мүлде келмейтін. Жатақханада тұрғандар жылдың аяғына дейін сонда қалып, келесі семестрден бастап іс-тәжірибеге кететін болды. Оқуларын аяқтар шақта медицина студенттері өз мамандықтары бойынша бір жыл уақыт кез-келген жерге жұмысқа кіруге құқылы еді. Шетелге түйіндеме жіберіп, өтініштері қабылданып, қуанып жатқандар да аз болмады. Танакөз бен Гүлсезім де шетелге түйіндеме жіберген болатын.
– Өтіп кетсек тіпті жақсы. сол жақта жүріп босанасың, ешкім білмей де қалады. Ұл тапсаң әкеңе мұрагер болады. Сенің бауырың сияқты өмір сүреді, – деді құрбысына жаны ашыған Танакөз.
– Әкем бұл жағдайды мүлдем естімесін, жүрегі жарылып өледі. Маған бұл бала неге керек, айтшы? Әділ сияқты сүмелектен туатын баладан не қайыр? Менің карьерам ше? Дәрігер атанамын, өзімнің жеке емханам болады деп армандап жазып, қаншама блакноттың бетін таусып едім. Не істеймін енді?
– Басында ойлану керек еді соны. Жиырма бірінші ғасырда өмір сүресің. Өзің болашақ дәрігерсің. Сақтануды ойлау керек қой адам деген. Жарайды енді не десек те кеш...
– Бір амалын қарастырып, бұл қиындықтан құтылу қажет.
– Баланы шетелге сатайық. Олар қазақтың балаларын асырап алғанды жақсы көреді ғой.
– Аузыңнан бір жақсы сөз шықсашы...
– Енді не айт дейсің маған? Туып алып жетімдер үйіне тастап кетесің бе?
– Дәрі ішіп түсіріп тастап, құтыла салсам ше?
– Дәрі ішетін уақыт өтті, отыз алтыншы апта, тіпті отыз жетіншіге аяқ бастың. Бүгін-ертең толғақ басталуы да мүмкін. Сен енді нақты бір шешімге кел.
Түнімен дөңбекшіп, мазасы қашып шыққан Гүлсезім атар таңды көзімен атқызды. Терезеден сыртқа көз тастады. Жапалақтап қар жауып тұр екен. Қар аппақ. Тап-таза күйінде айналасын ақ ұлпаға орайды. Ал адамдар оны аяққа таптайды. Бір уақытта іші төмен тартып ауырды. Бұрын да осылай ауыратын да қайта басылатын. Сондықтан мән бермеген ол орнынан көтеріліп еді борбайының арасынан жып-жылы нәрсе ағып бара жатқандай сезілді. Аяғының астында қып-қызыл тамшылар жатты. Қорыққанынан үні шықпай қалған ол Танакөзді әрең оятты.
– Ойбай, сенің толғағың басталды! – деді Танакөз.
– Уақыты әлі ерте еді ғой.
– Ерте емес, айттым ғой саған! Қазір төменге барып дәрігер шақырамын.
– Жоқ, өзің бірдеңе істе, дәрігер шақырсаң бәрі біледі, ата-анам, мұғалімдер, – деді Гүлсезім жыламсырап.
– Жалғыз өзім бе? Бірақ практикада жүргенде бірнеше рет босандыруға қатысқан едім. Көрейік не де болса.
– Бол, бол, ойбай! – деді Гүлсезім ышқына айқайлап.
– Тұра тұр асықпа! Қане төсекке жат, айқайлама, күшіңді текке кетіресің! Сенің суың кетіп жатыр, толғақтың аралығын есептеу керек, қанша минуттан?
– Екі минут...
– Жатыр ашылған, шамамен бес-алты сантиметр... Қазір босанасың, біраз қалды. Қане терең дем ал. Жаттығу жаса, тұрып жүрейік, сонда тез болады. Тек айқайламашы, біреу естіп қояды.
Танакөз жылдам киініп, есікке қарай беттеді.
– Сен бөлмеде жүре тұр, мен тез дәріханаға барып келемін.
– Кетпеші, қорқамын!
Танакөз жатақхана іргесінде орналасқан дәріханадан акушерлік жиынтық, ауруды басатын дәрі, спирт, бинт сатып алып бөлмеге асықты. Тәтті шоколад пен таза су ала келді. Гүлсезім бөлмеде қара терге түсіп, жанын қоярға жер таппай толғатып жүр екен. Төсектің жаймаларын жиып тастап орнына ескі жайманы салды. Тағы бірнеше жайма дайындап қойды. Таңертең басталған толғақ кешкі уақытқа дейін созылды. Әлі әбден құрыған Гүлсезімнің ес-түсі жоқ. Әлемтапырық күй кешіп жатыр. Бетін шапалақтаған Танакөзге бірінші рет көріп тұрғандай таңдана, көзін бақырайтып қарады. Өмірі таусылып бара жатқандай, қазір өліп қалатындай қиналып барады. «Құдайым-ай, толғақ деген осынша азапты болар ма еді. Өмірімді былғаған бәле, тезірек құтылсам екен» деген тілек қана ойында. Әлі де жарқын болашаққа сенеді. Тек осы баладан құтылу керек.
Сегіз сағаттан соң өлім мен өмірдің ортасында азап шеккен қыз босанды. Өзінің тумай жатып ешкімге керексіз екенін сезді ме екен кім білсін, әлде бойында бір дерт болды ма, шарана өмір есігін ашпай жатып шетінеді. Іңгәлап өмір әнін айтпады. Өлімге үнсіз мойынұсынды.
ІІІ
Тоңазытқыш камерасынан шетінегеніне өте көп уақыт болған шарананың мүрдесі табылыпты. Қаншама уақыттан бері мұз болып қатып жатқан дене жылы жерде еріп, сүйек пен тері ажырап, езіліп кеткен. Баланың жынысын да, шамасын да анықтау мүмкін емес еді. Мүрденің жанында жатақхана студенттері төсейтін жайманың қалдығы жатқан. Экспертиза кезінде баланың өлі туғанын, кіндігі кесілмей дорбаға салынғаны анықталды. Сол күні жұмыста жалғыз болған Мейрамгүлдің айтуы бойынша тоңазытқыштың түп жағына төсек жаймасына, одан соң қоқысқа арналған қалың дорбаларға орап тығып кеткен жерінен тауып алыпты. Оның қай кезде салынғанын, неліктен осы кезге дейін табылмағанын Мейрамгүл білмейді. Себебі асхананың тазалық жұмысынан басқа жұмысына араласпайтын еді.
Полиция қызметкерлері мен университет басшылығы кейінгі кезде тұрмыс құрған, аяғы ауыр болып емханада тіркеуде тұрған студент қыз-келіншектерді, әйел мұғалімдерді тексеріп шықты. Жайманың жатақханаға тиесілі екені өлі сәбиді студент қыздардың бірі тапқандығының бірден бір айғағы еді. Жүз жылға тарта тарихы бар оқу ордасының атына нұқсан келтірмеу үшін университет басшылығы мен полиция істі қазбаламауға, осы жерден тоқтатуға сөз байласты.
Іс жабылды. Шақалақтың мүрдесіне сараптама жасалған соң арнайы орынға жерленді.
Оқу жылының соңында медицина университетінде мемлекеттік гранттардың бірнешеуі басқа студенттерге берілді. Сол гранттың ескі иелерінің бірі Гүлсезім мен Танакөз еді. Гүлсезім босанған соң бірнеше күн ыстығы түспей ауырып, ауруханаға жеткізілген. Көп ұзамай көз жұмған оған жұқпалы вирустан өлген деген диагноз қойылған. Сол жылғы эпидемия кезінде вирустан көз жұмғандар саны шексіз еді. Танакөз шетелге іс тәжірибеге аттанып, сондағы акушерлік орталыққа жұмысқа орналасқан. Бірақ белгісіз себептермен жүйкесіне салмақ түскен ол көп ұзамай елге қайтарылды. Содан кейінгі өмірі неврологиялық ауруханада ем қабылдаумен өткен.
Ал Мейрамгүлге дәрігердің көмегі қажет болды. Санасына соншалық салмақ салған оқиғадан соң ол тоңазытқыш көрсе, теріс айналып, зәресі ұшатынды шығарған.
Айгерім Қиықбай
жазушы, әдебиеттанушы
Abai.kz