Ассамблеяның жаңа кезеңі — жастарда!

Қазақстан халқы Ассамблеясы биыл өзінің 30 жылдық мерейтойын атап өтуде. Бұл ұйым қазақстандықтардың саяси-әлеуметтік өмірге белсене араласуына мүмкіндік жасап, еліміздегі түрлі этностардың мәдениеті мен тілін сақтауға, дамытуға қолдау білдіріп келеді. Осы тұста біз Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ Басқарма төрағасы-ректор міндетін атқарушы, Шымкент қаласы ҚХА жанындағы «Аналар кеңесінің» төрайымы Гүлжан Сүгірбаева ханымға хабарласып, пікір сұраған едік...
Гүлжан Сүгірбаева:
– Ең бастысы – 150-ден астам ұлт өкілі мекендеген шаңырағымызда ұлтаралық бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту жолында маңызды рөл атқаруда. Қоғамдағы келісім мен бірлікті сақтауда, ұлттар арасындағы достықты нығайтуда Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі маңызды. Аталмыш ұйым өзінің құрылу кезеңінен бастап халықтық дипломатия үлгісіне бейімделе отырып, ұзақ даму жолынан өтті. Бірегей құрылым ретінде республиканың дамуы үшін бүкіл әлемге этносаралық қатынас бойынша жүргізіп отырған саясатының табысты екенін паш етіп келеді.
Ассамблеяның басты ерекшеліктерінің бірі оның еліміздің жоғары заң шығару органында Парламентте этностық топтар мүдделерінің кепілді өкілдік етуін қамтамасыз етуі болып табылады. Парламент Мәжілісіне Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған депутаттар еліміздің барлық этностары атынан өкілдік етеді. Бұдан басқа қазақстандық этностық қоғамдастық өкілдері Парламенттегі өкілді органдарға саяси партиялар арқылы сайлауға тікелей қатысу негізінде жүзеге асырылады. Республикада Қазақстанның барлық этностарының мәдениетін, тілін, дәстүрін дамыту үшін қажетті жағдайдың бәрі жасалған.
Ассамблея қызметі Қазақстанның этносаралық қатынастар мәселелерін тиімді шешетін ел ретіндегі халықаралық беделін арттыруға ықпал етеді. Қоғамдағы басты міндет бірлікті сақтау және ұлттар арасындағы достықты нығайту екенін ескерсек, бұл үдерісте қарапайым халықтың рөлі ерекше. Біздің елімізде әр ұлттың өкілдері өз ана тілінде сөйлеп, ұлттық дәстүрлері мен рухани құндылықтарын сақтауға толық мүмкіндік бар. Жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеуде де мыңызды міндеттерді жүзеге асыруда.
Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ-да бүгінде барлығы 24 өзге ұлт өкілінің жастары бір үйдің баласындай тату-тәтті білім алып, болашақ маман атану жолындағы ізденіс үстінде. Олар бір-бірінің тілі мен мәдениетіне, рухани құндылықтарына әрдайым құрметпен қарап, көңілді және мазмұнды шараларды жиі ұйымдастырады.
Жалпы, Ассамблея жұмысында алдағы уақытта Жастар ассамблеясына басымдық берсе, болашағымыз айқын, бағытымыз анық болмақ. Өйткені, жастар біздің болашағымыз, ертеңгі елдің егесі, олардың бойына ынтымақ пен ауызбіршілікте өмір сүрудің құндылық дәнін егуіміз керек. Оларды әлеуметтік қолдау,жұмысқа орналастыру, білімін арттыру бағытында бірлескен шараларды жүзеге асыру қажет. Жастар әлеуметтік желіні кеңінен қолданатындықтан, ақпараттық жобалар мен медиасауаттылыққа бағыттаудың да маңызы зор. Жастар ұйымдары реформаларды жүргізуге де зор ықпал ете алады. Қорыта айтқанда, Ассамблеяның отыз жылдығы маңызды белес. Ол болашақта да бейбітшілік пен келісімнің маңызды тірегі болып қала береді.
Abai.kz