Сәрсенбі, 23 Сәуір 2025
Тұлға 329 0 пікір 23 Сәуір, 2025 сағат 13:28

Ұлт рухын ұлықтаған Ебіней Бөкетовтің жарқын бейнесі

Сурет: Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінен алынды.

2025 жылдың 22 сәуірінде ҚР Президентінің жанындағы  ҚР Ұлттық ғылым академиясы мен Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті бірлесіп көрнекті ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері, химия ғылымының алыбы, Ұлттық ғылым академиясының негізін қалаушылардың бірі – Ебіней Арыстанұлы Бөкетовтің туғанына 100 жыл толуына арналған «Жарқын бейне» атты танымдық кездесу өткізді.

Кездесудің басты мақсаты – ұлы ғалымның бай ғылыми мұрасын дәріптеп, оны жас ұрпаққа үлгі ету.

Аталған танымдық кездесуге ғалымның ұрпақтары, бірге қызмет атқарған әріптестері, шәкірттері, сондай-ақ Евней Арыстанұлының ғылыми мұрасын зерттеп жүрген отандық және шетелдік ғалымдар қатысты.

Кездесуде сөз алған химия ғылымдарының докторы, профессор Бектенов Несіпхан Әбжапарұлы – Ебіней Арыстанұлы Бөкетовтің ғылым мен білімге қосқан үлкен үлесін, оның ғылыми ортадағы орны мен тұлғалық ерекшеліктерін зор ықыласпен еске алды. Ғалымның ғылымға деген адалдығы мен әділеттілікке деген терең құрметі әріптестеріне ғана емес, шәкірттеріне де айқын байқалған. Е.Бөкетовтің зерттеушілік мәдениеті мен әдістемелік жаңашылдығы оның еңбек жолында маңызды орын алған. Бектенов мырза өз естеліктерінде Ебіней Арыстанұлының кез келген мәселені терең ойлап, ғылыми тұрғыдан қарағанын және әрқашан өз ұстанымынан айнымай, шындықты іздеп, ғылыми талдаулар мен шешімдерде әділдікті басты қағида ретінде ұстанғанын атап өтті.

Сондай-ақ, Ебіней Арыстанұлының қол астында еңбек жолын бастаған педагогика ғылымдарының докторы, профессор Джусубалиева Дина Муфтаховна – Ебіней Арыстанұлы Бөкетовтің тек ғалым ғана емес, жоғары адамгершілік қасиеттері бар тұлға екенін атап өтті. Оның ғылым мен білімге деген адалдығы мен ынта-жігері Бөкетовті құрметті ғалым ғана емес, шәкірттері мен әріптестері арасында үлкен беделге ие еткен.

Дина Муфтаховна өз естеліктерінде Ебіней Арыстанұлының жас ғалымдарға қамқорлық жасап, әрдайым бағыт-бағдар беріп, ғылыми кеңес ұсынғанын айтты. Ғалымның бұл қасиеттері жас зерттеушілерге үлкен үлгі болып, ғылым жолында табысты болуына жол ашты. Бөкетовтің адамгершілік қасиеттері мен ғылыми біліктілігі бүгінгі ұрпақ үшін құнды мұра болып қалды.

Ал ғалымның қызы Бөкетова Ақсұлу Ебінейқызы –  әкесі Ебіней Арыстанұлы Бөкетовтің отбасы, Отан және ғылым алдындағы жауапкершілігін терең тебіреніспен еске алды. Ол әкесінің отбасы үшін үлкен үлгі бола отырып, ғалым ретінде де, адам ретінде де өзіне жүктелген жауапкершілікті әрдайым жоғары деңгейде орындағанын атап өтті. Ақсұлу Ебінейқызы әкесінің ғылымға деген адалдығы мен шексіз сүйіспеншілігін, сондай-ақ өз отанына қызмет етуге деген ұмтылысын ерекше маңызға ие қасиет ретінде сипаттады. Әкесінің еңбегі мен тұлғалық ерекшеліктері оның отбасы мен қоғам үшін үлкен рухани мұра болып қала бермек.

Кездесуге жас ғалымдар, білім алушылар, ұстаздар мен зерттеуші қауым өкілдері қатысты. Бұл – ұлт ғылымының дара тұлғасын ұлықтау ғана емес, жаңа буынға үлгі болар рухани сабақ болды.

Ұлы ғалымның өнегесі – жас ұрпақ үшін шамшырақ!

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Қайраулы қара семсер

Есболат Айдабосын 2175
Анық-қанығы

Еуропаға Ресей аумағынсыз шығу жолы

Асхат Қасенғали 5074
46 - сөз

Бізге беймәлім Барақ хан

Жамбыл Артықбаев 4313