Трамп соғысты тоқтатудан бас тартпақ!

Кеше Лондонда Еуропаның жетекші елдерінің Сыртқы істер министрлерінің қатысуымен Трамп ұсынған Ресей-Украина соғысын тоқтатудың ең соңғы қарары талқыланбақ еді.
Бірақ кей Еуропа басшылары Трамптың өзі мақтаған аталмыш бейбітшілік жобасының Ресей пайдасына шешілетініне наразылық ретінде өз өкілдерін жіберуден іркес-тіркес бас тартқан. Соның кесірінен Лондонға ұшпақ болған АҚШ Мемлекет істер хатшысы Рубио амалсыз орта жолдан қайтуға мәжбүр болған.
Англия тарабының мәліметінше, кездесу министрлер деңгейінде емес, елшілердің қатысуымен, төмен сатыда, жабық жағдайда өткен. Оған АҚШ тарабы әдеттегідей Зеленскийді айыптады.
Трамптың:
* Украинаның Қырымнан бас тартуы;
* Қазіргі майдан шебінде соғыс қимылдарын тоқтату;
* АҚШ-тың Ресей Федерациясына қарсы барлық санкцияларды алып тастауы;
* Запорожье АЭС-ін АҚШ бақылауына беру. АҚШ пен Ресей арасындағы энергетикалық ынтымақтастық;
* Украина мен Ресей арасындағы тікелей келіссөздер. Қауіпсіздік кепілдігі жоқ;
* Украинаның НАТО-ға кіруден бас тартуы, бірақ ЕО-ға кіру мүмкіндігі;
* Пайдалы қазбалар бойынша келісімге қол қою - қатарлы мазмұндар қамтылған бір беттік бейбітшілік жоспары БАҚ бетінде жария болғаннан кейін Украина, мен Еуропа оған қолдау білдірген жоқ.
Зеленский Қырымды - орыс жері деп тану Украинаның негізгі заңына қайшы екенін атап өтті.
Еуроодақтың Сыртқы істер өкілі Кая Каллас та: «Еуропа Қырымды Ресей территориясы деп ешқашан мойындамайды», - деді.
Трамптың соғысты тоқтату шарты өз пайдасына шешіліп тұрса да, Ресей жағы да оған қарсы пікір білдіріп жатыр. Дума басшысы: «Ресей жағы Украинаға бітімгерлік күштерін орналастыру келіссөзіне ешқашан қатыспайды», - деді.
Жуасты жүндеуге үйреніп қалған Трамп әдеттегідей Зеленскийге шүйлікті. Оның орынсыз сөздері келіссөзге кесірін тигігіп жатыр-мыс.
«Мықты болсаң кезінде Қырымды неге беріп қойдың? Қой дегенде қоймасаң, үш жылдан кейін терроторияңның бәрінен айырыласың!», - деп айбар шекті.
Оның орынбасары Вэнс те: «Екі тарап соңғы нұсқаны қабылдамаса, соғысты тоқтатуға араласудан бас тартамыз», - деді.
Әлем БАҚ-тары Трамптың келісім шартын сынап: «Украинаға соғыста жеңілген ел сияқты мәміле жасалған», - деп жазуда.
Зеленскийдің келіссөздің алғышарты - жалпы соғыс тоқтату дегені өте орынды екені анық. Ондай жағдайда басып алынған жерлердің тағдырын халықаралық қауымдастықтың қатысуымен шешуге болар еді. Кремль тарабы болса Украинаның НАТО-ға кіруден бас тартуын місе тұтып тұрған жоқ. «Еуропа Украинаға қару беруін тоқтатқанда ғана, соғысыты тоқтатамыз», - дейді.
Айналып келгенде Украинаны әскери кепілдіктен, мәңгілік қауіпсіздіктен жұрдай ету. Сол арқылы түпкі ойларын жүзеге асыру – қолбала елге айналдыру екені анық.
Қытайға сауда соғыс ашамын деп, ел ішінде экономикалық тұрақсыздық орнатқан Трамп сайлау алдында соғысты 24 сағатта тоқтатамын деп сөз беріп, артынан 100 күнге өзгерткені белгілі. 24 сағат емес, 100 күн де өте шықты. Кесімді мерзім біткенде «бізді тыңдамады» деп Путинді емес, Зеленскийді айыптап, тайқып шықты.
Abai.kz