Жұма, 25 Сәуір 2025
Білгенге маржан 319 0 пікір 25 Сәуір, 2025 сағат 16:58

Тарбағатайдағы ұлт-азаттық күрес (соңы)

Сурет: Автордың мұрағатынан алынды.

Басы: Тарбағатайдағы ұлт-азаттық күрес

Тарбағатайдың өзге аудандарын азат ету соғыстары

27-күні көтерілісшілер мен ұлттық армия Сарғусынды алып Дөрбілжінге шабуылға өтті. Ұлттық армия Дөрбілжін аудан қалашығына хат жазып адам жіберіп, ондағы гоминдаң армиясын тізе бүгуге үндеді, олар бас тартқан соң қалашыққа шабуылға өтті. Борап тұрған зеңбірек оғы астында Кеңсай 3-атты полк 1-баталионыны қалашықтың солтүстігінен, 2-баталионы оңтүстіктен, 3-баталионы қалашықтың шығысынан сұрапыл шабуылға өтіп небары төрт сағат шайқасып 29-күні түстен кейін қалашық қорғанын бұзған соң ұлттық армия қалашықты басып алды әрі Алтайдан келе жатқан он әскери автомобилды қолға түсірді.

Ұлттық армия Дөрбілжінді алған соң Шәуешекке аттанды, ондағы қытай әскерлері дараланып, көмексіз халде зәре-құты ұшты. Шілде айының 29-күні ұлттық армия алдыңғы бөлімдері Шәуешектің оңтүстік қала маңына барып, Дөрбілжін ауданынан тізе бүккен аудан әкімі Жияу Нәйчың қатарлыларды қалаға жіберіп тізе бүгуге нәсихаттады. Тарбағатай уәлиі Пиң Рұң әдетте халықтың ақша, мал-мүлікін сорып рахатқұмарлыққа берілуді ғана білетін. Ол Дөрбілжіннің қолдан кеткен хабарын ести сала ес-ақылдан адасты. Ол дереу армия, үкімет органдарын жинап жиын ашсада пікір бірлігіне келе алмады. Ол Шәуешектегі Совет одағы консулына адам жіберіп шегарадан өтіп паналауды сұрады. Совет жақ тек қару-жарақтарын түгел тапсырған соң ғана өтуіне рұхсат берді. 30-күні ұлттық армия Шәуешекті қоршауға алды. Сол күні түнде Пиң Рұң қаладағы мәнсаптылар, офицерлер, әскерлер жане қытай бұқарасынан жиыны 1400 дей адамды бастап Бақты арқылы Совет одағына қашып өтті. 31-күні Шәуешек азат болды. Ұлттық армия мен Майлы партизандары Толы, Шағантоғай, Дөрбілжін, Шәуешекті азат ету барысында жаудың екі полк әскерін жойды, олжаға түскен қарулармен қосынын қаруландырды.

Ұлттық армия Тарбағатайдағы егіншілер мен малшылардан әскер алып құрамына қабылдады. Тамыз айының 10-күні ұлттық армия қолбасшылығы штабы бұйрық түсіріп, Майлы партизандарынан «Тарбағатай 6-атты полк»ты құрды. Тағы «Дөрбілжін 4-атты полк» құрылды, олар Кеңсай атты әскер полкімен бірігіп атты бригадаға айналып саны 2400 ден асты. Олардан бір бөлім күшті шығарып Шихуға шабуыл жасады, енді негізгі күш Қобыққа шабуыл жасады.(«Үш аймақ төңкерісі тарихы» 145-146-беттер.Ұлттар баспасы. Пекин. 2000ж).

 

Шәуешек азат болған кезде ұлтық армия Шәуешекте. 1945-жыл, қазан айы.

Қобық партизандары жане Қобықтың азат етілуі

Қобықсары ауданы 1771-жылы шығысқа көшкен Еділ қалмақтары яғни тұрғұттардың ұрпақтары шоғырлы қоныстанған жерлердің бірі, деседе 1916-1933 жылдары Шығыс Қазақстан жерінен ауып келген неше мың қазақта бар еді.

Зұңғұруп 1944-жылы жазда Қобықтағы моңғол-қазақтан 200 азаматты аттанысқа келтіріп Моңғолияға барып көмек алды әрі әскери машық өткізді. Қазақ азаматтарына Мәулітқан Нұғыманұлы, Ағыбай Мәсәлімұлы басшы болды. Олар қайта айналып келіп Қобыққа шабуылға өтті, бірақ Жеменеймен Қобықтан 900 әскер екі жақтан қыспаққа алған соң амалсыз Совет шегарасына өтіп кетті. 1945-жылы жазда Лескин мен Доскеновтың бастауында кеңсай атты полк келген соң Қобыққа шабуыл жасап сегіз күн соғысып 15-тамызда Қобықты басып алды, 200 жаудың жүзін атып өлтірді. 14 қазақ, 9 моңғол жауынгер, бір орыс әйел қаза тапты (Қожай Доқасұлы. «Отқа  оранған жылдар». 184-185 беттер).

Тарбағатай жерінде қазақ,  моңғолдан өзге бір бөлім орыстарда қарулы әрекеттер жасады. Шияугуайда Еминов, Динисков бастаған орыс партизандары, Шәуешекте Рияпов бастаған орыс партизандары болған. 9-айдың 18-күні Динисков Сауан қалашығын бір мезет басып алған.

Тарбағатайдағы қарулы күштер

Тарбағатай аймағы толық азат болғаннан кейін ондағы қазақтарды негіз еткен қарулы күштер ұйымдастырылды.

Қожай Доқасұлының айтуынша:

«Дөрбілжін 4-атты полк, командирі Айтуған(қазақ), орынбасары Юсупов(татар), саяси комицсар Ахыметшаев, жиыны 1200 адам.

Тарбағатай 6-атты полк, орыны Шыхызы(Тасырқай), командирі: Қайса Дүйсенбеков. Орынбасары Қайса Жұмыкеұлы. Саяси комицсар Әбдрахман Оркен ұлы, штап бастығы Саму Сәбитов(ол Шепейзіні алу соғысында қаза болып орынына Нұрлан Бөгенбаев тағайындалды), штап бастығының орынбасары Жағда Бабалықов.1200 адам.

Жағда Бабалықұлы

Сауан 7-атты полк, командирі Қазықан Манасбаев, саяси комицсар Сәрсенбек Әбішұлы (Қожай Доқасұлы. «Отқа оранған жылдар». 10-11 беттер)

Бұндағы Дүйсенбеков, Бөгенбаев, Сәбитов, Өркенұлы қатарлы полк бастықтары негізі түгел Кеңестер одағынан келген әскери адамдар еді, бұл тұтас сол кездегі Шығыс Түркістан үкіметі мен армиясындағы қалыпты құбылыс болған, әскери киімі, доқтырханасы, ауыр қарулары, финанс, экономика, кен саласы қатарлы органдардың бастықтары мен ақылшылары дерлік Кеңестер одағынан келген әр ұлт өкілдері болды, Кеңестер одағының әр саладағы ықпалы өте зор еді, деседе 1940-1950 жылдардағы осы Кеңестер одағынан Шыңжаңға келген азаматтардың денінің ұлттық көзқарасы жақсы болған, ол туралы Қасен Өр Алтай өз естелігінде:

«Әкем Тарбағатай 6-полктің басшылары Қайсамен жақсы қатынаста болды, оларды қазақшыл білімді азаматтар, әттең орысқа қор болды ғой-деп айтып отыратын дейді. Қайсада Қалибекке: Мына орыстар әр істе өзінен асып істемесең сені адам құрлы көрмейді…»-деп баяндайды.

8-айдың 11-күні ұлттық армиядан 600 дей адамы Совет  одағының әскери ақылшысы Бәйділдә Доскеновтың бастауында Қобыққа жетіп 8-айдың 22-күні Қобықты азат етті.(«Үш аймақ төңкерісі тарихы». 147-бет. Ұлттар баспасы. Пекин.2000ж) Осыдан кейін кеңсай атты әскер полкі Алтайға аттанды. Бұдан байқайтынымыз кеңсай атты полкі тұтас үш аймақта әрекет жасаған, әсіресе Тарбағатай мен Алтайда көбірек соғысқан, осы өңірде Шығыс Түркістан үкіметі орнауына үлес қосқан, әрі Кеңеске бейім адамдармен Кеңестік агенттерді билікке қойып отырған. Кеңсай атты полк Алтайға барғанда Алтай жері негізі азат болып тек Сарсүмбе мен Буыршын қалашығында қытай әскері болған, Буыршындағы бір баталион әскерге Алтай қазақ қарулы күштері мен кеңсай атты полк шабуылдап оңай алады, көп шығын болмайды, ал Сарсүмбе соғыссыз алынады, осы кезде Оспан батыр Көктоғайда еді, оған хабар берместен осы полк және Құлжадан келген ШТР басшылары Алтай аймағының ШТР дың бір бөлігі екенін жариялап, әкімшілік мекемелерді құрып оның жарымынан көбіне өзге ұлттар мен Кеңестер одағының адамдарын қойып үлгереді де ШТР дан бұрын құрылған Алтай қазақтарының төңкерістік үкіметі мүшелерімен, қарулы күш жетекшілерін биліктен қағады, Доскенов Көктоғайға барып Оспан батырмен жолығады әрі оны Сарсүмбеге көшіріп әкеледі, Оспанды Алтай әкімі етеді, бірақ ешкімге сөзі өтпейтін жағыдайда болады. Сонымен Оспан бастаған «Алтай қазақтарының төңкерістік үкіметі» күшін жояды, Оспан қарулы күштері 5000ға жуық еді, ендігі жерде оларға барлық қаруларын тапсыру бұйырылады, осылайша Оспан ШТР үкіметіне сенбей, оларға наразы болады, бұл жарты жыл өтпей ашық қарсылыққа ұласады.

Еренқабырға көтерілісі

Еренқабырғадағы Шиху мен сауан аудандары ол кездері Үрімжіге қараайтынын айттық, Құлжадағы «Шығыс Түркістан» үкіметі Үрімжіден Ілемен Тарбағатайға баратын көлік жолдарын, телефон сымдарын үзіп жау әскерінің шабуыл жолын кесу үшін осы өңірдегі қазақтарды аттанысқа келтіруді көздейді, бұл маңызды стратегиялық мәнге ие еді.

Қалибек Райымбекұлы

Такыман батыр

1940-Жылдары қолға алынған Қалибек босатылып Қызылөзен мен Қорқыс арасындағы елдің бастығы болған еді. Осы кездері (1945-жылдың басы) Іле өңірі негізінен азат болған еді, Ілеге Үрімжіден келетін қытай әскерінің жолы дәл осы Сауанмен Шихуды, Жыңды басып өтеді, онда тасымал жолдарымен, телефон сымдары бар, Тарбағатай, Шиху, Жың әлі қытай әскерінің қолында олардың Үрімжімен ара қатынасын үзу үшін Сауан елі күреске шығып Шығыс Түркістан үкіметіне өтуі керек еді, осы мақсатта Кеңестер одағынан келген Қазықан Манасбаев бастаған 400 Кеңес әскері(ішінде Ілелік қазақтарда бар) Сауан маңына жіберіледі, олар тасымал жолының түйіні Анжықай көпірін бұзбақ болған. Қалибекте қытай үкіметі елді қорға деп берген оншақты мылтық қана бар болатын.

Сауан маңындағы Майтау мұнай кенін күзететін 80 адамдық ұйғыр ротасының бастығы Сопахұн көтеріліс жасап Ілеге өтпек болып жараланған әскерін уақ Нұрпай батырға қалдырып өздері үрке шегінеді, қуа келген қытай әскерімен Нұрпай жалғыз атысып қаза табады, оның үй ішін қытай әскері түгел өлтіріп елге сес көрсетпек болады. Қалибек Манасқа жиынға кеткен кезде Тәкіман, Балақамзалар қытай қоржаларына шабуыл жасап оларды ауылымен қырады да Қалибекті амалсыз қытайға қарсы көтеріліске шығуға мәжбүрлейді. Қалибек қайтып келген соң болған істі көріп елді жиып ақылдасады, соңында елдің көбі қытай үкіметімен ат кекілін кесісіп көтеріліс бастауға келіседі, олар нахшбанди тарихатын нәсихаттаушы Бахауидин әулие қолдай гөр деп тілек тілейді. Такіман Майтаудан қашқан ұйғыр әскерлердің бірін атып өлтіріп тоғызын тұтқындап қаруларын тартып алған екен, сонымен қолда бар мылтық 21 ге жетеді. Бұл мылтықтарды Қалибек мерген азаматтарға беріп қалған 300 азаматқа шоқпар дайындатып қаруландырады. Елдің көтеріліске шыққанын біліп басуға келген 300 қытай әскері (пулемет, зеңбірегі бар) шабуылға өтеді, атыс жарты күнге жалғасады, Қалибек қатарын молайту үшін шығыс тау елімен батыстағы Сауан еліне хат жазады, өзі қолдан Шығыс Түркістан үкіметі мөрін жасатып оны хаттарға басады. Осы атыста жауды жеңіп шығады, дегенмен оқ-дәрі, қару тапшы, сол үшін Қалибек Қамзаны Құлжадағы Шығыс Түркістан үкіметінен көмек сұрауға жібереді. Екінші рет шабуылға шыққан қытай әскерінің саны 3000 шамалы адам екен, бұлар тек Қалибекпен соғысу үшін ғана келмеген, Қалибекті жеңіп онан батысқа Жың, Шиху, Бұраталаға бармақ. Осы қарасы мол жаумен соғыста Мөрдіқан мерген У Жаужін деген қытай әскер басын атып түсіреді. Кеңарал, Абдулла қатарлы азаматтар оққа ұшады, ел батысқа ығыса көшсе, азаматтар елді қорғап жауды тоса ұрыс салды. Дәл осы кезде Қазықан бастаған топ яғни Шығыс Түркістан әскері көмекке келеді, олар тағыда Анжықай көпірін бұзуға келген екен,  осы көмектің арқасында жауды тағы бір мәрте тойтарады. Осылайша жаз бойы қытай әскерімен үздіксіз соғысып тұрады, күзге қарай Қалибек тобы Бөрітүңкені алды, осы соғыста жеті азамат қаза тапты, деседе Үрімжіден шыққан қытай әскерінің 38 машинасын қолға түсіреді, онда 1800 мылтық бар еді. Осыдан көп ұзамай Тарбағатай мен Ілеге баратын қытай әскерінің жолы мен телефон, телеграф жүйесі кесілді. Сауан жері толық азат болып Қалибек Сауан ауданының әкімі, Тәкіман аудандық полицияның бастығы болады. Еренқабырға көтерілісі төрт айға созылды, Қалибек бастаған қазақ азаматтары 1700 ден аса қытай әскерін атып өлтіріп күреске елеулі үлес қосады.

Шиху соғысы

ШТР-дың үш аймағын қытай әскерінен тазарту соғыстарының ішінде әйгілі соғыстарға: Дабусұн соғысы (Алтай жерінде болып 1500 ден артық жауды жойған), Айранбақ соғысы (1300 ден аса жауды жойған), Жың соғысы (900ден аса жауды атып өлтірген), Шиху соғысын жатқызуға болады. Осы үлкенді-кішілі соғыстарда ұлттық армия жаудың 20 мыңнан артық әскерін жойған.

8-Айдың 27-күні ұлттық армия Шепейзіні қоршауға алды, Шепейзібегі қытай әскері Шихуға қашты. 9-айдың 4-күні ұлттық армия Шихуға жалпы шабуыл жасады. Соғысқа Совет армиясыда қатысты, сүйдің1-жаяу полк, Тарбағатай 6-атты полк, моңғол атты әскері баталионы қатысты. Қиян-кескі соғыс арқылы 5-күні 1-қорғаныс шебі талқандалды. Бірақ ұлттық армия шығыны ауыр болды. 7-күні ұлттық армия күшті шоғырландырып Совет одағы ұшақтарының көмегімен 2-қорғаныс шебін бұзды. 8-Күні 3-қорғаныс шебін бұзып Шихуды алды. 1000 нан аса жауды жойып,мыңын тұтқындады. («Үш аймақ төңкерісі тарихы». 156-бет. Ұлттар баспасы. Пекин. 2000ж)

Осы Шиху соғысына қатысқан Тарбағатай 6-атты полк алда жүріп атой салып көп құрбандық береді, жиыны осы полктен 153 азамат құрбан болады. Осы соғысқа қытай жағынан алты мың, ШТР жағынан төрт мыңнан аса әскер соғысқа қатысқан екен.

Тарбағатай аймағы әкімшіліктерінің құрылуы

Шихумен Сауан алынып Тарбағатай толық азат болған соң оны «Шарқи Түркістан республикасы»ның бір бөлегі деп жариялап, Басбай Шолақұлын аймақ уәлиі, Қасымахұн Сымайылов(ұйғыр) пен Советтік ақылшы Мәнсүр Розыевті орынбасар уәли етті. Әбілимит Хажиев(өзбек) хатшы болып белгіленді. Азат болған Шиху, Сауан аудандары Тарбағатай аймағына қарайтын болады. Кеңестер одағы әдейі түрде қазақ басым аймақтың әкімшілігіне саны аз ұйғыр, өзбек ұлттарын көптеп қояды, сонымен қатар Кеңестер одағының агенттеріне басты әрі нақты мансаптарды ұстатады.

Тарбағатай аймағының Орталығы Шәуешек азат болғаннан кейінгі бұқаралық жиналыс.1945-жыл. 7-қараша

Тарбағатай аймағының әкімі-Басбай Шолақұлы

Аймақтың орынбасар әкімі Кеңестер одағынан келген өзбек Әлімжан Хакімбаев

Тарбағатай аймағының ішкі істер(КГБ) басшысы Әбілез Рахыманов (Кеңес одағынан)

Тамыз айының басынан бастап аудандық үкіметтер құрылды, Өмәрахұн (Ұйғыр) Шәуешек әкімі, Қалдыбай Қанапия Шағантоғай әкімі, Нұрсапа Сейтжанұлы Дөрбілжін әкімі, Нәсіридин(ұйғыр) Шиху әкімі, Сауан әкімі Қалибек Райымбекұлы(Қалибек Райымбекұлы 1947-жылдың аяғында Қалибекпен басым көп Сауан елі Манасқа өткен соң иен қалған ауданға Сәбит Буақажы деген ұйғыр әкім болған) Сауан әкімі болды, Гүңчың лама (моңғол) Қобықсары әкімі болды.(«Үш аймақ  төңкерісі тарихы». 169-бет. Ұлттар баспасы. Пекин. 2000ж). Әсілі Тарбағатай аймағында Қобықсарыдан өзге барлық ауданда қазақ басым болған, Кеңестер одағы әдейі аймақтың орталығы болған Шәуешекке ұйғырдан әкім сайлайды, Шихудада қазақ басым еді, тіпті Алтайдың орталығы Сарсүмбегеде ұйғырдан әкім сайлаған, бұл ШТР үкіметінде қазақтардың саяси күш алып кетуінің алдын алған тәсіл болған.

Екі үйектену дәуіріндегі күрестер

Ялта конференциясы

1945-жылы екінші дүние жүзілік соғыс аяқтауға жақын қалған сәтте Ялта кеңесі шарты бойынша Моңғолияның тәуелсіздік мәселесін қытай мойындауға міндетті болды. Бірақ оның есесіне Кеңестер одағынан қытайдың Манчжурия мен Шыңжаңның териториялық тұтастығын мойындауын шарт ретінде ортаға қойды. 1945-жылы қазан айынан 1946-жылдың жаз айларына дейін гоминдаң қытай үкіметі Кеңестер одағына көп рет өкіл жіберіп осы мәселені талқылады. Кеңестер одағы ұлттық армияға бұйрық түсіріп Манас өзені бойында шеп құрып бұйрық күтуді бұйырды. Ол кезде 150 км жердегі Үрімжі қаласында әскерде, қаруда, азық-түлікте тапшы болатын. Осындай тарихи орайды жіберіп алды, мәселе ШТР(Шығыс Түркістан республикасыны) армиясының басшылары дені  Кеңестер одағынан келгендер еді.

Гоминдаң қытай президентінің ұлы Жияң Жинго Маскеуге сапармен барғандағы сурет

Ақыры Кеңестер одағы Манчжуриядағы тізе бүккен Жапон армиясының 800 мың қаруы арқылы коммунистік қытайларға бір жылда 1.2 миллион армиясы, 100 миллион халқы бар күшке ие етіп Қытайды Америкаға қарсы жартылай коммунистік жүйеге айналдырмақ болды. Оған қарсы Америка құрама штаттары гомин қытай билігіне қолдау білдірді. Кеңестер одағы өзінің Сібериядағы териториясына болашақта қытай қауып төндіреді деп қарап екі мемлекет ара бір белдеулік ел құруды жоспарлап Моңғолияны біріккен ұлттар ұйымы таныған ел етіп құруға мүдделі болды, «Шығыс Түркістан операциясы» ның түпкі мақсаты, оған Кеңестер одағының бар күшпен кірісуінің себебі осы болатын. Осылайша Шығыс Түркістан республикасы 12. 11.1944 құрылған болса 1946-жылы 6-айдың ортасында Кеңестер одағы жағынан тарих сахынасынан кетті.

Шығыс Түркістанның таратылғандығын хабарлаған газет

Демек Кеңестер одағы Тарбағатай, Алтай, Іледегі халықтардың азаттық күресін өз мүддесі үшін шебер пайдаланды да мақсатына жеткен соң сатып кетті. 24. 08.1945 гомин қытай үкіметі Моңғолияның тәуелсіздігін мойындады. Бірақ Кеңестер одағы Солтүстік Қытайда коммунистерді күшейту үшін уақытты соза берді. Тамыз айының соңынан басталған гомин қытай үкіметі мен коммунистік қытайлар ара келімсөздер қазан айының 10-күні ақырласып екі жақ соғыспау келісіміне келді. Осылайша Кеңестер одағының парменімен Рахымжан Сабырқажы(Қашқарлық ұйғыр), Әбілқайыр Рабатұлы (Іле қазақтарының төресі), Ахыметжан Қасми (Қазақстан ұйғыры) ШТР ға өкіл болып Үрімжі қаласында Жаң Жыжұң бастаған гомин қытай үкіметімен келіссөз бастады.

Әбілқайыр, Рахымжан, Ахметжан (Солда)

Келіссөз 1946-жылы 6-айдың 6-күні зорға аяқталды, бұған Кеңестер одағы мен Гомин қытай билігі арасындағы саяси келіспеушіліктер әсер етіп әдейі уақытты созғанын байқауға болады. Осы айдың 18-күні Шыңжаң біріккен үкіметі орнап оған 25 жора мүше болды, қазақтан Оспан батыр, Дәлелқан Сүгірбаев жане Тарбағатайдан Сәліс Әміреұлы (Дөрбілжін ауданынан) мүше болды. Деседе келіссөз пайдасы қазақтардан гөрі ұйғырлардың пайдасына шешілді, қытаймен соғысқан үш аймақ халқының 58% қазақ , 23% ұйғыр(дені Іле аймағында) бола тұра ұйғырларға автономия беру, үкіметте ұйғыр тілі қытай тілімен қатар қолданылу мойындалды. Үш аймақ әліде Кеңестер одағының ықпалында бола берді, тек Кеңестік әскерлермен ақылшылар еліне қайытты да ұлттық армия 30 мыңнан (60% қазақ әскерлер)14 мыңға қысқартылды. Шыңжаңның кейін автономия болуына, Іле қазақ автономиялы облысының құрылуында осы ұлт азаттық күрестің маңызы зор болды.

   

ШТР ұлттық армиясы, жоғарғы сурет негізі Кеңестер одағының әскерлері екені байқалады.

1946-жылы күзде гомин қытай үкіметі мен коммунистік қытай ара ішкі соғыс басталды. Осы орайда Алтайда Оспан батыр үш аймақтан бет бұрып Кеңестер одағына қарсы шығып соғыс бастады, бірақ күші әлсіз болғандықтан 3-4 мың адамымен Бәйтік тауына қарай шегінді, Тарбағатай аймағынан дәл Оспан батыр сияқты үш аймаққа, ал нағында Кеңестер одағына қарсы күрескен Сауан ауданының әкімі Қалибек Райымбекұлы болды. Оспан батыр бет бұрған кезде қарулы қарсылыққа ашық шықпағанымен гомин қытаймен ара жасырын келісулер жиілеген. Қасан Өр Алтай өз естелігінде:«Кеңестер одағы көп рет Қалибек әкімге сыйлықтар беріп, халық қаһарманы атағын берген, тіпті Тарбағатай аймағының әкімі болуғада ұсыныс жасаған». Гоми қытай  үкіметі Құтыби ауданының әкімі Оразбай Қалиұлы арқылы Қалибек жігіттеріне 500 ден аса қару жеткізілген, кейін мыңнан асқан.

1947-жылы Шыңжаң өлкелік кеңестің 1-реткі жиынына үш аймақтан 35 адам қатысты, оның 19 қазақ болатын, Тарбағатай аймағынан сегіз адам болып Нұрсапа, Өндірқандар өкіл ретінде қатысты.

1946-жылы Үрімжіде Америка консулы орнады, олардың басты мақсаттары Кеңестер одағының атом бомбасын жасауда шикізат көзі Алтайдың Көктоғайында екенін біліп оның қазылуы мен Кеңестер одағы жаққа тасымалдануына кедергі жасау болды, сол себепті олар гомин қытай Шыңжаң билігі арқылы Оспан батырды Кеңестер одағының кеншілеріне айдап салды, қақтығыс екі держава арасына дейін жалғасты. Оспан жасақтары Алтайдан шегінген соң оның мыңнан аса жігіті қаруландырылып әскери машық жасады. Анығында Алтай қарулы күштері Санжының шығыс төрт ауданындағы қазақтарды өзіне қаратқан 1944-жылдың аяғынан бастап гомин қытай билігімен ара қатынастар орнаған, Сүлеймен, Нұрқожайлардың бет бұруы осыған байланысты еді, Оспан ауқымға қарап басында ШТР ға үміт артты, бірақ Алтайда әкім болған жарты жылда барлығынан хабар тауып көзі жеткен соң түбегейлі бет бұрады.

Алтайдағы Оспан бүлігіне жауап ретінде үш аймақ жақ Тұрпан ұйғырларын желіктіріп бүлік шығартты. Осы Дүрбелеңнен аман қалған жүзден аса адам Ілеге барды. Ақыры тамыздың 12-күні үш аймақ өкілдері Құлжаға қайтып біріккен үкімет ыдырады. Осы тұста Құрама штаттар мен Кеңестер одағының арасы шиеленісе түсті, ал Ішкі қытайдағы азаматтық соғыста екі империя бірі гомин қытайға, бірі коммунистік қытайға қару беріп бір-бірімен қырқыстырды. Ендігі майдан осы ұлт азаттық күресі болған үш аймақтағы қазақтар ара қырқысуға әкелді, гомин қытай, Америка жақтаған Оспан батыр, Қалибек бастағандармен үш аймақтың Кеңестер одағына адал топтары қатынасы шиеленісті.

Алтай, Тарбағатайдағы соғыстар

1947-жылы Оспан батыр мыңнан аса қарулы азаматтарын Қапас Тіркешұлына бастатып Алтайға шабуылға өтті. Олар Көктоғай, Шіңгіл халқының қолдауымен екі ауданды басып алды, Қарашора, Сарыбұлақ шайқасында үш аймақтың Қобық атты полкін негізінен жойып жіберді.(Бұл полк Іле мен Тарбағатай азаматтарынан құралған, Қожай Доқас ұлының айтуынша: Кеңестік кері үгіт арқылы Өр Алтай елін банды, қарақшы санап елге тізесін батырған, сол себепті оңай жеңілген) Алтай атты полктіңде талқанын шығарып тұтас Алтайды басып алып бір ай иелеп тұрды.

Дәлелқан, Нүсіпқандар Тарбағатайға келіп 4200 әскер жасақтайды(көбі 1946-жылы ұлттық армия қысқарғанда қосыннан шегінгендер), Кеңестер одағынанда әскери көмек алады, Тарбағатайдың әр жерінде халық, үкімет жылу жинап көмек береді. Осылайша 5 мыңнан аса әскермен Алтайға шабуыл жасап Оспан жасақтарын Алтайдан ығыстырды, бірақ Өр алтайдың екі ауданынан 20 мыңға жуық қазақ Боғда, Бәйтікке көшіп кетеді, бұл бастысы Кеңестер одағының Көктоғайдан уран тасып Семей-Курчатовта атом бомбасын сәтті жасауы үшін жасалған қадам еді.

1947-жылы шілде айында Қалибек үш аймаққа әшкере қарсы шығып тауға көшіп кетті. Сауан қазағы дені оны қолдады. Бірақ Сауан Манастың іргесі, үш аймақпен гомин қытай әскері тіресіп тұрған шеп, онда үш аймақ армиясы өте көп шоғырланған еді, сол үшін бұл аса қатерлі әрекет еді.

Қобықсарыдағы тұрғұт ханзадасы Жаужап та үш аймақтан әшкере бет бұрып қарсы әскери қарсылықтар жасап, жолдан өткен үш аймақ әскери көліктеріне тыным бермеді.

Оспан тобын Алтайдан аластаған соң үш аймақ үкіметі назарын Сауанға аударды да Сауан жеріне Құлжа жаяу 2-полк, моңғол баталионы, Шиху жаяу полк,  зеңбірекші баталиондын орналастырды, тағы Сауан атты полкін қайта құрды.

Қараша айының 6-күні Қалибек, Такымандардың мыңнан аса қарулы адамы Шихумен Сауанға шабуыл жасады, Шиху, Анжыхай көпірлерін өртеді, телефон сымдарын қиды, Бөрітұңке, Қызыл, Ламамияу, Байыңғу, Казгу, Дұңди, Чиңчияңға шабуыл жасап аласапыранға ұшыратты. Сауан қазағының Тәкіман,  Балақамза, Мөрдіқан, Шойынбек, Зейиікен, Зейнембай, Дулатқан, Бақтияр бастаған батыр азаматтары соғысқа аттанды. Осы оқиға куагері Қасен Өралтай былай деп еске алады:«Қалибек әкім сөз сөйлеп: осыдан не бәрі екі жыл бұрын қытайға қарсы шығып үлкен ниетпен күрес жасадық, ниетіміз аллаға аян еді, алла жар болып жеңіске жеттік. Өткен жылы сол жеңісті <Түркістан тойы> деп тойладық, сол түркістан үкіметі қазір жоқ! Ол орыстың ойыншығы үш аймақ дегенге айналды, орыстың кім екенін білесіздер, бұрында батыстан ауып келген елдің сиқын көрдіңіздер. Олардың Қазақстандағы ашаршылық, құдайсыздар ұйымы, жаппай тұтқындау, мал-мүлікті канпескілеу сияқты орыстың сұмдықтарын айтып зарлағанын білесіздер, орыстар Әлихан төрені тұтқындап үш аймақ дегенді желеу етіп отыр, бүгінгі күресімізді шығыс түркістанға қарсы емес қайта орыс ойыншығы үш аймаққа қарсы бағыттаймыз. Сол үкіметті құлатқан орысқа қарсы бастаймыз, бұл біздің ұлт үшін, дін үшін, отан үшін атқаратын парызымыз,-деді. Онан кейін Арыстамбай молла бастап коллектив жаназа оқылды. Онан соң жауынгерлер аттарына мініп “Алла! Мұхаммед! Алаш” деп ұрандап шаба жөнелді…». Осылайша соғыс бір күнге жалғасты, үш аймақ армиясын Могутинов(орыс), Маргуп Исхақов(татар) басшылық етіп Ұлужан, Ұшқұдық жақтан шабуыл жасады, бұл тарапта Такыман батыр күн бойы олармен қиян-кескі соғысып алға бастырмай тұрды. Онан кейін үш аймақ армиясы Қызылөзендегі Қалибектің штабына қарай көп әскер аттандырды. Ұлужандағы Такыманға Құлжа 2-жаяу полкі шабуыл жасады, ал Сауан атты полк Қызырбектің бастауымен Қалибектің штабына шабуылға өтті, соғыс жиырма күнге созылды. Осы барыста Такыман жасағы қоршауда қалды, Қалибек тобы Манасқа қарай шегіне соғысады. Бастапқы уақыттарда Қалибек әскерлерге дем беру үшін өз штап орынын жылжытпаған еді. Алайда жау саны жағынанда, қаруы жағынанда басым болғандықтан ай соңы бола ел қотарыла көшіп Манас өзенінен ары өтіп гомин қытай билігі жүріп тұрған Манас ауданына өте бастаған, елдің жалпы саны 13 мыңнан астам еді.(Қасен Өралтай 6000-7000үй дейді, бұл бойынша 30мың)

Такіман үш аймақ әскерімен жан аямай соғысып оларды үлкен шығынға ұшыратты, бірақ ол жақтағы әскердіңде көбі қазақ жастары еді. Такіман тобы Тәңіртаудың адам баспаған шыңдарына шығып киізді ат пен түйенің табанына салып биік шыңдардан асып Манас жаққа өтті, ол кез 1948-жылдың басы еді. Такыман көшінен көшке ере алмаған 200 дей адам үш аймаққа қолды болады, олардың біразын Жәйірдағы уақ ішіне апарған екен.

Осылайша Құрамма штаттар мен Кеңестер одағы ара суық соғыстың алғашқы зардабын Алтаймен Тарбағатайдағы қазақ бұқарасы тартып сан мыңдағсн адам соғыста опат болды.

Қалибек тобының кейінгі әрекеттері

Қалибек пен Оспан батыр елінен 33 мың адам Санжы еліне қосылды, Алтай төресі Әлен ауылы да Боғдаға көшті, Толының тумасы Әлен уаңның ханымы Қадуан Мамырбек қызы Үрімжі аймағының әкімі болды, Үрімжіге қарасты Манас , Құтыби, Санжы, Фукан, Жемсары, Шонжы, Морида сол кезде 100 мың қазақ жасап жатты, әр ауданға қазақ әкім сайланды.

Үрімжі аймағының әкімі - Қадуан Мамырбекқызы

Шыңжаң билігінде қаржы министрі Жанымқан Тілеубайұлы, Шыңжаң үкіметінің орынбасар хатшысы Сәліс Әміреұлы болды. 1948-жылы осы аймақтағы қазақтардан әсіресе Оспан батыр, Қалибек азаматтарынан 8-қазақ полк ұйымдастырылып оған Жәйірдің қазағынан шыққан Зәкария Әшен ұлы бастық болды.

1948-жылдың соңына қарай соғыста коммунистік қытайлар басым келе бастайды, гомин қытай үкіметі Құрамма Штаттардың көмегінен айырылып қаруы азайып, экономикасы тығырыққа тіреліп, 1949-жылы күзде түбегейлі жеңілді де Тайуаньға шегінді, 1949-жылы қазанда 100 мың қытай коммунистік әскерлері Шыңжаңға кірді, Кеңестер одағының бұйыруымен үш аймақ армиясы бір оқ атпай оларға берілді де Манастан шығысқа өтіп Үрімжіге келіп оларды қарсы алды. Ендігі жерде Қалибек тобы Қарашар аймағына, Оспан тобы Баркөлге шегінді. 1950-жылы Оспан батыр мен Құтыби әкімі Оразбай Қалиұлы Санжы мен Баркөлден 30 мың елді қызыл қытайға қарсы көтеріліске шығарып төрт ай соғысты, Оспан Гансуға шегінді, одан сәл бұрын Қалибек елі де Гаскөлге келген еді.

Құтыби әкімі Оразбай Қалиұлы

Оспан батыр Қайызда қолға түскен соң Қалибек тобынан 240тай адам Тибет жотасына шығып арттан қуған қытай әскерімен соғыса жүріп 1951-жылы Пәкістанға жетті, жалпы аман барған адам саны 174 жан еді, олармен бір уақытта еріп келген Дәлелқан Жанымқанұлы, Нұрқожай батырлар 19 адам болатын, Сұлтаншәріппен Құсайынға ерген 160 жан қосылып жиыны 355 адам болады. Олар 1940-жылы Елісқан, Құсыман бастап келген елмен бірге жиыны 1800дей адам 1953-1954жылы Түркияға жетіп тоқтайды.

1947-жылдың соңынан 1949-жылдың соңына дейін Шыңжаң жері негізі бейбітшілікте болды. 1944-1949 жылға дейінгі қысқа ғана төрт жыл үш аймақ халқының әсіресе қазақ халқы үшін кей жағынан тиімсіз болды десекте жақсы жетістіктерде көп болды. Мектептер көптеп ашылды, сауатты қазақ саны арта түсті, медицина дамыды, жолдар салынып,кендер ашылды, газет, журналдар қазақ тілінде шығып отырды. Үкімет құжаттары тек жоғарыда ұйғырша болғаны болмаса аймақтан бастап негізі қазақ тілінде жүрілді, бұл осы үш аймақтағы қазақ тілді жүйенің қалыптасуына, қазақ мадениетінің дамуына үлкен үлес қосты.

Шәуешектегі ұлттық армия жауынгерлерімен бір бөлім басшылары. 1949-жылы. 1-мамыр

Толы ауданының құрылуы

1947-жылы Шыңжаң өлкелік біріккен үкіметтің 1-реткі мәжілісі ашылды. Оған Тарбағатай аймағынан сегі адам сайланды, олардың бірі Нұрсапа Сейтжанұлы болды(298-бет). Дөрбілжін ауданына 1949-жылдан кейін Мақсұтқан Қызырұлы әкім болды.

Мақсұтқан Қызырұлы

Толы аудандық полиция басшысы Ахат Кәрібаев

Дөрбілжін ауданының 8-9-10 райондары аудан қалашығынан тым алыста болғандықтан бұл жерлерді бөліп шығарып«Керей жарым ауданы» құрылды да аудандық үкімет Толыға орналастырылды.(«Үш аймақ  төңкерісі  тарихы». 381-бет. Ұлттар баспасы. Пекин. 2000ж).

11.05.1951. Шыңжаң өлкелік құрылтайға қатысқан Тарбағатай аймағының өкілдері.

Тарбағатай. Майлы жәйлауы. 1954 ж

1949-жылы үш аймақ қызыл қытай билігіне өткенімен Кеңестер одағының ықпалы әліде зор еді, үш аймақ армиясы 4-корпус болып қытай мемлекеттік армиясы қатарына кірді, деседе оларды 1950-1958 ге дейін қытайға бағынбаған Оспан, Оразбай тобына қарсы соғыстырды, Баркөл еліне қарсы қойды.

1954-Жылы үш аймақта Іле қазақ автономиялы облысы құрылды. 1944-1945 те орыс үш аймақ билігіне ұйғыр, өзбек, татарды қойса, қытайлар қазаққа билік берді, облыс басшысы Пәтіқан Дәлелқанұлы, кейін Жағда Бабалық ұлы болды. 1956-жылдан бастап үш аймақта көп жыл жұмыс істеген кеңес азаматтары еліне қайта бастады. Олармен бір қатарда Тарбағатай аймағының әкімшілігі мен әр ауданда әкім болған, полиция бастығы болған барлық шенеуліктер жаппай совет граждандығын алды, 1959 дан бастап екі ел қатынасы ушықты,  ұлттық армия таратылды,  армияда болған  бірталай адамдар Кеңестер одағына кетті. 1962-жылы Іле мен Тарбағатайдан шегара асқан 100 мыңдай қазақ Кеңестер одағына өтті. Осы күрестердің басты жемісі 1954-жылдан 2015-жылға дейін 60 жыл қытайдағы қазақ автономия болып тұрып өз тілінде оқыды, өз ақпарат, баспасөзі болып өз ұлттық болмымын сақтай алды, бұл осы күрестің жемісі еді.

Дөрбілжін  ауданының 8-9-10 райондары аудан қалашығынан тым алыста болғандықтан бұл жерлерді бөліп шығарып«Керей жарым ауданы» құрылды да аудандық үкімет Толыға орналастырылды.(«Үш аймақ  төңкерісі  тарихы». 381-бет. Ұлттар баспасы. Пекин. 2000ж).

1949-жылы үш аймақ қызыл қытай билігіне өткенімен Кеңестер одағының ықпалы әліде зор еді, үш аймақ армиясы 4-корпус болып қытай мемлекеттік армиясы қатарына кірді, деседе оларды 1950-1958 ге дейін қытайға бағынбаған Оспан, Оразбай тобына қарсы соғыстырды, Баркөл еліне қарсы қойды.

1954-Жылы үш аймақта Іле қазақ автономиялы облысы құрылды. 1944-1945 те орыс үш аймақ билігіне ұйғыр, өзбек, татарды қойса, қытайлар қазаққа билік берді, облыс басшысы Пәтіқан Дәлелқанұлы, кейін Жағда Бабалық ұлы болды. 1956-жылдан бастап үш аймақта көп жыл жұмыс істеген кеңес азаматтары еліне қайта бастады. Олармен бір қатарда Тарбағатай аймағының әкімшілігі мен әр ауданда әкім болған, полиция бастығы болған барлық шенеуліктер жаппай совет граждандығын алды, 1959 дан бастап екі ел қатынасы ушықты,  ұлттық армия таратылды,  армияда болған  бірталай адамдар Кеңестер одағына кетті. 1962-жылы Іле мен Тарбағатайдан шегара асқан 100 мыңдай қазақ Кеңестер одағына өтті. Осы күрестердің басты жемісі 1954-жылдан 2015-жылға дейін 60 жыл қытайдағы қазақ автономия болып тұрып өз тілінде оқыды, өз ақпарат, баспасөзі болып өз ұлттық болмымын сақтай алды, бұл осы күрестің жемісі еді.

Ерзат Кәрібай

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Қайраулы қара семсер

Есболат Айдабосын 2252
Анық-қанығы

Еуропаға Ресей аумағынсыз шығу жолы

Асхат Қасенғали 5157
46 - сөз

Бізге беймәлім Барақ хан

Жамбыл Артықбаев 4433