Қазақстан жұлдызы әлемдік опера сахнасында

Биылға 2025 жылы наурыз айының соңында Мексиканың астанасы Мехико қаласындағы бас опера сахнасы – Паласио де Беллас Артес театрында (Palacio de Bellas Artes) маңызды мәдени оқиға өтті.
Әлемнің үздің опера жұлдыздары: Мария Каллас, Пласидо Доминго, Лучано Паваротти, Жуан Мануэль Серрат, Хосе Каррерас секілді т.б. опера өнері саңлақтарының ізі қалған танымал сахнада жерлесіміз, опера әншісі Лада Қысықованың (Lada Kyssy) да жұлдызы оңынан туды. Бұл сахнада ол танымал кеңес-орыс композиторы Дмитрий Шостаковичтің «Мцен уъездінің Макбет ханымы» немесе «Катерина Измайлова» (2ші редакциясының атауы) атты белгілі операсының басты партиясы Катерина ролінде орындаған дебюті болатын. Үлкен халықаралық құрамдағы шығармашылық топтың музыкалық жетекшісі болып ресейлік Мариин театрынан талантты әншісі, әрі дирижер Мигран Агаджанян, қоюшы-режиссері Аргентинаның Буэнос-Айрес қаласынан арнайы Марсело Ломбардеро шақырылған. 20 жылдан аса әнші болған есімі Американың екі құрлығында да кеңінен таныс оның шығармашылығы осы құрлықтағы ірі опера театрының директорлығымен жалғасын тауып ол әрі қоюшы режиссер ретінде де танымалдыққа ие. Осы және өзге халықаралық орындаушылар шығармашылық тобының басында жерлесіміз әнші Лада Қысықова күрделі «Катерина Измайлова» операсының басты партиясы үлкен абыроймен орындап шықты. Сахналық партнері талантты әнші Сергей Радченконың да жас та болса шығармашылық қоржыны дүние жүзінің біраз опера театрларының жобаларымен толы танымал әншілердің бірі. Ол кезінде елімізідң Күләш Байсейітова атындағы халықаралық әншілер конкурсының жеңімпазы болған ресейлік әнші бүгінде Италияда тұрады.
Лада Алматы қаласының тумасы, 6 жасынан бастап музыкамен айналысып, кейін П.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжін хор дирижері мамандығы бойынша бітіреді. Хордың белсенді қатысушысы, оқу озаты, әрдайым сахнаға шығуға, ән айтуға құштар болып өсіп жетіледі. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын хор дирижері мамандығы бойынша оқуын жалғастырған Ладаның жан-жүрегінің қалауы жеңіп жеке ән айтуға деген құштарлығы өсіп, бір жылын жоғалтса да қайтадан арнайы ән салу мамандығы бойынша бірінші курсқа оқуға түсіп әнші ретінде оқуын қайта бастайды. Консерваторияның аға оқытушысы Снежана Бринюк сыныбында опера және концерттік мансабын бастайды. Музыкалық білімі, теориялық дайындық деңгейі жоғары болғанымен классикалық ән айтудың қыр сырын игеруде итальяндық bei canto орындаушылық шеберлікті шыңдауда біраз, талмай еңбектенеді. Қазақстанда өткен бірнеше республикалық және халықаралық вокалистер байқауларында жеңіске жеткен Лада өзінің шығармашылығының алғашқы баспалдақтарын Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында (2002-2011жж.) жасады, Осы жерде ол сахнада шағын лирикалық сопрано дауысына арнлған екінші партиялардан бастап күрделі бірінші пландағы партияларды орындауға қол жеткізді. Әнші өзі секілді үлкен сахнаға келген сәттен басты партияда өнер көрсету жас орындаушының үлкен арманы десекте, бұл әнішінің болашағына кері әсер ететін қауіпті «қызығушылық» екенін мойындайды. Ол өзінен кейінгі жастардың жадында болсын деп сақтандырады жөн көреді. Оның: «Сейчас замечаю, что девочки приходят в театр, для амбиций им очень приятно сразу петь главные партии - Лючию, Виолетту, эта практика пагубная. Голоса страдают, они быстро изнашиваются, портятся, школа, которой на тот момент владеют певцы, моментально «стирается», и человек остается один на один с оркестром, со всеми трудностями, которые нужно преодолевать на сцене» [https://www.inform.kz/ru/geograficheskie-granicy-ne-stesnyayut-menya-kazahstanskaya-opernaya-pevica-lada-kyssy_a3384285] – дейді.
Өзіміздің опера сахнасынан екінші партияларды орындай жүріп Лада жанындағы әріптестері Нұржамал Үсенбаева, Жамиля Баспақова секілді т.б. сахна шеберлерінің орындауын, спектакльдегі мизансценаларды жадында сақтайды. Бұл жалпы опера театрында шығармашылық жолын бастаған көптеген жас әншілердің жүріп өткен жолы және Лада да басынан өткізеді. Есесіне 3 аптада 4 бірдей жетекші опера партиясын орындап сахнаға шығу үшін үлкен кәсіби дайындық пен жауапкершілік, өмірін өнерге тұтастай арнауы керек болатын. «Травиатада» - Виолетта, «Богемада» Мюзетта, «Иолантада» Бригитта және «Жарқанатта» Адель партиялары жас әншінің дебюттік жұмысы ретінде ерекше есте қалды. Сахнада өзін толыққан кәсіби әнші ретінде дәлелдеуге асыққан Ладаның басты ұстанымы сүйікті жұмысын ештеңеге алаңдамай беріле атқаруы, қиындыққа мойымайтын қайсарлығы, бастысы, еңбекқорлығы. Әншінің негізгі жұмыс құралы дауысы болғандықтан ол дауысын жетілдіру, үнемі жаттықтыру, жаңа қиындықтарға төтеп беретіндей етіп дайындауда жеке уақытын да, күш-жігерін де аяған емес. Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының репертуарына енетін «Лючия ди Ламмермур» операсынан басты партия Лючияны орындауға байланысты дайындық барысында ол Санкт-Петербург қаласында жұмыс істейтін тәжірибелі педагог, белгілі халықаралық деңгейде танымал опера примадоннасы Анна Нетребконың ұстазы болған Тамара Новиченкоға барып 7 күн бойы жата-жастана тыңдап, оқып үйренуін айтуға болады.
Лада Қазақтың Абай атындағы Ұлттық опера және балет театры репертуарындағы: Дж.Вердидің «Травиатасында» - Виолетта, И.Штраустың «Жарғанатында» - Адель, Дж.Россинидің «Севиль шаштаразында» - Розина, Дж.Пуччинидің «Богемасында» - Мюзетта, «Турандотында» - Лю, Ж.Бизенің «Карменінде» - Микаэла, П.Чайковскийдің «Евгений Онегинінде» - Татьяна, «Иолантада» - Бригитта, Ш.Гуноның «Фаустында» - Маргарита, Н.Римский-Корсаковтың «Патша қалыңдығында» - Марфа және т.б. партияларды үлкен табыспен орындап өзінің кәсіби біліктілігін ұштады. Әнші дауысы лирико-колоротуралық басты партиялардан шыңдалып, беки келе лирико-драмалық партияларға ауысып орындаушылық мүмкіндігі мен дауыс диапазоны ашыла түсті. Ол еліміздің шетелдегі мәдениет күндері аясында көптеген концерттерде, Паралимпиада ойындарының ашылуында, саммиттерде өнер көрсетті, телевизиялық шоулар мен бағдарламалардың қатысушысы болды, қазақ топырағында өткен ЕХРО – 2017 жабылу салтанатында өнер көрсетті.
Қазіргі таңда Италияда тұратын Л.Қысықова жұмыс бабында неміс, итальян және ағылшын тілдерін меңгергенген. Италияда шығармашылық өсу жолында: Лада Мирелла Френи, Рената Скотто, Марио Мелани, Альберто Зедда, Райна Кабайванска, Хосе Каррерас, Алла Симони, Уильям Маттеуцци, Миетта Сигеле, Микела Сбурлати, Карло Морганти, Эмануэле Липпи, сондай-ақ Лоренцо Бавай және Джулио Заппа секілді Италияндық сахна шеберлерімен және педагог ұстаздармен жұмыс істеп тәжірибе жинақтайды.
Оның шетелдің опера сахнасында шеберлігін арттыруы сонау 2011 жылы Италияның Рива-дель-Гарда қаласында өткен «Риккардо Зандонай» атты байқауда «Үздік Камералық музыка орындаушысы» атанудан басталған. Әрі қарай шетелдік конкурстағы жүлделі жолы сол жылы Албанияның Тиран қаласына алып келіп, осында өткен «Мария Краи байқауында» үшінші сыйлықтың иегері атандырды. Еуропаның орталығында танылға бастаған әншіге жан-жақтан ұсыныстар келіп түсе бастайды. Келесі жылы ол Дж.Вердидің «Травиата» операсынан Виолетта партиясын Колумбияның Меделлин қаласында Лоренцо Монклоамен бірге орындады, 2013 жылы Лада Кисси Италияның Кальяри қаласында В.А.Моцарттың «Фигароның үйленуі» операсынан Графиня партиясын Монклоамен бірге Губерт Суданның музыкалық жетекшілігінде Марина Лаура Бианканың режиссурасында сахнаға шықты. Шығармашылық ізденіс, тоқтаусыз оқып-үйрену үдерісі Ладаның күн тәртібіне еніп ол өзінің сүйікті ісімен толық айналысуға мүмкіндік алды. Опера өнерінің астанасы Италия, Германия, Австрия мемлекеттерінің қалаларындағы опера сахналарында сәтті өнер көрсеткен Ладаның өз көрермені қалыптаса бастады.
2014-2019 жж. театр маусымында Лада Италияның Рива-дель-Гарда қаласында өткен «Риккардо Зандонай байқауының» екінші сыйлығын жеңіп алды, сонымен бірге мұхит асып Бразилияның Сан-Паулу қаласында Мария Каллас атындағы концерт залының ашылу салтанатына арналған концерттік бағдарламасына қатысып арнайы сыйлықтың жеңімпазы атанды. Осы кезде ол Австриядағы «Tiroler Festspiel Festival Erl» фестиваліне 3 жылға тұрақтап ол сахнада: Дж.Вердидің «Травиата» операсынан Виолетта партиясын Тито Чекеринимен, Дж.Пуччинидің «Богема» операсынан Мими партиясын Паоло Каригнанимен, Дж.Вердидің «Набукко» операсынан Эбигаиль партиясын танымал дирижер Г.ф.Караянның соңғы шәкірттерінің бірі Густав Кунмен, Дж.Россинидің «Вильгелм Телл» операсынан Матильда партиясын, В.А.Моцарттың «Сиқырлы флейта» операсынан Бірінші ханымы мен Екінші ханымыды Бомсокпен, Р.Вагнердің «Парсифалында» Блюменмедхен, Р.Вагнердің «Валькириясында» Ортлинде партиясын бірге орындайды. Лада сонымен бірге Дж.Вердидің «Реквиемінде» сопрано париясын орындай отырып маэстро Густав Кунмен CD/DVD таспасына жазды.
Карантин уақытында және кейінгі театр маусымдарында Лада Дж.Вердидің «Бал-маскарад» операсынан Амелия партиясын (режиссері Родули Гайтану), сонымен қатар Ф.Чилеаның «Адриан Лекуврерінде» Адриананың және А.Дворжактың «Су перісі» фильмінде Су перілері (режиссері Хинрих Хорсткотте) образдарын сомдайды. Ладаның Олденбург мемлекеттік театрындағы оркестр жетекшілері Генрик Вестманмен және Вито Кристофаромен болған осы кезеңдегі сахнадағы шығармашылық жұмысы театр сыншыларының жоғары бағасына ие болды. Австрияда Дж.Пуччинидің «Тоска» операсында австриялық «Gars аm Camp» фестивалінде Йоханнес Уайлднердің қойылымында және режиссер ретінде Вольфганг Гратчмайермен бірге Тоска партиясын орындады. 2019 жылы Германияда Мино Марани ("Фестунг Эренбрейтштейн") қойылымында Кобленц театрында Вердидің «Трубадур» операсында Леонора партиясында сәтті өнер көрсетті.
Албанияның Тиран қаласында Дж.Вердидің «Бал-маскарад» операсындағы Амелия партиясын Даниола Курай және режиссер Марина Лаура Бианки басқаруында жоғары деңгейде орындап шығуы (2022 ж.), Дж.Вердидің «Дон Карлос» операсынан Элизабеттің партиясын Маркус Боштың қойылымында Германияның Хайденхайм қаласындағы театр сахнасынан орындауы (2023 ж.) есте қаларлықтай болып орындалды. Lada Kyssy Германияның Кельн Опера театрында Дж.Вердидің «Бал-маскарад» операсындағы (2024 ж.) басты партия Амелияны орындауы өткен жылдың сүбелі жұмысы болатын. Бүгінде жер шарының әр тарапынан түсіп жатқан шақырулардың ішінен өзінің дауысына келетін, тартымды шығармашылық жобаларды орындау үшін Лада тартынбай өнер көрсетуге, тынымсыз еңбектенуге дайын.
Д.Шостаковичтің «Мцен уъездінің Макбет ханымы» операсы батыста қызығушылық тудырған, кеңестік республикалар театрларында да аса көп қойылмаған шығармалардан. Операның тағдыры, сахналық жолы кеңестік идологияның күшіне міне бастаған кез – 1934 жылы жазылып бірнеше театрдың репертуарнан көрінді. Белгілі кеңестік музыка зерттеушісі И.Соллертинский бұл опера туралы: «Шостаковичтің жаңа операсы осы уақытқа дейінгі кеңестік музыка дүниеге алып келген туындылардың ішіндегі ең маңызды шығармалардан… Шостаковичтің операсы — қуатты әлеуметтік трагедия немесе автордың өзі анықтағандай оның кейіпкерлері таңқаларлық музыкалық – интонациялық реализммен бедерленген «трагедиялық сатира» - деп бағалаған болатын. Шостаковичтің музыкалық партитурасындағы Катерина келбеті айналасындағы алыпсатар саудагерлер жайлаған қоғамның сатиралық кілтте суреттеген музыкалық образдарына қарама-қайшы опера партитурасының жарқын беттері. Шостаковичтің өткір музыкалық тілі Катаринаны қоршаған ортаны, көпестерді ғана емес, сонымен қатар дін қызметкерлері, қолында билігі бар топтардың бейнелі суреттері жарқын көрініс тапқан. Сахнада ылғи мас күйінде көрінетін діни қызметкерлер, парақор жандарм, азғындаған көпестердің жекеленген және топтық суреттері бейнелі берілген. Композитор олардың таяздығы, рухани азғындыққа ұшыраған тоғышарлықты біріктіретін бейнелі келбетін сипаттап бере алған. 1936 жылы опера жайлы большевиктердің бас газеті «Правдада» «Сумбур вместо музыки» атауымен бас мақала жарияланып, оңбай сын сырығына іліккен бұл опера бүкіл кеңестік дәуірдің музыкалық театр тарихының әрі қарай дамуына (кері дамуына) ықпал еткен туындылардың бірі.
Режиссер М.Ломбардеро Д.Шостаковичтің бұл операсын бұған дейін де бірнеше мәрте сахналаған. Бұл спектакльдегі негізгі идея қазіргі қоғамдағы әйелдің орнын Катеринаның тағдыры арқылы барлайды. Операда режиссер әйел тағдырын орыс немесе кеңестік дәуірдікі деп шектеп көрсетпейді. Жалпы адамзатты толғандыратын мәселе болған әйел адамның қоғамдағы орны, таңдау еркіндігі, зорлық-зомбылық көрсетілуі, отбасылық буллинг т.б. мәселелердің өткір көрінісі. Бұл дүниенің төрт құбыласында да кездесетін жәйт. Режиссер операның негізгі оқиға өтетін орны етіп мал сойылатын қасапхананы таңдаған. Осы жерде болатын әңгіменің ауаны мен көтерілген тақырыптар сан алуан: саяси, әлеуметтік, жеке бастың бостандығы, махаббат, сатқындық, армандардың күйреуі т.б. Опера финалында «Правда» газетінде жарияланған бас мақаланы декорация ретінде экранға шығара отырып Кеңестер одағындағы идеологиялық ұстанымдарының авторға көрсеткен шектеуін ден еске салады.
Қасапхананың иесі Борис өзінің қатыгез де қатал мінезімен айналасының бәріне өктемдігін көрсетеді. Өзінің қайрат жігерсіз, болбыр ұлына да, келіні Катеринаға де қысым көрсетеді, Катеринаны амалсыздан қорғануға мәжбүрлейді. Тұрмыстағы заңды күйеуі Зиновийден титтей жылы қабақ, қолдау таба алмаған Катерина жас қызметші жігіт Сергеймен көңіл қосады. Сергейді барынша жақсы көрген ол әрі қарай ештеңеден тайынбай, сезіктенген өз үйінің бірнеше адамын өлтіруге дейін барады. Автордың анықтауынша Лада орындаған операдағы басты кейіпкер – Катерина Измайлова көп әйелдің бірі емес. Болмысы бөлек, жаны сұлу, жүрегі нәзік жаратылған жас әйелдің тоғышарлық пен қатігездік жайлаған орта қапасына көнбеген тағдырлы жан. Опера режиссерінің сахналық шешімінде шын қандықол Макбет Катерина емес, Катеринаның қолымен қылмыс отын көсеп күнін көретін «сүйіктісі» Сергей. Режиссер операда жауыздықтың басты себепкері Катеринаның сүйген жігіті Сергей екенін ашуға күш салған және көрерменді сендіре алған.
Опера композиторының режиссурасына мән берген зерттеуші М.Земляницына «Композиторская режиссура в опере Д.Шостаковича «Леди Макбет Мценского уезда» атты кандидаттық зерттеуінде «Концепция Шостаковича иная: из убийцы в жертву, страдающую и вызывающую глубокое сочувствие – вот путь, который проходит перемещенная из судебного очерка в оперу жена убогого купчика Катерина Львовна Измайлова. Свои преступления оперная Катерина совершает во имя любви» - деген ой түйеді. Бұл спектакль режиссурасы да осы ұстанымды жалғастыра отырып әйел маңдайына жазылған тағдыры, таңдауы, еркіндік рухы мен махаббатын барынша көрсетуге арналған.
Ладаның бұған дейінгі сахнада орындаған партияларының ішінде драмалық сопрано даусына арналған партиялар болса дағы Катерина партиясының орны бөлек. Катеринаның музыкалық тілі, сахнада сомдалған музыкалы-драмалық бейнесі толығымен тыңдаушыны өзіне баурап оның аянышты халін, барынша жанашырлығын оятады. Автордың партитурасында басты кейіпкердің бақытты кезеңі мен сәулелі шақтарын беретін жұмсақ лирикаға толы бөліктер мен өмірінің көлеңкелі сәттерін бейнелейтін сахналарда өткір интонацияларға құрылған музыкалық бөліктер мол. Катеринаның музыкалық тілі түгелдей қылмыскер Сергейді ақтау міндетін орындайды. Операда Катеринадан басқа жағымды кейіпкер жоқ болғандықтан барлық басқа кейіпкерлер – делдал саудагерлердің өмірінің көрінісі болған.
Ладаның орындауындағы Катерина образының желісі, композитордың заманауи музыкалық лейтмотивінің бағытымен үзіліссіз дами отырып I актісіндегі қарапайым, созылыңқы ариозодан басталып, II актідегі Катарина жан дүниесінің екіге жаратын жайсыздықтары арқылы операның финалында басты кейіпкердің өлім алдындағы минуттардағы терең қайғылы лирикасына дейін даму жолынан жүріп өтеді. Катеринаның музыкалық тілі мен сезім әлемін орындаушы ішкі жан-дүниесімен түсініп, сезіне орындай алған. Әншінің ішкі түйсігі мен темпераментіне жақын келетін басты кейіпкер партиясын орындап шыққан Ладаның жұмысына опера өнерінің тыңдармандары, жан-жақтан арнайы келген мамандар мен жергілікті БАҚ өкілдері өте жоғары баға берді.
Тұсаукесер спектакльдердің барлығына билеттер толық сатылып аншлагпен өтуі қойылымның сәтті өткендігін көрсетті. Операның басты партиясын орындаушы Ладаның да бұл жетістікке қосқан үлесі мол. Мексиканың операсүйер көрермендері өздерінің ықыласпен тамашалап тыңдайтын әншілерінің қатарына талантты жерлесіміз Лада Қысықованы да қосқаны анық.
Жас әншіні алда үлкен шығармашылық жоспарлар, жаңа партиялар күтіп тұр. Биылғы жылдың екінші жартысында Колумбияның Медельин қаласындағы Метрополетано театрында (Teatro Metropolitano de Medellín) Дж.Пуччинидің «Турандот» операсынан Турандот партиясы Ладаның орындауында жоспарланған. Отандасымыз, талантты әнші Лада Қысықованың әлемдік опера сахнасындағы шығармашылық белестерін бағындыруға жасаған әрбір қадамына сәттілік тілейміз. Әрдайым жолы ашық, табысы мол болуына тілектеспіз.
Амангелді Мұқан, театртанушы
Abai.kz