Қайыңдының көкпары

Белуарына жанаса жантайған бұлты ұшарын көзден жасырған Ақтау тауының қойын-қонышы кейінгі шамада солғындықтың сортаңынан арыла алмай-ақ қойған-ды. Оған негіз - үдере көшкен жұртпен бірге жоғалған ырду-дырдудың мына өлкеден қара үзуінде жатқанын былайғы жұрт, әрине, білетін. Бірақ, уақыт ылаңына көнген халық өз ықтиярымен не істей алсын, кеткені ауыл жаққа алыстан қарап алаңдаса, мал қамынан аспағандары сол малдың жай-күйіне бағыныштылықпен тірлігін жалғастыра тырбаңдаған бір кезең-ді.
Сондай күндердің бірінде кенеттен шыққан тосын хабардың алыс-жақынды елең еткізгені бар. Қайыңдының тумасы, сол топырақтан түлеген фермер Айтбай жаңа туған немересінің құрметіне көкпар беруге жар салыпты. Ұзынқұлақтың жеткізгені: көкпар теледидардан көріп жүргендей тар шеңберге ұйыспайды, бұрынғыша ауыл-ауыл болып тартысар намысқа жол ашады. Яғни, шамаң жете ме, жерге жартылай көмілген серкені асқан ептілікпен ат үстінен іліп ал да, тақымың мықты болса олжаңды өз ауылыңдағы қалаған үйіңе салып, кешкісін тәтті қуырдағына тойын. Әрине, жалғыз отырып тойынбайтының болса-болмаса белгілі. Ауылдастарыңның арасында езуіңнен ақ май аға кәукілдесіп отыратыныңа ешкім шүбә келтірмек емес. Дәл сол жағдайда сенен асқан ер, сенен асқан данышпан бұл маңнан табылмасы және әмбеге аян. Мұндай сәтте өзгелер бас изесуге жараса құба-құп. Бас изесіп қана қоймай астыңа көпшік қоюдан жалықпаса одан өткен жайлылықты мына дүниеден таппассың да. Ен даланың еркесіне айналар шағың сені еңсе биігіне алып шығатыны тап осы шамада. Ендеше, бір серпілмей не тұрыс! Бозарған күндер боз белдің астында бошырап, бозамыққа жетпек көңіл бебеулей көкжиекте ырғалса - нағыз бақыт дегенің сондай-ақ болар! Олай болса, әруақ деп атқа қонар күн жеткеніне илан, Жанділда!
Иланғанынан ғой кешкілік, мал өрістен қайтқан мезгілде, бір семіз тоқтыны жайратып тастаған жігіт ағасы қас қарая балаларын ана үй, мына үй жаққа қарай жүгіртіп, ет қазаннан түскенде көршілері арасында қызу әңгімеге жол ашқаны. Иә-иә, қызылкеңірдектікке салынбай, қызара бөрте жай-жапсарды қозғағаны жарасымды еді.
Делебені қоздырар көкпар жайында әңгімеге желі тартылғанда жиналғандар қопаңдасып қалған.
- Несі бар, тартсақ тартамыз! – деген бірі оқжыландай басын қақшаң еткізіп.
Екіншісі одан асуға тырыса:
- Жай тартпаймыз, қара да тұр, олжамызды тамам жұртқа дабыралай тап осы шаңыраққа әкеліп саламыз! – деп күпінген барлық түйін қолында тұрғандай күжірейе.
Одан үшіншісі қалған ба, ол да екіленіп шыға келген:
- Бұйығып жата-жата жамбасымыз тесілді ғой, неге бір серпілмеске?! Жігіт екенбіз жігіттігімізді көрсетейік!
Талқы басы елірмеге қарай қисайғанда бәрін сабаға шақырған тағы Жанділда:
- Жігіттер, сабырға жүгінейік, - деген ол айналасын байсалдылыққа баптай, - Совхоз кезінде әжептәуір бөлімше едік. Қазір сол бір бөлімше үш тарам жұртқа бөлшектеніп кеттік. Арқамызды тауға бере алдымызға көз жіберейікші, «Қайыңдыдан» өзге не көреміз? Оң жақ тұстан «Қаратөбені», түстіктен «Қияқтыны» байқаймыз. Араларымыз бес-алты, алты-жеті шақырымнан аспайды. Олай болса сайыс осы үш ауылдың арасында өтеді деген сөз. Бір деңдер, - саусағын бүгіп қойды, - Екіншіден, «Қаратөбе» басында түтін аз. Түтіннің аз болғаны белсеніп шығар жігіттердің қарасы шамалы екенін білдіреді. Әрине, ондағылар да қарап қалар жағдайда емес, аздығына қарамай шайнасып өлуге жақ. Шайнассын. Бірақ, сан басымдығы алмай қоймайтынын ұмытпасын. Ендеше, негізгі бәсеке «Қайыңды» мен «Қияқтының» арасында өтетіні талас тудырмаса керек. Оның үстіне, Қияқтыда кезінде аты аймаққа жайылған Құрмансейіт палуанның барын ұмытпағандарың жөн. Мына дүрмектен оның сырт қалуы мүмкін емес. «Аттан!» десең албастының ауызына барудан тайынбайтын сабазың мына хабарды естігенде атойлауға шақ отырған шығар. Атойласын. Ол көзсіздікке басқанда біз айлаға жүгінеміз. Сонда ұтылмайтынымыз анық.
Жанділда ентігін басарға сәл аял жасағанда көрші Әбілқайыр секпіл беті түтіге құйрығымен сырғый алға емінді:
- Құрмансейіт деймісіңдер? Оның несін әлдеқандай қылып отырсыңдар. Рас, кезінде болса болған шығар. Бірақ, дәл қазір ол да қырқылжың жаста емес пе? Шау тартқаны, шабандағаны белгілі. Әй, серкені бір ырғап маған жеткізіңдерші, қалғанын сүлікқараммен өзім жайғастыра жатайын. Солай!
Сүлікқара - Әбілқайырдың пырағы. Тұрқы дәл иесі сияқты тапал келгенімен бауырын жаза шапқанда желге жеткізбей кететін ұшқыр жануар. Дегенмен, оның додаға түсе алмайтыны көпшілікке аян. Кеуделі аттар қайырымға жеткізбей топтан ығыстырып тастайтыны бесенеден белгілі жәйт.
Міне, осыны алға тартқан Құрман:
- Пай-пай-ой-й, Әбекемнің екпінін-ой-й, жүрген жерінде атын бір мақтап қалмаса өзінің де көштен қалып қоятынын біледі, бұл құрдас. Ләббәй, Әбеке, ләббәй... – деп қағытқанда, Әбілқайыр айылын жыймады:
- Әй, Құреке, - деді дауысын анау жанның ырғағына сәйкестей, - Тарға кептеліп қалар добалдан мұндайда не пайда – мұндайда жылғадан жып етіп өтер жіңішкенің жолы әмәндә ашық. Осыны да білмегенің бе?
Мына қағытпаға мырс-мырс еткендер енді қарымта күткендей Құрманға қарай қалғанда ол ешкіммен ісі жоқ жанша өзінің тісін шұқып отырған аршаға жаңа көргендей шұқшиған қалпы:
- Әй, арша, - деді ойнақы, - Сен тауда өстің, ә? Тау басында добалдай едің, ә? Мына Әбілқайыр сияқтылар кесіп әкелді де жонып-жонып тіс шұқығыш жасады. Нең кетті? Бәрібір пайдаға астың. Солай ғой? Солай. Ештеңе етпейді, біз де жонылсақ та кәдеге асатын боламыз. Мен бір нәрсеге ғана назаланамын - не жонуға келмейтін, не сиыққа сыймайтын шыбық құрлы құны қалмайтындар сонда не істемекші, ә?..
Мына қағытпа жанына тиер деп іш тарта қалғандар көздерімен ауылдастарын баққанда Әбілқайыр қыңбады:
- Әй, Абай атам-ай, сені білмей айтты ма десем, біліп айтқан екенсің ау, бірақ аяғын аяқтамай қысқа қайырып тастапсың: боқтың қабының қайсының иісі басым жатады – жуанының ба, жіңішкесінің бе? Осыны нақтылап жібергеніңде мен бүгін бүйтіп қиналмас едім...
Мамыражай басталған әзілдің арты насырға шауып бара жатқанын байқағанда Жанділда жөткірініп қалды.
- Осы біз еріккен екеудің тәжікесін тыңдауға жиналдық па, жоқ әлде алдағы шараның қамын ақылдасуға бас қостық па? Менімше екінші жақтың бүге-шігесін қамтуды ниет еткен сияқтымыз. Олай болса, қыржың-тыржыңдарыңды кейінге қалдырып, жөнге жығылыңдар!
Екі иығына екі кісі мінгендей еңгезердей жігіт ағасының гүр еткен дауысынан селк еткендер етек-жеңін жинай жым болды.
- Әбілқайырдың жоғарыдағы айтқан сөзінің жаны бар, - деді осыны пайдаланған Жанділда, - Біле-білсеңдер көкпар деген тек қара күштің сыналар орны емес, ақыл мен әбжілдіктің таразыға тартылар тұсы да. Соған салсақ Сүлікқараға да кезек тиетін шақ алыс емес. Кеуде қағыстан, тақым тартыстан сәл де болса қағажу көрген аттар өз-өзіне келгенше серкені ілген топ оны додадан тыс жүрген ұшқырларға ұзата салса қызықтың әкесін сонда көресіңдер. «Әне кетті!» «Алдын ора!» «Ұзатпа!» «Әй, анау көктің екпіні қатты ғой!» «Қайыр, қайыр!» айқайы аспан астын күңірентіп жіберер. Солай!
Мына сөзге Әбілқайыр кәдімгідей марқайып, жан-жағына қоқилана қаранғанда Жанділда Құрманды да тек қалдырмады:
- Ал, негізгі күш, әрине, кеуделі мен белдіде қалатыны кім-кімге де белгілі. Ол болмаса олжаңды қалың топтан жұлып алып шығу мүлдем мүмкін емес. Сондықтан, сайысқа сақадай сай түсейік десек әуелі әлді аттарды баптауға қам жасайық.
Кейінгі сөз отырғандардың намысын қайраса керек айналадағылар жамырасып қоя берді:
- Ол не дегенің, Жанділда-ау, ен далада еркін жүрген жылқының әлжуазы болушы ма еді, бар ғой бар!
- Е-е, қазір жұрт бәйге дақпыртымен араб аттарға құмар-ақ. Шынында қазақы жылқыда қасиет көп екенін ұмытпау керек те.
- Бәсе десеңші, қазы берместе қандай қадір?..
- Жақсы! – деді ауылдастарының көңіліне тоғайған Жанділда оларға разылықпен қарап, - Барды баптай беріңдер. Ертеңгі күні ұятқа қалдырмасаңдар болғаны да.
Жас сорпа жандарын жадыратқан ауылдастар көп ұзамай үйді-үйлеріне тарқасқанда алтын қайыққа мінген ай аспан астын нұрға бөлеп тұрған-ды.
***
Көкпар болатын күні Жанділда ерекше көңіл-күйде жүрді. Жөні бар-ды. Ауылдастарын жинаған түні ол ұйқы көрмеген. Түн ортасында қалада тұратын Байділдаға телефон шалып, жағдайды баяндағаннан кейін інісінен көмек күтетінін жасырмаған. Аға айтса ініде не жан қалар, Байділда да елп етіп міндетті түрде келетінін, жай келмей өзіндік тосынсый жасайтынын айтып ағасының көңілін жайлаған. Ақыры солай болды да. Кеше кешкісін Жанділданың ауласына арнаулы тіркемесі бар «Джип» көлігі қаңтарылып, ішінен тұрқы бөлектеу ат түсірілгенде дүние жаңғырығып кеткендей еді.
- Мынауың не? – деген ағасы таңырқап.
- Ат қой, - деген Байділда жайбарақат.
- Ат екенін, болмысы бөлек жануар екенін көріп тұрмын.
- Көрсеңіз дымыңыз ішіңізде болсын, мұзды мұхитыңызды жарар атом кемесі осы болады.
- Айдаладағы бізге атом кемесі керек пе еді?
- Шұрқ етпеңіз, мұның өнерін додаға кіргенде көресіз. Қалған түйініңізді сонсын айтасыз. Келістік пе?
- Ал, келістік дейік.
- Келіссеңіз бопты.
- Болса болсын.
Жанділданың Байділдаға хабарласуының жөні бар болатын. Інісінің ұлттық спорт саласындағы жігіттермен байланысы барын естіген. Өзінің де спорт жағынан қаражаяу еместігін білетін. Қазақша күрестің жілігін шағып, майын ішпесе де күрес кілемінің аужайын әжептәуір таныған жан-ды. Әттең, тым ерте алған жарақатының салдарынан бәрінен қол үзуге мәжбүр болғаны ғана өкінішті. Басқаша жағдайда, айтулы палуандардың қатарын толықтырарына ағасы күмән келтірмеген де.
Осыны санасынан өткерген Жанділда басын шайқады.
- Елдің сөзіне қалып жүрмесек болғаны да... – деді артынша пәстеу дыбыстап.
Енді Байділда жанықты.
- Сөзге қалғаны несі?
- Әгарәки жеңе қалсақ «сырттан ат алдырып абыройға бөленді» дегендердің ауызын қалай жаппақпыз?
- Е-е, қауіпіңіз сол ғана ма? Онда шұрқ етпеңіз. Шындыққа жүгінсек, мен де осы өлкенің тумасы емеспін бе? Тумасымын. Кіндік қаным осы топыраққа тамды ғой? Әлбетте, тамған. Ендеше, осыны алдарына тарта қоямыз. Бұған тоқтаса құп, тоқтамаса атамнан әрі.
- Саған талас жоқ қой, әрине.
- Маған талас болмаса менің жеке меншік атыма да ешкімнің тіл безеуіне құқы жоқ.
- Онда жөн басқа екен.
- Әлбетте, жөнсіздік қашанда бізге жолдас болмағанын өзіңіз білесіз.
Сөз тәмәм. Ендігі мақсат намысты қолдан бермеудің амалын қарастыру ғана.
Бұл өңірге негізінен екі атау тән-ді. Біреулері жай ғана «Қайыңды» дей салса, кейбіреулері «Майқайыңды» деп күштік пәрмен беруге әуес-тін. Оның өз себебі де бар еді. Өйткені, қойнау-қойнауда сыңсыған қайыңнан ағар шырынды жинаушылар белгілі бір уақыт тұсында бұл тұсқа қаптап кететін. Олардың бір парасы аудан маңынан болса, бір парасы ат арқасы қияннан қара шалдыратыны қызық-ты. Өздері салп-салп жүруден жалықпайтын бір жанкешті жандар болатын. Ертеден қара кешке шейін шұбырса езулері жиылмай, сүлдер сүйретерлерден тың қалпын сақтай білетіндері керемет еді. Жергілікті халықты шырын алуға үйреткендер де сол келімсектер.
Сөйткен келімсектер кейіннен сирексіп, артынан жоғалып кеткенде ауыл адамдары да тоғайға баруын доғарған. Әлде, мал қамынан аспады, әлде көрінген ағашқа жабыса қабық астын шұқылауға ерінді, әйтеуір әуелі қатын-қалаш аяқ суытқанда балалар да әуестіктерін тай-құлынға ауыстырып, ақырында шырын дегенді қаперден шығарып тынған. Тап осыны ересектер ғана есіне алмаса жастар жағы қаперден шығарғалы қашан-н...
Сол «Қайыңды» бүгінде әлем-жәлем. Көкпар тартатындардың ғана емес, қызық көруге жиналғандардың да қолдарында бұзау тісі бар, сегіз өрім, он екі өрімі бар бір-бір қамшы. Бірімен бірі тістеніп сөйлеседі, күні ертең өзара жүз көріспейтіндей күштеніп тіл қатысады. Бұл үлкендер арасында ғана болса бір сәрі ғой, жоқ, ана ауыл, мына ауылдың балаларына да тән қылық. Бір құдыретті күш сиқырлы таяғын бұлғай адамдарды бір күнде өзгертіп жібергенге ұқсайды.
Көкпар түс ауа, шілдеханаға жиналғандар семіз тай етіне тойынғаннан кейін басталды.
Әуелі ортаға ауыл үлкені Айтбай ақсақал шығып көкпаршыларға мән-жайды түсіндіріп, сайыс шартын алға тартты. Жүлде қорын да жария етті: серкені қалаулы шаңыраққа салғандарға он қой, оларға қарсылық танытқанымен қарты келмей қалғандарға бес қой, ең аяғы көкпар қызығын қыздырғандарға үш қой. Міне, әлекедей жаланған жігіттер осыны құт қылсын.
Ақсақалдан кейін кезек тиген бүгінгі сайыстың төрешілік міндетіне бекіген жан қолындағы қамшысын сілтей көкпардың басталғанын жариялағанда осынау сәтті тағатсыздана күтіп тұрғандар аттарын тебіне әп-сәтте бір-бірімен мидай араласып кете барған-ды. Артынша айнала мыйпалауға айналып кеткендей еді. Соны байқағанда Байгелді ағасына ым қаға шетке ығыса берді де сыбыр етті:
- Араласпайық. Желөкпелердің аптықтары әбден басылсын, соңынан бұйырғанын көре жатармыз.
Іні сөзін құп көрген Жанділда атын іріккенде Құрмансейіт палуанның да топтан сырттағанын байқап: «Әй, сен де қуланайын деген екенсің, ә» - деді іштей мырс етіп.
Құрмансейіт додадан сырттағанымен дудан шет қалмады. Шуға еліге қайқаңдаған атының басын езулей беріге бұрған бойда Жанділдамен қатарласа бере:
- Бәрекелді! – деді ыржия, - Жалғыз шапсам шаңға шашалып қалам деп қорықтың ба, ініңді алдырып алыпсың ғой.
Жанділда да тоқ көңіл қалпын жасырмады.
- Е-е, бар барлығын жасайды да.
- Әрине, ұйымы болса жасайды. Болмаса қағынғаны да.
- Құдай қағынуынан сақтасын.
- Әлбетте, құрдас, әлбетте. Баяғыда есіңде ме, Қадірлінің қызына екеулеп ғашық боламыз деп екі жаққа қарап ұлып қалғанымыз?
- Ұлысақ та ұйымымызды бұзбағанымызға тәубә.
- Мен де соны айтамын, әйтпесе қаңғып қай түкпірде жүреріміз бір Құдайға аян еді.
- Иә, десейші...
Ол да бір ұмытылмайтын кезең екен-ау. Кәдімгі бозбала болып бозала таңды ұйқысыз атыратын шақта басқа қыздан қыз қалмағандай Жанділда мен Құрмансейіт қосарлана Бейбітке ғашық боп біраз алаөкпе күй кешкен. Қыз да «кетәрілігін» танытпай екеуін үміт бесігіне қаңтарып қойғанымен, кейіннен, қаладағы оқуына кеткенде, басқа біреудің етегінен ұстап жоғалған-ды. Жалпы әйелзаты деген қызық халық қой, арада айлар өтіп, Бейбіт төркіндеп ауылға келгенде Жанділда мен Құрмансейіттің таң қалғаны бар. Бұлар өлердей ғашық болған ханшаның күйеуі көпкөрім жігіт шығар десе, жоқ, кәдімгі екі аяқты, шибұт, шикіл сары, шашы жалбыраған біреу екен. Бейбіттің ананың қай жерін ұнатқанын таба алмай пүшәймандық күй кешкен екеу соңынан өзге қыздарға үйленген, балалы-шағалы болған.
Құрмансейіттің сол оқиғаны еске түсіргеніне мырс-мырс еткен екеу айналаны шаң қылған көкпаршылардың серкені әлі де іле алмағандарына көздері жеткенде тақымдарын қыса сайысқа кірігуге ыңғай танытқан.
Жо-жоқ, ауыл жастарының ептілері, білек күшіне сенген мықтылары жоқ емес бар еді, бірақ бірінің әрекетіне екіншісі тосқауыл қойып, бірі екіншісінің еркін қимылдауына мұрша бермей жүргендіктен әңкі-тәңкіліктің аужайында бұлқынғандардан береке қашқаны көрініп тұрған. Яғни, бей-берекетсіздіктің бәрі тәжірибенің жоқтығынан болып жатқан әурешілік екені былайғы жұртқа аян-ды.
Соны көргенде киіп-жарып серкеге бірінші жеткен Құрмансейіт оны іліп алмаққа еңкейе бергенде әлдекім атының басынан қамшымен тартып-тартып жібергені.
Соққыдан аты үрке алдыңғы аяқтарын тік көтере шапшығанда мұны күтпеген иесі ерден ауып қала жаздап барып бойын қайта жыйып алды. Жыйды да:
- Мынау не бассыздық?! Жөн-жосықты білмеген бұл қандай иттің баласы?! – деді көзі қанталай.
Мұны Жанділда да көрген. Ол қосымша қамшы сілтеу әрекеті қайталанса соған тосқауыл жасамаққа араға киліккенде қамшы жұмсаған жігітті қалт жібермеді, қапысыз танып қалды. Ауылындағы малшы Кеңестің бұйра бас, дөңкиген шойын қарасы екен.
- Өй, күшік! – деп гүж етті соны танығанда ызадан ышқына, - Иттің баласы болмасаң айтшы, қай қазақ мінісінің басына қамшы ұрған, ә!? Басқа басқа жауының атына да мұндай қысастық жасамаған аталарыңды қор қылдың-ау!
Кімнің-кім екенін Құрмансейіт те ажыратқан-ау тәрізі, тіс арасынан сыздықтата: «Сендерден басқаны күтсем де дәл осыны күтпеп едім,» - деді ысқырына.
Топ арасына сіңісе алмаған шойын қара қайда қашарын білмей атын қамшылай аласұрғанда кимелей жетіп оны дырауымен жон арқадан осып жіберген Жанділда жігіттің «Ағатай-ай! Жаздым, жаңылдым!» дегеніне қарамады:
- Саған көкпар неге керек? Көзіме көрінбей жоғал! – деді ақырып.
Дөңкиген шойын қара өлдім-талдым дегенде топтан сытыла бергенде Жанділда дода барысына көз жүгірте өз-өзінен шошынды. Сұмдыққа қараңдар, Құрмансейіттің аты басқа тиген қамшыдан әбден шошынып қалған ба, иесі қанша тепкіленсе де топ арасына кірігер сыңай байқатпайды. Керісінше бас бермеуге тырыса мына арадан сырттауға құмар.
Мұны көргенде Жанділда шыдамады, атынан қарғып түскен бойда Құрмансейітке қарап айқай салды:
- Қоя бер жануарды! Менің атыма мін!
Үлкендердің әрекетін бағып жүрген бе, осы кезде Байділда, қайдан жеткені белгісіз, араға килікті.
- Аға, сіз қызықтан қалмаңыз, мен берейін атымды!
Күжірейе Байділданың атына аяқ артқанда Құрмансейіт жаңа туғандай түлеп сала берді. Әлгіндегі ашу қойсын ба, қу ағашқа тиген оттай лапылдады дерсің. Оның үстіне, талай доданы көріп әккіленіп алған ат та Байділда айтқандай «мұзды мұхитыңды жарар атом кемесіне» ұқсады да қалды. Қарсы келгенді кеудесімен қаға екпіндегенде арыны жаны барды шыдатпағаны анық еді.
Осыны қуат көрген Құрмансейіт арнайы ощаққа жартылай көмілген серкені бірден іліп алды да, сол бойда «Қияқтыға» қарай тартты дерсің.
Әрине, оның тақымындағы олжаға жармаспақ, тіпті тартып алмақ болғандар жетерлік-тін. Берсе қолынан, бермесе жолынан алуға жалаңдағандар жан-жағынан аш қасқырдай анталаған. Әйткенмен палуан жанның уыты ешкімді бет бақтырмағаны айдан анық еді. Сөйтіп сол күні қара қазанда дайындалған тәтті қуырдаққа қияқтылықтар тойынған.
«Қайыңдыдағы» көкпар осылай аяқталған.
***
Осы оқиғадан тура бір ай өткенде Қайыңдыдағы Жанділданың үйіне келін түсіп, арнайы дайындалған отқа май құйған-ды. Келіннің кім екенін білуге ынтығып отырсыздар ма? Айтайын. Ол – Қияқтыдағы Құрмансейіт палуанның тұңғышы, айдай сұлу Айжарқын болатын. Екі жас қаладағы жоғарғы оқу орнында оқып жүргенде көңіл жарастырыпты.
Ұзағынан сүйіндіргей!
Төкен Әлжантегі
Abai.kz