Сейсенбі, 29 Сәуір 2025
Аласапыран 360 0 пікір 29 Сәуір, 2025 сағат 15:59

Ядролық державалардың қақтығысы: Жаңа соғыс бастала ма?

Сурет: dzen.ru сайтынан алынды.

Үндістан мен Пәкістан арасындағы шиеленіс ушыға түсті. 22-сәуірде Үндістан мен Пәкістан арасындағы даулы аймақ саналатын Кашмирде туристерге лаңкестер шабуыл жасады. Бұл туралы Mezgil.kz ақпараттық порталы жазды

Шабуыл Үндістан бақылауындағы Пахалгам өлкесінде болған. Пахалгам «Кашмирдің Швейцариясы» деп аталады және туристер жиі баратын өлке саналады. Лаңкестер демалып жатқан туристерге автоматтан оқ жаудырған. Кемі 26 адам қаза тапты. Шабуылды «Кашмирдегі қарсыласу тобы» атты беймәлім ұйым өз мойнына алды.

Үндістан тарапы лаңкестер Пәкістан аумағынан келді деп санайды және шабуылдың артында Пәкістан билігі тұр деген күдігін айтуда. Нью-Дели таулы аймақ арқылы автоматын асынған ер азаматтардың Кашмирге кірген видеоны жариялады. Бұл айыптауларды Пәкістан жоққа шығаруда.

Үндістан өз аумағындағы Пәкістан азаматтарын дереу елден кету керектігін айтты. Олардың визасының күші жойылмақ. Сонымен бірге Үндістан Пәкістанмен дипломатиялық байланысты үзуі мүмкін екенін де ескертті. Әзірге бұл қадамға барған жоқ.

Екі ел шекаралас аймақтағы өткізу бекеттерін жабуда. Пәкістан әскері толық ұрыс жағдайына келтірілді. Күні кеше Үндістанның Қорғаныс министрлігі жабық жиын өткізді. Оған генералдар, теңіз, әуе және құрлық әскерінің бас қолбасшылары қатысты. Жиыннан кейін Үндістан ауқымды әскери жаттығу бастап кетті. Оған Пәкістан қарымта әскери жаттығумен жауап қатуда. Пәкістан еңбек демалысындағы сарбаздарды дереу кері алдыртты. Ал Үндістанмен шекаралас аймаққа бронды техниканы топтастыруда.

Үндістанның премьері Нарендра Моди Кашмирде лаңкестік жасаған содырлар Пәкістан аумағында болса, олардың базасы Пәкістанда орналасса, онда оларға соққы жасайтынын меңзеді.

Пәкістанның қорғаныс министрі Хаваджа Асиф былай дейді: «Егер біздің бейбіт тұрғындарымызға қауіп төніп тұрған болса, демек Үндістанның да азаматтарына қауіп төнетін болады».

Екі ел арасындағы жағдайдың күрт ушығуы Үндістанға АҚШ-тың вице-президенті Джей Ди Вэнс сапарына тұспа-тұс келді. Сапар барысында Трамп әкімшілігі Үндістанды Үнді мұхиты маңындағы басты серіктесі санайтынын айтты. Вице-президент Дж. Д. Вэнс пен Үндістанның премьер-министрі Нарендра Моди сауда келісімін жасауды талқылап жатыр. АҚШ-тың қаржы министрі Скотт Бессент АҚШ пен Үндістан жақын аралықта сауда келісімін жасайтынын айтты. Сарапшылар «бұл мәлімдеме екі ел арасындағы диалогтың нәтижелі болғанын көрсетеді» дейді.

Батыс БАҚ-тары Үндістанды АҚШ қолдаған сәтте, Пәкістанды Қытай қолдайтынын айтуда. Пәкістан соңғы жылдары Қытаймен млрдтаған долларға сауда-экономикалық келісімдер жасасты. Пәкістан Қытайдан жойғыш ұшақтар, бронды техникалар мен атыс қаруларын, заманауи зымыран және дрондар алуда. Саясаттанушылар Үндістан мен Пәкістан арасындағы шиеленісті АҚШ пен Қытай тарапы өзара сауда соғысында пайдалануы мүмкін деп топшылайды.

Бүгін Үндістан Пәкістандағы дипломатиялық жоғары комиссия құрамын азайту шешімін қабылдады. Мамыр айының 1-нен бастап комиссия құрамы 55 адамнан 30 адамға дейін қысқартылмақ. Дәл осындай шешімді Пәкістан тарапы да қабылдады.

Нью-Дели мен Исламабад арасындағы шиеленіске байланысты бірнеше маңызды келісімдер тоқтатылуда. Солардың бірі екі ел арасында су көздерін бірлесе пайдалану бойынша келісім. 1960-шы жылы Үндістан мен Пәкістан шекара маңындағы 6 ірі өзенді пайдалану бойынша келісім жасасты. Үндістан Рауи, Беас, Сатледж өзендерін толық қолдану құқығын алды. Үндістан бұл өзендерді ауыл шаруашылығына пайдалануда. Ал Пәкістан Инд, Джелам және Ченаб өзендерін пайдалану құқығына ие болды. Аталған өзендерді Пәкістан ауыл шаруашылығы мен электр энергиясын өндіруде пайдалануда. Үндістан келісім бойынша аталған үш өзеннің суын шекті негізде пайдалануы тиіс. Келісім бойынша тараптар суды бөгемеуі қажет.

Пәкістан мен Үндістан 1965, 1971, 1999 жылдары қарулы қақтығыстарға түскен сәтте де су көздерін бірлесе пайдалану келісімін тоқтатқан емес. Алайда ендігі таңда Үндістан бұл келісімді үзетінін айтуда.

24-сәуір күні, кешкі сағат 19:00-де Үндістан Пәкістанға баратын Инд өзенін бөгеп, су қоймасындағы барлық 4 шлюзді жауып тастағаны жайлы ақпарат тарады. Пәкістан бұл әрекетті «соғыс ашу» деп бағалауы мүмкін. Себебі Инд өзені Пәкістанның ауыл шаруашылығы үшін маңызды саналады. Елдегі халықтың 45 пайызға жуығы ауыл шаруашылығымен күн көруде. Инд өзенінде Пәкістанның бірнеше кіші ГЭС-і орналасқан.

Ядролық қаруға ие қос мемлекет арасындағы жағдай ушыға түсті. Сәуірдің 24-нен 25-не қараған түні Пәкістан мен Үндістан әскері шекаралас аймақтарда бір-біріне бірнеше мәрте оқ жаудырып, қарулы қақтығысқа түсті. Әскери сарапшылар алдағы бір аптада тараптар дипломатиялық жолмен шиеленісті реттеуді бастамаса, екі ел арасындағы қақтығыс соғысқа ұласуы мүмкін деген болжамды айтуда.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Қайраулы қара семсер

Есболат Айдабосын 2512
Анық-қанығы

Еуропаға Ресей аумағынсыз шығу жолы

Асхат Қасенғали 5438
46 - сөз

Бізге беймәлім Барақ хан

Жамбыл Артықбаев 4727