Дүйсенбі, 12 Мамыр 2025
Әдебиет 298 0 пікір 12 Мамыр, 2025 сағат 11:10

Барлық сөзін жүрегіме жаздым...

Сурет: auezov.edu.kz сайтынан алынды.

Ақын Тұманбай Молдағалиевтың естелігі

Поэзиядғы асқар шыңымызды Абай десек, прозадағы ең биік шыңымыз, прозадағы Абайымыз – Мұхтар Әуезов. Бұл дәлелдеуді қерек етпейтін шындық. Абайдан кейін қаншама ғажайып ақындар туды. Бірақ біреуі де өзін Абай болдым деген емес.

Менің ойымша, прозамыз шарықтап өскенмен, талай бір дүлдүл прозашы-жазушылар туғанымен, олардың біреуі де өздерін Мұхтар Әуезов болдық деп айта алмаса керек.

Әуезов шыңы – өте биік шың. Онымен бой таластыратын ешкім бұл ғасырда табыла қойған жоқ. Көз жетпейтін келесі ғасырларға барып бал ашпай-ақ қояйық, бал ашып адаспай-ақ қояйық, біз жасаған ғасырда қазақ прозасында Мұхтар Әуезовпен бой таластыратын да, ой таластыратын да ешкім жоқ.

Сол Мұхтар ағаның есімін мен ерте, сәби шағымда естідім. Соғыс жылдары біздің ауданда музыкалық театр бар еді. Солар еңбекшілердің көңілін көтереміз деп біздің ауылға жиі-жиі келіп концерт беретін, оның соңынан ойын көрсететін. Сол көрген ойынымның ең алғашқысы «Еңлік –Кебек» пьесасы еді.

Сол пьесаның иесі, жазған кісісі – Мұхтар Әуезов деген аға екен. Менің бала көңілім Мұхтар Әуезовті өмірде бар адам емес шығар деген шешімге келді. Мына сахнадағы ойынды жазған аға сол өзі жазған адамдарымен бірге өмір сүргендей, сонау бір қараңғы дүниеде өмір кешіп, сол өзі жазған Еңлік –Кебектермен бірге қайта келмес дүниеге аттанып кеткен шығар деп ойлайтынмын. Ол маған қою қара бұлтты қақ жарып, ұшып келе жатқан алып бүркіт болып елестеді. Қанатын қатты-қатты сермеп желді, дауылды соңына қалдырып, қауіпке қарсы қаһарлана ұшып келе жатқан ұлы құстың көзінде жас бар секілді елестейді маған. Денем мұздап, бала жүрегім ауыр бір күй кешкен тәрізді еді.

Кейін жетінші класта Мұхтар ағаның «Бүкітші» деген әңгімесінен мазмұндама жазғаным да есімде. Өңкей бір образды сөздерді еске ұстау қайталап жазуға ауыр тиді, тайғақтап, кібіртіктеп бірдеңе жазған болдым. Жетінші кластың баласының тісі Мұхтар ағаның жазғанына қайдан батсын, тәйірі. Ауыр-ауыр ойлар, ғажайып образдар, шешен тіл, көсем сөздер менің есімді алып есеңгіретіп кеткендей болып еді.

Әңгімені оқып отырған Әділ ағаның жүзі де бал-бұл жанып, жазушының жазушылық шеберлігіне бас иіп, рахаттанып отырды. Ол кісі Мұхаңның әңгімесін бізге екі-үш қайтара оқып берді. «Сендер, балалар, ұлы әдебиетпен бүгін кездесіп отырсыңдар, әлі ержетіп Мұхтар ағаларыңның үлкен-үлкен кітаптарын оқып, қазақ елінің қадір-қасиетін ұға түсесіңдер», –деді Әділ аға біздің жүзімізге барлай қарап.

Біз жетінші класта оқып жүргенімізде Әділ аға, Ыдырыс ағалар бірінен бірі алып «Абай» романының екінші кітабын оқығанын ол кісілердің әңгімелерінен естідім. Бүкіл елімізде болып жатқан ұлы оқиғадай көріп сол роман жайында екі ұстазымның пікірлесіп отырғанын өз құлағыммен естідім. Шіркін, ержетіп осы кітапты мен де оқыр ма екем деген бір арман сол бір сәтте мені бақыттың арғымағына мінгізіп, ақ бұлттардың арасына қарай самғатып алып кетіп еді.

Сегізінші класта оқып жүргенімде «Абай» романының бірінші, екінші кітабын үздіге оқыдым. Мен бұрын «Ботагөз», «Қазақ солдаты», «Жанартау» секілді кітаптарды, Жюль-Верннің, Джек Лондонның қазақша аударылғандарын, Фадеевтің, Шолховтың романдарын оқып әдеби талғамымды оятқан оқушы бала едім.

Ал, мына Мұхтар Әуезовтің «Абай» романы мені бір ертекте ғана кездесетін ғажайып дүниелердің ішіне алып жөнелді. Тоғжан қыздың Абайдан басқа Тұманбай деген ғашығы келді дүниеге.

Неге екенін өзім де білмеймін, мен Құнанбайдан оншама түңілгем жоқ. Оның кесек қимылына сүйсіндім. Зере әже, Ұлжан ана өзімнің Әсіп әжем мен Қымқан апаларымдай болып көрінетін болды көзіме. Майбасар да, Тәкежан да өз уақытының мықты жіпттеріндей жігерімді шыңдамаса, жасытқан жоқ. Қатыгездіктеріне қол соқпасам да, тіршіліктеріндегі тегеурінді тізе, тентек көңіл, қызылкөзділіктеріне сәл-пәл қызыққан да секілдімін. Ербол өзімнің Едіге досымдай ыстық тартты. Абай аға, Абай ақын өмірімнің алыс жұлдызындай: «Кел, Тұмаш, кел, кешікпей кел. Сенің жүретін ауылың – менің ауылым, Абай ауылы, ақындар ауылы» деп шақырғандай болды өзіне мені. Ол кезде Абай түсіме кіре қоймайтын қазіргідей. Мұхтар Әуезов бүкіл қазақтың кітабын, қолдарынан түсірмей оқитын кітабын, алтын кітабын жазып бергенін мен ол кезде түсінбесем де, кейін оқығандарымды салыстыра келе оның құдіретін мойындап, құпиясына үңілгенімді өзіме мақтаныш көрем.

Тоғызыншы класта оқып жүріп оныншыда оқитын бір әпкеме «Абай жолы» бойынша шығарма жазып бергенім есімде. Өзім сыйлайтын қыз бала қиылып сұраған соң жаздым әлгі шығарманы.

Оныншы кластың мемлекеттік емтиханында «М.Әуезовтің «Абай» романындағы (екінші кітап) қазақ еліндегі саяси-әлеуметтік жағдай» деген тақырыпта шығарма келді. Осы бірінші тақырыпқа шығарма жаздым мен. Оныншы кластың баласы үшін тақырып сәл ауырлау болуы мүмкін. Бірақ мен бәрібір осы таңырыпқа жаздым. Грамматикалық, стилистикалық жағынан бір қате жоқ. Бірақ, оқушы өзі жазған тақырыптың мазмұнын терең ашпаған деп маған «төрт» деген баға қойыпты ағаларым. Ең жақсы көретін пәнім қазақ әдебиетінің шығармасынан «5» ала алмаған соң медаль алсам деген арман менен бірден алыстап кетті.

Мен сол жылы КазГУ-дің М.Әуезов дәріс оқитын филология факультетіне барлық пәннен «өте жақсы» деген баға алып оқуға түстім. Әуезов дәріс оқитын оқудан артық дүниеде оқу бар деп ойлап көрген де емеспін. Орташа инженер, озық агроном, зор зоотехник болатын қабілет менде де, құдайға шүкір, бар еді. Тіпті, заулаған заң қызметкері болып кетуім әбден мүмкін еді. Бірақ, бұл оқуларда Мұхтар Әуезов дәріс оқымайды екен.

Сентябрьдің алғашқы күндерінің бірінде «Қазақ фольклорынан» М.Әуезовтің лекция оқитыны сабақ кестесінде жазулы тұр.

Қасиетті сағат, өмірімдегі алтын сәт жақындап келе жатты. Бес-алты минөттен кейін мен қазақтың өзім білетін ұлы жазушысы Мұхтар Әуезовті көрем. Мына көзіммен көріп, мына қалқан құлақтарыммен оның даусын естимін. Сөзін тыңдаймын. Шынымен, Тұманбай бала, сен Әуезовті көретін болдың-ау.

Әні-міне дегенше, күн маңдайлы ғажайып адам осы күнгі Төле би көшесі мен А.Байтұрсынұлы көшесінің бұрышындағы үш қабат шағын үйдің екінші қабатындағы 35-аудиторияға кіріп келе жатты. Мен оның ең алдымен кең маңдайын көрдім. Сирек шашы төбесіне қарай үрке қашқандай, бұрын қара бұйра болған шығар. Қазір өрт шалған жердің сиреген сексеуіліндей көрінді төбедегі ақ бурыл шаш. Мол денеге мына үлкен бас жарасып-ақ тұр. Біз дүркіретіп қол соғып тұрмыз. Ол басын қайта-қайта иіп бізге қарап сәл жымиған сияқты. Қошеметімізге дән риза ұстаздың нұрлы жүзіне қарап, бақыт деген осы деп ойладым мен. Ең үлкен қазақты, ең оқымысты қазақты, ең мәдениетті қазақты, жазушының ең үлкенін, жүрегімнің ең төрінен мәңгілік орын алатын ұлыны жас шәкірт сол сәтте бірден таныды десем, мақтанғаным емес, оқырман досым, сезімтал көңіліме өзімнің бір риза болғандығым шығар.

Сол бір сентябрь күні – неткен шуақты, неткен мөлдір, неткен ұлы күн еді.

Профессор, академик, доктор, жазушы Әуезов сөйлей бастады. Сәл кібіртіктеп тұрды да, бұғауды бұзған тау өзеніндей сөз тасқыны ағытыла жөнелді. Басына дулыға киген батыр да, домбыраға үн қосқан күйші де, ай бойы жырлап беретін сақалы омырауына түскен ақын да көз алдымнан өтіп жатыр. Мен бір ғажайып түс көргендеймін. Мен осы Әуезовтің өзінің баласы екенмін деймін. Ол отызыншы жылы Алматы түрмесінде жатқанда мен сол түрменің біресе есігіне, біресе терезесіне жүгіріп әкеме нан берсем деп ұмтылам...

Бір кезде әлгі менің әкем қасыма кеп: «Сіз неге лекция жазбай отырсыз», – деп маған сұрланып қарап тұр. Мен шошып кеттім. «Мен сіздің бар сөзіңізді жүрегіме жазып отырмын, аға», – дедім.

Ұстаз әкем сәл жымиғандай болды. «Көңілге, жүрекке жазып алатын қабілетің күшті болса, оны кезінде көрерміз. Әдетте студенттің ұстаз сөзін алдымен дәптерге жазғаны жөн», – деп ұстаз менен алыстай берді. Мен қолыма қалам алып, басқа балалардай Мұхтар ағаның айтқанын қағазға жаза бастадым.

БАҒА ҚОЮҒА ДА ЖОМАРТ ЕКЕН

Оның аузынан төгілген сөз маржанын арнайы машина болмаса, қаламмен жазып үлгеру мүмкін емес.

Біресе ұстаздың аузына қарап аңырайып, біресе қағазға тұқшыңдап бірдеңе жазған боп берекесіздеу бір сағат өтті-ау, әйтеуір. Екінші сағатта Мұхаң орындыққа жайланып отырды да: «Балалар, лекциямыздың екінші сағаты сұраққа жауап беру сағаты болсын. Сіздер жазбаша сұрақ беріңдер, мен ауызша жауап берейін», – деді.

Студенттер дереу шұқшиысып бірдеңелер жаза бастады. Алғашқы қағаздар да түсті Мұхаңның алдына. Бұрын мұғалімдер институтын бітіріп, ауылдарда жеті жылдықта мұғалім боп, үйленіп, бала сүйіп келген кексе жігіттер алдымен көзге түсті. Сапарғали Омарбеков, Нұрлыбек Жүнісов, Көмекбай Мұсаев, Омарбек Дәулетбаев, Құлмағамбет Еспаев берген сұрақтарға Мұхаң аса бір үлкен ілтипатпен қарап, жауап бере бастады. Сұрақ берген кісі сұрақтың астына өзінің аты-жөнін жазғаны жөн.

Ұстаз сұрақты оқып, сұрақ берген студентті орнынан тұрғызып, оның жүзіне жылы шыраймен қарап, содан кейін барып жауап беруге кіріседі.

Сұрақтың көбі «Абай» романына байланысты. Журфактің студенті Хамза Амандықов та Мұхаңа берген сұрақтары арқылы әжептәуір көзге түсіп жүрді. Мектептен кеше келген біздер сұрақ бермейміз. Үнсіз жаудырап Мұхаңның жүзіне қараймыз. Мен бір күні қағазға мынадай сұрақ жаздым: «Мұха, Тоғжан қызды мен жақсы көремін. Бірақ Абайға қарсылық көрсетуге жарамағанын құптамаймын. Ол болашақта басқа біреуге жар болатынын біледі ғой». Осы жазылған сұрағымды жазуын жазып ап, беруге қорықтым. Әрине, ұстаз сол кездегі заман жайын айтуы мүмкін. Және сұрақ беріп отырған студенттің де әдеби білімінің терең емесіне де көзі жетеді. Абыройсыз қалғаннан гөрі, көрінбей, көзге түспей-ақ күн кешейін дедім де, сұрағымды қалтама салып қойдым.

Қыста фольклордан емтихан болды. Мен «отлично» деген баға алдым Мұхаңнан. Мұндай жоғары бағаны курстың жартысы алды десем, өтірікші болмаймын. Мұхаң баға қоюға да жомарт екен. Арамызда бір ғана студентке «орта» деген баға қойыпты. Курсымыздың старостасы Әбдірзақ Досмұрзаев Мұхаң қағазын жинастырып орнынан тұрып жатқанда: «Мұха, мына бір жолдасымызға обал болды-ау, «орта» деген баға қойыпсыз» деп қалыпты. «Я, ол бала ортаға да жауап бермеді. Білімі жоқ. Филфакқа адасып келген адам», – депті Мұхаң. «Орта» деген бағамен ол байғұс стипендияға ілікпейтін болды-ау», – депті курс старостасы. «Бәлі, сонысы тағы бар екен ғой. Қайда өзі, зачеткесін әкесін, «жақсы» деген баға қойып берейін», – депті Мұхаң. Есікте дайын тұрған Ергенбаевқа Мұхаң: «Қарағым-ай, филфакқа адасып-ақ келген баласың. Қайтейін...» – деп зачеткесін алып «жақсы» деген баға қойып беріпті. «Сіз дәріс оқиды деген соң келдік қой филфакқа», – депті Ергенбаев қарап тұрмай. «Бұлар сөйтеді енді», – деп Мұхаң жымия күліп аудиториядан шығып жүре беріпті. Әбдірзақ ағадан осы әңгімені естіп мен таң-тамаша қалайын.

Екі жыл үзілістен кейін бір күні Мұхаң келіп кірді аудиторияға.

Біз орнымыздан тұрдық. Залда үнсіздік. Біз ол кісіге жатырқап қарап тұрғамыз жоқ. Жабығып қарап тұрмыз. Сағынып қарап тұрмыз. Мұхаң бізбен кездеспеген екі жылы туралы ешнәрсе айтқан жоқ. Айта да алмайтын еді. «Жазықсыз жапа шеккен жан аға, аман-есен еліңе келдің бе? Біз сені әкемізден де артық жақсы көреміз. Сіздің қазақ боп туғаныңыз үшін мың шүкір» деген сөзді айта алмай біз құса боп тұрдық. Аудиториямен ұлы ұстаз көзбен түсіністі. Сөз айтылмайтын кезде, сөз айтуға болмайтын кезде көздің жәрдемге келетіні қандай жақсы.

Арада жылдар өтпеген сияқты. Ұстазымыз кеше ғана бізбен қоштасып кетіп, бүгін арамызға келіп тұрған сияқты. Бірақ, арада өткен жылдар біздің Мұхаңды мұқалтып тастапты. Оның жүзі ана жылдардағысындай жарқылдамайды. Өзіне ғана жарасатын әсем жымиыс та жым-жылас жоғалған сияқты. Біздің жалынды, алымды ағамызды біреу кәрілеу кісіге, ойлы да мұңлы, мұңлы да тәкаппар кісіге айырбастап кеткен сияқты. Сол лауазым, сол биіктік, сол парасат, сол ақыл – бірақ бәрі де салқын, бәрі де салмақты белгісіз бір күйге ауысқан. Оның бізге оқыған лекциялары да онша бір қызық емес сияқты боп көрінді маған.

Абай өлеңдерін жатқа айтып, оны талдай бастағанда біз ана жылғы Мұхаңа ұшырасқандай қуанып мәз боп қаламыз. Оның көзінің оты азайып, оның орнына мұңы көбейген сияқты. Оның жанының жалыны азайып, оның орнына салқын сабыры көбейген сияқты.

Ұстазымыз терең ойларға беріліп телміріп алысқа қарайды. Тояттаған бүркіттей. өзіне-өзі сенімді, әлі де дауылға қарсы қанат қаға алатын, майданды күткен маңғаз Мұхаңа біз де бір түрлі сабырмен, аянышты көңілмен қараймыз.

Серінің селқостанғанын, лапылдап жанған оттың түтіндей бастағанын, тойдан қайтқан бозбаланың бозаң бір дүниеге бойұсына қарағанын, қызығы біткен қыздың қиын дүниеден қинала жәрдем күткенін көрген шығарсың, оқырман дос. Маған Мұхаң осы ұшырасуда жоғарғы мен атаған жайларды көз алдыма елестетті.

Университетте диплом қорғағанымызда келіп отырды. Өзі жетекшілік еткен екі студентінің біреуі – Есбаевқа «5», Хамзинге «4» қойғанын айтты. Қалған балалардың қорғауын қадағаламай кетіп қалды.

(Жалғасы бар)

Әзірлеген – Құлтөлеу Мұқаш

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Әдебиет

Алтын сандық

Бауыржан Омарұлы 2183
Білгенге маржан

Сертіне берік самурай...

Бейсенғазы Ұлықбек 3846