Сейсенбі, 13 Мамыр 2025
Білгенге маржан 379 0 пікір 13 Мамыр, 2025 сағат 11:32

Шығыс Түркістан (жалғасы)

Сурет: Автордың мұрағатынан алынды.

Басы: Шығыс Түркістан 

Бесінші: Соғысқа Кеңестер одағының тіке араласуы

Нылқы партизандары Құлжаға суыт тартып, 3 бағытта қалаға шабуылға өтті. Осы сәтте Кеңестер одағынанда қарулы адамдар келіп, соғысқа қатынасты. Ашық деректерде Кеңестер одағының әскерлері Құлжадағы соғысқа қатысқаны туралы мынадай деректер бар:

Петр Романович Александров бастаған 60-тан аса қарулы Кеңестік әскер(53), Александров октябр революциясын еске түсіру күні Құлжа шайқасын бастауды ұйғарып, «Құлжа азаттық ұйымы» бастауын, оған Нылқы партизандарының да ұштасуын талап етіп, адам жібереді.

11-ші айдың 12-сі күні Палинов бастаған екі машинамен 60-тан аса Кеңестер одағының әскерлері келді (54).

Іледе 2500 қытай әскерінің 1000-нан артығы жойылды, бірақ Үрімжіден, Ілемен іргелес аудан аймақтардан 5-6 мың қытай армиясы көмекке келе жатты. Оларға күреске шыққанына 4 ай ғана болған партизандар төтеп беруі қиын еді. Қытай әскері Тәңіртаудан асып, Құлжа қаласына 25 км жерге жетіп келді. Уақыттық үкімет әр ұлттан құралған партизандарды ұйымдастырып, оларға қарсылық көрсетті. Десе де сан жағынан да басым, ауыр әрі озық қарумен қаруланған жау асуды күшпен алып, Құлжаға қарай ілгеріледі. Дәл осы қысылтаяң сәтте Кеңестер одағы тіке әскер шығарып, партизандармен бірлікте жауды ауыр шығынға ұшыратып, кері шегінуге мәжбүр етті. Осыған қатысты мына деректерге қарайық:

Алайда, кем дегенде 1945 жылдың сәуіріне дейін Шығыс Түркістан республикасы ұлттық армиясының  құрамында «Ысқақбек атты әскер бригадасы» болған жоқ. Шығыс Түркістан республикасынан қытай үкіметі әскерлері тұтқындаған тұтқындардың мойындауларына сәйкес, Шығыс Түркістан республикасының әскеріндегі ең қуатты бөлімше - Кеңестік Орта Азиядан келген қазақ, қырғыз және өзбектерден құралған, оларды Ысқақбек деген адам басқаратын. Жалпы 3000-ға жуық атты әскер бөлімі болды (55). Әскері Кеңестік қазақ, қырғыз, украин және басқа ұлттардан құралған Ысқақбек бөлімшесінің (Кеңес қазақтары, генералдар деп аталады) 3000-ға жуық атты әскер полкі бар, толықтай жарақталған ірі пулеметтері, шағын зеңбіректері, минометтері бар. Танкке қарсы зеңбіректер мен портативті пулеметтер және әр жауынгерде семсер бар еді, бұлар кезінде Шыңжаңда тұрған «Қызыл 8-ші полк» болуы әбден мүмкін еді.

Күре қалашығына шабуыл басталғанда Ысқақбек Кеңестер одағынан келген әскерлер мен зеңбірекші әскерлердің сәйкесуімен, қалашықты алды (56). 16 қарашада Ысқақбек атты әскер батальонын Иньинге басқарып, Айлинбақ сияқты Гоминдаң бекіністерін қоршауға қатысып, жеңіске жетеді (57). Құлжаға қытай армиясы 20 км қалған кезде Кеңестер одағы бір бөлім атты әскерлер мен зеңбірекші әскери бөлімдерді шығарып, соғысқа қатыстырды (58). Кеңестік әскерлер мен Кеңестер одағынан әскери тәлім-тарбие алған  Шыңжаңдық қарулы адамдар арт-артынан Құлжаға келіп шайқасқа қатысты.

Ысқақбек Қырғызстанның әскери адамы болып, 1937 жылы Қашқар мен Хотандағы Шығыс Түркістанның Мамұт полковниктен қалған бөлімдері мен Дұңған әскерлерді жою үшін Шың Шысайдың ұсынысымен, Қырғызстаннан келген, тағы Мәуленов деген қырғыз полковник те әскер бастап келіп, ұйғырлар құрған «Шығыс Түркістан» күштерін жойған.

Ал енді міне, Кеңестер одағының тапсырмасымен Шығыс Түркістанды қорғауға әскер бастап келіп отыр. Шығыс Түркістан операциясына Қырғызстаннан көп адам қатысқан, әрине, қазақ көп үш аймаққа Кеңестер одағы тек қазақ жіберуді дұрыс көрмеген. Мүмкіндігінше өзге ұлттарды басшылық орынға көптеп қою арқылы Қазақстанның іргесінде қазақтар тұратын үш аймақта қазақты негіз еткен үкімет құруды дұрыс санамады.

1944 жылдың қараша айының соңында Кеңес Одағы Шыңжаңның Құлжа  қаласында «No 1 үй» (Кеңес Қызыл Армиясы Владимир Козлов басқарған) және «No 2 үй» (КГБ Владимир Степанович Егнаров жетекшілігімен (59) құрып), Берияны Алматыға Шыңжаңдағы, Қытайдағы Кеңес әскерлерінің соғысын бақылауға жіберді (60).

Егнаров (Шығыс Түркістанның іс жүзіндегі бақылаушысы әрі басқарушысы).

Ол 1944 жылдың 5 желтоқсанынан 1946 жылдың 1 қарашасына дейін - КСРО НКВД-ның арнайы тағайындау бөлімінің бастығы. Арнайы тапсырмалар бөлімі 1944 жылы 5 желтоқсанда құрылып, 1946 жылы 20 желтоқсанда таратылды (61). Негізгі мақсат – Шыңжаңдағы мұсылмандардың ұлт-азаттық қозғалысына көмек көрсету. «Иван Иванович» деген бүркеншік атпен Шығыс Түркістан республикасы (Шыңжаң, Құлжа қаласы) үкіметінің кеңесшісі болды (62).

«Үш бағыттағы (1-ші бағыт Жың мен Шихуды алу, 2-ші бағыт Алтай, Тарбағатайды алу, 3-ші бағыт Ақсуға шабуыл жасау) ұрыс жоспарында» Кеңес жауынгерлері бар ма деген сұраққа келсек, бұрынғы Кеңес одағы мұрағаттарынан Қытай қоғамдық ғылымдар академиясы шекара тарихы мен географиясы ғылыми-зерттеу орталығының ғылыми қызметкері Ли Шэннің мәліметтері шешуші мәнге ие. Осы мұрағат деректеріне сүйене отырып, ол 1945 жылы маусымда КГБ Орталық Саяси Бюросының «Шығыс Түркістан республикасының» әскерін күшейту туралы шешім қабылдағанын көрсетті. Мұнда Кеңес Қызыл Армиясының 500 офицері мен 2000 сержанты жіберілді. Сонымен бірге Шыңжаңға артиллерия мен оқ-дәрі, көлік машиналары, әскери байланыс пен қолбасшылыққа арналған байланыс құралдары, көптеген қару-жарақ, түрлі техникалар үздіксіз тасымалданды. Кейбір маңызды ұрыс жоспарларын Кеңес әскерлері мен Уақытша үкімет әскерлері қатарластырып орындады (63). Кейінгі кездерде саны 30 мыңнан асқан ұлыттық армияда бұл сан тіпті көбейген сияқты, нақты қанша мың екені анық емес. Десе де тұтас армияның 3/1 болуы әбден мүмкін.

Осы соғыстарға түркі тектес ұлттардан тыс, жерлік моңғолдарда көптеп тартылды. Ерде бастаған моңғол партизандар отряды (64) Бұраталаны алуда негізгі күш болды.

Ал шеттегі ұйғыр ұйымдары осы тарихи шындықтарды терістейді немесе айтпауға тырысады. Әйтеуір үш аймақ әсіресе, Алтай, Тарбағатайда ұйғырлар жағынан тез азат бола салғандай етіп көрсеткілері келеді. Әр жерде кімдер болды, ол жерлерде қандай соғыстар болды, ол туралы да айтылмайды.

Үкімет тілі туралы

Жоғарыда айттық, тұтас үш аймақта да, Іле аймағында да қазақтар негізгі халық, бірақ Кеңестер одағы өз құрамындағы Қазақстан одақтас республикасының іргесінде тағы бір қазақ республикасын құруды қаламады. Керісінше саны қазақтан екі-үш есе аз ұйғырларды қолдан билікке көптеп қойды (олардың да көбі Кеңестік ұйғырлар), тіпті бұлардың арасында да Қазақстан мен Қырғызстанның ұйғырлары, коммунистік тәрбие алған, Кеңестер одағының айтқанын екі етпейтін, Ахметжан Қасыми сияқты ұйғырлар көп болатын. Сондықтан ұйғыр тілі Құлжадағы үкіметтің тілі болып, негізгі құжаттар осы тілде шықты. Бірақ үш аймақта қазақ көп болғандықтан, екінші тіл қазақ тілінің қолданыс аясы ұйғыр тілінен кең болды. Ұйғыр тілін үкімет тілі ету туралы Түркістан үкіметі мынандай бұйрық шығарған:

«1944 жылы 12 қарашада Шығыс Түркістан республикасы уақытша үкіметінің құрылтай жиналысында «Тоғыз тармақтан тұратын саяси бағдарлама» жарияланды (бұдан әрі «1944 жылғы бағдарлама»). Шығыс Түркістан республикасының конституциясы болмағандықтан, «Тоғыз тармақтан тұратын саяси бағдарлама» іс жүзінде конституция рөлін атқарды. Оның негізгі мазмұны мыналар: (1) қытайлық теріс саясаттың барлық түрлерін жою; (2) үкімет демократиялық жүйе болып табылады; (3) әскер халықтыққа тән; (4) барлық этникалық топтар тең; (5) дінді құрметтеу керек; (6) барлық деңгейдегі лауазымды тұлғаларды халық сайлайды; (7) кеңестік саясатты жүзеге асыру; (8) білім беруді дамыту; (9) ұйғыр тілін уақытша үкіметтің ортақ тілі етіп белгілу».

Дәлелқан Сүгірбаевтың ұйғырша жазған хаты.

Әрине Кеңестер одағының осы саясаты қазақтардың наразылығын тудыратыны табиғи еді, Оспан батыр мен Қалибек әкімнің қарсы шығуының себебінің бірі осында еді.  Іледегі қозғалыстың екі негізгі басшысы Әкбар мен Сейіттің жұмбақ өлімі де осымен байланысты. Үкімет басшылығына қазақты шығармау, үкімет тілі қазақ тілі болмау, «бәрің бір түрік тілдессіңдер, сондықтан бәріңе ортақ Түркістан үкіметі болып отыр» деген сөзге көп қазақ илана қоймайтын. Өйткені «түрік», «Түркістан» атаулары  қазақтарға бейтаныс еді, көп санды бұқараны былай қойғанда, зиялы қазақтарда да  түрікшілдік идея, Шығыс Түркістан идеиясы болмаған.

Ал Кеңестер одағының билікке қазақтарды жолатпауының тағы бір себебі болды: Бұл уақыттық ойын, осы операция арқылы Гомин қытай билігін Моңғолия тәуелсіздігін мойындауға қысау, ал ол мақсатқа жеткеннен кейін бұл қуыршақ мемлекет керек болмайды, оны тарата салады. Егер қазақ негіз еткен осы үш аймақта қазақ тілі үкімет тілі, қазақтар билікте болған қазақ мемлекеті құрылып, кейін оны тарататын болса, қазақтар қарсы шығатыны даусыз. Соңы дүрбелең болуы мүмкін, сол үшін қазақ наразы болатын, риза болмайтын жүйе құрса, ондай үкіметті таратқан кезде қазақ қарсы шықпайды деп болжағаны анық, расында да солай болады. 1946 жылы жазда «Шығыс Түркістан уақыттық үкіметі» таратылған кезде ешкім қарсы болмады, ал сол үкіметтегі ұйғырлардың да ешқайысысы қарсы шықпады.

Ұлттық Армияның құрылуы

Іленің жерлік партизандары мен Кеңестер одағы армиясының күшімен толық азат болған соң, уақыттық үкімет ұлттық армия құрды, оның негізгі жүйесін Кеңестер одағы қызыл армиясының жүйесі бойынша көшіріп жүргізді.

1944 жылы 16 қарашада  Александров, Палинов, Ысқақбек бастаған бір баталюн (500-ден аса адам) әскер Құлжаға келді. Сонымен бір уақытта Кеңестер одағынан генерал-лейтенант Козилов,  Виктор Колебиликин бастаған әскери ақылшылар үйірмесі келді.

1945 жылы Қорғаста Кеңестер одағының көмегімен әскери тәрбиешілер келіп, командирлер курсы ашылды. Әр кезек курс мерзімі үш ай болып, кейін Баяндайда үш кезек курс ашылып, 450 курсант тарбиеленіп шықты (65). 1945 жылы 3-ші айдың 6-сы күні ұлттық армия бас қолбасшылық штабын құрды. Оған артқы шеп бөлімі, саяси бөлім, әскери сот, әскери прокурарура, барлау, соғыс, кәдірлар, шаруашылық басқармасы қарады. Армияның қолбасшысы Иван Григоривич Палинов, орынбасары Варсанови Михайлович Мажаров болып белгіленді. Әскери істер меңгерме бастығы Зүнун Тейіпов (татар, Алматы қаласынан), артқы шеп бөлім меңгерушісі Пахридинқожа Расулов (өзбек),  Саяси бөлім бастығы Әбдікәрім Аббасов (ұйғыр), әскери соттың бастығы Қайнам Әбдулла, әскери прокуратура бастығы Әбдіғұпыр Сабырқажы (ұйғыр), әскери дін істер бастығы Дамолла Разиев болды.

Зүнун Тейіпов (Кеңестер одағының Қазақстан республикасының Алматы облысы, Жаркент ауданынан, татар, ұйғыр дегенде көзқарас бар) (66).

Бұдан білетініміз - ұлттық армияның құрылуына да Кеңестер одағы ықпал еткен әрі әскери мамандарын жіберіп, жерлік халықтан оқыған азаматтарды тәрбиелеген. Соның өзінде армияның бас қолбасшысынан тартып, полк командирлері, саяси комиссарлары, т.б түгел Кеңестік орыстар жане қазақ, қырғыз, татар, өзбек, ұйғырлар болды.

Ұлттық армияның құрылу салты.

4-ші айдың 8-і күні Құлжа қаласында ұлттық армия құрылу салты өткізіліп, оған 10 мыңнан аса адам қатысты. Әлихан төре арнайы сөз сөйлеп, ту ұсынды, әскери парад өткізілді. Ол кезде Іледе құрылған ұлттық армияның жалпы әскер саны 15 мыңдай адам болып, оған мына полктар қарады (67):

Құлжада құрылған ұлттық армия саны бастапқыда 15 000 адам еді, бірақ Алтай мен Тарбағатай толық азат болғанда 30 мыңға жетті. Ал Құлжадағы алғаш құрылған 15 мың адамдық ұлттық армия құрамы төмендегідей болды (Суреттер көбі дәл сол полктарды көрсетпейді):

Іле жаяу әскер 2-ші полкі, Командирі Фидаев (орыс), саны 1500 адам, бұлар дені Құлжа қала маңы мен Айранбаққа шабуыл жасаған әскерлерден құралды.

Запас 4-ші полк құрылды. Командирі Қайымбек (ұлты анық емес).

Текес атты 1-ші полк, командирі Мәуленов (қырғыз, Кеңестер одағы Қырғызстан).

Текес атты әскер 2-ші плок, командирі Ноғайбаев (қырғыз, Кеңестер одағы Қырғызстан). Олар Қорғас пен Сүйдыңды қоршап шабуылдаған әскерлер мен партизандардан құралды (Қырғызстан әскері сияқты).

Бұдан осы әскерлердің құрамында Қырғызстандық әскерлер көп болғанын байқауға болады, полк командирлеріде Кеңестік Қырғызстан азаматтары екені белгілі болып тұр.

Сүйдың атқыштар 1-ші полк, командирі Могутинов (орыс, Кеңестер одағы).

Дүңген атты 10-шы полк, (Бұрын атты баталюн болған), командирі Мәнсур Ломиев (Дұңған, кеңестер одағы). Бұлар Кеңестер одағының дұңғандары болуы мүмкін, әрине Іленің жергілікті дұңғандары да бар екені шүбәсыз. 1934 жылы Қашқарда Кеңестер одағына тізе бүккен дұңғандарда осы полк құрамына кіруі ықтимал.

Кеңсай атты 3-ші полк, командирі Лескин (орыс, жергілікті ақ орыс, қазақтардан  құралған ролк. Лескин кейін Кеңестер одағына кетіп, Алматыда қайтыс болған).Ұлттық армияның орыс әскерлері. Кеңсай атты полкы өте тез құрылған полк, бұған қарағанда Кеңестік орыс әскерлер болуы мүмкін, олар тағы Алтай мен Тарбағатайды алу соғыстарына қатынасқан әрі сол аймақ әкімшіліктеріне Кеңестік адамдарды қойып отырған.

Арасан Бұраталадағы партизандар мен моңғолдардан құралған моңғол атты 8-ші полк (бұрын атты әскер баталюны еді), командирң Ерде (моңғол), саяси комиссар Тоқты Еменов (ұйғыр).

Тоғызтарау 5-ші атты полк, командирі Нүсіпқан Көнбайұлы (қазақ), орынбасары Тұрсын Мәнтязаров (қырғыз, Кеңестер одағынан), штап бастығы Торғалиев Тұрсын (қырғыз, Кеңестер одағынан), 1200 адам. Тоғызтарау, Күнес, Нылқы аудандарының қазақтарынан құралған, Нылқы партизандарының нағыз жалғасы осыларда көп болған.

Сібе скадроны, командирі Нарбанов, саяси комицар Мүртизан, саны 170 адам. Бір полкта екі батальон, бір батальонда 3 рота, бір ротада 3 звод, 1 зводта 3 отделение болған, әр полкта 2500-ге дейін адам болған.

Нүсіпқан Көнбайұлы.

Тарабағатай партизандары

Осы уақыттарда яғни, 1941-1944 жылдары Тарбағатай өңірінде тағы да көптеген азаматтар қолға алынды, солардың қатарында жазушы Қажығұмар Шабданұлы, этнограф Жағда Бабалықұлы, Балқаш Бапин да бар еді. Шәуешек қаласында Дубек Шалғынбайұлы бастаған қазақ азаматтары «Жауынгер группа» құрды (68), оның көбі Шәуешектегі гимназия оқушылары еді. Олар Тарбағатайдың жер-жерінде ұлт-азаттыққа үгіттейтін көптеген әрекеттер жасады, деседе ұйымның көп мүшелері қытай үкіметі жағынан қолға алынды.

Дубек Нұртазаұлы Шалғынбаев.

Тарбағатай аймағындағы қазақтардың көлемді ұлт-азаттық күресі екі жерде пайда болды: бірі - Майлы тауында, енді бірі - Еренқабырға тауында тұтанды.

Майлы партизандары туралы деректерде былай делінген:

«Тарбағатай аймағының батыс-оңтүстік өңіріндегі таулы райондарда қазақ малшылары партизандар отрядын ұйымдастырып, Бұраталадағы Моңғол атты әскерлер батальонының көмегімен олар 200 адамға көбейіп, Шағантоғайдың Ұзынбұлақ деген жерінде Гоминдаң әскери бөлімдерімен соғысты. 6-шы айдың 16-сы күні олар 300 адамға көбейіп, «Майлы партизандар отряды» болып құрылып, Нұрсапа Сейтжанұлы мен Қали Қизамаденұлы жауапты болды. Олар Толы, Шағантоғай өңірінде белсенді қимыл жасап, Гоминдаң әскерлері мен сақшыларына соққы берді» (69).

Осы үш аймақтағы ұлт-азаттық күрестің куәгері әрі қатардағы жауынгері болған Қожай Доқасұлы өзінің «Отқа оранған жылдар» кітабында Майлы партизандары туралы былай мәлімет келтіреді:

«Гоминдаңға қарсы оқты тұңғыш рет Алтайда Есімқан, Нылқының Ластай тауында Әкбар Есбосын ұлы, Еренқабырғада Нұрпай, Майлы-Жәйірда Байкенже, Нұрсапа Сейтжандар атты…Бесінші үлкен топ Толы партизандары Нұрсапа, Қайса, Байкенжелер бастаған 200 адам» (70).

Оспанның батыры болған Нұрғожай өз естелігінде былай дейді:

«Тарбағатай қозғалысында Қалибек тобын басшылыққа алдық, Нұрсапа батыр жайында да естіген едім, бірақ бұларды әңгімелемедім, өйткені қозғалыс басшысы Қалибек әлі тірі болғандықтан ол туралы өзі айта жатар…» (71).

1945 жылы көктемде ашық көтеріліске шыққан осы «Майлы партизандары» тамыз айына дейін Толы өңірінен 200-ге жуық қытай әскерін жойған, саны да артып 700-ден асқан.

7-ші айдың басында Шығыс  Түркістан  ұлттық  армиясы бас қолбасшы Палинов Лескиннің Кеңсай атты әскер 3-ші полкын, Ерде Мыңиевтың моңғол атты әскер батальонын, қорғаушылар батальонын бастап Сәнтай, Бұраталадан өтіп Тарбағатай аймағына (Шихуға) кірді.

7-ші айдың ортасында олар (Кеңсай атты полк) Ұзынбұлақта майлы партизандарымен бірігіп, ұлттық армия бас қолбасшылығының Тарбағатайды азат ету жөніндегі бұйрықты жариялады. Ұлттық армия мен Майлы партизандары алдымен Ұзынбұлақ шоқысы мен Үш қарасуды алды, 7-ші айдың 15-і күні Шағантоғай ауданын алды. Майлы партизандары мен моңғол атты әскері батальоны Шиху мен Шәуешекке баратын жолдағы Ұрымтал бекет Ұтыны алды (72).

Майлы партизандары 700 адамнан асты да, керей азаматтарын негіз еткен «Тарбағатай 6-шы атты полк» құрылды.

Ұлттық армия Тарбағатайдағы егіншілер мен малшылардан әскер алып, құрамына қабылдады. Тамыз айының 10-ы күні ұлттық армия қолбасшылығы штабы бұйрық түсіріп, Майлы партизандарынан «Тарбағатай 6-шы атты полкты» құрды.

Тағы «Дөрбілжін 4-ші атты полк» құрылды, олар Кеңсай атты әскер полкімен бірігіп, атты бригадаға айналып, саны 2400-ден асты. Олардан бір бөлім күшті шығарып, Шихуға шабуыл жасады, енді негізгі күш Қобыққа шабуыл жасады (73).

Тарбағатайда қарула күштердің полк болып құрылуы.

Қожай Доқасұлының айтуынша:

«Дөрбілжін 4-ші атты полк, командирі Айтуған (қазақ, Кеңестер одағынан), орынбасары Юсупов (татар, кеңестер одағынан), саяси комицсар Ахыметшаев(Кең одағынан), жиыны 1200 адам.

Тарбағатай 6-шы атты полк, орыны Шыхызы (Тасырқай), командирі: Қайса Дүйсенбеков (Кеңестер одағынан, қазақ). Орынбасары Қайса Жұмыкеұлы. Саяси комицсар Әбдрахман Оркен ұлы (Кеңестер одағынан, қазақ), штаб бастығы Саму Сәбитов (ол Шепейзіні алу соғысында қаза болып, орынына Нұрлан Бөгенбаев тағайындалды, екеуі де Кеңестер одағынан), штаб бастығының орынбасары Жағда Бабалықов. 1200 адам (74).

Еренқабырға партизандары

8-ші айдың 11-і күні ұлттық армиядан 600-дей адамы Совет  одағының әскери ақылшысы Бәйділдә Доскеновтың бастауында Қобыққа жетіп, 8-ші айдың 22-сі күні Қобықты азат етті (75).

Құлжадағы «Шығыс Түркістан» үкіметі Үрімжіден Іле мен Тарбағатайға баратын көлік жолдарын, телефон сымдарын үзіп, жау әскерінің шабуыл жолын кесу үшін осы Еренқабырға өңіріндегі қазақтарды аттанысқа келтіруді көздейді, бұл маңызды стратегиялық мәнге ие еді. Осы партизандар туралы мынадай деректер бар:

Үшінші топ - Қазықан тобы, Іленің шығыс бес ауданынан жиналған 400-ден аса адам Тәңіртауынан асып, Сауан, Манас аудандары аралығында әрекет етті, Сауанды азат етуде үлкен үлес қосады.

Төртінші үлкен топ - Еренқабырғадағы Сауан, Манас елдерінің азаматтарынан құралған партизандар, бастаушылар Қалибек Райымбекұлы, Тәкіман, Бала қамзалар, олар Қазықан тобымен бірлесіп, Гоминдаң әскерлеріне қарсы күресте сүбелі үлестер қосады.

1945 жылы көмек сұрай келген Төлеген, Бейсембай, Зәйкен, Бала қамзаларды қабылдаған ұлттық армия бас штабы Мажаровтың ұйғаруымен, Қазықан Манасбаев бастаған , Қанафия майор, Қашқынбайлар бастаған Нылқы, Күнес аудандарынан адам ұйымдастырып, Сауан ауданына көмекке жібереді. Олар Сауан халқымен бірлесіп, Гоминдаңның 1500-дей адамын жойып (онан бұрын жойылғандарымен қосқанда 1700-ден асады), Манас, Анжыұай көпірлерін талқандап, телефон сымдарын үзіп, Үрімжі-Шиху арасындағы хабарласу линияларын үзді. Соның нәтижесінде Еренқабырға халқын негіз еткен Сауан 7-ші атты полк құрылады.

Қалибек Райымбекұлы.

Тәкіман батыр.

Сауан 7-ші атты полк, командирі Қазықан Манасбаев, саяси комицсар Сәрсенбек Әбішұлы (76), бұлар осы Еренқабырға елінің азаматтарынан құралған еді.

Бұлардан басқа саны шағынырақ тағы бір қазақ партизандар тобы болды, олар -Шағантоғай партизандары - Жағда Бабалықұлы, Балқаш Бапин бастаған 70-80 адам.

Осы Тарбағатайдағы қазақтардан өзге орыстардан ұйымдасқан партизандар да болды, олар:

«Алтыншы топ - Илияев бастаған Шәуешек партизандары, саны 130 адам.

Жетінші топ - Николаев бастаған орыс партизандар, Орқыда тұрған, адам саны 130 (77).

Бұл екі топ та арнайы тапсырмамен міндет өтеп жүрген Кеңес одағының әскерлері екені күмәнсіз.

Бұлардан бөлек тағы да Сопахұн Суров бастаған, Майтауда көтеріліс жасаған бір рота ұйғыр әскерлер бар, олар Майтаудан шығып, Құлжаға барған, кейін Ақсуға шабуыл жасаған.

Сопахун Суров (ұйғыр).

Артқы шеп жаяу әскер полк. Орны –Анжыхай. Командирі - Қайымбек, саяси комиссары - Ғылажиден Қариев (ұйғыр? өзбек?), штаб бастығы - Бастов, 2500 адам.

Сандоухызы атты 3-ші полк. Командирі - Иганов, саяси комиссар - Фәтих Жабықбай, штаб бастығы -  Зейтінков (орыс, Кеңестер одағынан) (78).

Алтайдағы қарулы күштер

1945 жылы Алтай толық азат болған соң, Алтайдағы 5 мыңға жуық қазақ қарулы күштері таратылды да, орынана қайтадан Алтай атты полкі құрылды.

Алтай атты әскер 5-ші полкы, командирі - Бәделқан Сүгірбаев (қазақ), комиссары - Иүсүпжан Ясынов (ұйғыр), штаб бастығы - Айтыкен Аманжолұлы, адам саны 1000 адам.

Атты 3-ші полк, Алтай атты плоктің бір бөлігінен құралған, командирі - Динисов, саяси комиссары - Әннас, штабп бастығы – Қайранбек (қазақ), 900 адам (79).

Оспан батыр бастаған «Алтай қазақтарының төңкерістік үкіметі» мен оның қарулы күштері өз міндетін орындап болды деп қараған Кеңестер одағы оларды таратып, олардың орынына Кеңестік идеядағы сөз тыңдайтын шенеуніктермен атты полк құрды, бұл Оспан батыр және оны қолдаған Алтайдың шығыс үш ауданы мен Құлжадағы үкімет ара қайшылықтың негізгі себептерінің бірі болды.

Ұлттық армияның жалпы құрамы туралы

1945 жылы күзге дейін үш аймақтағы қытайдың 20 мыңнан аса әскерін жойғаннан кейін, үш аймақ армиясы Үрімжіге бет алып, Манас бойына келгенде Кеңестер одағының бұйрығымен тоқтап қалды. 1945 жылы қазанда ұлттық армия Манаста шеп құрғанда жалпы саны 29 650 адамға жеткен. Нүсіпқан Көнбайұлының дерегі бойынша, жалпы жауынгерлердің 60%-ын қазақ жауынгерлері құраған. Армияда 17 полк болып, жоғары дарежелі басшылардың көбі Кеңестер одағынан келген орыс, қазақ, татар, қырғыз генералдар мен полковниктер болды. 13 атты полк болды, екі атты дивизия, бес бригада болған (80). Полктардың жалпы құрлымы төмендегідей:

Алдыңғы шеп қолбасшылық штаб, орыны Шыхызы (Тасырқай), бас қолбасшы Палинов, комиссары Дауітов, штаб бастығы Борни (орыс, Кеңестер одағынан). Штабта 550 адам болған. Оған қарасты жаяу 1-ші бригада Манас өзенінің батысында тұрды, бригада командирі Могутинов, саяси комиссары Марғұп Ысхақов (татар) болды. 2-ші жаяу әскер бригадасы да Манас өзенінің батысында тұрып, командирі Пидаев, саяси комиссары Моллахұн болды, дербес минамет батальоны да Манастың батысында тұрды.  Манас бойындағы тағы бір бригада құрылған. Ол Манас бойындағы әскери күштің жеткіліксіздігін толықтыру мақсатында құрылып, бригада командирі Лескин, саяси комиссар Мұратқалы болды (81), (82). Алдыңғы шепке қарасты полктар:

1. Сүйдың атқыштар 1-ші полкі, командирі Могутинов (орыс, Кеңестер одағынан).

2. Дүңген атты 10-шы полкі. Бұрын атты батальон болған, командирі Мәнсур Ломиев (дұңған, Кеңестер одағынан).

3. Кеңсай атты 3-ші полк, командирі Лескин (орыс).

4. Арасан Бұраталадағы партизандар мен моңғолдардан құралған моңғол атты 8-ші полкі. Бұрын атты әскер батальны еді. Командирі Ерде (моңғол), саяси комиссар Тоқты Еменов (ұйғыр), бұндағы Ерде нақ қай жердің моңғолы ол туралы дерек таппадық, бірақ бұлда кейін Кеңестер одағына өтіп кетті де, Алматыда дүние салды).

5. Тоғызтарау 5-ші атты полк, командирі Нүсіпқан Көнбайұлы (қазақ), орынбасары Тұрсын Мәнтязаров (қырғыз, Кеңестер одағынан), штап бастығы Торғалиев Тұрсын (қырғыз, Кеңестер одағынан), 1200 адам. Тоғызтарау, Күнес, Нылқы аудандарының қазақтарынан құралған.

Алдыңғы қатарда отырған олдан 3-ші адам: Нүсіпқан Көнбайұлы.

6. Сібе скадроны, командирі Нарбанов, саяси комицар Мүртизан, саны 170 адам.

7. Дөрбілжін 4-ші атты полк, командирі Айтуған (қазақ, Кеңестер одағынан), орынбасары Юсупов (татар, Кеңестер одағынан), саяси комиссар Ахыметшаев (қазақ, Кеңестер одағынан), жиыны 1200 адам.

8. Тарбағатай 6-шы атты полк, орыны Шыхызы (Тасырқай), командирі: Қайса Дүйсенбеков (қазақ, Ккеңестер одағынан). Орынбасары Қайса Жұмыкеұлы (Майлы партизандарының басшысы). Саяси комиссар Әбдірахман Оркенұлы (Кеңестер одағынан, қазақ),  штаб бастығы Саму Сәбитов (ол Шепейзіні алу соғысында қаза болып, орынына Нұрлан Бөгенбаев тағайындалды, екеуі де қазақ, Кеңестер одағынан), штаб бастығының орынбасары Жағда Бабалықов.1200 адам.

Жағыда Бабалыұлы.

9. Сауан 7-ші атты полк, командирі Қазықан Манасбаев (қазақ, Кеңестер одағынан), саяси комиссар Сәрсенбек Әбішұлы (Кеңестер одағынан) (83).

10. Сандоухызы атты 3-ші полк, командирі Иганов (орыс, Кеңестер одағынан), саяси комиссар - Пәтих Жабықбай, штаб бастығы Зейтінков (орыс, Кеңестер одағынан).

Ұлттық армия Манас бойында.

11. Артқы шеп жаяу әскер полк, орыны - Анжыхай, командирі – Қайымбек (ұлты анық емес), саяси комиссары - Ғылажиден Қариев, штаб бастығы - Бастов, 2500 адам.

12. Дөрбілжін сақшы скадроны, командирі - Спаков (орыс, Кеңестер одағынан), 250 адам.

Осы полктардан Дөрбілжін атты плок, Кеңсай атты полк Манастың батысына, Дұңған атты полк Шыхызыға, моңғол атты полк Сауанға орналасты (84).

Жоғарыдағы мәліметтерден 30 мыңдық армияның ең көбі Манаспен іргесіндегі Шыхызы, Сауанға орналасқанын көрдік, ал Алтайдағылары Оспан күштерін тізгіндеу мақсатында сонда тұрғызылды, ал Іленің оңтүстігіндегілер Ақсудағы қытай армиясынан сақтану үшін сонда тұрды. Тағы бір маңызды міндеті - Майтау мұнай кенін қорғау болды, әскери көліктердің жанар майы осы кен орынынан алынатын. Қытай армиясы осы кеннен айырылған соң ырықсыз күйге түскен. Майтау мұнай кен бастығы болып Кеңестің қазақ Әділбек Жүнісбеков тағайындалды.

Алтай толық азат болғаннан кейін, Шығыс Түркістан үкіметі Алтай қарулы күштерінің қаруларын тапсыруын талап етті. Шіңгіл, Көктоғай, Бурылтоғай аудандарынан әскер алуды шектеп (Алтай қарулы күштері дені осы аудандардан құралған), төменгі Алтайдан, Кеңестіктер немесе өзге жердің адамдарынан Алтай атты полк ұйымдастырып, олар Алтайда тұрды. Басты міндеті - Көктоғайдағы уран кенін қорғау, ол кеннен алынған уран Кеңестер одағының атом бомбасын жасауы үшін маңызды болды.

Алтай атты әскер 5-ші полкы, командирі Бәделқан Сүгірбаев (қазақ), комиссары Мұхамеджан Сенбаев (қазақ, Кеңестер одағынан) болған, кейін Иүсүпжан Ясынов (ұйғыр), штаб бастығы - Айтыкен Аманжолұлы (қазақ, Кеңестер одағынан), адам саны 1000 адам (85).

Дәлелқан Сүгірбаев Алтай атты полк ішінде.

Ұлттық армияның қолбасшысынан полковниктері дені Кеңестік адамдар екені, бас қолбасшыдан тартып полк командирі, саяси комиссар, штаб бастығының дені орыстар мен татарлардың, қырғыздардың белгілі санды иелеп отырғанын көрдік. Әрине Алтай атты полк пен Тоғызтарау 5-ші атты полкте жергілікті қазақтар басшы, ал Сауан, Дөрбілжін атты полктері мен Тарбағатай 6-шы атты полктіңде басшылары қазақ, бірақ Кеңестер одағының яғни, Қазақстанның қазақтары негізгі орынды иелеген. Ал аз санды ұйғыр командирлерде Кеңестік ұйғырлар екені белгілі. Армияның ұқығы Кеңестіктердің қолында болды, сондықтан олар Кеңестер одағы қытаймен келісімге келген кезде Маскеуден келген бұйрық Манас бойында тоқтатты. Егер ШТР дербес тәуелсіз болғанда, оны тыңдамай Үрімжіге шабуыл жасары анық еді. Армияның санында да 3/1 Кеңестік әскерлер болуы мүмкін екенін айттық. Сонымен қатар армиядағы ұшқыштар, зеңбірекшілер, минометшілер, мотоцикл зводы, әскери доқтырхана таза Кеңестер одағыныкі әрі сол мемлекет жүйесі бойынша болды.

Жалғасы бар...

Ерзат Кәрібай

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Әдебиет

Алтын сандық

Бауыржан Омарұлы 2342
Білгенге маржан

Сертіне берік самурай...

Бейсенғазы Ұлықбек 4007