Сламхат Сейітхамза - күрескер рухтың үні...

Сламхат Сейітхамзаның өлеңдеріне әдеби-сын эссе
№6, жұма, 11 ақпан 2022 жылғы Қазақ әдебиеті газетінде жарық көрген Сламхат Сейітхамзаның бір топ өлеңі үш жыл бойы Facebook желісінде самғап ұшып жүріп, мыңдаған оқырманның санасынан өтіп, сан қилы сын таразысына тартылып, ақыры өз тұғырына оралған екен. Әуеде қалықтаған сол жырлар жылыстай ұшып келіп, менің де жеке Facebook кеңістігімді таңдап, еркін қонақтапты. Алтайдың ақиық қыранындай алысқа қанат жайып, саңқ-саңқ етіп қояды.
Иә, таныс дауыс, көне көз көркем жазу, алып ақиық, айтқыш, жазғыш арда ақын. Көзге шоқтай басылады, құлаққа жып-жылы естіледі, жүрекке ып-ыстық ұя салады.
Саңқ еткен таныс қыран дауыс мені сонау қырық жыл бұрынғы күндерге бірден жетелеп әкетті. Ол кезде Алтай газеті, Шыңжаң газеті, Іле газеті, Іле айдыны журналы, Тарбағатай журналы, Алтай аясы журналы секілді басылымдарда Сламхат Сейітхамзаның ғажап өлеңдері мен эсселері үздіксіз жарық көріп жататын. Ол жылдары Сілай аға шабытын тежемей, төгілдіріп жазатын. Қаламынан туған дүниелердің бәрі осы басылымдардың айқара беттерінде жарқырап, басылымдардың құнын арттырып тұратын. Біз сол шақта әдебиетке, өнерге құштар жас өркен едік.
– Шіркін, біз де осындай жырлар жазсақ қой! – деп қиялға берілетінбіз. Әдебиет майданында алдыңғы толқын ағаларды өнеге тұтып, олардың жазғандарын сүйсіне оқитынбыз. Омарғазы Айтанұлы, Сәли Сәдуақасұлы, Рахмет Әпшеұлы, Асқар Татанайұлы, Шәкен Оңалбайұлы, Қызырбек Орал, Серік Қапшықбайұлы, Сәден Әнуарұлы, Күнгей Мұқажанұлы. Жанатқан Тұтқабек, Құмарбек Сақарин Сәмен Иса, Бердібек Құржықай, Сафиолла Байандин сынды алып ақындардың ақ маржан сұлу жырлары әр басылымда жарқырап көрініп, Шыңжаң қазақ әдебиетінің үлкен өнер айдынындағы толқын жарған саф ақиық ақындары еді ғой. Олар бейне өнер аспанында бұлт жарып ұшқан өнер қырандарындай әсер қалдыратын.
Иә, өкінішке орай, олардың біразы бақиға аттанып та кетті. Жандары жаннатта болсын. Өнерлері мен өлеңдері артқы ұрпаққа мәңгілік мұра болып, бейіштің өшпес шам-шырағындай жанып, өтпелі жылдардың өшпес жап-жарық жырлары болып, арттарынан жарқырап, жарық сәулесін түсіріп тұр. Сол ұлы дүбірлі топтың да алтын көзіндей жанып, көп оқырманның алқауына бөленген ақынның бірі де бірегейі – Сламхат Сейітхамзаұлы болатын…
Ол жақта жүздесуге, Сілай ағаның алтын дидарын көруге мүмкіндік түспеді. Бір кереметі, 1993 жылы қоңыр күздің бір күні мен Алматы қаласындағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде (ҚазҰУ) аспирант болып, 15-жатақханада жататынмын.
Кенет есік айқара ашылды да:
– Болат Бопайұлы деген бауырым осында ма екен? – деп Сілай аға кіріп келді.
– Екеуімізді де киелі, тәуелсіздік алған қасиетті қазақ мемлекетінің ару қаласы – Алматының төрінде, ең жоғары оқу орнында жүздестірді, Бөке, осы күнді мәңгі ұмытпа! – деп, ол маған құшағын құс қанатындай жайып, құшақтап амандасты.
Иә, содан бастап арамызға еш жамау жік түсірмей, адал аға-іні болып келеміз.
Міне, сол күндер көзді ашып-жұмғанша қырық жылды артта қалдырыпты. Уақыт қырандай қанат қағып, көз ілеспес жылдамдықпен зырылдап өте шығыпты. Бүгін мен жеке әлеуметтік кеңістігімнен Сілай ағаның жырлары мен есімін көргенде, көңілім алабұртып, көзім шырадай жанды. Ақынның бұрынғыдай қуатты қалпындағы өлеңдерін сын көзбен, сарапталған санамен, әдеби талғаммен оқи бастадым. Оқи келе, кезінде бізге бағдаршамдай жол сілтеген, өнер әлемінде тұлпардай шауып, қырандай қалықтаған ақынның өлеңдеріне әдеби сын эссе жазуға бел байладым…
Сламхат Сейітхамзаның «Өмірім» өлеңіне үңілгенде:
Менің өмірім кеселді де дауылды,
Бұлт шақырып, тілеп тұрған жауынды.
Алай-дүлей ойдың бұлтын сапырып,
Қаһарлансам, тітіреттім жауымды.
Менің өмірім аумалы да төкпелі,
Досым айтты: «Жолың қиын», – деп мені.
Жарылқаушы атағандар өздерін,
Қолтығымнан демеген де жоқ тегі.
Мен осындай бір күйменен өстім де,
Кеудемді әсте бастырмадым ешкімге.
Талай абыз берді ақжарма батасын,
Талай достық жарамады бес күнге.
Сене алмаймын, шындық неге күйрейді,
Алтын отқа қақтаса да күймейді.
Сақтанам деп сақтана алмай жүрмін-ау,
Түк сезбесе ит албаты үрмейді.
Бұл өлең – ақынның өз өмірі жайлы толғанысы ғана емес, дауыл мен жауынға, алай-дүлей дүниеге қарсы тұрған қайсар рухтың манифесі (Manifest). Ақын өз өмірін «кеселді де дауылды» деп суреттейді. Бұл – тағдырға қасқайып қарсы тұрудың, күрделі идеиялық күрестің символы. Ол тек бұлт шақырып, жауын тілеп қана қоймайды, жауыннан үрікпей, керісінше, өз дауылын өзі тұрғызады.
Өлеңдегі «Қаһарлансам, тітіреттім жауымды» жолы – батырлықтың, жігердің, ер мінездің ең биік өрнегі. Ақын жаудан қорқатын жан емес. Ол күрес жолын таңдайды, айқасқа түседі, өмірдің аумалы-төкпелі соқпақтарына қайыспай қарсы тұрады.
«Жарылқаушы атағандар өздерін,
Қолтығымнан демеген де жоқ тегі».
Бұл шумақтарда – пенделік пен жалғандықтың жасырын пердесін жыртып тастайды, бетке көлгірсіген көлеңкеде сабан астынан су жүгіртентіндердің жиренішті бейнесін әшкересі. Ақынға ақылгөйсігендер көп болғанымен, шын қолдау көрсеткендер жоқтың қасы еді. Бұл – өмірдің ащы шындығы, алдамшы достар мен өткінші пейілдің көрінісі. «Мен осындай бір күйменен өстім де,Кеудемді әсте бастырмадым ешкімге».
Бұл жолдар – мінездің, өрліктің, жігердің жарқын белгісі. Ақын ешқашан тағдырға тізе бүкпеген. Оның жолында талай абыз бата берсе де, талай достық уақытша ғана болған. Бұл – адамның шынайы өмірден тапқан шындығы. «Сене алмаймын, шындық неге күйрейді, Алтын отқа қақтаса да күймейді».
Бұл жолдар – философиялық мықты түйін. Шындықтың талай рет тапталып, қор болғанын көзімен көрсе де, ақын оған сенгісі келмейді. Бірақ алтын қалай ыстыққа салынса да, балқымайтыны сияқты, шындық та күймейді. Бұл – ақынның өмірлік кредосы.
«Сақтанам деп сақтана алмай жүрмін-ау,
Түк сезбесе ит албаты үрмейді».
Ақынды алаңдатқан белгісіз күш бар. Ол айналасын сезіп тұр, бірақ қауіпті алдын ала аңғара алмайды. Соңғы жол – көрегендік. Ит бекерге үрмейді, адам бекерге алаңдамайды. Бұл – ақынның өмірден түйгені.
Сламхат Сейітхамзаның бұл өлеңі – күрескер рухтың символы. Ол өмірдің дауылына қарсы тұрған, жалғандықпен айқасқан, шындық үшін күрескен тұлғаның жан дауысы, атомдай атылған идеясы. Бұл – найзағайдан жасалған жыр, құрыштан құйылған қайсарлық!
Бір ақын жүр Алматы қаласында
Елеусіз қалың топтың арасында,
Бір ақын жүр Алматы қаласында.
Атын да, ақынын да білмейді ешкім,
Танымайтын біреуге қарасын ба…
Құрбы да жоқ қуантар жалбыз болып,
Күлдіретін қу да жоқ балдыз болып.
Сырласатын бірде-бір дос таба алмай,
Отырады бақшаға жалғыз келіп.
Ел бастаймын демейді көсем болып,
Риза еді өтуге көсеу болып.
Қазақшаны білмейтін быдық біреу,
Күйдіреді ақынды шешен болып.
Ер жеткен өр Алтайдың даласында,
Ерке өскен өз халқының арасында.
Алаштың азаттығын мақтаныш қып,
Бір ақын жүр Алматы қаласында.
Өлеңнің көркемдік ерекшелігі: Бұл өлеңде ақын өзін қоғамнан оқшау сезінеді. Қаладағы жалғыздық, қазақтың тілінен мақұрым қалған қоғамдағы күйініш, қазақшасын білмейтін адамның шешендік етуі – ақынның жан жарасын көрсететін өткір ойлар. Соңғы шумақтағы “Алаштың азаттығын мақтаныш қып” деген жол – ақынның рухани қайраткерлігін айқындайды.
Талас өзенінің жағасында
(Аманқұл Нысанбаевқа)
Жыр дала, түлежіген дархан дала,
Киелі топырақ бұл, байқа, бала.
Ақшағимен көзіңді сүртіп тастап,
Тайбурыл тұлғасына қайта қара.
Мекені әулие мен әмбиелердің,
Мені де құшағыңа ап әлдиледің.
Қайраттай қайсар ұлды ержеткізген,
Жанымды желпіндірді ән-күй менің.
Тап-таза қоңыр қазақ осында екен,
Ол сенің сырласың да, досың да екен.
«Елім-ай», «Ағажайды» бір шырқайық,
Келе ғой қатарыма қосыл, көкем!..
Жүректен қуаныштың тасқыны үдеп,
Кеудемде шабыт шалқып жатты түлеп.
Аймаңдай аруыммен бір иенге,
Кетер ме ем махаббаттың қашқыны боп.
О, Талас! Жағалауың жайқалған жыр,
Оқиын, орай берші маған да бір.
Көк бұйра толқыныңа жуынайын,
Қалмасын кеудемде арман, санамда кір.
Өлеңнің көркемдік ерекшелігі: Бұл өлең – туған жерге, оның қасиетті топырағына деген перзенттік махаббат пен ерекше тағзым. Ақын туған даласын тек табиғат көрінісі ретінде емес, тарихы бай, әулие-әмбиелердің, батырлардың, өнер мен мәдениеттің киелі бесігі ретінде бейнелейді.
Өлеңнің негізгі идеясы – Талас өзенінің бойындағы туған жерге деген сүйіспеншілік, оның тарихи-рухани құндылығын дәріптеу. Ақын тек жердің әсемдігін емес, ондағы ұлттық рухтың қайнар көзін, халықтың таза болмысын, мәдениетін ерекше суреттейді.
“Жыр дала”, “түлежіген дархан дала” – туған жердің кеңдігі мен рухани байлығын бейнелейді. “Ақшағимен көзіңді сүртіп тастап” – өмірдің қиындығы мен мұңын ұмытып, өткенге, рухани түлеуге қайта оралу идеясы жатыр.
“Тайбурыл тұлғасы” – қазақтың эпостық мәдениетімен байланыс орнатылған. Тайбурыл – батырлық пен өрліктің символы. “Әулие мен әмбиелердің мекені” – туған жердің киелілігін, тарихи құндылығын көрсететін деталь. “Қайраттай қайсар ұл” – бұл жерде “Қайрат” есімі тек жеке адамға емес, қайсарлықтың жинақталған бейнесіне айналып тұр. “Тап-таза қоңыр қазақ” – нағыз ұлттық болмыстың көрінісі. “Қоңыр” сөзі тек түс ретінде емес, халықтың қарапайымдылығы мен даналығын сипаттайды.
Эпитеттер: “түлежіген дархан дала”, “тап-таза қоңыр қазақ”, “аймаңдай ару” – бұл сөздер поэтикалық бояуды айқындап, өлеңге эмоционалдық реңк береді.
Метафоралар: “Мені де құшағыңа ап әлдиледің” – туған жердің ана секілді баладай мәпелеуі, терең махаббаты.
Аллитерация мен ассонанс: “Кеудемде шабыт шалқып жатты түлеп” жолында дыбыстық үндестік өлеңге әуезділік береді. Өлең ұлттық рух пен өткенді қадірлеудің, туған топыраққа деген сағыныштың көркем өрнегі ретінде оқырманды тебірентеді.
Ақын туған жерге, қазақтың қарапайым таза өміріне, ұлттық рухани кеңістікке оралады. Киелі топырақ, әулиелер мекені, “Елім-ай” мен “Ағажай” секілді әндер – бәрі ұлттық кодтың бір бөлшегі. Өлеңнің соңында ақын туған жердің мәңгілік шабыт көзі екенін ұқтырады.
Келейікші, Бақытхан, елге барып!
Бұл – туған жерге деген сағыныштың ең биік формасы. Ақын Алматының у-шуы мен тар қапасындай өмірінен қашып, кең далаға, Алтайға асығады. “Тар көшеге сыймайды тарпаң мінез” – қаланың тар шеңберіне сыймайтын еркін қазақ рухының көрінісі. Соңғы шумақтағы “Қыстырылмай, кетейін кең далама” – ақынның азаттыққа ұмтылысының шешуші сәті.
Бесік пенен бейіттің арасында
Өмірдің қысқалығы, баянсыздығы, дүниенің өткіншілігі – өлеңнің өзегі. Ақын адамзаттың бірдей екендігін айтады: “Патша менен қайыршы теңеседі” – бұл өлімнің әділдігі туралы философиялық түйін. Қоғамдық қатынастарға сын айта отырып, ақын сабырға шақырады, ал сабыр – мұсылман үшін ең үлкен қасиет.
Мен Алтайдың домалаған тасымын
Бұл – болмыс туралы өлең. Ақын өзін Алтайдың малта тасына теңейді. Тас – беріктік пен тектіліктің символы. Ол жауларына “жұтылмайтын, жұтса да қорытылмайтын” ұғымдағы тұлға. Бірақ қоғамдағы шындықтың тұншығуы ақынға да әсер етеді. “Содан шығар, іштен тынып мәжнүн боп” – мұнда күрескерліктің ішкі трагедиясы жатыр.
Сламхат Сейітхамзаның бұл өлеңдері – оның ішкі әлемінің көрінісі. Ол – ұлттық рух пен туған жерге деген махаббаттың ақыны. Оның жырларында шынайылық, өткірлік және азаматтық позиция анық байқалады. Ақын өмірді дауылға, тар көшеге, қысқа жолға теңейді, бірақ оның жүрегі кең далаға, еркіндікке, туған жерге тартады.
Бұл өлеңдер ешкім қайталай алмайтын, ерекше ойлармен жазылған. Оның әр шумағы өмірдің өзінен туған, ал әр жолында – күрескер рухтың үні бар.
Болат Бопайұлы
Ескерту: Бұл эссе Болат Бопайұлының көзі тірісінде жазылып, жарияланған.
Abai.kz