Қоғам тұрақтылығының формуласын ұсынған форум

Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының шешімімен «Түркі әлемінің мәдени астанасы» мәртебесіне ие болған Ақтау қаласында түбі бір түркі елдері ханымдарының басын қосқан Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы мен 15 мамыр Халықаралық Отбасылар күніне орай ҚХА Аналар кеңесінің “Ана. Қоғам. Болашақ” атты форум өтті. Осы алқалы жиынға арнайы келген мәртебелі мейманның бірі Әзірбайжан Республикасы Милли Меджилисінің отбасы, әйелдер және балалар мәселелері жөніндегі комитетінің төрағасы Иджран Гусейнова сөз алған сәтінде «Бұл тек форум емес, бұл тұрақты даму формуласы» деп баға беріп, «Әйел - қоғамның негізі. Себебі, қоғамда өмір сүретін жеке тұлғаны өмірге әкеліп, қалыптастыратын - ана. Ал, тұлға ұлтты қалыптастырады. Бүгінде әлем әртүрлі жағымсыз факторлардың әсерінен болатын қиындықтармен бетпе-бет келген шақта, біз әйелдер қауымы сол қиындықтарға қарсы күш біріктіруіміз керек» деген ұсыныс айтты. «Қонақ аз отырып көп сынайды» деген бар. Сыншы-сырт көздің бұл сөзіне біздің қосып және аларымыз жоқ. Тек осындай бағаның берілгеніне келісеміз.
Өйткені, бұл форум Отанымыз басталатын отбасының діңгегі, берекесі, тәрбиешісі – ана, күн сайын түрлі мәселені алға тартқан қоғам, оны дұрыс бағытының нәтижесі - болашақ тағдыры кеңінен талқыланып, келелі ұсыныстар жасалған сындарлы диолог алаңы болды. Кеңейтілген форумға ҚР Президенті Әкімшілігі, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің құрылымдық мекемелері, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түркия елдерінің өкілдері, ҚХА Аналар кеңестерінің төрағалары және кеңестің серіктестері, Маңғыстау облысының әкімі және өкілдік билік басшылары, қоғамның белсенді мүшелері қатысты.
Форумның Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы қоғам қайраткері Назипа Шанай жетекшілік ететін Аналар кеңесінің кезекті бастамасы екенін айту - парыз. Бұл ұйым өзі құрылған он жылдан бері жас буын ұрпақ пен олардың ата-аналарын ұлттың тілі мен дәстүрін, тарихи бойына сіңірген, мәдениетті де өнегелі тұлға етіп тәрбилеуге зор үлесіп қосып келеді. Аналар кеңесінің әрбір жобасы қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуде ана роліне айрықша маңыз беруімен ерекшеленеді. Бұл әрине, саналы ұрпақ тәрбиелеп, ұлт сапасын арттырудағы ана ролінің маңызын зерделеуден туған шешім. Расында «руың түзелсін десең, ұлыңды түзе, ұлтың түзелсін десе қызыңды түзе» деген халық даналығына жүгінсек, адам бойына барлық қасиет, қуат ананың сүтімен, өнегесімен сіңеді. Ана жоғары мәдениетті игермей, қоғам алға жылжымайды. Бүкіл қоғамды алаңдатқан түрлі мәселенің жойылып, экономикамыздың дамып, өркениет көшіне лайықты ілесудегі әрбір оңынан келер істің түп негізінде ана өнегесі жатыр. Сондықтан әйел өзгермей әлем өзгермейді. Аналар кеңесінің әрбір жобасы қоғамға осы идеяны таратып, оны жүзеге жүзеге асырудың нақты әрі тиімді тетіктерін ұсынумен ұйымның салмағын да пәрменін де арттыруда. Олар бүгінде барлық өңірлерде жемісті жүзеге асып жатқан «Мәдениетті ана», «Ақ жаулық», «Салауатты сана»ң «Әкеме хат» және тағы басқа жобалар.
Аты айтып тұрғандай «Мәдениетті ана» жобасы қыз-келіншектер білімін жетілдіріп, олардың бойында отбасылық құндылықтарды сіңіріп, бала қыздан дана анаға жетудің мектебінен өткізуді мақсат етсе, «Ақ жаулық» акциясы әйел-ананың ырыс алды ынтымақты ұйытып, қоғамдағы өзара мәміле, бірліктің, озық дәстүрлер жалғастығындағы ана ролін арттыруды көздейді. Ал, «Салауатты сана» жобасы елді іштей ірітетін ысырапқорлық, ойынқұмарлық, тұрмыстық зорлық-зомбылық, маскүнемдік, вандализммен күресте ананың ақыл-парасатын, қайрат-жігерін, ілкімділігін іске қосуды мақсат етеді. Бұлардың бәрі Аналар кеңесі дайындап, таратқан әрнайы әдістемедік нұсқаулықтар арқылы жүзеге асады.
Ана құрсағынан шыққан жасқа да, кәріге де анадан жақын, анадан жанашыр, анадан мейрімді ешкім жоқ. Уақытында ақ жаулығымен қанқұйлы соғысты да тоқтатқан аналық махаббат қоғамдағы кез келген келеңсіздіктің алдын алып, тосқауыл қойып, жоюға қабылетті. Ең бастысы аналар өз мүмкіндігін танып, оны қалай дамытуды, пайдалануды білу керек. Аналар кеңесі өз жобалары арқылы барша аналарды осындай қоғамның көшін түзейтін ұлы іске жұмылдыруда. Ұйым ұйымдастыратын әр жобаны қоғамдағы тұрақтылық формуласы деп батыл айтуға болады. Мұны әрине, сыншы - сырт көз Ақтауда өткен алқалы жиында бірден аңғарып, санамызға шегелеп кетті. Қонақтың бұл сөзі берілген баға ғана емес, мойынға артылған үлкен жауапкершілік.
Қонақтарымыз қоғамдағы сау тұрақтылықтың негізі - аналар құқы, олардың қоғамдағы орны жайлы әңгіме қозғады. Аналар еркі, әйел теңдігі жайлы тарихтан дәлелдер келтіре отырып, түркі елінің берекесі артып, айбынының асуында аналар сіңірген еңбектің оларға берілген құқықтың нәтижесі екенін орынды жаңғыртты. Аналар зердесі, аналар білімі, аналар теңдігі ел мүддесін ерлікпен қорғаған оғыландар патриотттығының негізі екенін, барлық жеңістің, жетілудің өн бойында ана жаңкештілігі, ана парасаты, ана жігері жатқанын дәлелді дәйек, тарихи фактімен есту форумға қатысқан әр әйелдің рухын көтеріп, ой салуымен қатар қатар, жауапкершілігін арттырғаны анық. Мұндай әңгімелер салауатты сана үшін әрдайым қажет.
Қуаныштысы сол, біздің еліміздегі әйелдер жағдайы бауырлас елдерге қарағанда әлдеқайда артық екен. Мұны шетелдік қонақтардың әңгімесінен пайымдадық. Барлығы салыстыру арқылы белгілі болады ғой. Түркі елдерінің кейбірінде әйелдердің білім алу, мемлекеттік қызметке араласу, қоғамда белсенді болу, тұлғалық даму еркіндігі бойынша көрсеткіштері біздің елден біршама төмен болып шықты. Мәселен, Түркияда жоғары білім алған әйелдер саны 20 пайыз екен. Біздің елде бұл көрсеткіш 60 пайызды қамтыса, орта білімді әйелдер 100 пайызға тең. Сондықтан да болар бұл елде әйелдердің заңшығарушы ұйымындағы үлесі жиырма пайызға жетпейді. Ал, біздің еліміз бұл көрсеткішіті әлдеқашан бағындырып, бүгінде оны 30 пайызға көтеруге талпыныс жасалуда. Бұған қол жеткізу маңызды. Өйткені, жиын тізгінін ұстаған Қазақстан халқы Асамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Назипа Шанай айтқандай, бұл әйелдердің дауысын билікке жеткізіп, ел тағдырындағы ролін сезіндіру үшін қажет. Осы орайда Назипа Ыдырысқызы ортаға салған қызықты дерек те әйелдер мәдениетін, білімін, қоғамдағы орнын арттырудың маңызын айғақтай түсті. Төрайым ханым түбі бір түркі елдерін біріктіретін ислам діні екенін айта келіп, осы дініміздің негізгі отаны - Сауд Арабиясының әйел білімді болу керек деген саясатты ұстанатына назар аудартты. Назипа Ыдырысқызының айтуынша, бұл ел өздерінің қыздарын әлемдегі ең жоғарғы оқу орындарында оқытады екен. Бірақ олар еш жерде жұмыс істемейді. Мұндағы мақсат - саналы ұрпақ тәрбиелеу. Бұл халық ел болашағы жарқын болуы үшін балаларын тәрбиелейтін аналардың білімді болуы керектігін терең ұғынғанын көрсетеді. Соның дәлелі бүгінде араб жұртшылығы әлем халқын өзінің байлығымен де, мәдениетімен, де жетістіктерімеен де табындырып отыр. Біздің аналарымыз да білім арқылы жоғарғы мәдениетке жетіп, саналы, өркениетті қоғам қалыптастыруы қажет.

Сурет: Қазақстан халқы Ассамблеясынан алынды.
Жиындағы жасалған баяндаманың бірі ана мен бала құқын қозғады. Бұл орынды еді. Өйткені, елімізде аналар мен балалар құқы жиі бұзылады. Өкінішке орай мұндай жағдайлар олардың дені адам үшін ең қауіпсіз орта болып, тұлғалық дамуын қамтамасыз ететін отбасында болады. Осы мәселені форумға қатысушылар назарына ұсынған Астана қаласы бойынша Адам құқықтары жөніндегі өкіл Баян Жалмағанбетованың айтуынша, тұрмыстық –зорлық зомбылықтың бір салдары алимент- төлеу мәселесі өзекті болып тұр. Шайқалған шаңырақта жардың тірегінсіз қалған әйел, әкенің мейрімінсіз қалған балалар жоқшылықта аш, жүдеу тіршілік кешуге мәжбүр. Бұл ана үшін де, бала үшін де екі есе соққы. Өкінішке орай, жауапсыз әкелердің салдарынан ана мен бала осындай жан жарасымен қоса тіршілік азабын арқалауға мәжбүр. Бұл кетеуі кеткен тәрбие де. Мұндай балалардың ертеңі қандай болмақ? Бұл жағдай атқарушылық өндіріс саласындағы қадағалау мен бақылау тетіктерін күшейтудің қажеттілігін көрсетеді. Сонымен қатар, азаматтардың заңды құқықтарын қорғау мақсатында жеке сот орындаушыларының кәсіби жауапкершілігін арттыру маңызды екендігін ұқтырады. Кәмелетке толмағандардың құқықтары адам құқықтары жүйесінің ажырамас бөлігі және оларды қорғау кез келген мемлекеттің басым міндеті болуға тиіс.
Жалпы Қазақстанда халықаралық стандарттар мен келісімдерге негізделген баланы құқықтық қорғау үшін жеткілікті заңнамалық база қалыптастырылды, Бала құқықтары туралы конвенцияны қоса алғанда, 16 халықаралық құжат ратификацияланды. 2024 жылы Қазақстанда балалардың құқықтарын қорғау саласындағы заңнаманы жетілдіру бойынша жұмыс жалғастырылды. Зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балалар қажетті көмек пен қорғауды ала алатын дағдарыс орталықтары белсенді жұмыс істейді. Адам құқықтары жөніндегі Уәкілдің атына былтыр кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау туралы 230 өтініш келіп түсіпті. Өтініштердің басым бөлігі Омбудсменнің атына. Жетісу облысы бойынша уәкілетті өкілдің балаларды оңалту мекемелерінің біріне – жартылай стационарлық үлгідегі әлеуметтік қызметтер көрсететін орталыққа баруы барысында бірқатар заңбұзушылықтар анықталды. Атап айтқанда, мүгедектіктің 3-ші тобы белгіленген балаларды мекемеден заңсыз шығару фактілері белгілі болды. Бұл жағдай балалардың конституциялық құқықтарының жүйелі түрде бұзылуы ретінде бағаланды.Анықталған құқық бұзушылықтарға байланысты өкіл әкімдікке ұсыныс жасап, жартылай стационарлық үлгідегі әлеуметтік қызмет көрсететін ұйымдар қызметінің құқықтық реттелуін жетілдіру мақсатында тиісті ұсыныстарды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жолдауды ұсынды.Министрлік бұл ұсынысты қарастырып, нәтижесінде барлық жергілікті атқарушы органдарға қолданыстағы заңнама нормаларына түсіндірме жолдады. Аталған түсіндірмеде мүгедектіктің 3-ші тобы бар балалардың да жартылай стационарлық үлгідегі әлеуметтік қызметтерді алуға толық құқығы бар екені нақты көрсетілген. Бұл мәселенің негізінде балалардың құқықтарын қамтамасыз ету жүйесінде кемшіліктер бар екені белгілі болды. Осыған байланысты жергілікті атқарушы орган тарапынан бұл ақпарат барлық тиісті ведомстволық мекемелерге жолданып, жағдайды түзету бойынша шаралар қабылданды.
Форумға қатысушылар Аналар кеңесінің өңірлерде жүзеге асып жатқан отбасының беріктігіне ықпал ететін жобалары жайлы білді. Олардың бірі «Әкеге хат» деп аталады. Бір қарағанда,қарапайым шара көрінгенімен әкеге хат жазу әке мен бала арасында диолог орнатып, бір-біріне арманы мен тілегін жеткізуге жол ашады. Осының арқасында ажырасу алдындағы бірнеше отбасы сақталып қалған. Форумда енді «Әкенің хаты» деген жобаны жүзеге асыру жайлы ұсыныс айтылды. Расында бүгінде көптеген отбасыларда ешкім тыңдалмайды. Әркім өзімен өзі. Өзара диолог жоқ. Бала даусы естілмейді. Әке тілегі ескерусіз қалатын сәт те аз емес. Әйелдер де кімге мұң шағарын білмей жүреді. Себебі тыңдалмай қалудан қорқады. Еленбей қалудан жасқанады. Осылайша бір-бірінен алшақтап, оның соңы жұбайлардың екі жаққа кетуіне алып келіп жатады. Бұдан бәрінен бұрын зардап шегетін бала. Әкеден сенім, анадан мейірім ала алмай жаны жаралы болып өседі. Мұндай балалардың толыққанды азамат болып өсуі неғайбыл. Абюзер, агрессор, подофилдер көбіне көп осындай балалардан шығатыны дәлелденіп отыр. Сондықтан отбасы мүшелерінің бірі-біріне хат жазуы олардың арасын байланыстырып, сөйлесіп, туындаған мәселені бірге талқылап, ортақ түсінікке келуіне жетелейтіні ақиқат. Кезінде Англияның президенті Черчильдің әйелі үнемі күйеуіне хат жазғанының арқасында қырсық, аузынан темекісі түспейтін, арақ-шарапқа құмар Уинстонмен тіл табысып, онымен 57 жыл бірге сүрген екен. Демек, өзіңді тыңдату, отбасындағы мәселені шешудің жолы ретінде хат жазу жобасы отбасының айнымас дәстүріне айналса, одан тек ұтатынымыз анық.
Жиында қызу талқыланған мәселенің бірі лудомания болды. Осы тақырыпта баяндама жасаған психолог-психотерапевт Серікгүл Салидың сөзінен түйгеніміз, ойынқұмарлық - ауру. Бұл дертке ұшырағандардың 70 пайызы арнайы мамандардың көмегіне жүгінген жағдайда емделеді. Өкінішке орай, көпшілігі мұны ауру ретінде қабылдамайды. Әсіресе,ата-аналар бұл еріккендік немесе бетімен кетушілік,жауапсыздық деген иллюзада болады да,лудоманияға ұшыраған адамдарға өз бетінше шара қолдана бастайды. Жазалайды,үйленбей жүрсе үйлендіреді,жұмысқа жегеді және тағы басқа әрекеттер жасайды. Бұл лудомандар жағдайын одан сайын ауырлатады. Олар түскен батпағына бата түседі. Сондықтан оларды емдеу керек.
Жалпы лудоманияға ұшыраудың бірнеше себебі бар екен. Ол балаларды ата-анасының мойындамауы, ата-аналардың бір-бірімен түсінісе алмай,балаларына бір-бірін жамандауы, қатыгездік немесе тым мейрімділік, жауапкершілікті сезіндірмей, бетінше шешім қабылдауға үйретпей тәрбиелеу, дұрыс талап қойып, пайдалы дағдылар қалыптастырмау. Тоқ етерін айтқанда, отбасындағы тәрбиенің, ондағы қарым-қатынастың дұрыс болмауы - бүгінде оң-солын танымаған жеткіншек баладан бастап, көшелі азаматтарға дейін құрығына түсіріп жатқан лудоманияның басты себебі. Сондықтан мәселенің салдарымен емес себебімен күресу маңызды. Форум қорытындысы бойынша ойынқұмарлықтың алдын-алуға арналған әдістемелік құрал әзірлену жоспарланды.
Тоқ етерін айтқанда қоғамда барлық келеңсіз құбылыстың түп тамырында отбасындағы дағдарыс жатыр. Шаңырақ беріктігі, ұрпақ саулығы мен тәрбиесі үшін жауапкершілікті сезіну, бала үшін бірге болып қана қоймау, әрдайым, өсу, өзгеру үстінде болу, бірі-бірін түсінуге ұмтылу- отбасы беріктігінің бірден –бір кепілі. Осы орайда Назипа Ыдырысқызы айтқандай, қыз-жігіттердің үйленбей тұрып, алдын ала арнайы отбасын құруға дайындық курстарынан өтуі, мұны неке сарайаларында қолға алу өте маңызды. Өйткені, халқымыз айтқандай, «үйлену оңай, үй болу қиын». Шаңырақ көтергенге дейін қыз бен жігіт болып сыйласқан жас жұбайлар үй болған кезде өмірден тәжірибесі жоқ болғандықтан түкке тұрғысыз мәселеде ортақ тіл таба алмай жатады. Оның соңы ажырасуға да әкеледі. Сондықтан жастар осындай сәттерге дайын болып, дұрыс шешім қабылдай алу үшін белгілі бір дағдылар мен білімді арнайы игеруі керек. Бұдан қаржы аямау керек. Өйткені, шаңырақтың беріктігі - қоғамның тұрақтылығы. Қоғамда орнықтылық болғанда ғана даму, өркендеу болады.
Осылайша форум адамзаттық ортақ мәселе талқыланып, ұтымды ұсыныстар ортаға салынған сындарлы сұқбат алаңы болды. Бұл әрине, ҚХА Аналар кеңесінің республика шеңберінен шығып, халықаралық деңгейде жұмыс істеуге мүмкіндік алған әлеуетін көрсетсе керек. Мұны әр қатысушы түйсінді. Тіпті қазақстандық аналармен «келісіп пішкен тонның келте болмастығын» ұққан Түркия консулы Түркі елдерінің Аналар құрылымын құру жөнінде ұсыныс айтты. Әрине, орынды бастама. Өйткені, адамзат тәрбиесінде шекара жоқ. Аналар алаңдататын мәселе ортақ. Олай болса, бұл бағыттағы жұмыстың қолға алынып, жүзеге асуы ұлт, ұрпақ тәрбиесіндегі жоқтың түгенделіп, барының жетіле түсуіне қызмет етері сөзсіз.
Айша Құрманғали
Abai.kz