Дүйсенбі, 19 Мамыр 2025
Салық 605 0 пікір 19 Мамыр, 2025 сағат 17:03

Жаңа салық кодексі: Кәсіпкерге салмақ па, бюджетке пайда ма?

Суреттер: el.kz, aikyn.kz сайттарынан алынды.

Әлгінде Парламенттің төменгі палатасы (Мәжіліс) жаңа салық кодексі жобасын қабылдағаны белгілі. Жаңа кодекске сәйкес, ақша айналымы 40 миллион теңгеден асатын кәсіпкерлер бұрынғы 12%-дың орнына 16% ҚҚС төлеуі қажет болады. Қабылданған өзгерістер 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.

Бұл норма әсіресе, шағын және орта бизнес иелерінің алаңдаушылығын тудырды. Қоғамда жаңа Салық кодексін қолдаушылар да, қарсы пікір білдірушілер де бар. Қоғамда талқыланып жатқан сауалдардың бірсыпырасы мынау: Жаңа салық кодексі шағын, орта және ірі бизнеске қалай әсер етеді? Бұл өзгерістер көлеңкелі экономиканың кеңеюіне әкеліп соқтырмай ма? Жаңа салық кодексі Қазақстан экономикасына оң нәтиже бере ме, әлде теріс салдары басым бола ма?

Осы ретте біз сарапшылардың пікіріне жүгіндік.

Сурет: el.kz сайтынан алынды.

Сапарбай Жұбаев, экономист:

– Жаңа кодексте шағын және орта бизнеске тікелей ауыртпалық түсірілмегенімен, ҚҚС шегі 80 млн-нан 40 млн теңгеге төмендеді. Бұл кей кәсіпкерлердің ҚҚС төлеуші ретінде тіркелуіне әкелуі мүмкін. Дегенмен, бұл салық тұтынушыдан жиналып, мемлекетке өткізілетіндіктен, кәсіпкерлердің табысына айтарлықтай әсер етпейді. Баға сәл өсуі мүмкін.

Ірі бизнеске келсек, олардың бюджетке қосатын үлесі артуы тиіс болатын. Алайда кейбір ірі корпорациялар мен квазимемлекеттік компаниялар ҚҚС мөлшерлемесін дүниежүзілік орташа деңгей – 20-25% орнына 16%-ға дейін төмендетіп, толық көлемде салық төлеуден жалтаруға тырысады. Бұл мемлекеттің қаржы саясатына кері әсерін тигізеді.

Жаңа салық кодексі көлеңкелі экономиканың артуына тікелей себеп болмайды. Себебі шағын және орта бизнеске салыстырмалы түрде, айтарлықтай ауыртпалық түспеген. Сондықтан бұл сектор көлеңкеге кетуге ынталы емес.

Ал ірі бизнес субъектілері – шетелдік компаниялар мен квазимемлекеттік кәсіпорындар – заң аясында жұмыс істеуге міндетті болғандықтан, олардың көлеңкелі аймаққа көшу ықтималдығы жоқтың қасы.

Жаңа салық кодексінің оң және теріс жақтары бар. Ең басты артықшылығы – бюджеттік түсімдерді арттыруға бағытталғаны. 2024 жылы шығындар 21 трлн теңгеден асып, салықтық түсімдер тек 12,5 трлн теңгені құрады, қалған тапшылық ұлттық қор есебінен жабылды. 2025 жылға шығындар 25,5 трлн теңге деп жоспарланса да, түсімдер бұрынғы деңгейде қалып отыр.

Президент 2019 жылы прогрессивті табыс салығын енгізуді тапсырғанымен, ол тек 2025 жылы іске аспақ. Және ол 33 млн теңгеден жоғары табыс табатын 26-27 мың адамға ғана қатысты.

Корпоративтік табыс салығы 20%-дан 25%-ға көтерілгенімен, дамыған елдермен салыстырғанда әлі де төмен. ҚҚС мөлшерлемесі 20%-ға дейін көтерілуі керек болса да, 16%-ға дейін төмендетілді. Бұл бюджет кірісін шектейді.

Қосымша салықтардан түсетін табыс шамамен 2-2,5 трлн теңге, ал тапшылықты жабу үшін тағы 3-3,5 трлн теңге қажет. Сондықтан Ұлттық қорға тәуелділік сақталады.

Жалпы, салық кодексі бюджетке тек 50 пайыз шамасында оң әсер етеді. Экономикалық өсімге тежеу бар, бірақ квазимемлекеттік сектор мен ауыл шаруашылығында әлеует мол. 250-ге жуық квазимемлекеттік ұйым жекешелендірілмек. Мемлекеттік шығындарды оңтайландыру, әсіресе үкімет пен квазисектордың 10%-ға дейінгі бюджет шығынын қысқарту маңызды.

Сурет: aikyn.kz сайтынан алынды.

Бауыржан Ысқақов, экономист:

– Жаңа салық кодексі шағын, орта және ірі бизнеске әртүрлі деңгейде әсер етеді. Ең алдымен, шағын бизнеске қатысты жеңілдетілген режимдердің қысқарып, айналымнан түскен табысқа салынатын салық шегінің төмендеуі бизнестің ресми жұмыс істеуіне және дамуына мүмкіндік береді. Алайда бұл ретте салықтық әкімшілік жүктеменің артуы да байқалады. Есепті цифрлық түрде жүргізу міндеттеліп, бақылау күшейеді.

Орта бизнеске келсек, бұрынғы бөлшектенген жеңілдіктердің орнына бірыңғай корпоративтік салық ставкалары енгізілуде. Инвестициялық шығындарды жылдам шегеру мүмкіндігі — бұл санаттағы кәсіпкерлер үшін тиімді. Алайда бұрынғы салықтық артықшылықтардың жойылуы операциялық шығындардың өсуіне әкелуі мүмкін. Қызмет көрсету секторы үшін бұл табыстың төмендеуіне алып келуі ықтимал.

Ірі бизнеске келетін болсақ, дивидендтерге берілетін жеңілдіктер қысқарып, трансферттік баға мен ішкі капитализация ережелері күшейеді. Бұл салықтан жалтарудың жолдарын азайтса да, кейбір капиталдың офшорға ауысу қаупін арттыруы мүмкін. Жалпы алғанда шағын бизнес цифрлық есепке көшіп, әкімшілік жүктеме артады.

Орта бизнес инвестициялық жеңілдіктер алады, бірақ операциялық шығындар өсуі мүмкін. Ірі бизнес үшін жаңа ережелер төлем қабілеттілігіне әсер етіп, мемлекет саясатын қайта қарауға себеп болуы ықтимал.

Кодексте салық жүктемесі табыспен бірге прогрессивті өсетін жүйе қарастырылғандықтан, бұл кәсіпкерлердің заңды түрде жұмыс істеуге деген ынтасын арттырады. Сонымен қатар, онлайн кассалар мен цифрлық есеп жүйелерінің енгізілуі көлеңкелі экономиканың жолын кеседі. Цифрландыру – бұл саладағы бақылауды күшейтіп, заңсыз кәсіпкерлікті азайтудың тиімді құралы.

Жаңа салық кодексінің оң әсерлері бар. Атап айтқанда, салық базасының кеңеюі, бюджеттің тұрақтылығының артуы, инвестициялық мүмкіндіктер мен әділ бәсекелестік ортасының қалыптасуы. Сонымен қатар, көлеңкелі схемалардың азаюы және өндірістік сектордың дамуына жол ашуы мүмкін.

Дегенмен, кейбір теріс ықпалдар да бар. Әкімшілік ауыртпалықтың артуы микро бизнестің жабылуына әкелуі мүмкін. Табысы төмен салаларда бағаның өсуі инфляцияға себеп болуы мүмкін. Кейбір шетелдік инвесторлар үшін тартымдылығы төмен салаларда капиталдың сыртқа шығу қаупі де бар.

Қорытындылай келе, жаңа салық кодексінен оң нәтиже күтуге болады. Алайда бұл тиімділік толық цифрлық бақылау мен әділ әкімшілік жүргізілген жағдайда ғана жүзеге асады. Мемлекет тарапынан өндірістік секторға жеңілдіктер ұсынылса, бұл импортқа тәуелділікті азайтып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

Материалды дайындағандар: Ақбөпе Нұрәлі, Айгерім Қазтай

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Әдебиет

Алтын сандық

Бауыржан Омарұлы 2723
Білгенге маржан

Сертіне берік самурай...

Бейсенғазы Ұлықбек 4471