Елімізде ОА-дағы ең қуатты суперкомпьютер іске қосылды

Қазақстанда Орталық Азия тарихындағы алғашқы әрі ең қуатты суперкомпьютерлік кластер орнатылды. Оның өнімділігі шамамен 2 экзафлопс көлемінде, бұл – өңір үшін бұрын-соңды болмаған көрсеткіш.
Суперкомпьютер жасанды интеллект пен жоғары өнімді есептеулерге арналып, NVIDIA H200 графикалық чиптері негізінде жинақталған. Жүйені орнату және іске қосу ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Tier III сенімділік деңгейіндегі жаңа деректер орталығында жүзеге асырылуда.
Бұл — Мемлекет басшысының ұлттық цифрлық инфрақұрылымды құру және жасанды интеллект экожүйесін дамыту жөніндегі Жолдауын іске асырудағы маңызды қадам.
Жоба тек кәсіби мамандарға ғана емес, бүкіл елдің цифрлық даму деңгейін арттыруға бағытталған. Суперкомпьютер қуаты қазіргі таңда денсаулық сақтау, энергетика, білім беру, мемлекеттік басқару сияқты салаларда кеңінен қолданылмақ.
Ең бастысы — суперкомпьютердің ресурстары баршаға қолжетімді болады. Оны:
нейрондық желілерді оқытатын стартаптар,
ғылыми зерттеулер жүргізетін университеттер,
жасанды интеллектті өндірістік үдерістерге енгізетін ғылыми орталықтар мен компаниялар пайдалана алады.
Суперкомпьютердің жеткізілуі Қазақстанда жоғары өнімді есептеулер экожүйесін қалыптастыруға жол ашты. Осы орайда ел тарихында алғаш рет жоғары технологиялық жабдықтарды кедендік баж салығы мен ҚҚС-тан босату механизмі енгізілді. Бұл қадам Қазақстанды халықаралық IT-компаниялар мен деректер орталығы операторлары үшін тартымды етеді.
Айта кетейік, бұл бастама Әбу-Дабидің тақ мұрагері шейх Халед бен Мұхаммед бен Зайд әл Нахаянның Астанаға ресми сапары кезінде жүзеге асты. Сапар аясында Presight (G42) компаниясының Қазақстандағы шетелдік кеңсесі ашылып, министрлік пен Presight арасында суперкомпьютерлік кластер құру жөнінде келісімге қол қойылды.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев бұл жобаны елдің цифрлық егемендігін нығайтатын, ЖИ технологияларын дамытуға және халықаралық IT-ойыншыларды тартуға бағытталған стратегиялық бастама деп атады.
Жоба – 2029 жылға дейінгі жасанды интеллектті дамыту тұжырымдамасын жүзеге асырудағы маңызды кезеңдердің бірі және Қазақстанның заманауи IT-инфрақұрылымының негізін қалайды.
Abai.kz