Бейсенбі, 22 Мамыр 2025
Арылу 393 0 пікір 22 Мамыр, 2025 сағат 14:59

Ұстаз алдындағы парыз – ұмытылмас қарыз

Сурет: автор мұрағатынан алынды

Келес өзенінің бойында орналасқан Абай ауылы – қым-қуыт тіршілігі қайнап жатқан үлкен елдімекен. Туған жерім Абай ауылының Түркістан облысы Келес ауданының орталығына айналғанына да жеті жылға жуық уақыт болды. Осы уақыт аралығында ауылымыз қайта түлеп, түрлі ғимараттар салынып, жаңару үстінде. Туып-өскен ауылымыздың көркейіп жатқанына сыртта жүріп, қуанып қаламыз. Әдеттегідей, ауылымызда көктем ерте түсіп, күннің жылылығы мен тіршіліктің жаңғыруы тек табиғаттың ғана емес, жүректегі сағыныштың да оянып жатқанын аңғартатындай.

Өйткені, бұл көктем біздің жүрегімізде ерекше мәнге ие. Осыдан жиырма жыл бұрын біз Абай ауылындағы №4 (біз оқыған жылдары – №74) Жүсіп Баласағұн атындағы орта мектептің қабырғасынан түлеп ұшқан түлектерміз.

Жиырма жыл! Бұл – аз уақыт емес. Осы аралықта әрбіріміз өмірдің өз соқпағына түстік. Біріміз – мұғалім, біріміз – полиция, енді біріміз – кәсіпкер болып, түрлі салада елеулі еңбек етіп келеміз. Бірақ, қандай шыңды бағындырсақ та, жүректегі мектепке деген сағыныш еш бәсеңдеген емес.

Жақында сыныптастардың бастамасымен WhatsApp желісінде арнайы топ ашылып, жиырма жылдық кездесуге дайындық қызу басталып кетті. Ұзақ үзілістен кейін бір-бірімізбен қайта қауышқандай болдық. Хабарламалар легі толастамай, естеліктер қайта жаңғырып, бәріміз бала күнге саяхаттап кеттік. Сынып ішіндегі оқиғалар, ұстаздардың қатаң да қамқор сөздері, соңғы қоңырау үні – бәрі де көз алдымызда кинолентадай көлбеңдеді. Әрине, сөз арасында бізге білім берген, өмірлік бағыт-бағдар сілтеген ардақты ұстаздарымызда әңгіме арқауына айналды. Қатаң талап қойса да, жүрегімізге мейірім шуағын шашқан ұстаздарымыздың еңбегі өлшеусіз. Олар бізге тек білім үйретіп қана қойған жоқ, өмірге деген көзқарасымызды қалыптастырып, адам болудың мәнін ұғындырды.

Біз төменгі сыныпта оқып жүргенімізде мектебіміздің директоры Құлбайұлы Сусар ағайымыз болды. Сусар ағайымыз өзі директор болған жылдары мұғалімдерді жұмысқа алар кезде көбейту кестесін сұрайды екен дегенді жиі еститінбіз. Яғни, Сусар ағай әрбір мұғалімінің біліміне, кәсіби біліктілігіне жіті мән берген. Соның нәтижесінде мектебіміздің мұғалімдері Абай ауылы бойынша, тіпті аудан көлемінде алдыңғы қатарда болды. Сондықтан болар мектебімізді ауыл халқы бейресми «Сусар мектебі» атап кеткен.

Сынып деген – кішкентай әлем. Ал сол әлемнің өзегі, жүрегі – сынып жетекші. Қай кезде де шәкірт үшін ең бірінші тірек, әрдайым жанын салып қорғайтын, дұрыс пен бұрыстың, жақсы мен жаманның ара-жігін айырып беретін де – дәл осы жан. Біздің сыныпқа бастауышта Айтілеуова Нұржамал апай сынып жетекші болыпты. Болыпты деп отырғаным да бекер емес. Себебі, мен бұл мектепке 5-сыныпта Шардарадан ауысып келдім. Мен ауысып келген жылы жоғары сыныпқа ауысқан біздің «А» сыныбы ә дегеннен үлгілі сыныпқа айналып үлгерді. Бұл әрине, өз кезегінде Нұржамал апайымыздың бастауыш кезіндегі берген білімінің, тәлім-тәрбиесінің нәтижесі дер едім.

Жоғары сыныпта алғашында бізге Тұрмаханова Феруза апайымыз сынып жетекшілік етті. Бұдан өзге Феруза апай ағылшын тілінен де сабақ берді. Феруза апайымыздың алғашқы сабағы әлі есімде. Үзілісте жаттаған ағылшынша амандасуды бір-бірімізге қайталап асыр салып ойнағанбыз. Ағылшын тілінен, ең жақсы үйренгенім «I am sorry, I am late may І come in» болды. Бұл үзілістен сабаққа кешіккен кезімізде апайымызға қарата айтатын жаттанды сөзіміз (аталмыш жолдардың санамда жатталып қалғанына қарағанда сабақтан жиі кешіккен болуым керек). Дегенмен, біздің сыныпта ағылшын тілін апайымыздың арқасында еркін меңгергендер жетерлік еді. Кейіннен екі сыныптасымыз (Күмісбеков Мэлс, Жиембек Әбдіқайым) «Болашақ» бағдарламасымен шет елде білім алды. Мұны Феруза апайымыздың берген білімінің нәтижесі десем артық айтқандық болмас.

Кейіннен бізге Үтеулиева Еркінай апайымыз сынып жетекшілік етіп, 2005 жылы мектеп қабырғасынан түлетіп, ұшырды. 8-сыныптан бастап сыныбымыз мектеп әкімшілігінің  ұйғарымымен қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен тереңдетілген сыныпқа айналды. Кейбір сыныптастарымыз «Б» сыныбына ауысып, ол сыныптан да бізге оқушылар ауысып келді.

Сынып жетекшілерінен өзге санамызда өшпестей із қалдырған пән мұғалімдерін атап өтпеуім әбестік болар деп ойлаймын. Құлбайұлы Сусар, Анарбаева Айсұлу, Шымырбай Анар, Селтанова Бейбіткүл, Сатемирова Алмагүл, Байғабылова Гүлжан, Тұрмаханова Феруза, Утеулиева Еркінай, Айдаров Нұрлан, Сұлтаханова Айгүл, Айтлеуов Нұртас, Ибраева Жанар, Ермеков Алтынбек, Күшібарұлы Бақыт, Тұрсынбаев Айбек, Таутеева Нағима, Бектұрсынов Атабек, Исабаева Қаршыға, Айтқұлов Пердебай, Сапарова Нұргүл, Қалғанбаев Садық, Бектан Залбек, Жиенбеков Рахманқұл, Мамырбаев Мұрат, Есенбеков Жәнібек т.б. ағайлар мен апайлар түрлі пәндерден сабақ берді. Сондай-ақ, біз оқыған жылдары директор болған Қазбекұлы Тұрсынбай ағай мен оқу ісінің меңгерушісі Ергешова Райхан, тәрбие ісінің меңгерушісі Абсикова Сәуле апайлардың біздің адам болып қалыптасуымыздағы еңбегін жоғары бағалаймын.

Әлемдік жаратылыстың қыр-сырын, түрлі құбылыстардың себептерін түсіндіретін физика пәнінен Айтілеуов Нұртас ағай сабақ берді. Ұстазымыз физика сабағында біз, ең алдымен, «неге» деген сұраққа жауап іздейміз деп дәрісін бастайтын. Сондай-ақ, Нұртас ағай сабақ барысында физикадан өзге өмірлік құндылықтар жайлы да жиі айтатын. Сол кезде мұны неге бізге айта береді деген сұрақ көкейімізде болмады десем, өтірік айтқан болар едім. Өсе келе өмірде кездесетін түрлі қиындықтармен бетпе-бет кездескен тұста ұстазымыз «өмір туралы дәрістерін» бекерге айтпайтындығын ұққандай болдық.

Бүгінде түрлі жұмыстарды (әсіресе, үйді жөндеу жұмыстарын жүргізген кезде) өлшем-сызбаларды қателіксіз шығарған кезде геометрия пәнінен сабақ берген Анарбаева Айсұлу апайымызға рахметімізді айтамыз. Сабақтан кешіккен оқушыларға қолданатын «әдісі» естен кетпейді. Ол кісі міндетті түрде сабақтан кешігіп келген балаға денені жерден көтеру жаттығуын (отжимание) жасататын. Бұл да өз нәтижесін беріп, сабақтан кешігуіміз азаймағанымен (қазір ойласам мұнымыз қателік екен) жаттығуды әжептеуір жасайтын деңгейге жеттік.

Шымырбай Анар апайымыз тарих пәнінен сабақ берді. Тарих пәніне деген қызығушылығымды оятқан, тарихшы болуыма әсер еткен ұстазым ретінде ерекше құрметтеймін. Мектеп кезінде тарих пәнінен екі рет аудандық олимпиадаға да алып барғаны күні бүгінге дейін есімде. Сондай-ақ, 5-сыныпта Селтанова Бейбіткүл апай тарихи оқиғаларды қарапайым тілмен санамызға мықтап сіңіргендігін айта кеткенім жөн деп ойлаймын.

Өз ісіне берілген ұстазымыздың бірі – биология пәнінен сабақ берген Ибраева Жанар апай. Сабақ барысында микроскоптан өсімдіктердің сабағын, пияздың қабығын т.б. көрсететін. Кезекті бір сабағында Жанар апайымыз «Сот сабағы» деген ерекше ашық сабағын өткізді. Сабақ желісі бойынша біз, яғни, оқушылар сот, қорғаушы, айыптаушы, айыпталушылар (көкөніс түрлері) болып бөліндік. Ашық сабақтың негізгі мақсаты күнделікті тұрмыста тұтынатын көкөністердің пайдасы мен зиянын анықтау еді.

Жоғарыда атап өткенімдей біз қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен тереңдетілген сынып болдық. Сондықтан, бізде қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәндері аптасына сегіз рет болатын. Аталмыш пәндерден бізге алғашында Байғабылова Гүлжан, кейіннен Сатемирова Алмагүл апайларымыз сабақ берді. Сыныптастар жиналған сайын күліп еске алатын бір оқиғаны айтып өтсем деп отырмын. Гүлжан апайымыздың қазақ әдебиетінен кезекті бір сабағы болып жатқан. Тақтаға сұранып шығып, өлең жолдарын жатқа айтуым керек еді. Бірақ, ұмытып қалған тұстарымды қарайын деп, өлең жолдарын қаламсаппен алақаныма жазып алдым. Тақтаға шығып өлеңді арасында алақаныма қарап айтып тұрғанмын. Алдыңғы партада отырған сыныптасым Мэлс менің «құйтырқы» әрекетімді байқап қалып (әрине, ұстазым Гүлжан апай байқап отырғандығы белгілі еді), орнынан тұра ұмтылып, «Апай мынаны қараңыз, Нұрлыбек қолына қарап айтып жатыр», –  деп қолымнан ұстап апайға қарай тарта түсті. Қандай түлен түрткенін білмеймін, сабақ үстінде екінші қолыммен сыныптасым Мэлсті бетінен тартып жіберіп, «Жоғал ары» деп даусым шығып кеткенін өзім де байқамай қалдым. Менен мұндай әрекет күтпеген Мэлс бірден тоқтап үндемей барып, орнына отыра қалды. Оқиғаның жылдам болғаны соншалық, сыныпта бірден тыныштық орнап, артынан сыныптастарым бірден ду күлді. Аталмыш оқиғаны жаза отырып, сыныптас досым Мэлстен кешірім сұраймын!

Мектеп болған соң бұзықтық та болды. Байқаусызда, кейде әдейілеп жасалған тентектіктер... Ондайда бәріміздің «аяқ тартатын» ұстазымыз – Бектұрсынов Атабек ағай. Ағайымыз өзінің пәнінен бізден тәртіп пен дене шынықтыру киімінің болуын қатаң талап ететін. Бұл бізді өмірде әрбір ісімізге жауапкершілікпен қарауға үйретті. Сонымен қатар, Атабек ағай дене шынықтыру пәнімен қатар, «Б» сыныбының сынып жетекшісі де болды.

Ермеков Алтынбек ағай құқықтан сабақ берді. Ағайымыз 10 сыныпта оқып жүргенімізде Абай ауылында орналасқан кезекті бір сот отырысына қатыстырды. Сотта мал ұрлығына қатысты мәселе қаралып жатыр екен. Осы сот отырысы біздің құқықтық тұрғыдан сауатымызды арттырып, қылмыстың өтеуі жаза екендігін санамызға мықтап сіңірді. Сонымен қатар, құқық пәнінен аты «ерекше» Бектан Залбек ағайымыз да сабақ берді және 11 «Ә» сыныбына сынып жетекшілік етті.

Еңбек пәнінен ұлдарға сабақ берген Қалғанбаев Садық ағай. Садық ағайымыз сабақ барысында машина моторының жұмыс істеу құрылымын сипаттап, әрбір бөлшегін тәптіштеп сипаттап беретін. Сондай-ақ, мектеп бітірген соң өздеріңе қажет болады деп Қазақстан Республикасы Жол қозғалысы ережелерін жаттатқызатын.

Мектеп кезінде тікелей сабақ бермесе де жадымда сақталған кітапханашы Ибраимова Ұлжан апайымды атап өтпесем болмайды. Кітапқа деген әуестігім 5 сыныптан бастап оянды. Күніге үзілісте мектеп кітапханасына бір соғып өтетінмін. Ұлжан апайым күлімдеп қарсы алатын. Үйге оқуға деп бірнеше кітап алып кететінмін. Кейбірін оқып, кейбірін оқып үлгермей қайта тапсыруға асығамын. Күнде келгеніме күдіктенген Ұлжан апайым кейде «сен осы шынымен оқып жүрсің бе?» деп сұрап қоятын. Сөйтіп, жүріп мектеп кітапханасын да оқып тауыстым десем де болады. Кейіннен Мәдениет үйінде орналасқан ауылдық кітапхананың тұрақты оқырманына айналдым.

Әрине, кейбір ұстаздарым туралы жазылмады (ұстаздарымның әрбірі жайлы том-том кітап жазуға болар еді. Оны алдағы уақыттың еншісіне қалдырайын). Мектептегі бүкіл естеліктердің бәрін бір мақала аясына сыйдыра алмайтындығым анық. Сондықтан, мұндағы жазылған әрбір жолдарды барлық білім нәрімен сусындатқан ұстаздарым өздеріңізге тікелей арналып отыр деп қабылдаңыздар!

Сынып бөлмесінде улап-шулап отырғанымыз кеше ғана сияқты еді. Әне-міне дегенше 20 жыл да өте шығыпты. Көз алдыма кинолентадай оқиғалар желісі, сыныптастардың бейнесі келеді. Сабақ үстінде жиі сөйлеп мұғалімдерден ұрыс еститін Күмісбеков Мэлс, сынып старостасы Карпекова Майра, есеп шығарудан жарысатын Ибраимова Нұргүл мен Оспанова Эльмира, әрдайым дисскуссияға түсуге дайын тұратын Жиембек Әбдіқайым, сыныбымыздың «Қожасы» деуге болатын Пірманов Бақыт, мектеп компьютерлеріне ойын жазып тастайтын Құлышев Нұрбек, сыныптың «ақылды тентектері» Абдикулов Мақсат пен Теміралиев Данияр, сызылып күліп отыратын сұлулар Қалсаева Айгүл мен Құдайбергенова Ақжамал, бір көшеде тұратындықтан «Әйтеке би» атанған Тоғызов Мейрамбек, Арғынбаев Данияр, Ерманов Ерғали, 7-сыныпта Жаңақорғанға көшіп кеткен Жүсіпов Данияр, бүкіл сыныптың жігіттері сабақтан қашып кетсе де қыздармен жалғыз қалатын тәртіпті Көшкінбаев Әбутәліп, қол күрестің шебері Алипов Бағдат, сыныбымыздың арулары Өсербаева Ақерке, Омарова Гүлжан, Жораева Мадина, Мамытбаева Арайлым, Шакирова Луиза, Сапаркулова Марина,  әрдайым сыныптың абыройын биік ұстауға тырысатын Ергешбаев Қалиасқар мен Стамбеков Жақсылық, «Айгүлдің көршісі» Есжанов Ербол сынды қыз-жігіттермен бір сыныпта оқығанымды мақтан етемін.

Естелік жолдары... Неліктен бұл естелікті жазып отырмын? Өзім де дөп басып айта алмаймын. Бәлкім, бұл – балалық шаққа шегініс. Бәлкім, мектеп табалдырығындағы тәтті сәттерге деген сағыныш. Әлде... ұстаздар берген білім мен тәрбиенің өтеуі болсын деген ниет пе? Кім білсін...

Бір анығы – еңбегіңіз еш кеткен жоқ, Ұстазым (ұстаздарым)! Сіз тәлім берген шәкірттер бүгінде тағдыр жазған өмір жолымен өз тіршілігін кешіп келеді. Бірі – шаңырақтың ұйытқысы болған аяулы ана, бірі – отбасының асыраушысы, қорғаны. Уақыт өз ағысымен зырғып, күнделікті күйбең тіршілік жалғасып жатыр. Бірақ... жүрек түкпірінде сіздің берген өнегеңіз, еткен еңбегіңіз ұмытылған жоқ.

Сабақ үстіндегі әрбір айтқан сөзіңіз, әрбір кеңесіңіз – біз үшін өмір жолында шамшырақ болды. Сол нұрдың жетегінде біз адаспай, алға бастық, есейдік, өмірден өз орнымызды таптық.

Ұстаз алдындағы парыз – ұмытылмас қарыз. Сізге деген алғыс – жүрек төрінде. Қанша жыл өтсе де, әр шәкіртіңіздің жүрегінде сіздің бейнеңіз мәңгілік сақталады. Жиырма жыл – көп нәрсені өзгерткенімен, жүректегі сағынышты, ұстазға деген құрмет пен достар арасындағы байланысты өшіре алмаған екен. Алда – кездесу. Ал ол кездесу тек жүздесу емес, өткенге тағзым, ұстазға алғыс, достыққа серт болмақ.

Барша білім нәрімен сусындатқан ұстаздарымызға деген зор құрметпен

№4 Жүсіп Баласағұн атындағы орта мектептің 11 «А» сыныбының 2005 жылғы түлектерінің атынан қалам тербеп отырмын.

Нұрлыбек Досымбетов

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы

Тарих және этнология институнының

ғылыми қызметкері

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Әдебиет

Алтын сандық

Бауыржан Омарұлы 2798
Білгенге маржан

Сертіне берік самурай...

Бейсенғазы Ұлықбек 4531