Сәрсенбі, 28 Мамыр 2025
46 - сөз 1011 0 пікір 26 Мамыр, 2025 сағат 10:33

Алматы қаласын 15 жыл басқарған Есен Дүйсенов еді!

Сурет: e-history.kz сайтынан алынды.

Алматыны әр жылдар басқарып келген басшылар қаланы көркейту мақсатында көптеген істер атқарды. Бірақ, солардың ішінде қаланы ең ұзақ басқарғандардың бірі - Есен Дүйсеновтың есімі ерекше ілтипатпен аталады.

Есен Дүйсенов 1911 жылы Жеңіс ауылында (қазіргі Түркістан облысы Созақ ауданы) дүниеге келген. Бес жасында жетім қалып, нағашысының қолында өскен. 1924-1928 жылдары Түркістан қаласындағы балалар үйінде тәрбиеленген. 1928 жылдан бастап орман шаруашылығы техникумында, кейін Ташкенттегі су шаруашылығы институтының дайындық бөлімінде оқыды. 1932-1937 жылдары Ташкент теміржол инженерлері институтының пайдалану (эксплуатациялық) факультетінде оқыды.

Мамандығы теміржолшы болғандықтан Есен Дүйсенов Алматыда Ташкент теміржол инженерлері институтының (қазіргі М. Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясы) филиалының ашылуына мұрындық болған.

Іскер, жан-жақты, қабілетті Е. Дүйсенов Алматы қаласының ең маңызды деген ғимараттарын өзінің жеке бақылауымен қадағалап отырды. Осы кездерде қаланың орталық көшелерінің бойындағы құрылыс жұмыстарының архитектуралық жобалары жүзеге асырыла бастайды. Қазіргі таңда қаланың бас ғимараттарына айналған 25 қабаттан тұратын «Қазақстан» қонақ үйі, “Алматы” қонақ үйі, Спорт сарайы, Республика сарайы, М.Ю. Лерментов атындағы академиялық орыс драма-театры, Пушкин атындағы республикалық «қазіргі Ұлттық» кітапхана жайлары бой көтерді.

Тек Алматы емес, Қазақстанның ең басты символдарының біріне айналған әлемге әйгілі «Медеу» мұз айдыны, «Шымбұлақ» спорт кешені, цирк және «Саяхат» автовокзалы да Е.Дүйсеновтың тұсында салынды.

Есен Дүйсеновтың бастамасымен Алматы үй құрылыс комбинаты, құрылыс индустриясы кәсіпорындары, институттар салынды. Бірінші Алматы темір жол вокзалына қарай шығатын Красногвардейский тракт бойымен үлкен жол құрылысы қолға алынады. Е. Дүйсенов қаланың әр құрылыс жұмыстарын жеке бақылауымен жүргізіп, 15 жылдай қала басшысы болды.

Қазақстанның еңбек сіңірген энергетигі, ССРО-ның құрметті энергетигі, энергетиканың үздігі Кежек Бершенұлы Ысқақов:

– Жаңадан бітуге таяу даңғылды қалай атау керектігі туралы Есен Дүйсеновтің кабинетіндегі мәжіліске қатысқаным бар. Қалалық атқару комитеті мәдениет бөлімінің бастығы сұлу орыс келіншегі еді, соның қасына отырып қалыппын. Аппарат қызметкерлері, біраз кісілер Пушкиннен бастап, орыстың танымал адамдарының есімдерін атап жатыр. Өзіміздің ұлттан ешкімнің аты аталмады. Қазекеңдер тым-тырыс отырмыз.

Есен Дүйсенов орыс тілінде: «Егер даңғылға Сәкен Сейфуллиннің есімін берсек, қалай болады?» – деп көпшілікке барлай қарады. Сол кезде оң жағымда отырған сұлу келіншек қақпайланғанша болмай орнынан атып тұрып: «Сәкен Сейфуллин деген кім? Бұл – үлкен көше. Оған Совет үкіметін орнатқан революционердің есімі берілуі керек!» – деп Киров, Фрунзе, Фурманов, Калининнің есімдерін тізбелей жөнелді.

Сол кезде қала басшысы: «Қазақтың дауылпаз ақыны, революционері, 1937 жылы сталиндік репрессияның құрбаны болған Сәкен Сейфуллинді білмейтін сен секілділер атқарып жүрген қызметіне лайық емес. Бүгіннен бастап жұмыстан боссың!» – деді.

Содан соң «Қандай ұсыныс болады?» деген сөзге бірде-бір адам жүрегі дауалап жауап қата алмады. Осылайша бес минуттың ішінде мәселе шешілді. Жаңа даңғылға Сәкен Сейфуллиннің есімі берілетін болып, бірауыздан шешім қабылданды, – деп Е. Дүйсенов қатысқан бір жиынның жай-күйін баяндайды.

Дерек «Алматыны басқарғандар» кітабынан үзінді ретінде алынды.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Әдебиет

Алтын сандық

Бауыржан Омарұлы 2961
Білгенге маржан

Сертіне берік самурай...

Бейсенғазы Ұлықбек 4696